БАЯН ТІЛЕНШИНАНЫҢ ЖАЗУШЫЛЫҚ ӘЛЕМІ

Тұлға
2 464 Views

Әкедегі тектілік, анадағы мейірім, бабадан мирас шешендік жанына өлең болып оралды. Ерке болмысы адалдықты, әділдікті жанына серік етті. Жүрегі өлең болып тебіренді, тебіренісі әуен болып тербелді, жаны өлеңге айналып кеткендей байыз таппай бебеу қақты. Ұстаздықты мұрат тұтқан Баян Керімқызы қолында Шымкент педагогикалық институтының физика-математика факультетін үздік бітірген дипломы, ал жүрегі аласұрып өлең өлкесіне қарай адымдады.

Жазғанына жүрексіне қарады. Бәріне парасатпен қарайтын әкесі кей өлеңшілерге көңілі толмағанда өлеңді күшеніп жазуға болмайды деген қағидасы көңіліне орала берді. Қайтсе екен…

Өзі құрмет тұтар жазушы ағасына келіп мұңын шертті. Әлде, өлең өлкесіне келуі үшін әдебиетті таңдап, журналистикаға қайта оқуға түсуі керек пе деген сауалына жауап күтті. Шын талант болса, өнер – құдірет қай салада жүрсе де жазбасына қоймайтынын жазушы ағасы әдіппен жеткізген.

Әкесі – Керім Майлыұлы Тіленшин. Оңтүстіктің ағарту саласында өзіндік қолтаңбасын қалдырған қайраткер. Бар ғұмырын бала болашағы мен ұлтқа арнаған арда азамат. Анасы – Зылиха Тәйтіманқызы. Алаштың ардақтысы атанған Ғұмар Қараштың немересі.

Уа, тағдыр, тәлкегіңе көнбей кілең,

Ұйытқысаң, жалын болып өрлей білем,

Қинасаң, тамған тамшым жыр болады,

Тілімен ізгіліктің сөйлеймін мен! – деп өлеңдегі басты бағыты да айқын еді. Өлең өлкесінде өз қолтаңбасы бар. Өлеңде өзі жасамағанды арман етіп, қиял өлкесін шарлап ,аңсар дүниесін жазбады. Ол нені көргенін, нені жасайтынын, жүрегіндегі шындықты ғана жазды. Себебі, өмірдегі шыншылдық ұстанымы оны жасандылыққа жібермейтін .

Баян Тіленшина 1983 жылғы ҚР «Жігер» фестивалінде ақындық жанрдан дипломант болды. 1984 жылы тұңғыш «Қарлығаш» жыр жинағы жарық көрді. Осы бастау «Қанат қақты», «Ғашық-нама», «Шабыт шашуы», «Жыр додасы», «Жұлдыз жүрек» атты жыр жинақтарымен жалғасын тапты. .

Елге қызмет етуді бала кезінен жадына сіңірген Керімдей құрметті әке қасиеті мен Ғұмар Қараш ақынның жиені Зылихадай ананың даналығы, парасатын жырға қосты. Өзі туған киелі Сайрамды жырлады, Көмешбұлақты кәусарым деп құрметтеді, елдің мұңын сезініп, дертіне дауа іздеді, тек шындықты жазуға серт етті. Бәлкім, махаббат лирикасы мен азаматтық лирикасының астасып кетуінің себебі, ақынның әйелдік нәзіктігінен кейде азаматтық болмысы,ел алдындағы жауапкершілігін сезінуі басым түсер шақтары көп болғандығынан шығар.

Ал, махаббат лирикасы сағыныш болып жер кезіп, тұрақтылық, төзімділік деген қасиетті иемденіп, сүйген жанды көз ілмей күтуге бар. Сол жанға деген шексіз ,кіршіксіз адалдығына таңырқай қарап, өзі сүйген жаннан да сол шексіз сүйіспеншілікті іздейтін табанды талапшылдығына еріксіз куә боласың.

Лирикалық кейіпкерінің қасында емес, иә. Тек қасында болуына ғана емес, қиялында жүргенін де бақыт санайтын, соны алданыш тұтатын, сол сезіммен жылынып, сағым күйде сол бейнемен сырласқан сәтін де бақытқа балайтын тазалық қуатын айтсаңызшы.

Көңіліме тыным бермеген,

Күн өткен сайын өрлеген.

Бетімде ұят боп дуылдап,

Бусанған бірге терменен.

 

Нар мінезді алыбым,

Санамда дара қалыбым,

Аспанға ұстын секілді

Тірлікте сенің барлығын.

Күтуден, төзімнен құралған сезімнің кейде егіл-тегіл жылайтыны бар, жалғандыққа жаны қас ақын оны да жасыра алмайды. Өршіл мінезімен лезде қайта қауышып, беріктік болмысына қайта оралады.

Әке аманатына адал болуды, өмірде де өнерде де тазалықты,адалдықты мақсат еткен Баян Тіленшинаның ғұмыр жолы да ғибратты.

2009 жылғы зейнеткерлік шақта «Ғибрат», «Арман – дүние» романдарымен қатар бастауыш балдырғандарға арналған дидактикалық хрестоматия «Әріп — әліп» жарыққа шықты. ҚР «Өрлеу» педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру» институтының ғалымдар кеңесі республикаға таратты. «Өрлеудің» негізін 1935 жылы қалаған алғашқы директоры – әкесі Керім Тіленшиннің білім соқпағын кеңейте жалғастырып, халықтың рухани қазынасын байытуға әлі де үлес қосуда. «Арман– дүние» республикалық газетінің бас редакторы, «Қайнарбұлақ» ауылдық әжелер бірлестігінің жетекшісі.

– Адалдықтан жүрегі жаңылмайтын,

Аққу сезімділерге жаным – айдын.

Жаның туыс,сондықтан бауырымсың,

Бауырымсың болсаң да танымайтын! – деген ақынның сөздері оның азаматтық позициясын, бауырмашылдығын, дүниетанымын аша түскендей.

Жалпы, ақын Баян Тіленшина жырларының ерекшелігі ақынның өмірлік ұстанымы азаматтық болмысын айқын танытады. Туған жерге деген тағзым, туған елге қызмет етуді борыш санаған азаматтық болмысы, ұстаздық ұстанымы, адалдық пен парасатқа деген құштарлығы, жалпы адамзатты сүйіп, бауырым деп елжірер елгезек табиғаты, шындық үшін серттесер өр мінезі бәрі, бәрі шынайы сыр шертеді. Тазалыққа деген сүйіспеншілігімен баурайды. Өлеңдерінде кей ұранға тән ұғымдар, кей диалектілік сөз қолданысы да көзге түседі. Оны да әсірелеп жатпайтын табиғи мінезге тән ерекшелігінен деп түсіндік.

Ақын Баян Тіленшина прозалық туындыларға да қалам тербеді. Күрделі роман жазуға деген батылдығы мен ізденісі де құптарлық. Себебі, Баян Тіленшина қалам тартқан «Қиямет қайым», «Сұрқия», «Ғибрат» романдары да оқырман ықыласына бөленді.

«Сұрқия» романының атауы да тым қатқылдау әрі айыптау сияқты емес пе деген ой оқырманға еріксіз келеді. Себебі, шығарма атауын оқырман танитын минимәтін деп тану бар. Романға алғысөз жазған белгілі жазушы Мархабат Байғұт та шығарма атауына айрықша тоқталған.

«Әрине, тым қатқыл да қиын ұғым ғой, бірақ автор осынау атауға айырықша мән беріп, әдейі назар жығып, жүк артатындай. Оған шығарманы бастан-аяқ бажайлап оқып шыққаннан кейін тереңірек ойға түсіп, өзіңіз-ақ көз жеткізерсіз» – деп шығарма атауы оқиғаның құрылымын ақтайтынына келіскен.

Романдағы әр оқиғаға байланысты тараудың аттары берілген. «Сүйген сұлу», «Жылаған жүректер», «Өсек», «Жік-жік», «Қарғаның мәткесі», «Майдан», «Иттің баласы». Оқиғадағы атаулардың ортақ мәнін білу оқырманға үлкен көмек болады. Жазушы әр тарауының әрқайсының алдына эпиграф береді, эпиграф өлең жолдарымен берілуі Б. Тіленшинаның ақындық әлемінен сыр шертеді.

«Сұрқия» романы балалық шағы қасіретке толы, ата-ана мейірімін сезінбеген Қатипаштың бойжеткен кезінде аяғы ауырлап қалып, әрі-сәрі шерменде күй кешкен сәтінен басталады.

Тағдыр теперішіне налыған бойжеткеннің осы бір сөздері де кейіпкер болмысынан сыр шертетіндей:

– Жетім қылып жаратып, жамаулы киім кигіздің. Біреуге үйіп-төгіп бәрін сыйлайсың. Менің маңдайымды неге ғана пышақпен қыра бересің, қыра бересің, қу құдай? Құлағы жоқ шұнақ құдай! – қыз еңкілдеп жылады.

Көз жасында шарасыздық пен кек тұнып тұрғандай. Бәлкім, қаршадай қызды сұрқиялыққа сүйрелеп кететінде сол жүрегіндегі ыза мен кек шығар.

Жазушы сүттей ұйып отырған, киелі босағаның тоз-тозын шығарған әйел екендігін, имандылық тұнған отбасының шырқын бұзған әйел бойындағы жан дерттің дауасын іздейді. Сол адамға деген кінәмшілдіктен гөрі тым терең сезім бар авторда. Кінәламайды, ұстаз болмысымен тереңінен үңіліп, адам жанын түзетуге ұмыталады. Дауасын да өзі ұсынады.

«Тіршілікте тән ауруларының түрлері көп болғанымен қызғаншақтық, күншілдік, өзімшілдік, арамзалық, өсекшілдік сияқты жан ауруларының емшісі қайда? Оған дауа қайда? Тегінде оның дауасы – қанағат пен тәубешіліктен табылар» – жазушының пайымы романдағы ойдың негізгі темірқазығы іспетті.

Қатипаштың келін болып түскен ортасы оның бойындағы барлық кемшілікке кешіріммен қарады. Жетімдігін, детдомда өскендігін ойлап, бетіне басып салық етпесе де аянышпен әлпештей қарады. Қатипашқа келін болып түскен үйінің адамдарының мейірімділігі ызасын тудырды, сенгіштігі ашуына тиді.

Алғашында үндемей жүрді. Ағайындылардың арасына от салып, өзара қырқыстырып тамашалауға айналды. Ең соңында күллі ұрыс-керістің мықты режиссеріне айналды. Сол айқастан қуат алды, жаны байып қалғандай байыз таппады. Ол құрған ойынның зардабы орасан. Усойқы тілінің зардабын жақындары тартты, бір шаңырақ шайқалды, бір қасиетті әулеттің берекесін қашырды.

Әдепті енесін атасымен, ерін ата-анасымен, келінді қайнағасымен, қыздарды бауырларымен шағыстырды. Ұятты, арлы адамдар сұрқиялықтан жеңілді. Бетпақ жеңдім деп ойлады. Масаттанды. Бірақ, автор бұл жеңістің түпкі мағынасын эпиграфта шебер тұспалдайды.

Аяр жаннан бықсыған сөз қалады,

Дауда сына досың мен бозбаланы.

Тексіз адам – дауасыз, жеңем деме,

Жеңіс – ұяттың әдептен озбағаны.

Қатипаш «Жүз еркектің дүмпуінен бір әйелдің сыбыры күшті» ме, төсекте жатқанда сыбырлап айтып, сүмірейе қалып, Сәуірбектің санасын ыңғайына келтіре қайта «тәрбиеледі». Ол соңғы кездері мұны тыйып тастамай, сөзіне құлақ асатын болғалы Жанай би әулетінің, ақын әрі әулие саналған Омар кәлпе ұрпақтарының тізгіні өз қолына шындап тигеніне сенетін.

Күйеуі өліп, жалғыз ұлын жанына медет еткен Жарқынайды өсектеп, қаралады. Отбасы бар Бескен де өсектің құрбанына айналып, отбасының ыдырауына себепші болды. Қатипашқа жанындағы бақытты адамдардың барлығы ұнамайтын. Ол інісін де сүйгенінен айырды.

Жазушы қанша бақытты отбасының шырқын бір ғана әйел адам бұза алатынын, қанша берік сенімді бір ғана өсек тас-талқан ететін өмірден көрді. Жаны күйзелді.Байыптап қарады, тереңіне үңілді. Романның ой өзегі қашан туындағаны біз тап басып айта алмаспыз. Бірақ, бір сұрқиялықтан бір бақытты отбасының шырқының бұзылып, бауырлардың жау болып, туыстардың араздасып, кіршіксіз құрметтеген қарттардың арасына кірбің ұялатқанын сезінгенін көргенде шығармашылық толғанысқа түскенін байқаймыз. Өмірден көре жүріп, ой түйіп, шығармашылық толғанысқа түскен сыңайлы. Бала кездегі көрмеген тәрбие, сезінбеген махаббат, жылылыққа зәрулік Қатипаш сынды қатігез, жауыз жанды жасап шығарды. Қатипаш бойындағы рухани кеселдер, қызғаншақтық, көреалмаушылық, қатігездік, қанша жанның тағдырын ойрандады. Мінез тұңғиығы оны тым тереңге, яғни өзінің де бақытсыздығына жетелейді. Романның соңында Қатипаш араққа салынады. Ұлы Жолбарыста маскүнем анасының арағын тартып алып ішеді.

– И-и-и, сорлы құдай! Көк тігілгір, көкми құдай! Туылғаннан жылатып, көзімді жастан арылтпаған әр-рам құдай! Бұзылғандардың тұқымына қосып, бұзылған бай, бұзақы бала, жезөкше, іші тар апалар берген хайуан құдай! – тарғыл-тарғыл қарлыққан жуан дауысты шүйкедей сары әйел имеңдей, өз құдайымен ұрсысып жүріп, қораның астауындағы ескі кәшек астынан орталанған бөтелкесіне қолы тигенде, қарғысын сап-па тыйып, алақ-жұлақ жан-жағына қарап алды да, қылқылдатып жұтты. «Аһ-һ!» деді сосын. Күрсінген жоқ, тамсанды!

Романның басындағы жас Қатипаштың қарғанған сөздері романның соңы Қатипаштың қарғысқа толы монологымен аяқталады. Қатипаштың тәрбиесін алған ұлы Жолбарыс та түзу жолға түсе қоймайды. Түрмеге түседі, түрмеден келгесін араққа салынады. Ішкіш,шайпау ана, араққа салынған зұлым ұл. Қатігездіктен туындаған қасірет. Ана мен баланың арасындағы диалог көптеген жайттарды аңғартады. Кешегі зұлымдығы бүгінгі өзіне қазылған көр іспетті. Дүниедегі барлық жасалған жайттың сұрауы да салдары да болатынын ұқтырады.

«Ғибрат» атты роман Қазақ мемлекетін қалыптастыруда, өркендетуге сүбелі үлес қосқан қайраткер, Ұлы Отан соғысының жанқияр жауынгері Керім Тіленшіұлының өмірінен сыр шертер көркем дүние. «Халық жауы» атанып қиянат көрсе де, қуғын-сүргіннің азабын өткерсе де еліне деген шексіз сүйіспеншілігіне қылаудай кір жұққызбай, тізесі бүгілмей, елім деп еміреніп еңбек еткен,білімдарлығы мен адалдығы үшін халықтың құрметіне бөленген Керім Тіленшиннің ғибратты ғұмырынан сыр шертеді. Әділеттігі, шындық үшін басын бәйгеге тігер адалдығы, табандылығы абыройын асқақтатты.Жазушы Баян Тіленшина сол әке жүрген жолдарға оймен көз тастайды. Ол көрген қиындыққа жаны егіледі,ол жасаған істерге көңілі сүйсінеді,ол жүрген жолдарды, адамдық болмысын өзіне үлгі тұтады.

«Халық жауы» атанып тергеуде болған кездері, көптеген азаптарды басынан кешіруі шынайы суреттелген. Керім түрмеде жатып, сан азапты көріп жатып, есі ауып, есі қайта кіріп қиналған сәтте де елі туралы ойлайды. Кейіпкердің жан толқынысын өлеңі арқылы әдемі ашады.

Соққыдан қайың мөлдіреп,

Өріктер шөлден жылайды.

Күз келсе,шашы селдіреп,

Қартайса,діңі қурайды.

Жадыма ақын М. Жұмабаевтың

Абақтыда айдан, күннен жаңылдым,

Сарғайдым ғой, сар даламды сағындым.

«Қарашығым, құлыным!» деп зарлаған

Алыстағы сорлы анамды сағындым, – деген өлеңі оралды.

Елім деген Алаш азаматтарының ойы.Жазушы елі үшін азап кешкен атпал азаматтың қапастағы жаны түңіліп, күңіренген кезін мына бір жолдары арқылы сезіндіреді.

«Керімнің тұлпар жүрегі тулай жылады, бірақ көзінен тамар түйір жасты қайнаған қаны кептіріп, жас шықпады».

Кейіпкер отыз тісінен айырылып қиналса да, тоққа тұрып денесі қалтырап дірілдесе де, тырнағының астына ине тыққан азапты кешірсе де рухы төмендемейді. Сонда Керім:

Адамды рух жеңеді. Бүкіл қоғам есінен адасуы мүмкін емес! – деген сеніммен еңсесін тіктейді.

Сондай қияметтен аман қалған Керім соғысқа да қатысады. Өз туған жеріне оралғасын жеті жылдық мектеп үйін соғып,ұстаздық етті. Ел іші Керімдей азаматты «тірі шежіре» деп құрметтеді. Адалдық, білімдарлық, әділдік сынды адал қасиеттер Керім ғұмырының ғибратты болуына негіз болды.

Өз туған ауылындағы мектепке, Шымкент қаласындағы жаңа көшеге ел үшін еміреніп еңбек еткен абзал азаматтың есімі берілді. Есімін ел ұлықтауда, ал қызы Баян Тіленшина әке аманатына адалдық танытып әке ғұмырының баянды болмысын суреттейтін «Ғибрат» атты романын оқырман қауымға ұсынды. Оқырман роман арқылы Керім Тіленшиннің жұрт деп соққан жүрегінің лүпілімен қоса, сол кездегі тарихи пен қоғам шындығын түйсіне отырып, жанына ғибрат алары анық.

Адам тағдырына алаңдау, тұрмыс-тіршілігіне зер салу, оны шығарманың жұлын-жүйесіне айналдыра білу – автор мақсаты. Көкейкесті сауалдарды әлеуметтік сипатта ауқымдандыру, астарлы ағындарға ұластыру, оқиғадағы тартысты айбарландыру үшін де авторлық мінез керек.

Зылиха ЖАНТАСОВА,

«Отырар» облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының ғылыми хатшысы. Ф.ғ.к., доцент.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *