«АҚПАРАТ АЙДЫНЫНЫҢ ЖАҢА ДӘУІРІ: ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ПЕН ЖУРНАЛИСТИКАНЫҢ ҒЫЛЫМИ ТОҒЫСЫ»

Көзқарас
29 Views

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде заманауи медианың бағыт-бағдарын айқындап, рухани жауапкершілік пен зияткерлік жаңғыруды тоғыстырған айтулы жиын өтті. «Жасанды интеллект дәуіріндегі журналистика мен медиакоммуникация парадигмалары: теориялық және практикалық мәселелері» тақырыбын күн тәртібіне қойған бұл басқосу жасанды интеллект ықпалындағы журналистиканың болашағын талқылап, медиасаланың жаңа тынысын ашқан кәсіби және ғылыми ойдың маңызды тоғыс нүктесіне айналды. Университеттің бас ғимаратында болған пленарлық мәжіліске елдің жетекші ғалымдары, медиа саласының тәжірибелі мамандары мен шетелдік зерттеушілер жиналды. Ғылыми ой мен практикалық тәжірибе түйіскен осы ортада медиа әлеміндегі технологиялық өзгерістердің адам санасына, кәсіби құндылықтарға және қоғамның ақпарат қабылдау мәдениетіне әсері кеңінен талқыланды.

Журналистика және әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты Нұржан Қуантайұлы конференцияны тізгіндей отырып, өзі басқаратын факультеттің басты оқытатын салаларындағы даму ісі адамзаттың интеллектуалдық әлеуетімен өлшенетінін, ал жаңа заманның шекарасы адам мен машинаның өзара ықпалдастығында анықталып жатқанын айтты. Оның пікірінше, медианың болашағы – деректердің көлемінде емес, сол деректерді адамгершілік пен ақиқат сүзгісінен өткізу қабілетінде.
Жиынды Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Басқарма мүшесі, академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ардақ Бақытұлы Бейсенбай құттықтау сөзімен ашты. Ол өз сөзінде ақпарат кеңістігінің жаңа кезеңге аяқ басқанын, цифрлы дәуірдің мүмкіндігімен бірге үлкен жауапкершілік жүктейтінін атап өтті. Университеттің бұл бастамасы білім мен ғылымды тоғыстырып қана қоймай, қоғамдағы ең өткір мәселелердің бірі жасанды интеллекттің этикалық және мәдени салдарын саралауға жол салғанын айтты:
«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде бірнеше рет жасанды интеллект саласының маңыздылығын атап өтіп, цифрлық трансформация мен ІТ саласын дамытуды мемлекет тарапынан қолдайтынын мәлімдеген. Жасанды интеллект – бүкіл адамзаттың дамуына әсер ететін құбылыс. Қазақстан бұл үдерістен шет қалмауы керек. Бәсекеге қабілетті Отандық ІТ мамандарды дайындап, халықаралық ынтымақтастыққа ұсынуымыз керектігін айтқан болатын. Президентіміздің бастамасымен «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында жасанды интеллект жобаларына жол ашылды. Astana Hub және Digital bridge форумдары арқылы шетелдік және Отандық ІТ мамандары үшін платформалар құрылды. ІТ мектептер мен жоғары оқу орындарында ЖИ, Data Science, бағдарламалау пәндері енгізіліп жатыр. Президент Қазақстанда жасанды интелектіні реттейтін құқықтық база қалыптастыру қажеттігін де көтерген болатын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауымен баршаңыз таныссыздар. Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні елдің стратегиялық даму бағыты ретінде қарайды. Бүгінгі тақырып өзекті екені өздеріңізге мәлім. Цифрлық технологиялардың қалыптасуы, қарқынды дамуы ХХІ ғасырдың медиа мектебін түбегейлі өзгертіп жатыр. Бұл өзгерістердің негізгі қозғаушы күші – жасанды интеллект. Журналистика мен медиа коммуникация салалары ЖИ ықпалымен жаңа даму кезеңіне аяқ басты. Ақпаратты жинау, өңдеу, тарату және тұтыну тәсілдері өзгеріп, бұрын тек адамның құзырында болған шығармашылық және аналитикалық қызметтің кейбір тұстары автоматтандырылып келеді. Бүгінгі тақырып – қазіргі журналистика мен медиа коммуникация саласында аса өзекті мәселелердің бірі».
Баяндамалар арасында ғылыми және практикалық тұрғыда ой қозғаған ерекше сәттердің бірі Сиань Цзяотун университеті мен Еуразия ұлттық университеті арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумды алмасу рәсімі болды. Аспан асты елінен арнайы келген Қытай Халық Республикасындағы Сиань Цзяотун университетінің Журналистика және жаңа медиа институтының директоры Ву Фэн мырза бұл келісімнің екі ел арасындағы ғылыми байланысты күшейтіп, жас зерттеушілерге халықаралық зерттеу алаңында бірлесе жұмыс істеудің алғышарты екенін нақты ескертіп өтті:
«Қазір Қытай билігі тарапынан да журналистика мен ЖИ саласын біріктіру жобалары атқарылып жатыр. Қытай Халық Республикасындағы Сиань Цзяотун университеті де осы бастаманы көтеріп, журналистиканың жасанды зият арқылы басқарылуына мән қойып жатыр. Бүгінгі қоғамда қытайлық медиа өнімдер алдыңғы қатарлы саналады. Соның ішінде, TikTok және тағы да басқа трансмедиалық құралдар біздің елден бастау алды. Қытайда ЖИ адам өмірінің бір бөлшегі болып қалыптасып кетті».
Конференцияда сөз алған ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Ұлттық құрылтай төрағасының орынбасары, Қазақстанның Бас редакторлар клубының президенті Бибігүл Нұрғалиқызы Жексенбай сөзінде жасанды интеллект медиакеңістігіндегі этикалық және құқықтық реттеу мәселелеріне назар аударуға шақырды. Оның айтуынша, технологиялар ақпарат тарату процесін жеделдетіп қана қоймай, жалған деректердің көбеюіне де жол ашып отыр. Осы тұста журналистиканың басты миссиясы – шындық пен сенімді ақпаратты қоғамға жеткізу екені айрықша мәнге ие. Бибігүл Жексенбайдың сөзінен медиа саласының болашағы туралы алаңдаушылықпен қатар, үміт те сезілді. Ол жас журналистерді ізгілік пен кәсібилік ұстанымынан айнымай, технологияны адам мүддесіне бағыттауға жол сілтеді:
«Бүгін біз талқылап отырған жасанды интеллект тақырыбы – жай ғана технологиялық тренд емес. Бұл – өркениеттің жаңа бағыты, мемлекеттің тиімділігі мен қоғамның жауапкершілігін айқындайтын басты фактор.
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей: «Цифрлық даму – экономиканы түрлендірудің ғана емес, қоғамның мәдениетін жаңартудың да тетігі. Технология адамға қызмет етуі тиіс, ал адам технологияның құлына айналмауы керек». Бүгінде Қазақстан бұл бағытта нақты институционалдық және құқықтық қадамдар жасап отыр. Өздеріңіз білетіндей, еліміздің тарихында алғаш рет «Жасанды интеллект туралы» заң жобасы әзірленді. 7 тарау, 28 баптан тұратын бұл заң болашақта әлі өзгертіліп, толықтырылатыны сөзсіз. Өйткені, ЖИ бойынша әлемде жасалып жатқан жұмыстар тек үлкен жолдың басы деуге болады. Сондықтан Қазақстанның тұңғыш заңы да қазіргі заман талаптарына жауап беретін кешенді құқықтық база қалыптастыруға бағытталған алғашқы қадам деуге болады.
Қазақстан да осы бағытта өз заңнамасын халықаралық стандарттармен үйлестіруге дайын. Қазір тиісті жұмыс Әділет министрлігі, Цифрлық даму министрлігі және Астана қаржы орталығы алаңы арқылы жүргізілуде. Сонымен бірге, Қазақстан ЮНЕСКО этикалық кодексін ескеріп, ұлттық AI этикасы жөніндегі кеңес құруды қарастыруда.
Бүгінде елімізде 300-ден астам жоба жасанды интеллект элементтерін қолданады. Astana Hub пен МФЦА алаңдарында 70-тен астам AI-стартап тіркелген. Бұл салаға салынатын инвестиция көлемі 1 триллион теңгеден асады деп күтілуде. Мысалы, «Smart Data Ukimet» жобасы арқылы мемлекеттік шешімдер қабылдау үдерісіне аналитикалық алгоритмдер енгізілуде. Бірақ бұл – тек техникалық даму емес. Бұл – мемлекеттік аппараттың ашықтығын және есептілігін арттыру жолы.
Қазір медиасалада жасанды интеллект кеңінен қолданылып жатыр – жаңалықтар генерациясы, бейнежасау, әлеуметтік талдау. Бірақ мұнымен бірге жаңа қауіптер де туындайды: дезинформация, дипфейк, сенім дағдарысы. Сондықтан алдағы заңнамалық түзетулерде БАҚ-та және әлеуметтік желілерде ЖИ құралдарын қолдану мәдениеті мен жауапкершілігі нақты бекітілуі тиіс. Бұл – тек медиа мәселесі емес, қоғамдық сенімнің мәселесі. Бүгінде Президент тапсырмасымен цифрлық этика және қоғамдық бақылау институттарын күшейту басталды. Бұл бағытта Сенаттың профильдік комитеттері этикалық сараптама мен қоғамдық кеңестердің өкілеттігін кеңейту туралы ұсыныстар әзірлеуде. Ғылыми қауымдастықтың миссиясы да ерекше. Әрбір жаңа технологиялық шешім этикалық аудиттен, ғылыми сараптамадан және қоғамдық талқылаудан өтуі қажет. Бұл – «жасанды интеллект адамға қызмет етуі тиіс» деген қағиданы нақты іске асырудың жолы.
Жасанды интеллект – тек ғылым мен экономика емес. Бұл – адам мен мемлекет арасындағы жаңа сенім формуласы. Еліміздің заңнамалық жүйесі осы үдеріске ілесіп қана қоймай, алдын ала бағыт беретін жетекші күшке айналуы тиіс. Президент Қ. Тоқаевтың сөзімен айтсақ: «Біз технологияға бас имей, оны қоғам игілігіне бағындыруға тиіспіз». Сондықтан біздің міндет – жасанды интеллектті этикалық, заңдық және қоғамдық тепе-теңдікпен дамыту. Бұл – Қазақстанның өркениетті және әділетті цифрлық болашағының кепілі».

Мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Сауытбек Абдрахманов өз сөзінде жасанды интеллект пен жаңа журналистиканың арақатынасына тоқталды. Ол медианың тарихи эволюциясын шолып, ақпараттық дәуірдің адамзат мәдениетіне тигізген әсерін саралады. Ғалымның айтуынша, технология журналистикаға серпін беріп қана қоймай, мазмұн сапасына жаңа талап қойып отыр. Ол өз баяндамасында шынайы журналистиканың мәні адамдық өлшем мен рухани тереңдікте екенін айтып өтті:
«Жаңа ғана Қытайдың Сиань Цзяотун университетінің Журналистика және жаңа медиа институтының директоры Ву Фэн мырзаның Еуразия ұлттық университетінің Журналистика және әлеуметтік ғылымдар факультетінің ұйымдастыруымен «Жасанды интеллект дәуіріндегі журналистика мен медиакоммуникация парадигмалары: теориялық және практикалық мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізуі қай жағынан қарағанда да құптарлық қадам екенін арнайы атап айтқанын, декан Нұржан Қуантайұлына қолдау білдіргенін бәріңіз естідіңіздер. Демек, факультет бұл арқылы біздің бәріміз үшін қазір өте көкейкесті тақырыптың дәл төбесінен түсіп тұр. Проректор Ардақ Бейсенбайдың алғы сөзінде бүгінгі конференцияның негізгі міндеттері сараланып көрсетілді. Университетте цифрландыру жөнінде арнаулы проректор қызметі бар екендігі, бүгін Гүлмира Бекманованың арнаулы баяндама жасайтыны да құптарлық. Жалпы, алдағы кезде оқу орнындағы пәндер қатарына жасанды интеллектіге қатысты жаңа пәндер қосылуы, жаңа медиа жасаудың жолдары үйретілуі де маңызды міндет. Өйткені біздің жарты сағат бойы ежіктей айтқан жайымызды студент қалта телефонын бір ашып жіберіп-ақ сол тақырыптың небәрі екі бетке сығымдалған, ғылыми тұрғыдан сыннан өткен тұжырымын оқи алатын жағдайда жұмыс істеуімізге тура келеді.
Ал жасанды интеллектінің журналистикада қолданылуын неге жақтаймыз? Жақтайтынымыз – оның қазіргі деңгейінің өзі кез келген тақырып, кез келген мәселе бойынша болашақ авторға басты бағыт-бағдарды айна-қатесіз айқындап беруге, келешектегі зерттеуіңізге, мақалаңызға, негізгі-негізгі тезистерді тез түзіп тастауға, ең керекті фактілерді санаулы секундта суырып салуға жетіп жатыр. «Автоматтандырылған журналистика» деген ұғым пайда болды. Оны «алгоритмдік журналистика», «роботтандырылған журналистика» деп те атап жүр. Автоматтандырылған журналистика біздің кәсіп иелерінің «қара жұмысын» жеңілдететіні, талдамалы материалдарға тыңғылықты дайындалуға мүмкіндік беретіні талассыз. Қажетті деректерді алу тездетілетінін айтудың өзі артық. Жылдамдық та, дәлдік те, оқырманмен, көрерменмен, тыңдарманмен тікелей байланыс та арта түседі. Диктофонға жазылған әңгімені сағаттап тыңдау деген қалады, мәтін автоматты түрде шығарылады, қажет десеңіз, автоматты түрде аударылады. Айта берсе, көп-ақ.
Жасанды интеллектінің жаңа журналистикаға жол ашатыны шығар күндей шындық. Алайда бәрін жасағанда да, ЖИ-дің түптеп келгенде талантты, дарынды алмастыра алмайтыны анық. Алмастыра алмайды, бірақ толықтыра алады. Бізге керегі де осы».

Жиын барысында сөз алған университеттің цифрландыру жөніндегі проректоры Гүлмира Бекманова ақпараттық технологиялардың білім мен ғылым саласындағы тиімділігін баяндады. Ол цифрлық жүйелердің дамуымен бірге, этикалық жауапкершіліктің де жоғары болуын қадағалау қажеттігін еске салды.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев біздің еліміз 3 жылдың ішінде «Цифрлық ел» болуымызды талап етті. Сондықтан, осы конференциямыздың тақырыбы – өте маңызды. Оның негізгі бастамасы – АІ Sana бағдарламасы. Бұл бағдарлама университеттің білім алушылары мен оқытушыларында ЖИ бағдарламасындағы құзыреттерді қалыптастыру мен ойлау мәдениетін қалыптастыруды мақсат етеді. Жасанды интеллект дағдыларын үйрету, білім беру бағдарламаларын жаңарту бағыттары бойынша университетімізде 286 білім беру бағдарламасына 100-ден астам пән енгізілді. ЖИ негіздері бойынша АІ агенттерін жасап шығаруды да бағытқа қойды. АІ Sana бағдарламасы аясында ЖИ негіздерін үйрететін Huawei платформасында 5595 сертификат алынды. Cursera бойынша 1005 сертификат, Astana Hub платформасында 1007 және университет жасаған курста 23951 сертификат алынды. Жалпы саны 31000-нан астам ЖИ-ді меңгергені туралы сертификат табысталды. Өздеріңіз білесіздер. Біздің оқу орнымызда 27000 студент бар. Бұл дегеніміз – бір білім алушымыз бірнеше курстан өтті деген сөз».
Ал медиа ұйымдардың басшылары «Қазақ газеттері» ЖШС бас директорының орынбасары Қамбар Ахметов және «Астана ақшамы» газетінің бас редакторы Еркін Қыдыр тәжірибеден туған ойларымен бөлісті. Олар цифрлық медианың мүмкіндіктері, аудиторияның мінез-құлқы мен жаңа форматтағы ақпарат тұтыну үрдісі жөнінде пікір айтты.
Қамбар Ахметов: «Әлемдік тәжірибеде ЖИ платформаларын алдыңғы қатарлы БАҚ ұйымдары өз тәжірибесінде қолданып, көп жетістікке жетіп жатыр. Біздің елдегі ақпарат құралдары да бұл бастамамен жұмыс істеу бойынша ешкімнен кеш қалып жатқан жоқ. ЖИ пайда болған кезде әртүрлі пікірлер айтылды, әрине. Бірақ, ол – керек дүние. Адамның орнын алмастыра алмайды. Тек қана журналистің көмекші құралы ретінде жұмыс істейді. Медиа ұйымдар дикторлық жұмыста да, фактчек жасау үшін ақпаратты тексеруде де, оны кодтап жариялауда да ЖИ мүмкіндіктерін пайдаланып жүр. Ал, газеттің тәжірибесінде толық бұл үрдіс енбегенімен, университеттегі әріптестеріміз осы арқылы газет шығарып жатыр. ЖИ жазған ақпаратты қарап отырып, оның бір қолдан шыққандай дүние екенін, кейбір аналитикалық жұмыс жүргізу кезінде журналист сияқты тікелей жеткізе алмайтынын байқаймыз. Дегенмен, ЖИ ақпаратты өндіру жылдамдығын арттырып отыр, сұхбатқа дайындалу барысында, материалды өңдеу жұмысында журналист жүктемесін жеңілдетеді».
Ғылыми ізденіс бағытын ұстанған баяндамашылардың арасында жасанды интеллекттің тілдік модельдері мен олардың журналистика саласындағы қолданылуына назар аударған Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің зерттеушісі Алибек Барлыбаевтың ойы ерекше әсер қалдырды. Ол отандық ІТ мамандары мен журналистердің бірлескен жұмысы медиа контент сапасын арттырып, ақпараттық қауіпсіздікті нығайтуға мүмкіндік беретінін айтты.
Испанияның Гранада университетінің профессоры Александр Пронин медиаөнер мен жасанды интеллекттің байланысын талдап, көркем шығармашылық пен технологияның тоғысындағы жаңа эстетиканы сипаттады. Оның пікірінше, болашақтағы медиа өнім көрерменнің эмоциялық реакциясына сай бейімделіп, жеке қабылдауға бағытталады. Бұл – жаңа этикалық және философиялық сұрақтар тудыратынын да жасырмады.
Astana IT university ассистент профессоры, PhD докторы Айнұр Сламғажы сынды зерттеушілер қоғамның ақпарат тасқынында бағыт жоғалтып, ақиқат пен манипуляцияның арасындағы шекараны айыра алмай отырған сәттерін ғылыми тұрғыда саралады. Ал Сүлеймен Демирел университетінің профессоры Мадияр Саудбаев «Data Colonialism» ұғымын талдап, алгоритмдік биліктің жас ұрпақ санасына әсерін, ұлттық тіл мен мәдениетке ықпалын терең зерделеді.
Конференция соңында филология ғылымдарының докторы, профессор Әсима Ишанова Маклюэннің медиа туралы концепциясын қазіргі жасанды интеллект дәуірімен байланыстыра отырып, ақпараттық қоғамның философиялық мәнін ашып берді. Ғалымның пікірінше, технологияның дамуымен бірге адамзаттың өзін тану формасы да өзгеріп келеді. Ақпарат құралдары адам мен қоғам арасындағы дәнекер болудан шығып, жаңа мәдени код қалыптастырып отыр.
Жиын соңында Ардақ Бейсенбай конференцияның қорытынды сөзін айтып, бұл басқосудың маңызына тоқталды. Оның айтуынша, ғылыми пікірталас арқылы медианың болашағына бағдар жасау – білім мен руханияттың тоғысқан тұсы. Университет қабырғасында өткен бұл жиын ғылыми ойдың өрісін кеңейтіп, медианың адамгершілік миссиясын жаңаша пайымдауға мүмкіндік берді.
Жасанды интеллект мәселесіне арналған конференцияда адам мен технологияның арақатынасы терең пайымдалды. Ғылыми ойдың өрісін кеңейткен бұл басқосуда ЖИ-дың қоғам санасына, мәдениет пен журналистикаға, адам болмысының ішкі құрылымына әсері жан-жақты талқыланды. Баяндамашылар ұсынған көзқарастар жасанды интеллекттің прогресті үдетіп қана қоймай, адамзаттың дүниетанымдық өлшемдерін өзгертетін қуатты күшке айналғанын көрсетті. Конференция түйінінде жаңа дәуірдің басты мақсаты технологияны адам игілігіне бағындырып, ақыл мен жүрек үйлесімін сақтай отырып, саналы өркендеуге жол ашу деген терең тұжырым жасалды.

Шаттық СӘДУАҚАС,
Халықаралық Журналистер Одағының мүшесі,
Ақбота МАМЫРБЕК,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ 3-курс студенті.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *