Қаһарлы қыстың соңғы айы Қазақстан халқы үшін оңай соққан жоқ. Әдетте қаңтарға қарағанда ақпан айының аязды келетіні баршаға аян. Еліміздің Оңтүстігінен өзге өңірлерінде жауған қалың қардың салдарынан тұрғындардың әжептеуір-ақ әбіржігені белгілі. Бұл өз кезегінде жергілікті атқарушы билік өкілдеріне үлкен жауапкершілік жүктейтіні айтпаса да түсінікті жайт. Мұның үстіне ауыл, аудан, қала әкімдері өткен жылы атқарған жұмыс қорытындысы жайлы жапа-тармағай есепберуде. Бұл есептердің тезистерімен алдын ала танысқан қалың жұртшылық өздерін толғандырып жүрген өткір де өзекті мәселелерді түрлі деңгейдегі әкімдердің алдына көлденең тартып, оған толыққанды жауап алуға талпыныс жасауда.
Міне, осындай қат-қабат, қарбалас шақта көршілес Жамбыл облысының Қордай аймағында оқыс оқиғасы орын алды. Өзекті өртеген өкінішті оқиға туралы ақпарат қалың жұртшылықтың жағасын ұстатты. Жетінші ақпан күні кешкісін Жамбыл облысы Қордай ауданында жергілікті қазақтар мен этникалық дүнгендер арасында жанжал шығып, он адам қаза тапқан. Қырықтан астам адам жаралаған. Жанжал кезінде Қырғызстанмен шекараға жақын орналасқан Масанчи, Сортөбе, Ауқатты ауылдарында 15 ғимарат мен отыздан астам үй бүлініп, 23 көлік өртенген. Бұл ауылдарда көбіне этникалық дүнгендер тұрады.
Орын алған осы жанжалдан кейін өңір басшысы Асқар Исабекұлы Мырзахметов қызметінен кетті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бұған дейін осы жанжалға байланысты облыс әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Сұлушаш Құрманбекованы және Қордай ауданының әкімі Болатбек Байқонысұлы Байтөлені, Жамбыл облысы полиция департаментінің бастығы Арман Молдиярұлы Оразалиевті және Қордай ауданы полиция бөлімінің бастығы Азамат Айқымбековті қызметінен босатуды бұйырған болатын.
Этникалық жанжалдан кейін Үкіметтік комиссия құрылып, оны Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаев басқарған. Оқиғадан соң 47 астам адам ұсталғаны хабарланған. Сегізінші ақпанда тұрғындар, көбі қазақ, Қаракемер мен Масанчи арасындағы жолға жиналып, полициядан ұсталғандарды босатуды талап етті. Кейін билік ұсталған адамдардың босатылғанын хабарлағаннан кейін жиналғандар тараған. Үкімет жанжалға байланысты 25 қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
Жергілікті қазақтардың этникалық дүнгендермен жанжалдасуына не себеп болғаны нақты белгісіз. Бірақ ауыл тұрғындарының айтуынша, бірнеше адам жолға таласып, арты төбелеске ұласқан. Осы төбелес кейін үлкен жанжалға ұласқан. Қазір Қордай ауданында төтенше жағдай жарияланған.
Осы орайда бәрінен бұрын Асқар Исабекұлына обал болды деушілердің қарасы көп көрінеді. Өйткені, қашанда істің көзін тауып, тірлігін ұршықтай иіріп, тындырымды атқаратын әкімнің Оңтүстік өңірінде атқарған ізгілікті де игілікті істері кезінде оң бағаланған. Жамбыл облысына жетекшілік жасағанда да жан жадыратар жақсы жұмыстарымен көзге түскен болатын. Бұл жайында республикалық қоғамдық-саяси, тарихи-танымдық «Әділет. Рухани жаңғыру» газеті аз жазған жоқ.
Қордай аймағында орын алған тәртіпсіздіктерден кейін бұған дейін Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары қызметін атқарып келген Бердібек Мәшбекұлы САПАРБАЕВ Жамбыл облысының тізгінін ұстады. Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан), Шығыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарына басшылық жасап, өзінің іскерлігі мен ұйымдастырушылық қабілетімен танылған әкімнің бұл облыста орын алған ұлтаралық қақтығысты сауықтыруда тындырымды тірлік атқаратынына бек сенімдіміз.
Жанат Қуанышұлы СҮЛЕЙМЕНОВ Жамбыл облысы полиция департаментінің бастығы болып тағайындалды. Ол бұған дейін Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облыстық полиция департаменттерін басқарған. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары болған.
Мемлекет басшысының келісімімен бас прокурордың 12 ақпандағы бұйрығымен Жамбыл облысының прокуроры болып Нұрғалым Мәжитұлы ӘБДІРОВ тағайындалды. Ол 1967 жылы дүниеге келген. Қарағанды мемлекеттік университетін құқықтану мамандығы бойынша бітірген. Прокуратура органдарында қызметін 1991 жылы бастаған. Бас прокуратураның үш департаментін басқарған. Сонымен қатар Астана, Алматы, Оңтүстік-Шығыс өңірлік көлік прокурорларының бірінші орынбасары қызмет атқарған, Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстан және Түркістан облысы прокуратураларын басқарған.
Түркістан облысы прокурорының міндетін уақытша атқарушы болып облыс прокурорының бірінші орынбасары Артықбек Ашықұлы Пашаев тағайындалған.
Президенттің Жарлығымен Ералы Лұқпанұлы ТОҒЖАНОВ Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары болып тағайындалды. Ол 1963 жылы 13 мамырда Батыс Қазақстан облысының Шағатай ауылында дүниеге келген. Мамандығы бойынша заңгер. Қарағанды мемлекеттік университетін, Қазақстан Ғылым академиясының Мемлекет және құқық институтын бітірген. Заң ғылымының кандидаты және саясат ғылымының докторы.
Өзінің еңбек жолын 1980 жылы БҚО-дағы Октябрь орман шаруашылығында жұмысшы болып бастаған. Қазақ мемлекеттік заң университетінде оқытушы, декан, филиал директоры, Құқық және мемлекеттік қызмет институтының директоры болған.
2001-2006 жылдары Қарағанды облысы әкімінің орынбасары, 2006-2008 жылдары Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Дін істері жөніндегі комитетін басқарған. 2008-2017 жылдары Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – хатшылығының меңгерушісі, 2017-2019 жылдары Маңғыстау облысының әкімі лауазымын атқарған. 2019 жылдың қыркүйек айында Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы болып тағайындалған. «Екінші дәрежелі «Достық» орденімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған.
Шымкент қаласының су жаңа әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы Әйтенов те кадрлық ауыс-түйістер жасап үлгерді. Өзіне бірінші орынбасар етіп Ербол Садырды, ал орынбасарлыққа Мақсұт Пернебайұлы Исаховты тағайындады. Ал бұрынғы орынбасары Бұхарбай Пармановты қайтадан қаладағы Абай ауданына басшылыққа жіберді.
Өкінішке орай, Шымкенттегі Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің төңірегінде қалыптасқан дау-дамай да толастар емес. Аталмыш жоғары оқу орнының басқарма төрайымы – ректор Анар Мерекеқызы Каирбекова атқарып отырған қызметінен үш айға жетпестен тосыннан босатылған. Алайда, мұндағы моральдық-психологиялық ахуал әлі күнге дейін сауығар емес. Әзірге әліптің артын бағудан басқа амал таппай отырмыз.
Күні ертең 14 ақпан күні таңертеңгі сағат 11:00-де Шымкент қаласы мен Түркістан облысының әкімдері – Мұрат Дүйсенбекұлы Әйтенов пен Өмірзақ Естайұлы Шөкеев өздерінің өткен жылы атқарған жұмыстарының қорытындысы жайлы ел алдында есеп береді. Оның алдыңғысы өзінен бұрынғы қос әкімнің – Ғабидолла Рахметоллаұлы Әбдірахимов пен Ерлан Қуанышұлы Айтахановтың атқарған тірліктерін сарапқа салып көрмек. Өйткені, оның Елордадан үшінші мегаполиске қызметке ауысып келгеніне небәрі екі ай ғана болып отыр. Ал Рухани астананы түрлендіруге бел шеше кіріскен Түркістанның төл тумасы Өмірзақ Естайұлының есебі де көпшілікті ерекше қызықтыратыны анық.
Әбдісаттар ӘЛІП.