АЯУЛЫ МЕКТЕБІМДЕГІ РУХАНИЯТ ҚАЙНАРЫ

Білім Руханият
75 Views


Кітапхана – рухани байлықтан сусындайтын қайнар бұлақ. Мектебіміздегі аядай ғана киелі бөлмеде өткеннің жұмбақ әңгімелері, ұлы ғұламалардың даналығы мен жүрек тербейтін поэзияның сиқыры жасырулы. Ұлы ғұламаларымыз да жастайынан кітапқа бейім болып, білім арқылы әдебиет пен өнерде өшпес із қалдырған. Біздің алтын ұямыздағы шағын кітапханамыз да талапкерлерді білім теңізіне жетелеп, ұлылардың ұлағатын тануға жол ашады. Себебі, кітап оқыған адам кез келген дүниеге сыни көзқараспен қарай алады, ойлана алады, сыни көзқараспен кез келген жағдайды зерттеп-зерделей алады. Сыни көзқарас дегенім – кемшілік емес, керісінше, әр адам меңгеруге тиіс ерекше қабілет деп білемін.
Cонымен қатар, кітап – адамның ой-өрісін байытып, өмірге азық болар кеңес ұсынады. Оқыған-тоқыған адамның ойы кестелі, сөзі жүйелі болады. Мен, осы орайда, өзімнің Әлімхан Ермеков мектеп-лицейіндегі жаныма аса жақын кітапханам жайлы сөз қозғағым келіп отыр. Ардақты “Алаш” қайраткерінің есімі берілген алтын ұямыздағы кітапханамыз да ерекше. Бүгінде әрбір талапкердің танымын байытып, құтты ұясына айналған.


Біздің кітапхана үш шағын бөлмеден тұрады. Түпкі бөлмесінде қатар-қатар тізілген сөрелер орналасқан. Сөредегі оқулықтар әр сыныпқа шақталып, ерекше мәнерде бөлініп қойылған. Сонымен қатар, оқулықтар, теориялық еңбектер мен ғылыми мәтіндер топтастырылған кітаптар жайғасқан. Төргі бөлме тек мектеп оқулықтарына арналған. Кітапхананың ортаңғы бөлмесіне сан түрлі поэзия мен көркем әдебиеттің тұңғиығына жетелейтін асыл қазына топтасқан. Онда тұрған әр сөренің бас жағында кітаптар жайлы шағын түсініктеме, бөлімдер мен айдарлар жазылған. Мысалға, “Шетел әдебиеті” , “Қазақ әдебиеті”, “Абай әлемі”, “Сөздіктер, анықтамалар”, “Жаңа кітаптар”, “Салалы әдебиет”, “Балаларға арналған” деген сияқты айдарлар бойынша топтасқан кітаптармен білім теңізінің толқынында тулап, көкжиегіңізді кеңейте аласыз. Бұл айдарлар кітапың не жайында, қандай оқиғаға қатысы бар, қандай бағыттағы әдебиеттер екенін түсінуге көмектеседі. Осы бір шағын ғана бөлмеде балалар өзіне керек кітапты таңдап, кітапхана меңгерушісінен кеңес алып, танымын кеңейте алады. Үшінші бөлмеге аяқ бассаңыз, жайлы ауан мен еркіндікті сезінесіз. Себебі, аталмыш бөлмеде құлаққа ұрған танадай тыныштық орнаған, сондай-ақ барлық қажеттіліктермен қамтамасыз етілген. Бұл – ыңғайлы оқу бөлмесі.
Кітапханашы апайымыз Саягүл Тұяққызы жайлы да тебірене сөө сөйлеуге болады. Нағыз кітапсүйер маман, өз ісіне адал қызметкер, өте биязы жан. Оқушыларды кітапқа қызықтыратын да осы кісі. Саягүл апай “Тәрбие – тал бесіктен” деген ойды өмірлік ұстанымына айналдырған. Өзі де талапкерлерді жастайынан кітапқа құмартып, заманауи әдіспен READx форматында кітап оқытады. Кітап мазмұнын талдап, оқиғасын өмір көріністерімен ұштастырады. Кітаптағы асыл маржандарды сүзіп алып, тәлім-тәрбие беріп, өмір сырын түсіндіреді. Тіпті, смартфонға тәуелді балалардың да кітапқа құштарлығын оятып, комикс әдебиеттер оқуға баулиды. Кітапханашы апайдың мына бір пікірі мені ерекше ойға қалдырды:
“Баланы заманауи тұрғыда кітапқа жетелеу үшін сурет арқылы оқыту керек. Яғни, визуализациялау арқылы, комиксті кітаптар оқытып, смартфонға тәуелді балаларды білімге қызықтыруға болады. Ертегілерді суреттер мен қысқа мәтіндер бойынша түсінсе, баланың қызығушылығы басым болып, оқуды әрі қарай алып кете алады”. Расында да, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру жолында суретті мәтіндердің маңызы зор. Мұнымен қоса, ұстазымдай болған жан маған кітапхана қорындағы ең құнды кітаптар жайлы айтып берді: «Мен Абайдың қара сөзін ерекше сипаттар едім. Абайдың өзі де “Артық білім – кітапта” деп айтқан ғой. Сондықтан, жаныма жақын деп білетін, адамның бойына рухани құндылықтарды сіңіретін кітап деп осы Абайдың “Қара сөздерін” айтар едім», — деді кітапханашы.
Қазіргі таңда кітапханада жетпіс тоғыз мың кітап бар, оның ішінде, мың жеті жүз тоғыз кітап көркем әдебиет кітаптары. Кітапханамыздағы қазынаны көбінде мектеп оқулықтары толықтырып тұр. Кітапханашы апайымыздың айтуынша, мектепте көркем әдебиет кітаптары жыл сайын жаңартылып отырады. «Кітапханамыздағы баға жетпес байлық – Мұхтар Мағауиннің 26 томдық кітабы. Кітапханамыздың ерекшелігі, бізде жылдық, айлық, апталық жоспарлар қамтылған. Ендігі мақсатымыз, 7-11 сынып оқушыларына Мұхтар Мағауиннің шығармашылығын дәріптеу. Атадан балаға мирас болған білімді сусындау, оны аялап, қастерлеу», – деді ардақты апайымыз.
Әлімхан Ермеков мектеп-лицейінің кітапханасында ХХІ ғасыр болмысын суреттейтін авторлардың еңбектері де оқушылар қолынан түспейді. Мәселен, жастардың санасына қозғау салып жүрген ағартушы, қаламгер Санжар Керімбайдың еңбектерін, белгілі тележүргізуші жайында “Бейсен және болмыс” кітабын 10-сынып оқушылары жаппай оқып жатыр.
Кітапхана – заман ағымын танып, жаңа өмірге бейімделетін орын. Болашақтың кітапханасы қандай болуға тиіс? Бұл жайлы да апайымыздың пікірін сұрап көрдік: «Кітапхана – заман ағымына сай жұмыс жасау керек. Ақпараттық және технологиялық заман болған соң, кітапханашылар небір дамытушы платформалармен жұмыстанып, оқушыларды кітапқа қызықтыру үшін көздің жауын алатын түрлі-түсті слайдтар әзірлеуі керек. Кітапханаларда READx форматын ерекше дамытса, балалардың ынтызары артар еді. Сонымен қатар, кітапханашының сөйлеу мәдениеті дұрыс болып, оқушыны ықыласымен кітап оқуға жігерлендіру маңызды деп ойлаймын» — деп сөз арасында ерекше ойын білдірді.
Бірі кітапты сабырлы ұстазға теңесе, бірі оны сарқылмас қазынаға, енді бірі рухани байлыққа теңейді. Әрине, кітапқа қатысты бұл теңеулердің бәрі мағынасына қарай орынды. Бірақ, мен кітапты “Мәңгілік дастанға” теңер едім. Алаш қозғалысының қайраткері Халел Досмұхамедов айтқандай, “Мәдениетіміздің негізі – білім. Білімге тіл арқылы жетіледі. Білімді жұрттардың тілі бай болады”. Білім – болашағымыздың негізі. Мәдени қазынамыздың қадір-қасиетін ұмытпау үшін кітапты жиі оқу керек. Білімнің киелі мекені – кітапхана. Міржақып Дулатұлы: “Жұртқа оқу-білім қаншалықты керек болса, кітапхана да соншалықты керек” деген еді.
Біздің мектептегі кітапхана – болашаққа негіз болатын шамшырақ секілді шағын ғана бөлме. Шығармашылыққа бастау болатын жаңа идея мен жаңа шабыт беретін, өмірді басқа қырынан тануға бейімдейтін саф қайнар. Мен Аяулы мектебімдегі руханият қайнары – шағын кітапханамызды қатты жақсы көремін. Аяулы мектебімдегі шағын кітапханам мен үшін білім бұлағы, сарқылмас қазына, баға жетпес құнды мекен болып қала бермек.

Дильназ ЕРДЕМБЕКОВА,
“Әлімхан Ермеков мектеп-лицейінің”
11-сынып оқушысы, “Журналист
болғың келе ме?” форумының Бас жүлде иегері
Қарағанды қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *