Сарыағаш ауданының әкімі Мұхит Отаршиев Қызылжар ауылдық округіндегі жеке кәсіпкер Орынғазы Қарабаевтың тұрғын үйі жанынан ашылған мал бордақылау алаңына арнайы барып, жұмысымен танысты.
– Ауданда халықтың тығыз орналасуына байланысты, жайылым жер тапшы болғандықтан осылай үй жанынан мал бордақылау алаңын салу өз тиімділігін көрсетуде. Соңғы жылдары тұрғындар қолындағы азын-аулақ малының қарасын көбейтіп, бордақылау алаңдарын бірінен соң бірі ашуда. Бұл кәсіптің қиындығына қарамай білек сыбана осы жұмысты бастап, қолыңыздағы мал санын көбейтіп, бүгінгі таңда өз арбаңызды дөңгелетіп отырғаныңыз қуантады. Жалпы қазіргі таңда кәсіп бастау оңай, бірақ оны әрі қарай дамытушылар саны аз. Кәсібіңіз өсіп өркендей берсін, – деді аудан басшысы.
Аталған мал бордақылау алаңында қазіргі таңда 35 бас ірі қара мал өсіріліп, 2 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жеке кәсіпкер аудан басшысымен тілдесе келе, өз жоспарларымен бөлісті.
Оның айтуынша, алдағы уақытта мемлекеттен жеңілдетілген несие алып, өз кәсібін ұлғайтып, ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр. Жалпы аудан аумағында аталған кәсіппен шұғылданатын кәсіпкерлер саны күн санап артуда. Бұл өз кезегінде бәсекелестікті ұлғайтып өнім көлемінің артуына, ал нарықтағы бағаның төмендеуіне алып келеді.
Айта кетсек, аудан бойынша жалпы 115 мал бордақылау алаңы бар, оның 3-і ірі алаңдар болса, 112-і шағын алаңшалар. Бүгінгі таңда ауданда 61417 бас – ірі қара мал, 19660 бас – жылқы, 495 369 бас – уақ мал, 117 – бас түйе өсірілуде. Биылғы 9 айда 23,7 млрд. теңгеге мал шаруашылығы өнімдері өндірілді.