Бақтығали АЮБАЙҰЛЫ: «ӨТКЕННЕН САБАҚ АЛМАСАҚ, БҮГІНДІ БАҒАМДАЙ АЛМАЙМЫЗ»

Денсаулық Сұхбат
806 Views

2020 жылы пайда болған жаңа індет әлем елдерімен қоса Қазақстанды да біраз әбігерге салғаны рас. Бүгінде атышулы індет ғаламды ауыр күйге түсіріп, қоғамның қос өкпесін қысып барады. Ел экономикасын айтпағанның өзінде COVID-19 пандемиясының кесірінен мыңдаған қазақстандық өмірімен қош айтысып, жүз мыңнан астам адамның ажалмен күресуіне тура келді. Десек те, жер бетіне төнген нәубеттің бетін қайтаруға әркім қолдан келгенше өзіндік септігін тигізіп, жәрдемін көрсетуі қажет. Бағымызға орай, науқастардың басым бөлігі аман қалды. Бұған Шымкент қаласы жұқпалы аурулар ауруханасы дәрігерлері де орасан зор үлес қосты.

Расында бас ауырып, балтыр сыздай қалса, адам бірден дәрігердің көмегіне жүгінеді. Ал бүгінгідей жағдайда әрбір тұрғынға ақ халатты абзал жандардың көмегі тіпті қажет. Науқас жандарды емдеу үшін басын қатерге тіккен барша дәрігерлердің ерлігі бүгінде мемлекет тарапынан лайықты бағалануда. Осы және басқа да мәселелер төңірегінде Шымкент қаласы жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Бақтығали Аюбайұлымен арнайы сұхбаттасқан едік.

– Бақтығали Аюбайұлы, Шымкент қаласындағы жұқпалы аурулар ауруханасы әлемді жайлаған коронавирус індетіне қарсы күресте алдыңғы шепте келеді. Осы пандемияға қарсы аурухана тарапынан қандай шаралар жүзеге асуда және нәтижесі қандай? Жауапты кезеңде бұл қиындықты қалай еңсере алдыңыздар?

– Індетке қарсы күрес оңайға соқпады. Індет пайда болған тұста барлығына дайын тұрып, сырқаттанғандарды бір мезетте емдеп шықтық деп айта алмаймын. Өйткені, өздеріңіз білесіздер COVID-19-дың жаңа түрі – медицинаға белгісіз, қауіпті. Сол себепті облыстың басшылығымен жұмыла қимылдадық. Десек те, Шымкент қаласындағы жұқпалы аурулар ауруханасы әлемді жайлаған коронавирус індетіне қарсы күресте алдыңғы қатарда келеді. Ұжымның барлық қызметкерлері, яғни дәрігерлер, медбике, кіші медицина қызметкерлері және әкімшілік — шаруашылық қызметкерлері «Біз біргеміз» ұранымен бар білімі мен күш жігерлерін аямай халыққа медициналық көмек көрсету үшін күндіз-түні шынайы пейілдерімен қызмет көрсетті. Осындай қиын тұста елмен бірге екендіктерін, басқалар үшін қауіпке қарсы тұра алатындықтарын дәлелдей білді.

Өткеннен сабақ алма­сақ, бүгінді бағамдай алмаймыз. Кеткен кемшіліктердің орнын толтыруға атсалысып келеміз.

Емдеу тәсілі уақыт өткен сайын өзгеріп тұрғандықтан, дәрігерлердің өзгеріске бейімделуі, жаңа протоколды толыққанды меңгеруі жоғары дәрежеде ұйымдастырылды. Осылайша, бүгінде індет жұқтырғандардың минималды көрсеткішіне қол жеткіздік.

Аурухана қызметкерлері қорғаныс костюмдері мен залалсыздандыру еріткіштерімен 100 пайыз қамтамасыз етілген. Әрбір қызметкер кезекшілік алдында дене қызуын тексертіп, денсаулығы туралы мәлімет беріп, эпидемиолог тарапынан мониторинг өткізіліп тұрады. Күмәнді жағдайда қызметкерлерді Соvid-19-ға ПТР тәсілімен зерттелініп отырады. «Салауатты өмір салты» іс шарасы көлемінде науқастарға және бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халыққа сақтық шаралары туралы мәліметтер үнемі беріліп отырады.

– Арнайы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілу деңгейі қандай?

– Бүгінгі таңда ауруханада СОvid — 19 диагнозымен науқастарды емдеу үшін арнайы дәрі-дәрмекпен толықтай қамтамасыз етілген.

– Дәрігерлердің індетті өзіне және жақындарына жұқтыру қаупі болды. Сонда да індетпен күресте батылдық танытып, алдыңғы шепте жүрген әріптестер жайында не айтасыз? Сондай-ақ, аурухана қызметкерлерінің әлеуметтік қамтамасыз етілуі, яғни індетті жұқтырған дәрігерлердің жалақысы жолға қойылған ба және өзге де көмектер берілуде ме?

– Иә, медицина қызметкерлерінің індетті өзіне және жақындарына жұқтыру қаупі болды. Соған қарамастан, «Гиппократ антына» берік барлық дәрігерлер, медбикелер «Сіз үйде болыңыз, біз сіз үшін жұмыстамыз» ұранымен айлап отбасына, балаларына бармай науқастарға медициналық көмек көрсетті.

ҚР Президенті Қ.К.Тоқаев Соvid -19 ошағында жұмыс атқарған әрбір медицина қызметкерлерінің адал да, ауыр қызметтерін ескере отырып, 2020 жылдың наурыз айынан бастап ірі көлемде қосымша жалақы беріп отыр.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасы, «Қазақстандық денсаулық сақтау қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының» Шымкент қаласындағы филиалы, аурухана бастауыш кәсіподағының есебінен қызметкерлер 2 мезгіл ыстық тамақ және басқа да азық-түліктермен қамтамасыз етілді. Ерекше көзге түскен қызметкерлерге емдеу-сауықтыру орталықтарына жолдама берілді.

Індет жұқтырған медицина қызметкерлеріне ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың жарлығымен денсаулықтарын сауықтыру үшін 2 млн. көлемінде қаржылай көмек көрсетілді. Өршіген аурумен күресте ерлік көрсеткен ақхалаттылар мемлекеттің тағайындаған қаржысын алды.

– Өзіңіз алдын басқарып кеткен ауруханаға қайта орнығып отырсыз. Қазіргі таңда жұмыс жүйесі тыңғылықты бір жолға қойылды ма?

– Мен өзім, 1998 жылы жоғарғы оқу орнын бітірген соң жұқпалы аурулар ауруханасына дәрігер ординатор қызметіне орналастым. Бөлім меңгерушісі, Бас дәрігердің орынбасары қызметтерін де атқардым. Осы жылдар аралығында көптеген қатерлі және аса қатерлі жұқпалы ауруларды емдеп мол тәжірибе жинадым. Ауруханада жұқпалы ауруларды емдеу және оның алдын алу әдістері тыңғылықты бір жолға қойылған. Қазіргі кезде науқас жайындағы барлық медициналық ақпараттар «кешенді медициналық ақпараттық жүйесіне» (КМИС) қосылған.

– Пандемияға байланысты дәрігерлер халыққа медициналық көмек көрсету үшін күндіз-түні жұмыс істеуде. Кез келген көмек науқасты дер кезінде емдеуге үлкен әсерін тигізіп отыр. Алдағы уақытта осы індетке қарсы күрес бағытында қандай жоспарларыңыз бар? Медицина қызметкерлерімен қоса Шымкент қаласының тұрғындарына айтар пікіріңіз не кеңесіңіз?

– Әрине, кез келген медициналық көмек науқасты дер кезінде емдеуге үлкен әсерін тигізіп отырады. Аурухананың осы індетке қарсы күрес бағытындағы жоспарлары:

– Дәрі-дәрмек, қорғаныс костюмдері, залалсыздандыру еріткіштерінің сарқылмайтын қорымен қамтамасыз ету;

– Жоғарғы деңгейде және жылдам диагностикалау үшін аурухана зертханаларын заманауи анализаторлармен толыққанды қамтамасыз ету;

– Дәрігерлер мен медбикелердің білім деңгейін індеттің талабына байланысты оnlinе, оfflinе түрінде арттырып отыру;

– Аса көзге түскен медицина қызметкерлерін мадақтап отыру.

Сөзімнің соңында, дәрігер инфекционист ретінде Шымкент қала тұрғындарына сабырлы болуды, індеттен барынша сақтанып, әлеуметтік талаптарды орындап, бетперде тағып, әлеуметтік ара қашықтықты сақтап, көпшілік жерге әзірше бармай тұруды сұранамын. Барлығымыз жақындарымызға жанашыр болайық!

– Бақтығали Аюбайұлы, уақыт бөліп, ауруханадағы ахуалмен бөліскеніңіз үшін рақмет! Еңбектеріңізге жеміс тілейміз.

Сұхбаттасқан

Аягөз ДҮЙСЕНБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *