«AMANAT» партиясының «Ауыл аманаты» жобасы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2023 жылдан бастап ауыл тұрғындарының табысын арттырудың ауқымды бағдарламасы ретінде қолға алынғаны белгілі. Экономикалық құрылымы мен тұрғындарының тұрмыс-тіршілігі ауыл шаруашылығына бейімделген Түркістан облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл экономикасын дамытуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға және ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтуға серпінді үлесін қосып келеді.
Атап өтуіміз қажет, 2023-2025 жылдар аралығындағы кезеңде аталған жобаны өңірімізде іске асыру үшін республикалық бюджеттен жалпы 30,2 млрд. теңге бөлінді. Оның ішінде 2023 жылы – 19,8 млрд. теңге қаралып, игерілсе, 2024 жылы – 3 млрд. теңге бөлініп, ауылдық жерлерде іске асатын жобалар қаржыландырылды. 2025 жылы осы мақсатқа 7,4 млрд. теңге бағытталып, бүгінгі таңда оның 3,5 млрд. теңгесі игерілді, барлығы 401 жоба қаржыландырылды. Қаражат 3 транш бойынша бөлініп, қалған 3,9 млрд. теңгесі 2026 жылдың наурыз айының соңына дейін аудан әкімдіктерінің нақты ұсыныстары мен скрининг нәтижесіне сәйкес толық игерілетін болады.
«Ауыл аманаты» бағдарламасының іске асырылу барысы облыс әкімдігінде өткен мәжілісте арнайы қаралып, талқыланды. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жобаны орындауда нақты нәтиже мен сапаға мән беру керектігін айтып, жауаптыларға тиісті тапсырмалар берді.
– 2026 жылы «Ауыл аманаты» арқылы 15,3 млрд. теңге қаражат тарту жоспарлануда. Бұл жақсы көрсеткіш, дегенмен 1 115 жаңа жоба бойынша 1400 ғана жұмыс орнын ашуды аз деп санаймын. Қаржыны алып, жоба бастаған кәсіпкерлер тұрақты жаңа жұмыс орындарын ашулары қажет. Осы бағытта жұмыстарды жандандырып, нәтижесін баяндауды тапсырамын. Биыл бөлінген қаржы бағытталатын ауылдық округтер мен кооперативтер тізімі мен жоспарын бекітуді шұғыл қолға алып, 1 наурызға дейін аяқтаңыздар. Жоба бойынша бөлінген қаржы уақтылы әрі сапалы игеріліп, халықтың жағдайын жақсартуға тікелей әсер етуі тиіс. Жауапты басқармалар, «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен аудан, қала әкімдіктері жұмысты ширатуы қажет, – деді Нұралхан Оралбайұлы.
Жиын барысында бағдарламаның атқарылуы бойынша аудан, қала әкімдерінің есептері тыңдалды. Бағдарлама аясында ұсынылған жобаларды қаржыландыруға жауапты ұйым болып бекітілген «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ Басқарма төрағасы Бекжан Бисенбаевтың айтуынша, 6 бағыт бойынша 3902 жобаға жалпы 26,3 млрд. теңге несие берілген. Нәтижесінде облыста шағын кәсіпкерлік 3902 бірлікке артса, 25 гектар аумақта 513 жылыжай кешені салынған, мал басы 74 109-ға көбейген. Сонымен бірге 39 қайта өңдеу кәсіпорны іске қосылып, 4 190 жаңа жұмыс орындары ашылған. Жұмыс орындарының ашылуына байланысты атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 441 адамға қысқарған. «Ауыл аманаты» бағдарламасымен ашылған жобалар арқылы жыл сайын шамамен 30 млрд. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліп жатқаны айтылды.
Бағдарлама аясында қайтарылған қаржы көлемі 4,8 млрд. теңгеге жетсе, оның 4,6 млрд. теңгесі қайта айналымға жіберілген. Бұл қаражат есебінен 579 жаңа жоба қаржыландырылып, 600 жаңа жұмыс орындары ашылған.
Сондай-ақ жиында жеке қосалқы шаруашылықтарды біріктіріп, кооперативтер құруға ерекше назар аударылғаны мәлімделді. Бұл бағытта үш жыл ішінде 103 кооперативке 2,5 млрд. теңге несие берілген. Соның арқасында өңірімізде өнім өндіруден бастап, оны өңдеу және нарыққа өткізуге дейінгі толық өндірістік циклды қамтитын табысты кооперативтер қалыптасқан. Осы санаттағы кәсіпорындардың қатарында «Майтөбе сүт» кооперативі сүт жинау және қайта өңдеу желісін іске қосып, экологиялық таза өнімдерін әлеуметтік мекемелерге жеткізуді қолға алған. Ал «Аят-Агро.Сом» кооперативі жеміс-көкөніс өңдеу цехын кеңейтіп, алынған өнімдерді экспорттауды жолға қойған. Ордабасы ауданының Шұбарсу ауылында 27 жылыжай кешендері іске қосылып, жылына 580 тонна өнім алып отыр.
Жұмыс жиынында 2026-2028 жылдар аралығындағы кезеңде «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 68,7 млрд. теңге тарту жоспарланғаны жария етілді. Оның ішінде 2026 жылы республикалық бюджеттен 15,3 млрд. теңге қаражат тарту көзделген. Бұл қаржы есебінен 1 115 жобаға қолдау көрсетіліп, 1 400 жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарланған. «Ауыл аманаты» бағдарламасының өңірімізде орындалуы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының тұрақты назарында болып, жобаны іске асыруға қатысты өзекті мәселелерді партияның диалог алаңында қарастыру жұмыстары жалғасын табады.
ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ТҰРАҚТЫ ТАБЫСҚА ҚОЛ ЖЕТКІЗУІНЕ ЖОЛ АШЫЛАДЫ
Өңіріміздің экономикалық әлеуетін арттыруда өндірістік парктердің рөлі айрықша. Олар – кәсіпкерлікті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және инвестиция тартуға мүмкіндік беретін тиімді алаң болып бекіді. Осы тұрғыда қолға алынып жатқан өндірістік парк жобалары жергілікті экономиканы әртараптандырып, өңірдің тұрақты дамуына серпін беріп отыр.
Шардара қаласында өңір экономикасын әртараптандыруға арналған жаңа өндірістік парк салынуда. Аумағы 2 гектарды алып жатқан бұл жоба ауданның аграрлық әлеуетін өндірістік бағытпен ұштастырып, шағын және орта бизнестің дамуына мүмкіндік ашады. Құрылысы өткен жылғы қыркүйек айында басталған жобаның қазіргі жағдайын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Қайрат Балабиев, партияның Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев, облыстық мәслихат депутаты Бақытжан Серманизов арнайы барып көрді.
Жаңа өндірістік парк кәсіпкерлер үшін дайын инфрақұрылымы бар қолайлы алаң ретінде жоспарланған. Мұнда электр, су, кәріз және газ желілерін кезең-кезеңімен тарту көзделіп, өндіріс ашуға ниетті инвесторлар мен жергілікті кәсіпкерлерге нақты жағдай жасалуда. Мұндай тәсіл өндірісті қысқа мерзімде іске қосуға мүмкіндік береді.
Жоба аясында өндірістік парк аумағында 6 ғимарат салу жоспарланған. Әр ғимараттың биіктігі – 5 метр, ені – 10 метр, ұзындығы – 20 метр болады. Қазіргі таңда ғимараттардың іргетасы құйылып, металл каркастары тұрғызылған. Қабырғалары мен шатырлары сэндвич-панельдермен қапталатын болады. Құрылысқа қажетті материалдарға тапсырыс беріліп, жеткізілуі күтілуде. Бүгінгі таңда құрылыс алаңында 15 жұмысшы мен 2 арнайы техника жұмыс атқаруда.
Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаев аудан кәсіпкерлерімен жүргізілген кездесулер нәтижесінде 6 кәсіпкер өндірістік парк аумағында өз өндірістерін орналастыруға қызығушылық танытқанын айтты. Олар жиһаз өндірісі, үй қасбеттерін әрлеу бұйымдары, пеноблок шығару және жылыту панельдерін өндіру бағыттарында жұмыс істеуді жоспарлап отыр. Парктегі құрылыс жұмыстары 2026 жылғы 1 сәуірге дейін толық аяқталады деп көзделгені айтылды.
Аудан басшылығымен және сала жетекшілерімен кездесу барысында Парламент Мәжілісінің депутаты Қайрат Рахымұлы, Мемлекет басшысы экономиканы әртараптандыру мен нақты өндірісті күшейту бойынша тапсырма бергенін айтып, Түркістан облысында іске асырылып жатқан өндірістік парктер тек қана жаңа нысандар емес, өңір экономикасын жаңа деңгейге көтеретін стратегиялық бастамалар екенін жеткізді. Бұл бағыттағы жұмыстар шағын және орта бизнесті қолдап, жергілікті кәсіпкерлерге дайын инфрақұрылыммен жұмыс істеуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
– Өндірістік парк іске қосылған кезде жаңа жұмыс орындары ашылып, тұрғындардың тұрақты табысқа қол жеткізуіне жол ашылады. Ең бастысы – Шардара ауданының экономикасы тек ауыл шаруашылығына ғана тәуелді болмай, өңдеу және өндіріс салаларымен толықтырылатын болады. Парламенттегі «AMANAT» партиясының фракциясы өндірістік парктерді дамыту мәселесін тұрақты бақылауда ұстап келеді. Түркістан облысында бастау алған бұл бірегей жоба – партияның Сайлауалды бағдарламасында көзделген экономиканы дамыту, кәсіпкерлікті қолдау және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі міндеттерін нақты іске асыру жолдарын белгіледі, – деді Мәжіліс депутаты.
«AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы өңіріміздің көптеген аудандарында салынып жатқан өндірістік парктердің басты әлеуметтік тиімділігі – жаңа жұмыс орындарының ашылуы деп біледі. Мұнда облыс тұрғындары үшін тұрақты жұмыспен қамту мүмкіндігі артып, жастардың туған жерінде еңбек етуіне жағдай жасалады. Бұл өз кезегінде әлеуметтік тұрақтылықты нығайтып, халықтың табысын арттыруға ықпал етеді. Партия тарапынан өндірістік парктердің жүзеге асырылуы тұрақты бақылауда.
ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА БИЗНЕСТІҢ ӨРІСІН КЕҢЕЙТУГЕ МҮМКІНДІК БЕРЕДІ
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Қайрат Балабиев пен Нұрсұлтан Байтілесов Арыс қаласына жасаған жұмыс сапары аясында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін бірқатар маңызды нысандарды аралап, жүзеге асырылып жатқан жобалардың барысымен танысты.
Депутаттар алдымен Арыс–Шардара тас жолы бойындағы өндірістік парк құрылысын аралап көрді. Арыс–Шардара тас жолы бойында орналасқан өндірістік парк құрылысымен танысты. Жалпы аумағы 1,44 гектарды құрайтын аймақта қазіргі таңда 6 өндірістік ғимараттың құрылысы басталған. Әр нысанның өлшемі – 40×12 метр, жалпы алаңы 2880 шаршы метр. Сонымен қатар әр кәсіпкерлік жобаға 20 соттық жер телімін бөлу жоспарланған.
Парламент өкілдері өндірістік паркті инфрақұрылыммен қамту жұмыстарының барысын қадағалады. Бүгінде мұнда электр желісі толық тартылған, кәріз жүйесі мен ауызсу скважинасы дайын, табиғи газ желісін жүргізу жұмыстары жалғасуда. Жоспарға сәйкес, өндірістік паркте термопанельдер өндіру, пластик есік-терезелер шығару, жиһаз жасау, түйе сүтін терең өңдеу және табиғи газ есептегіш құралдарын шығару бағытындағы бес жоба іске асырылмақ.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес еліміздің өндірістік қуатын арттыруға басымдық берілді. Өндірісті дамыту арқылы қуатты экономиканың негізі қаланады. Арыста қолға алынған өндірістік парк жобалары жаңа жұмыс орындарын ашып қана қоймай, шағын және орта бизнестің өрісін кеңейтуге мүмкіндік береді. Мұндай бастамалар азаматтардың тұрмысын жақсартуға тікелей әсер етеді, – деді Мәжіліс депутаты Қайрат Рақымұлы.
Бұдан кейін депутаттар «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған Сайлауалды бағдарламасын Түркістан облысында іске асыру жөніндегі Жол картасына енгізілген әлеуметтік маңызы зор нысан – 600 орындық мектептің құрылысымен танысты. Арыс қаласының «Отырар» тұрғын ауданында салынып жатқан білім ошағының құрылыс-монтаждау жұмыстары толық аяқталып, оны пайдалануға тапсыру шаралары басталған. Парламенттегі фракция депутаттары жаңа мектепті білікті педагог кадрлармен қамтамасыз ету мәселесіне назар аударды.
Жұмыс сапары барысында Парламент өкілдері «Тараз» тұрғын ауданында «Келешек мектептері» Ұлттық жобасы аясында пайдалануға берілген 600 орындық мектептің жұмысымен танысты. Мемлекет басшысының тапсырмасымен салынған бұл білім ошағы заманауи стандарттарға толық сай жабдықталған. Мұнда екі спорт залы, акт залы, асхана, коворкинг аймақтары, кітапхана, мәжіліс залы, пәндік кабинеттер мен шеберханалар, сондай-ақ оқушыларға арналған ашық футбол алаңы қарастырылған.
Мәжілісмендер білім беру инфрақұрылымын дамыту – мемлекеттің ұзақмерзімді басымдығы екенін айтты. Арыста салынып жатқан және пайдалануға берілген заманауи мектептер балаларға сапалы білім алуға қолайлы жағдай жасап, болашақ ұрпақтың әлеуетін арттыруға қызмет етеді деген сенімдерін білдірді.
Жұмыс сапарының қорытындысында мәжілісмендер көтерілген мәселелер мен ұсыныстарды тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп пысықтайтынын жеткізді. Алдағы уақытта да Парламенттегі «AMANAT» партиясының фракциясы өңірлердің дамуына серпін беретін жобаларды тұрақты бақылауда ұстап, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бастамаларды қолдауды жалғастыра береді.
ҚУАТТЫ ӨНДІРІС – ХАЛЫҚТЫҢ ӘЛ-АУҚАТЫНЫҢ ӨСУІ
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Парламенттегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері – Қайрат Балабиев, Ұласбек Сәдібеков, Темір Қырықбаев, Нұрсұлтан Байтілесов және Ерлан Әбдиев Түркістан облысына жасаған жұмыс сапары аясында Ордабасы ауданына барып, өңірдің өндірістік, аграрлық және әлеуметтік әлеуетін арттыруға бағытталған бірқатар маңызды нысандарды аралады. Аталған іс-шаралар партияның сайлауалды бағдарламасында белгіленген міндеттерді іске асыру барысын бақылау және нақты нәтижелермен танысу мақсатында ұйымдастырылды.
Алдымен халық қалаулылары Ордабасы ауданы, Бадам ауылдық округінде орналасқан «Бадам» индустриалды аймағында жаңадан ашылған «Central Asia Aluminium Company» ЖШС-нің алюминий профильдерін өндіретін кәсіпорнының жұмысымен танысты. Делегация құрамында «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы партиялық фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев, облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов, облыстық мәслихат депутаты Ғани Райымбеков, Ордабасы ауданының әкімінің орынбасары Олжас Болатханұлы, аудандық мәслихат депутаттары, партияның аудандық филиалының төрағасы Алиасқар Бердімұрат, салалық бөлім басшылары, ауыл ақсақалдары, жергілікті кәсіпкерлер болды.
Кәсіпорын Қытайлық инвестордың қатысуымен 2024 жылдың тамыз айында іске қосылып, бүгінде 200 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Жобаның алғашқы кезеңіне салынған инвестиция көлемі 4,4 млрд. теңгені құрайды. Өндірісте шығарылатын өнімдердің басым бөлігі экспортқа бағытталған, бұл өңірдің сыртқы экономикалық байланыстарын кеңейтіп, отандық өндірістің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Кәсіпорын бас директоры Сян Гуанжуй зауытта қолданылып жатқан заманауи технологиялар мен өндірістік жоспарлар туралы жан-жақты мәлімет берді.Кәсіпорында заманауи әрі инновациялық технологиялар қолданылып отыр. Жобаның бірінші кезеңінде жылына 20 мың тонна алюминий профильдерін өндіру жоспарланған. Ал екінші кезеңде өндірістік қуаттылықты қосымша 10 мың тоннаға арттыру көзделіп отыр. Қазақстан мен Қытай арасындағы іскерлік әріптестіктің нәтижесінде Орталық Азиядағы теңдессіз жобалардың бірін жүзеге асыруға мүмкіндік алдық. Зауыт құрылысы үшін «Бадам» индустриалды аймағынан 8 гектар жер бөлінді. Қазіргі таңда негізгі өндірістік блоктың құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп, металл конструкцияларын орнату 90 пайызға аяқталды, – деді ол.
Парламент депутаттары аталған өндіріс орны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың отандық өнім көлемін арттыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту және экспортқа бағдарланған өндірістерді қолдау жөніндегі тапсырмаларының нақты жүзеге асуы екенін атап өтті. Халық қалаулыларының айтуынша, мұндай жобалар еліміздің экономикалық тәуелсіздігін нығайтып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және қосылған құны жоғары өнім шығаруға жол ашады.
Сонымен қатар, Мәжіліс депутаттары өңірдің аграрлық әлеуетін заман талабына сай дамыту мәселесіне де ерекше назар аударды. Ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібін өзара ұштастыру, аграрлық өнімдерді терең өңдеу және оларды ішкі және сыртқы нарыққа шығару – Мемлекет басшысы айқындаған негізгі басымдықтардың бірі екені атап өтілді. Бұл бағытта қабылданып жатқан заңнамалық және институционалдық шаралар «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында да нақты көрініс тапқан.
Мәжіліс депутаты Темір Қырықбаев өндірістік және аграрлық жобалардың ел экономикасы үшін маңыздылығына тоқталды.
Өңірлерде осындай ірі өндіріс орындарының ашылуы Мемлекет басшысы белгілеген экономиканы әртараптандыру саясатының нақты нәтижесі. Біз үшін өндіріс пен ауыл шаруашылығының қатар дамуы аса маңызды. Парламент тарапынан инвесторларға қолайлы заңнамалық орта қалыптастыру, отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табады. Қуатты өндіріс – тұрақты жұмыс орындары мен халықтың әл-ауқатының өсуі, – деді ол.
Жұмыс сапары барысында депутаттар Шұбарсу ауылында жуырда пайдалануға берілген 600 орындық «Парасат» жалпы білім беретін мектебінің жұмысымен де танысты. Бұл нысан да «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында, сондай-ақ Мемлекет басшысының білім беру инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмаларына сәйкес жүзеге асырылған маңызды әлеуметтік жоба болып табылады.
Мектеп құрылысы 2023 жылы басталып, 2025 жылдың желтоқсан айында толық аяқталған. Жалпы аумағы 2,6 гектарды құрайтын білім беру нысанының ғимарат ауданы 4259,26 шаршы метр. Үш қабатты мектепте асхана, кітапхана, оқу залы, спорт және акт залдары, медициналық пункт, сондай-ақ заманауи жабдықталған пәндік кабинеттер қарастырылған. Мұнда 70-ке жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жобаның жалпы құны 2 млрд. 644 млн 403 мың теңге, мердігер мекеме – «Дос и К Сервис» ЖШС. Бұл туралы Ордабасы аудандық білім бөлімі басшысының уақытша міндетін атқарушы Ердос Әбішов мәлімдеді.
Жұмыс сапары қорытындысында Мәжіліс депутаттары жергілікті кәсіпкерлермен, аграрлық сала өкілдерімен және білім беру ұйымдарының басшыларымен пікір алмасып, инвестициялық ахуалды жақсарту, ауыл шаруашылығы мен өндірісті кешенді дамыту және өңірлерді жүйелі қолдау мәселелерін талқылады. Көтерілген ұсыныстар мен түйткілді мәселелер Парламент қабырғасында қарастырылатыны жеткізілді.
Бет «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы баспасөз қызметінің материалдары бойынша дайындалды
