БАЛАНЫҢ КӨҢІЛІ БӘРІНЕН ҚЫМБАТ

Уақыт
1 167 Views

Мейлі қандай мереке болсын балалар үшін оның орны бөлек. Бәріміз де бала болдық қой, мереке-мейрамдардың ішінде Жаңа жылдың жанымызға соншалық жақын болғанын, оған күн ілгеріден дайындық жасайтынымыз әліге дейін көз алдымызда десек, артық емес. Бәлкім, бұл мереке біздің бала көңілімізді өзінің қызылды-жасыл қуыршақтарымен, Аяз ата — Ақшақарымен баурап алған шығар. Біз мұны не үшін еске алып отырмыз?

Жаңа жыл мерекесінің қарсаңында Шымкент қаласындағы Оқушылар үйінің шыршасына қатысудың сәті түсті. Айтулы мерекеге айрықша дайындалған ұжым балаларға бар өнерін көрсетіп, мәре-сәре болып жатты. Жасыл шырша жанында Аяз атамен бірге ән шырқап, Ақшақармен бірге билеген оқушылардың қуанышында шек жоқ. Еңбекші ауданының әкімі Ильяс Ғалымжан Молдабайұлы мен оның орынбасары Амангелдиев Досалы Жайлауұлының құттықтау сөзі мереке мерейін асыра түсті. Бала емес пе, олар үшін аудан әкімі мен Аяз атаның қолынан сыйлық алудың өзі бір төбе қуаныш. Қаладағы барлық мектептерден қатысқан төрт жүзге таяу оқушыға мектеп мұғалімдері мен ата-аналары да сыйлық ұсынып, қуанышын еселей түсті. Бір сөзбен айтқанда бала көңіл сол күні мерекелік шараның шашуымен бірге көл-көсір сыйлыққа ие болып, естен кетпестей әсерге бөленіп жатты. Осы орайда біздің айтқымыз келгені, Шымкент қалалық №1 Пробация қызметінің өкілдері де өздерінде тіркеуде тұратын азаматтардың балаларына көңіл бөліп, арнайы сыйлық жасап келгені туралы еді. Түске дейінгі шыршада сегіз баланың сыйлығын беріп, қуанышына ортақтасқан пробация қызметкерлері түс қайта тағы алты баланың көңілін көтеріп, өздерінің сый-сияпаттарын ұсынды. «Біз өзімізде тіркеуде тұратын азаматтардың балаларына қамқорлық жасауды ешқашан ұмытқан емеспіз, – дейді өзін Дәурен Қансейітұлы деп таныстырған Шымкент қаласы Еңбекші аудандық Пробация қызметінің инспекторы. – Жаңа жыл балалар үшін қызық та қуанышқа толы мейрам. Өзіміз де бала болдық, мектеп қабырғасында, жасыл шырша жанында тұрып Аяз атадан алған сыйлықтарымызды ешқашан ұмытпаймыз. Баланың көңілінен қымбат не бар дейсіз, бүгінгі мерекеде солардың көңілін көтерейік, естен кетпестей әсерлі сыйлық жасайық деп арнайы келдік».

Иә, айтса айтқандай, бала көңілінен қымбат ешнәрсе жоқ. Айтпақшы, сол күні Айгүл Уйсимбаеваның қызы Ниязбек Тоғжан, Мұсахан Бархатовтың қызы Сапаралы Нұрсая, Бахтияр Жорабаевтың ұлы Нұржігітов Бақдаулет, Нұржан Сарыбаевтың қызы Мениса Құралбаева, Икрам Қасымовтың ұлы Дилшодбек Асқаров, Халила Абдіғаниеваның ұлы Аян Алимбаев, Комила Мавлянованың ұлы Айбек Амангелдиев және Ажар Орынбасарованың ұлы Диас Орынбасаровтар мерекелік сыйлықтарға ие болды.

А. ЖҮСІП.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *