Басқа жерлерде қандай екенін білмеймін, ал біздің ауылдың жеңгейлері жанама ат қоюға келгенде алдарына жан салмайды. Менімен қатар құрдасжігіттердің есімдері шеттерінен адам қызығарлық: Ержан, Ербол, Қайрат болыпкеледі. Бірақ оларды азан қойған есімдерімен атасаңыз, кім болмасын желкесінқасып, ойланып қалады. Ал, Инелік, Борсық немесе Мылтықбас десеңіз:«Айналайын-ау, бірден осылай демейсің бе? Олар өзіміздің жігіттер ғой», – депжөнге көшеді.
Жеңгелерімнің қырағы көзіне ілінбей жүрген мен едім, дегенмен құтыла алмадым. Лезде әке-шешем азан шақырып қойған Боран деген атым ұмытылып, «Бас бух» болып шыға келдім. Қалай бас бух болдың дейсіз ғой, ол былай болды:
Әскер қатарынан оралған ауылдың кез келген жігіті біразға дейін өзін генералдан кем санамайды. Мен де біраз қоқиланып жүрдім де, адам болайын деп, облыс орталығындағы құрылыс институтына барып едім, алғашқы сынақтан-ақ мұрттай ұшып түстім. Сайда саны, құмда ізі жоқ боп, осылайша жүре берер ме едім, әкем бір күні шақырып алып: «Осы күнге дейін ит қуғаның жетер, енді адам бол, ел қатарлы жұмыс істе!» – деп ақыл айтып басымды біраз миландырып тастады.
Бір жақсысы, бұл жағын көкем мықтап тұрып, ойластырып қойған екен. Ертесіне бір қой сойып, бір жәшік арақ алып, колхоздың бастығы мен бас инженерін қонаққа шақырдық. Тоқпағың күшті болса, киіз қазықтың өзі жерге кіріп кетпей ме? Екі-үш күн өтпей жатып-ақ, судай жаңа машинаға ие болып шыға келдім.
Ауылда қалуын қалдым, шопыр болуын болдым, байқаймын, енді үйленуден басқа ештеме қалған жоқ. Ақыры үйлену керек болған соң, мен де ай қарап жүргенім жоқ. Былтыр ғана облыс орталығындағы мұғалімдер даярлайтын институтты бітіріп, мұғалім болып жүрген, өзін Қызжібектен бір кем санамайтын Күлпашқа біраз қырындап көріп едім, соңғы кездескенімізде: «Үстіңнен үнемі бензин иісі шығып тұрады екен», – деп мұрнын тыржитты.
Сонымен есеп 1:0 болды. Бірақ, тайынатын мен жоқ. Бір күні мұздай киініп, толқынды шашымды бір жағына қайырып тастап, Шымкенттегі әскерде бірге болған досыма тартып кеттім. Қандай «жоспармен» келгенімді білген құдай жолыңды оңдағыр Білән іске шұғыл кірісті. Соның нәтижесінде екеуміз кешқұрым көздері күндей күлімдеген, күлкілері қоңыраудай сыңғырлаған қос бойжеткенмен қаланың мынау деген ресторанында шалқып отырыстық. Иегінің астында ноқаттай қара меңі бар қара торы қыз маған бірден ұнады. Байқаймын, Халима да әрі кет емес, жасырынып көзінің астымен қарап қояды. Махаббат дегеніміз ең сараң деген жігіттің өзін мырза етіп жібереді емес пе? Есеп шотын сыртылдатып қаға бастаған даяшыға «Сдачи не надо» деп бес мың теңгені столдың үстіне тастай салдым.
Рестораннан шығып, қала орталығындағы паркке кіре бергенімізде, оңаша қалған Халима: «Аға, кім болып істейсіз?» – деп сұрағаны. Қай шайтан түртіп, аузыма салғанын білмеймін: «Бір кеңшардың бас бухгалтерімін» дедім шіреніп, бетім бүлк етпестен. Көңілінде ештеңе жоқ бейкүнә қызға қарап, ішім тыз ете қалды. Ақыры болатын іс болды, енді шегінетін жер жоқ, «бас бух» екенімді дәлелдемек болып, шаруашылықтың қанша қойы, қанша жылқысы, қанша қызылшасы барлығын айта бастадым. Сасқалақтағанда құйрығымен сүңгитін үйрек сияқты түрімді аңғаратын Халима жоқ, әрбір сөзіме иланып, ептеп жымиып қояды.
– Қарамағыңызда қызметкерлер көп шығар? – дейді ол жас балаша.
– Иә, көп. Кілең қыздар, – деймін ұялмас тек тұрмастың керін басып.
«Әй, ақымақ. Бас бухгалтер сенің не теңің? Шопырмын десең аузың қисайып қалатын ба еді? Мынау түріңмен зығырдың майын қайнатып, құйрығыңа құйса да адам болмассың». Өзімді-өзім жегідей жеп келемін. Ертесіне Білән әңгіменің тоқ етерін бірақ айтты.
— Қысқасы, сен Халимаға қатты ұнап қалыпсың. Темірді қызған кезде соққан жөн, бүгін алып қашамыз. Ағамның «Жигулиін» сұрап алдым. Әлимаш та біздің жақта.
– Болмайды, – дедім ат тонымды ала қашып.
– Неге? Әлде Халима ұнамай ма?
– Ұнауы ұнайды ғой, бірақ мен оны бас бухгалтермін деп алдадым қара басып.
Білән қарқ-қарқ күліп алды да:
– Өзің екенсің ғой бәрін бүлдіріп жүрген. Бірақ қиналатын ештеңе жоқ. Нешауа десе қойды қасқыр жемейді. Бір амалын табармыз Әлимаш екеуміз.
– Мүмкін, Халимаға бәрін түсіндіріп, айтармын, кешірім сұрап дегендей.
– Қой, сен мынау түріңмен артық қылам деп тыртық қып аларсың. Енді біраз уақыт «Бас бух» болуыңа тура келеді, шыда батыр. Сонымен не керек, Халиманы алып қашып келіп, айды аспаннан бір-ақ шығардым. Ауыл бір шулап қалды.
Өтірігім қашан шығады деп ұстараның жүзіндей қылпылдап жүрмін мен бейбақ. Кеше сиыр фермада есепші болып жұмыс істейтін Тілеуқабыл құрдасымнан керек еді деп, есеп шотын сұрап алған болатынмын. Ымырт жабылғанша түк түсінбесем де, шотты әрі-бері ұрғылап, бірдеңе есептеген болып отырамын. Апам болса үй-ішінде әрі-бері жүгіріп жүрген кішкентай іні-қарындастарыма «Шуылдамаңдар түге, көкелерің жұмыс істеп отыр емес пе? – деп әлсін-әлсін ұрсып қояды. Әпкем де, көкем де, тіпті әкем де аяқтарының ұшымен басып, сыбырлап әңгімелесетін болды. Өстіп, «бас бух» болып жүре берер ме едім, төртінші күні гараж меңгерушіміз Қоңқаш көкем ардың-күрдің етіп, үйге ай-шай жоқ кіріп келді. Маңдайымнан суық тер бұрқ етіп, есеп-шотты баруырыма қысқан күйі қайда тығыларымды білмедім.
– Әй, батыр, – деді ол түйеден түскендей дүңк еткізіп, – шот қағысың жаман емес қой жүдә. Бухгалтер болып кеткенсің бе өзің? Біз баяғыда қатын, тойс келіншек алғанда екінші күні жұмысқа жүгіріп едік. Ал, сен болсаң бір апта бойы жұмысқа шықпай үй күшік болып жатып алдың. Осы күнгінің жастарында мысқылдай ұят болса көзім шықсын. Қысқасы, жарты сағаттың ішінде гаражда болатын бол, әйтпесе, анау су жаңа машинаңды алып қойып, көзіңе көк шыбын үймелетемін.
Қоңқаш қалай кірсе солай шығып кетті. Абыройым айрандай төгіліп, жерге кіріп кете жаздадым. Асып-сасып жұмысқа киетін комбинезонымды шала бүлініп іздей бастадым.
– Іздеп жүргенің мынау емес пе? Келіншегімнің нәзік үні құлағыма жеткенде кескен томардай сылқ етіп отыра кеттім мен байқұс. Бірдеңе дейін десем, үнім шығатын емес. Халима жаныма келіп:
– Әй, бас бухгалтерім-ай! Босқа қинала беріп қайтесің. Таңертең Әлимаш бәрін түсіндіріп айтып кеткен. Екеуміз оңаша бөлмеде отырып алып, ішегіміз түйілгенше күлдік сенің қылығыңа. Кешке тез орал, мен сені күтемін, мақұл ма? Жерден жеті қоян тапқандай орнымнан ұшып тұрдым, басып тұрған ауыр жүктен құтылғандай бойым жеңілдеп сала берді. Халиманың бетінен шөп еткізіп сүйдім де комбинезонымды жалма-жан алған күйі гараж жаққа зыта жөнелдім.
Қай қудың таратып жібергенін кім білсін, бастан кешірген бұл хикаям бүкіл ауылға белгілі болды. Одан кейін қаншама заман өтті. Білдей бес баланың әкесі болсам да «Бас бух» деген лақап аттан құтылар емеспін. Өзгелерді қойшы, соңғы кездері құдай қосқан қосағым да: «Әй, бас бух» дейтінді шығарды. Өзім тілеп ауру болған соң шыдап келемін, әйтпесе шара жоқ.
Иә, басқа жерлерде қандай екенін білмеймін, ал біздің ауылдың жеңгейлері жанама ат қойғанға шеттерінен шебер. Сенбесеңіздер, келіңіздер, бір жанама атқа ие болмай кетпесеңіздер, қорада бордақыға байланып тұрған ісегімді беріп жіберемін.
Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК,
жазушы, журналист