АҚЫН ҚЫЗҒА АЙРЫҚША ҚҰРМЕТ

Әдебиет
1 004 Views

Көп әлі көргенімнен көрмегенім,

Өзімді өзім ертіп өрмеледім.

Қаратау теріскейінде қара өлең

Құшақтап қыз жүр десе, сол – мен едім! – деген ақын, бұл күндері Қаратау теріскейі мен күнгейінің өлеңсүйер қауымына танылып та, табындырып та үлгерген Гүлнәр Есіркепқызы Өмірбектің туған өңірдің мәдени кеңістігінде есімі естілгелі ширек ғасырдан асыпты. Қашанда ел тынысымен бірге тыныстап, өлке әдебиеті мен өнерімен өрнектелген бірегей өмір үлгісі бәрімізге таныс, баршамызға жылы. Азаматтық тұлғасы арлы, кітапханашылық қызметі адал Гүлнәр Есіркепті үлкендер ізгі тілекпен қолдап, кішілер құрмет тұтып келеді. Оны танығалы кітапхана мен Гүлнәр, кітап және Гүлнәр деген ұғымды бөле-жара қарамайды теріскей елі. Жап-жас өрімдей қыз кезінен кітап деп шырылдап, оқырман деп тақ тұратын Гүлнәр апайымыз бұл күндері өзі де Кітап – Адамға айналғандай. Осы кітап – ғұмырға көз салсақ, шынында да Гүлнәр Өмірбектің өңір әдеби-мәдени саласындағы еңбегін ой елегінен өткізер болсақ, бәрі көз алдымызда өтіп жатыр екен.

Осы орайда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы бойынша Ыбырай Алтынсарин атындағы Түркістан облыстық балалар кітапханасының «BOOKDATING – Оқы! Талпын! Арманыңа жет!» деп аталатын кіші жобасының аясында жастардың назарын кітап оқуға аудару, өңіріміздегі танымал адамдарының шыңдалуына арқау болған кітаптармен танысу, салауатты өмір салты шабыттандыратын және таңдандыратын тұлғалармен кездесу кештері жиі ұйымдастырылады. Оқырмандарға ақынның өмірі мен шығармашылығын кеңінен таныту мақсатында кітапханамызда ақын, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Кітапхана ісінің үздігі» төсбелгісінің иегері Гүлнәр Өмірбектің 60 жасқа толу мерейтойына орай ұйымдастырылған «Өнерім – өміріммен ұштасқан» атты кездесу кеші өтті. Оған журналист, жазушы, Әлем халықтар Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Ғабит Мүсірепов атындағы сыйлықтың иегері Күлия Смайылханқызы Айдарбекова, Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры әдебиет бөлімінің меңгерушісі, драматург Сая Қасымбек, балаларға арналған республикалық «Ақылдым» журналының бас редакторы Бейсенкүл Жақсыбекқызы Нарымбетова, журналист, ақын, жазушы, Қазақстан Журналистер және Әлем халықтары Жазушылары одақтарының мүшесі, республикалық «Әйел құпиясы» және «Әйел денсаулығы» газеттерінің бас редакторы әрі құрылтайшысы Фатима Забурақызы Жүнісова, жазушы Бақтыгүл Рүстемқызы Ауданова, Александр Сергеевич Пушкин атындағы Түркістан облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының директоры Шәрбану Әлмаханбетқызы Дінәсілова, Шымкент қалалық жасөспірімдер кітапханасының директоры Закира Сембекқызы Парымбекова, Созақ аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Сабыр Дүйсенбекұлы Батырбеков, Созақ аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің қызметкерлері – Сәуле Мақамбайқызы Бораншиева, Айтбала Бейісжанқызы Қыстаубаева, Мадина Сапаққызы Айтжанова, Созақ аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі Ғалия Сулубекқызы Маймақова және Әлішер Науаи атындағы №11 жалпы орта білім беретін мектептің оқушылары мен ұстаздары қатысты.

Салтанатты кешіміздің құрметті де қадірлі қонағы Гүлнар Есіркепқызымен кездесу, сырласу, жүздесу кешіне арнайы келген қонақтар, сонымен қатар облысымыздағы бірқатар аудандық балалар кітапханаларының кітапханашылары Теріскей өңірінің талантты, шығармашыл, өнерлі де өрелі ақын қызын мерейлі мерейтойымен шынайы құттықтап, өздерінің жылы лебізін білдірді.

Кездесу кешінің қонақтары үшін №78 жалпы орта білім беретін мектебінің 7-сынып оқушылары қаламы қасиетті, ақындығы ардақты шайырдың өлеңдерінен жыр-шашу шашып, кітапханамыздың тұрақты оқырманы, Қарсыбай Сыпатаев атындағы №7 мектеп-лицейінің 6-сынып оқушысы Барақ Нұрхан белгілі қаламгер, ұстаз Ескермес Жақсымбетұлының сөзіне жазылған «Бала ғашық» әнін, Састөбе ауылындағы Антон Семенович Макаренко атындағы жалпы орта білім беретін мектептің 3 «в» сынып оқушысы Арысбек Мейіржан «Бір жұлдызым», «Қимаймын» әндерін, сондай-ақ Созақ ауданының «Мыңжылқы» мәдениет сарайының қызметкері Мархабат Бейсенова кеш иесінің сөзіне жазылған Әділ Жүсіповтың «Созақ кітапханашыларының әні» және аса көрнекті сазгер, «Қазақ вальсінің падишасы» атанған ән әлемінің әйгілі майталманы Шәмші Қалдаяқовтың «Теріскей» әндерін орындап, көрермен қауымның ыстық ықыласына бөленді.

Әсия СӘБДЕНҚҰЛОВА,

Ыбырай Алтынсарин атындағы

Түркістан облыстық балалар кітапханасының кітапханашысы.

Шымкент қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *