АҚИҚАТТЫҢ АЛДАСПАНЫ ТЕМІРХАН ДӘУІРІ ЕНДІ БАСТАЛАДЫ!..

Өмір-өзен
19 Views


АЛЫПТАРДЫҢ КЕТУІ ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР…
Қазақ поэзиясының темірқазығына айналған Темірхан Медетбек көкеміз де өмірден озды… Алла алдынан жарылқасын.
Иә, өмірден Алаштың алдаспан ақыны Темірхан Медетбек те өтті.
Биыл жыл басталғанда Мұқтар Мағауин мен Мекемтас Мырзахметұлы ағаларымыз бірінен соң бірі кетіп, артынша келесі айда Дулат Исабеков те кеткенде “Алыптар кетіп жатыр. Асылдар бізді тастап кетіп жатыр…”-деп жазып едік. Өкінішке орай, ұлыларымыздың арасы ұзамай өмірден өтуі әлі жалғасуда…
Бүгін міне, Алыптардың соңғы тұяғы… сом тұяғы, Көк түріктер дәуірінің соңғы жырауы Темірхан Медетбек те соңғы сапарға, мәңгілік өмірге аттанып барады…

КӨК ТҮРІКТЕР САРЫНЫ
Көк туын көкке көтерген елімізге Көк түріктер сарынын қайта алып келген, дүбірлі өзгеріс жасаған реформатор ақын еді Темірхан ақынымыз.
Темірхан Медетбектің шығармашылығын Көк түріктер сарынына дейін және кейін деп екіге бөлуге болады. Тұтас Тұран тұлға тұтқан Көк түріктер дүбірін бастамай тұрып, оған дейінгі өзгеше қолтаңбасы да тек Темірханға тән тегеурінді еді.
Поэзия әлемінде екі өріс ашқан, екеуі де өзгеше әлемге айналған ақмаңдай ақын тек Темірхан Медетбек қана! Ал қазақ әдебиетінде құбылыс болған Күлтегіннің күмбірін, Тоныкөктің толғауын жаңғыртқан Көк түріктер сарыны Темірханның түрі ғана емес, жыры да “Егеулі найза қолға алған” Ер Махамбетке келетінін дәлелдей түсті.
Темірхан жаңа заманның Махамбеті еді…Әр сөзінің қарымы атқан оқтай, жалыны жаққан оттай, арыны шапқан аттай терең де, кемел жырларымен ақиқаттың айбарын айшықтап, асқақ рух, сұрапыл суреткерлікпен дәуір бейнесін бедерлей білді.


АҚИҚАТТЫҢ АЛДАСПАНЫ
Темірхан Медетбек дегенде, ел ең алдымен ақиқаттың алдаспаны, шындық жыршысы деп біледі. Өйткені Темкең осы сексен жасына дейін жалған айтқан емес! Биліктің шотын шапқан емес! Қандай да бір қоғамдық-саяси оқиғаларда тек шындықты айтты. Халықтың сөзін сөйледі. Биліктің әділетсіздіктерін ашық айыптады.
Жаңаөзен қырғынына қарсы сол кезде батыл жазды. Маңғыстаудың маң даласында маңдай тері төгіліп жүрген бейбіт халыққа қорғасын оқ төгіліп жатқанда, әділетсіз жауыз билікті әшкерелеп, отты жырымен аттан салды.
Ойларына келгенін істеген отыз жылдық билікті ең көп сынаған қаламгер-қайраткердің бірегейі — Темірхан Медетбек! Темірхан билікті сынап қана қоймай, мойындатқан да, дара дарынын бағалауға мәжбүр еткен де өр ақын.
Ол 2000 жылы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, 2024 жылы “Қазақстанның Халық жазушысы” атанды.


ҰЛТТЫҚ МҮДДЕНІ ҚОЛДАҒАН ҰЛТ АҚЫНЫ
Ұлттық мүддені қорғауда ұлтшыл ақын Темірхан Медетбек темірдей қайсарлығын танытып, табандылығынан таймады. Парламенттің жұмысын да жіті қадағалап отыратын. Біздің ұлттық мүддені қорғаған әрбір депутаттық сауалымызды қолдап отырды.
Біз мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды талап етіп, депутаттық сауал жасағанда ең алдымен қуана қуаттап, арнайы мақала жазған қаламгерлердің алдыңғы қатарында Темірхан ағамыз болды.
Екі күннен бері Ақын қазасына Парламент Мәжілісі төрағасы, әдебиет пен мәдениет жанашыры Ерлан Қошановтан бастап, “Ақ жол” партиясы төрағасы Азат Перуашев пен “Аманат” фракциясы жетекшісі Елнұр Бейсенбаев қостап, парламент мүшелерінің көбісі көңіл айтуда.


ЖАСТАРҒА ҚАМҚОР ЕДІ
Темірхан Медетбек қазақ әдебиетінің барлық буыны туралы жазды. Ағалары туралы да айтты. Әдебиетте артынан ерген бүкіл талантты жастарға қамқор болды. Біздің алдымыздағы толқын туралы жазды. Біздің толқын туралы да жазды.
Анау бір кезде әдебиетке тоқсаныншы жылдары, қиын кезеңде келген тегеурінді толқынға тұтас сөз арнап, “Алтынкөпірліктер” деп ат қойып, айдар тағып, бір топ ақынның шығармашылығын зерттеп, ақ батасын бергені белгілі.
“Алтынкөпірліктердің” тұсауын кескен атасы еді… Таланттарды тамыршыдай тап басатын.
Елу жасымды ел тойлағанда ағаларым Мұқтар Шаханов, Дулат Исабеков, Көпен Әмірбектермен бірге шалғайдағы Шардараға арнайы ат басын тіреп барды. Қызылдың құмындағы “Қызылқұм” ауылындағы қарашаңырағымызда да болып, елдің құрметіне бөленіп, батасын берді.
Өткен жылы мен мемлекеттік сыйлықтың бәйгесіне түскенде, тақымын қысып, қатты қолдады. “Ақ маңдайың жарқырап алда келе жатырсың бауырым, күнделікті баспасөздің барлығын бақылап отырмын” деп, ақ жол тілеп отырған ағамыз кейін комиссия мүшесі ретінде әділетсіздікті көзімен көргенде, қатты ашуланып, қан қысымы көтеріліп кетіпті. Өзінің жақсы көретін ақын інісі Ғалым Жайлыбайға: “Мен мынадай әділетсіз комиссияға енді мүше бола алмаймын” деп кесіп айтыпты. Бұл да ақиқаттың алдаспаны атанған ағамыздың әділетсіздікке жаны төзбейтінінің бір белгісі еді…
Темірхан көкемді көрген сайын ағамыздың алпыс жасын тойлағанымыз еске түседі. Елулерге дейін Маңғыстаудың маң даласында маңғаз басып жүрген Темірхан көкеміз Алматыға кеш оралды. Ал Оңтүстік халқының көбісі Темірхан ақынды маңғыстаулық деп ойлайтын.
2005 жылы Темірхан Медетбек ағамыздың 60 жасқа толып жатқанын сол кезде Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары, руханиятқа қамқор, рухы биік қайраткер Ислам Әбіштің есіне салғанымызда, ол кісі бірден: “Иә, қаламгерлердің мерейтойларын өткізіп беріп жүрміз, қазақтың көрнекті ақыны Темірхан Медетбектің алпыстың асқарына шыққан мерейтойын алдымен неге елде тойламасқа? Мен өзім ұйымдастырамын бәрін, тойға дайындала беріңдер”-деді.
Сол жылы киелі Түркістанда Темірхан Медетбектің алпыс жасы дүрілдеп өтті. Алматы мен Астанадан бір топ әйгілі қаламгерлер арнайы бір вагон болып келді. Бұл мерейтой жігіт кезінде елден аттанып кеткен Темірхан ақынның Түркістанға түрік әлемінің тарлан ақыны болып оралған тойы болды!
Биыл сексеннің сеңгіріне шыққан күні сыртта жүріп, бара алмай, телефон арқылы сөйлесіп едік. Өзіне арнап жазған мақаламды оқып, қатты риза болғанын айтып, қуанып қалған еді… Үнемі хабарласып, қамқор болып жүретін еді.


ТЕМІРХАН ДӘУІРІ БАСТАЛАДЫ
Темірхан туралы нағыз сөз енді басталады… Темірхан дәуірі басталады.
Көк түріктердің көк семсері, Қазақтың алдаспан ақыны қазақ халқымен бірге мәңгі жасай береді.
Темір қанат кезіңде Түркістаннан аттандың.
Халқың тура айтқандай,
Ақындардың ішінде
Темірқазық боп қалдың!
Хош, бақұл болыңыз, қазақ поэзиясының темірқазығы Темірхан көке!
Пейіште рухыңыз шалқи бергей!
Отбасына, 60 жылдай өмір серігі болған асыл жары Шолпан жеңгейге, балаларына, туған-туыстарына көңіл айтамыз. Ақынын ардақтаған Алаш жұртына көңіл айтамыз!
Пейіште рухы шалқи бергей!

Қазыбек ИСА
10 мамыр 2025 жыл

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *