Шымкент мегаполис атанғалы бері Астана мен Алматы секілді ірі форумдар өтетін киелі орынға айналды. Соның бірі Түркістан облыстық балалар ауруханасында Қазақстаннан, Ресейден, Өзбекстаннан келген Халықаралық мамандардың қатысуымен «Балалар өңешінің хирургиясы» тақырыбында ұйымдастырылған ғылыми-тәжірибелік конференция дер едік. Оның ашылу салтанатында Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев, С. Д. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университеті балалар хирургиясы кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымының докторы Алмас Ормантаев, Түркістан облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Әнуарбек Маймақов сөз сөйледі.
«Балалар өңешінің туа біткен даму ақаулары» секциясында Ресей Федерациясы Солтүстік-Батыс округінің бас балалар хирургі, В. А. Алмазов атындағы Солтүстік-Батыс Федеральдық медициналық зерттеу орталығының туа біткен және тұқым қуалайтын аурулары ғылыми-зерттеу зертханасының меңгерушісі, профессор Владимир Гиреевич Баиров «Балалар өңешінің туа біткен ақауларын емдеудегі біздің тәжірибеміз», Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы балалар бөлімінің меңгерушісі Нұрлан Ахпаров «Балалар өңешінің пластикалық хирургиялық емдеудің нәтижелері», Шымкенттегі облыстық балалар емханасы жалпы балалар хирургиясы бөлімінің меңгерушісі Қайрат Ізбасов «Жаңа туған нәрестелерде өңеш атрезиясын емдеудегі біздің тәжірибеміз», Астанадағы № 1 перинатальдық орталығы нәрестелер хирургиясы анестезиологиясы және қарқынды терапия бөлімшесінің ординатор дәрігері Н. Желдібаев «Астанадағы № 1 перинатальдық орталық базасында жаңа туған нәрестелердегі өңеш атрезиясын емдеу», Алматыдағы балаларға арналған шұғыл хирургиялық көмек көрсету орталығының директоры, медицина ғылымының кандидаты Абай Құсайынов, осы орталықтың қабылдау бөлімінің меңгерушісі Ерлан Меңдіғалиев «Жаңа туған нәрестелерде өңеш атрезиясын емдеудегі эндобейнехирургияны қолдану (өзіміздің бақылауымыз)», Ташкенттегі балалық шақтағы аз инвазитті және эндовизуальды хирургиясы ғылыми-тәжірибелік орталығының қызметкерлері – К. Умаров, М. Рустамова «Өңеш атрезиясын хирургиялық емдеудің нәтижелерін салыстырмалы бағалау», Павлодардағы балалар ауруханасының дәрігерлері – Е. Рамазанов, М. Ақшолақов «Нәрестелердің өңеш атрезиясын емдеудегі біздің тәжірибеміз», Ташкент педиатриялық медициналық институты, республикалық перинатальдық орталық жанындағы неонтальды хирургия оқу-емдік әдістемелік орталығының қызметкерлері – Бахтияр Эргашев, Ш. Эшкабилов «Өзбекстанда жаңа туған нәрестелердегі өңеш атрезиясын емдеудегі нәтижелер», Семей мемлекеттік медициналық университеті ауруханасы балалар хирургиясы бөлімінің меңгерушісі Марат Әубәкіров «Жаңа туған нәрестелерде өңеш атрезиясын емдеудегі өз тәжірибеміз» тақырыбында баяндама жасады.
«Балалар өңешінің жарақаттары» секциясында В. Г. Баиров «Балалар өңешінің химиялық күйіктері», «Ана мен бала» орталығы балалар хирургиясы бөлімінің меңгерушісі Қайрат Рахымжанов «Балалар өңешінің тыртықты тарылуы кезінде асқазан сабағынан жасалатын гастроэзофагопластика», Самарқанд мемлекеттік медицина институтының дипломнан кейінгі білім жетілдіру факультетінің балалар хирургиясы, анестезиология және реанимация кафедрасының меңгерушісі Жамшид Шамсиев «Балалар өңешінің бөгде заттарын анықтау мен емдеудегі жаңа тәсілдер», Жамбыл облыстық балалар емханасы балалар хирургиясы бөлімінің дәрігері Сейдахмет Шыныбеков «Балалар өңешінің күйіктен кейінгі тыртықтың тарылуын емдеудегі біздің тәжірибеміз», Астана оқу-клиникалық орталығының бас директоры Райхан Мусина «Астана оқу-клиникалық орталығының мамандандырылған қосымша білім берудегі атқаратын рөлі», Профессор Ағабек Қарабеков атындағы қоғамдық қордың директоры Роза Қарабекова «Профессор А. Қарабеков атындағы қоғамдық қордың балалар денсаулығын нығайтудағы рөлі» тақырыбында баяндама жасады.
Соңында конференцияның жұмысына қорытынды жасалып, баяндамашыларға сертификаттар табыс етілді. Бұл ізгілікті де игілікті басқосудың балалар денсаулығын нығайтудағы маңызы жоғары болғаны айқын деуімізге толық негіз бар. Өйткені, біздің жарқын болашағымыз – балалардың денсаулығы қоғамымыздың саулығын, салауаттылығын сездіретін фактор екені мәлім.
Ә. ТӘЖІМҰРАТ.
Шымкент қаласы.