БАСТЫ МІНДЕТ – ЕЛГЕ ҚЫЗМЕТ

Саясат Қоғам
1 431 Views

Бүгін біз Шымкент қаласы «Nur Otan» партиясы атынан «праймериз 2020» қатысушысы, мәслихат депутаттығына үміткер Данабек Исабековпен сұхбаттасып,оның сайлауалды бағдарламасы және қаладағы басқа да өзекті мәселелер аясында әңгімелестік.

Данабек Ержанұлы Исабеков 1983 жылы дүниеге келген. «Заң», «Экономика», «Қаржы», «Жерге орналастыру» салалары бойынша жоғары білімі бар. «Заңгер» магистрі. «Менеджмент», «Сервистік мәдениет», «Корпоративті басқару», «Инновациялық менеджмент», «Проекті менеджмент», «персоналды басқару» курстары бойынша Польшада, Германияда халықаралық тәжірибеден өткен. Еңбек жолын мемлекеттік қызметтерді көрсету мен халыққа қызмет көрсету саласына арнаған. Осы жолда алған тәжірибесі мен білімін, туған өлкесінің өзекті мәселелерін шешуге жұмсауды мақсатым деп көрсеткен. Сайлауда жеңіске жеткен жағдайда «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын қала аумағында іске асыруды басымдылық ретінде алатынын мәлімдейді. Оның сөзінше: «Заманауи мегаполис ретінде Шымкент қаласы да өзінің экономикалық салаларын цифрлы форматқа ауыстырып «ақылды қалаға» айналуы керек». Назарларыңызға праймеризге сайланушы үміткер Данабек Ержанұлымен болған сұхбатты ұсынамыз.

– Мұндай сайлауға іріктеу тарихта алғаш рет болып жатыр. «Nur Otan» өз үздіктерін таңдауда. Бұл да партияның беделі. Осы орайда, ең алдымен, сайлаудың қатысушы ретінде өз бағдарламаңызды таныстырып өтсеңіз.

– Менің сайлауалды бағдарламам нақты төрт бағыттан тұрады. Бағдарламаммен таныстырудан бұрын туған жерім шырайлы Шымкентті жан-жақты дамытуға, халықтың заманауи деңгейде өмір сүруіне осы елдің азаматы ретінде өз үлесімді қосу – азаматтық парызым деп санап, додаға түсуге бел будым. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев және Елбасы, «Nur Otan» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тәуелсіз еліміздің болашағы жастармен тығыз байланысты екенін үлкен мінберлерде, халыққа арнаған жолдауларында атап айтқан болатын. Осы тұрғыдан да мен патриоттық рухпен ел болашағына, өз халқыма адал қызмет етуді мақсат етіп өмір сүріп келемін. Асқақ рух пен жүрегімнен шығып, ой елегінен өткізген сайлауалды бағдарламамды ұсынбақпын.

Бірінші бағыт – қаламызда бизнестің дамуына үлес қосу. Қазіргі таңда тұрғындардың үштен бір бөлігін жастар құрайды. Жастар ақпаратпен толық қамтылған, креативті. Жастарға қолдау көрсетіп Жас отбасы бағдарламаларын іске қосып тұрғын үй мәселесін шешуге көмектесу, жұмыспен қамтуға көмектесу, Жас кәсіпкер жобаларын іске асыруға ат салысу мақсаты осы бағытқа қатысты. Одан әрі, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғыртуға шетелдік инвестицияларды тарту көзделеді. Ал, білім саласы бойынша – мектептерге бейнебақылау камераларын орнату, мұғалімдердің жағдайын жасау, жалақыларын көтеру, тұрғын үй мәселелерін шешу, жалпы мұғалімдердің мәртебесін көтеру мәселелері қолға алынады. Денсаулық сақтау саласында – «103» жедел жәрдем қызметін жаңғырту», «Медициналық кешенді ақпараттық жүйесін» қолданысқа беру, «Ақылды көше жарықшамдары», «109» жедел әрекет етуге мониторинг қызметі» мен «Қаланың геоақпараттық жүйесі» енгізіледі.

Екінші бағыт – электронды қызмет түрлерін дамыту. Бұл бағыт бойынша жұмыстар үш жолмен жүзеге асырылатын болады. Олар:

— Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы тұрғындарға көрсетілетін қызмет түрлерінің сапалы және бекітілген мемлекеттік стандарттарға сәйкес болуына ықпал ету.

— тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын арттыру.

— «Қоғамдық көлікте электронды билет жүйесін енгізу», «Ақылды автотұрақ» жобаларын іске асыру, әлеуметтік қамсыздандыру саласында «Бірыңғай әлеуметтік ID-картасын енгізу» жобасын қолға алу.

Үшінші бағыт – «Қауіпсіз қала» бағдарламасын іске асыру. Біріншіден, учаскелік полиция инспекторларының мәртебесін көтеруге ықпал етіп, шағынаудандар мен тұрғын алаптарда патрульдік полиция қызметінің тәулік бойы қызмет атқаруына бақылауды күшейтеміз. Қаланың төрт ауданындағы полиция басқармаларында «бір терезе» қағидаты бойынша фронт-офистерін ашамыз. Екіншіден, көшелер мен тұрғын үй аулаларының аумақтарын жарықтандыруды қамтамасыз ету, «Сергек» интеллектуалды бейнебақылау жүйесін орнату, жалпы білім беретін мектептерде ішкі бейнебақылау камераларын орнату мәселелеріне қосымша қаражат бөлінуіне ықпал ету жоспарда. Үшіншіден, мектеп оқушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мектеп ғимараттары сыртындағы әжетханаларды түпкілікті жабу, ғимарат ішіндегі әжетханаларды жабдықтау мәселесін қолға аламыз.

Төртінші бағыт – Шымкент қаласы Абай ауданындағы өзекті мәселелерді шешу. Бұл бағытта да бірқатар ауқымды жұмыстар атқарамыз. Олар:

— тұрғын үй қорын жаңғырту бағдарламасы шеңберінде көпқабатты тұрғын үйлерді жөндеуден өткізу; барлық шағын аудандар мен тұрғын үй аумақтарында жарықтандыру құралдары мен бейнебақылау жүйелерін орнату; балалар ойын алаңдары мен спорт алаңшаларын салу, тренажерлер мен демалыс орындарын орнату;

— тұрғындарды электр энергиясымен, газбен, ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз етілуін, тұрмыстық қалдықтардың уақтылы тазалануын қадағалау.

— ауданның өзекті әлеуметтік және экологиялық мәселелерін шешуге атсалысу. Оның ішінде Бадам өзені табанын тазалау, жағалауларын бекіту, өзен арнасынан құм, тас алуға тыйым салу,

— Қарасу, Құрсай, Ынтымақ, Жаңаталап шағын-аудандары тұрғындарын ауыз сумен үздіксіз қамтылуын жолға қою, Қызылжар, Ынтымақ аудандарындағы ауыз су бойынша жобаларды іске асыру.

Сайлауалды бағдарламамда қамтылған әрбір міндет, орындалады деп нақты айта аламын және берген уәдемді орындауға бар күш-қайратымды, өмірлік тәжірибемді жұмсаймын.

– Сіз халықпен бірге жұмыс істеп келе жатырсыз, Шымкент қаласы бойынша халыққа қызмет көрсету орталықтарын бақылауда ұстап, басқарасыз. Олардың жұмысына, сапасына қарайсыз. Енді бағдарламадан тыс, біздің халықты не алаңдатады деп ойлайсыз? Халыққа қандай жағдай жасасақ бақытқа жетеді?

– Халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін, қаламыздағы өнеркәсіптерді, кәсіпорындарды жандандырып, жұмыссыздықтың азаюына ықпал етуіміз керек. Елбасы айтқандай жастарға қолдау көрсету керек. Оларға көбірек мүмкіндіктер беру керек. Сонымен қатар халықтың мәдениетін көтеру қажет. Ол депутатқа, әкімге ғана байланысты емес, ол әрбір азаматтың жеке өзіне байланысты. Сол кезде біз дамыған 30 елдің қатарына қосыламыз. Мәдениетті қарапайым қоқысты қоқыс жәшігіне апарып тастаудан бастау керек. Екіншіден, халық бір-біріне деген мейірімділігі мен жанашырлығын арттырса деймін. Мейірімділік пен мәдениеттілік үйлесіп бойымыздан табылса, алдағы уақытта бәрін жеңеміз деп айта аламын.

– Бүгінгі таңда шырайлы Шымкент тұрғындары миллионнан асып жығылуда. Аудандар ұлғайып, бесінші ауданның құрылысы да қарастырылып жатыр. Яғни Шымкент өсіп жатыр. Осы орайда халық қазір пікірін ашық айтады. Депутаттарға байланысты да, басқаға да байланысты. Осыған дейінгі депутаттардың бағдарламаларын қалай жүзеге асырғанын өздері және халық біледі. Себебі әр аудан өз депутаттарын жақсы таниды. Ал Сіз өз бағдарламаңыз аясында сөзден іске көшеміз деген жүрекжарды ниетіңізді білдіріп жатырсыз. Осы орайда халықтың шын ықыласын бөлену үшін, алдағы уақытта шапағат жайы қалай болмақ? Яғни жетім балалар бар, қараусыз қалған ата-аналар, қариялар бар. Осы жөнінде не айтасыз? Олар қоғамның осал тұсына жататын азаматтарымыз.

– Дұрыс айтасыз, өте орынды. Біздің қария кісілерімізге, аға-апаларымызға ерекше қамқорлық көрсету керек. Бізді дүниеге әкелген ата-анамызға қанша қызмет етсек жарасады тіпті, өле өлгенше. Жаннат ананың аяғының астында дейді. Сондықтан да құрметті тұрғындарымызға айтарым ата-анамызды қадірлей білейік, қарттар үйіне өткізбейік. Дегенмен, біздің қалада ол статистика төмен деп ойлаймын. Себебі Оңтүстік жеріміз ата-анасына ерекше жақын, құрметпен қарайтын, салт-дәстүрді сақтаған өңір. Иә, бүкіл Қазақстан халқы да осындай шығар, бірақ осы күнге дейінгі статистикалық мәліметтерге назар аударсақ, біздің өңірде кішкене-кішкене пайда болып келе жатыр екен. Сол үшін мұны да назарда ұстауымыз керек.

Ал көп балалы аналар, жағдай төмен отбасыларға келер болсақ, оларға тағайындалған арнайы жәрдемақылар бар. Қазіргі таңда Президентіміздің жәрдемақыны көбейту бойынша бағдарламалары жүзеге асуда. Білетінім, әрбір азамат, қорлар, осындай отбасыларға әркез жәрдемдеседі. Біз де осы қорлар арқылы өз үлесімізді қосып тұрамыз. Бұл мақтанатын жағдай емес, әрине. Бірақ мүмкіндігінше көмектесу керек, әр жасаған жақсылығымыз өзімізге екі есе болып қайтады. Тұрғындарымызға да айтарымыз осы.

– Қазан айының бірінші, екінші, үшінші күндері Праймериздің шешуші кезеңі болып саналады. Сөз соңында, халыққа, шымкенттіктерге айтар тілегіңіз.

– Праймеризге жалпы Шымкент қаласынан 200-ге жуық, біздің ауданнан – 42 үміткер бар. 1-3 қазанда дауыс беру басталады. Сайлау онлайн, оффлайн түрінде барлық ережелерге сәйкес өтеді. Барша үміткерлерге сәттілік тілеймін, алдағы уақытта егер өте алмай қалсақ, ренжімеу керек, өткен жағдайда алға қойған міндеттерін жүзеге асыру керек. Ал дауыс берушілердің дұрыс таңдау жасауына тілектеспін!

– Сұхбатыңызға рақмет!

Қуанышбек БОТАБЕК.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *