Ұлттың барын базарлап, жоғын жоқтаудың бір жолы – ұлттық спорт түрлерін дамыту. Осы арқылы қазақтың бұл салада да ірілігін, дәстүрі бай екендігін аңғарту. Қазіргі таңда ұлттық спорт түрлеріне қатысты бірнеше қоғамдық ұйым бар. Әрқайсысы өз хал-қадерлерінше шаруаларын жүргізіп жатыр.
Солардың ішінде өз жұмыстарын жүйелі, кешенді қоя білген Республикалық Құсбегілік федерациясының тірлігі ел тұрғындарының ыстық ықыласына бөленіп, әлеужеліде қызу талқылануда.
Ата-бабадан келе жатқан бұл спорт түрінің жан-жақты дамуына Республикалық Құсбегілік федерациясының президенті, жалынды журналист, қарымды қоғам қайраткері, ұлт намысы десе ішкен асын жерге қоятын арда һәм асыл азамат Берік Уәлидің қосып отырған үлесі ерекше екендігін атап көрсетудің артықшылығы жоқ. Бар болғаны 4 жыл ішінде бұл қоғамдық ұйым республикалық, халықаралық деңгейде қыруар шаралар ұйымдастырып, еліміздегі құсбегілерге нақты қамқорлық жасап, олардың потенциалын дамытуына ықпал етті. Осынау бекзат өнердің замана талаптарына сай дамуын жүйелі жолға қойды. Біз төменде Федерация басшысы Берік Уәлиұлының BAQ.KZ порталына берген сұхбатын жариялауды жөн көрдік.
![](https://adilet-gazeti.kz/wp-content/uploads/2025/02/WhatsApp-Image-2025-02-15-at-10.09.37.jpeg)
Республикалық Құсбегілік федерациясының президенті Берік Уәли BAQ.KZ тілшісіне сұқбат берді.
– Берік Уәлиұлы, Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына кіретін Құсбегілік федерациясына жетекшілік жасағаныңызға да төрт жылға жуықтапты. Қазіргі уақыттың екпінімен қарағанда бұл көп те, аз да емес. Әйтсе де, атқан таң мен батқан күнге бір шегініс жасап қояйықшы. Не істелді, не істеледі? Федерацияның алдағы жоспары қалай?
– Иә, бағзыдан қалған бекзат өнерге қолымыздан келгенінше қамқорлық жасап, ата-баба мұрасына адалдық танытуға барымызды салып келеміз. Құсбегілікті дамыту, қолдау жұмыстары 2013 жылдан бері атқарылып жатыр. 2021 жылдың соңына қарай маған ұсыныс түсті, 2022 жылы Республикалық құсбегілік федерациясы болып атауы жаңартылды. Өзің айтып отырғандай, басқа федерациялар сияқты Ұлттық спорт қауымдастығының қатарына қосылдық. Сол сәттен бастап Республикалық құсбегілік федерациясы ресми тіркеліп, аккредитациядан өтті. Қызметі жүйеленіп, тұрақты кеңсесі ашылды. Штаттық кестесі бекітіліп, есепшоттары іске қосылып, әкімшілік басқару персоналына алты адам еніп, өздеріне тиесілі міндетті жұмыстары белгіленді. 2023 жылдың екіншісі жартысынан бастап құсбегіліктен Қазақстан Республикасының ұлттық құрама командасы жасақталып, жасы бар, ересегі бар 24 спортшы федерация тарапынан тұрақты жалақы ала бастады. Аймақтарда Федерация филиалдары ашылып, аға жаттықтырушылар қызмет атқарып келеді.
– Қазіргі технология заманында қоғам сұранысынан қалмаудың басты жолы – техникалық тұрғыда толықтай «қаруланып», сақадай сай тұру. Бұл өзіңіз атқарып жатқан жұмысты жан-жақты насихаттап, тұтынушы сұранысын толық қанағаттандыру үшін керек. Ал құсбегілік – бәріміз білетіндей, нағыз экшн өнер десек болады. Оны толық түсіру үшін түрлі техника керек. Сіздер ұйымдастырған салбурындарда осы техника жағы түгел секілді көрінеді…
– Дұрыс байқаған екенсіз. Бұл қазіргі ақпараттық тасқын дәуірлеген замандағы уақыт талабы деуге болады. Федерация құсбегілік спортын дамытуға және жарыстарды өткізуге қажетті техникалық базамен толық қамтамасыз етілді. Атап айтқанда, кәсіби бейнекамера, фотоаппарат, квадрокоптер, жарысқа арналған электронды табло, электронды курсинг, бинокль, секундомер, тағы да сол сияқты керек-жарақтармен толық жабдықталды. Одан бөлек, жаңа жоғарыда айтқан, әкімшілік басқару персоналы түгелдей жаңа ноутбук, принтерлермен қамтамасыз етілді. Аталған техникалық жабдықтарымызды түгендеуге мүмкіндік берген Спорт қоры мекемесінің атын атамай кетуге болмайды. Федерацияның атынан ресми сұраныс жолдап, техникалық құралдардың қажеттілігін дәлелдегеніміздің нәтижесінде осы мүмкіндікке қол жеткіздік.
– Ұлттық спорт, соның ішінде осы құсбегілік бұқаралық сипат алып, жастар арасында қырғи, қаршыға ұстайтын балалар көбейіп келе жатқаны қуантады. Дегенмен осы салаға қатысты оқу-әдістемелік құралын әзірлеу мәселесі ақсап тұрған сыңайлы…
– Бекзат өнерімізді құймақұлақ бабаларымыз үлкен ыждаһатпен үйреніп, сан ғасырларға жеткізді. Қазақта құсбегілердің шежіресін тарату дәстүрі, құстарды мекендеген аймағына, жеке қасиеттеріне қарай саралау дәстүрі, құс сынау өнері, баптау тәсілдері ғылыми деңгейге жеткен. Мұны арнайы үйренбей, ұстаз алдын көріп дағдыланбай меңгеру мүмкін емес. Жалғыз-ақ құстың «қоясын түсіру» қандай күрделі процес екенін жалпы жұрт біле бермейді. Мен белгілі құсбегінің әулетінен болған соң, бала күнімнен құлағымда қалған әңгімелерден білемін. Бұл дала данышпандарына айналған аталарымыздың өмірлік тәжірибесі десек артық айтқанымыз емес. Сол даланы еркін меңгерген аталарымыз, алқаракөк аспанды кеңінен иеленген қыранды қолға қондырды емес пе?! Кешегі Тінейді, Жалайыр Шораны, Жәлменбетті айтсақ та жетіп жатыр. Дегенмен әр спортты заманауи талапқа сай, әдіс-тәсілін қаттап-шоттап отыру тарих үшін керек болса, қазіргі заманның талабына сай, халықаралық деңгейге шығу үшін де оның жан-жақты зерделеніп, бүге-шігесіне дейін талданып, қағаз бетіне түскені дұрыс. Осыны ескере отырып, ардагер құсбегілер, халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері, жаттықтырушылар бас болып, халықтық тәжірибені жинақтап, құсбегіліктен шағын методикалық кітап жазылып, баспадан шығарылды. Бұл жалпы құсбегілік спортына, құсбегілік дәстүрімізге қызығушылық танытқан кез келген адамға түсінікті тілмен жазылған тырнақалды туынды болды. Биыл тағы да дамытып, дизайнын өңдеп, қайта басу жоспарымызда бар. Бұдан бөлек, екі жылдан бері ресми сайтымызды ашып, федерация жаңалықтары мен қажетті ақпараттарын тұрақты жариялап келеміз. Құсбегілік спортын дәріптеп жүрген БАҚ та аз емес. Солардың бірі, былтыр «Хабар» телеарнасынан бүркітшілердің өмірі жайлы ақпараттық-танымдық «Құсқанат ғұмыр» атты бағдарламаның 12 шығарылымы көрерменге жол тартты.
![](https://adilet-gazeti.kz/wp-content/uploads/2025/02/WhatsApp-Image-2025-02-15-at-10.09.37-3.jpeg)
– Айтпақшы, осы бағдарлама биыл жалғасын таба ма?
– Бұйырса, биыл да жалғастыру ойымызда бар. Сондай-ақ еліміздегі құстың қыр-сырын жетік меңгерген ардагер құсбегілерді қолдау мақсатында, екінші жағынан, ел ішінде құсбегілік өнерді насихаттау тұрғысынан «Қыранның тілін тапқан ер» атты жобаны қолға алдық. Осы орайда, әсіресе әлеуметтік желі қолданушыларына арнап биыл «Қыран-Time» жобасын бастайтынымызды айта кеткім келеді.
![](https://adilet-gazeti.kz/wp-content/uploads/2025/02/WhatsApp-Image-2025-02-15-at-10.09.37-4.jpeg)
– Сізден бір түйткілді мәселені сұрағым келіп отыр. Бұл мәселе көтерілгелі де біраз болды, бірақ әлі шешімін таппай келеді. Ол – құсбегілеріміздің құстарын ел ішінде тасымалдау мәселесі. Бұл шаруаның барысы не болып жатыр?
– Мұндай мәселе барын осы саланы басқаруға келген күннен бастап білемін. Шешу тетіктері қарастырылып, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы, ҚР Көлік министрлігі және «ҚТЖ» АҚ-мен бірлесіп, Қазақстан Республикасының аумағында теміржолмен құстарды тасымалдау мәселелерін жеңілдету бойынша жұмыс атқарылып жатыр. Тасымалдау ережелеріне өзгерістер енгізу бойынша жұмыстар жалғасады. Жақын арада жалғыз біздің емес, барлық ұлттық спорт түрлерінің мәселелері жинақталған құжат ҚР Парламент депутаттарының талқылауына ұсынылады. Жақсы үміт ешқашан үзілмейді ғой, күтейік.
![](https://adilet-gazeti.kz/wp-content/uploads/2025/02/WhatsApp-Image-2025-02-15-at-10.09.38.jpeg)
– Берік Уәлиұлы, енді әңгіме ауанын федерацияның нақты жұмысына қарай бұрайық. Өзіңіз басшылыққа келгелі бері құсбегілік спортынан қанша сайыс өтті? Қандай жетістіктер бар?
– 2023 жылдан бері төрт рет Қазақстан Республикасының чемпионаты, жеті рет халықаралық турнир, үш рет республикалық жарыс және V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтті. Сонымен қатар жаттықтырушылар мен төрешілерге арналған республикалық оқу-әдістемелік семинары өткізілді. Әрине, жылды қорытындылап, елдегі бүкіл құсбегінің басын қосып, қорытынды конференция ұйымдастырдық. Федерация тарихындағы алғашқы конференция барысында үздік атанған жыл спортшыларына, жаттықтырушыларға, төрешілер мен ардагер құсбегілерге құрмет көрсетіліп, түрлі деңгейдегі алғыс хаттармен, қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
– Қателеспесем, Сіздер Халықаралық құсбегілер федерациясын да құрдыңыздар. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
-Иә, 2023 жылдың соңында Қазақстан, Ресей, Түркия, Қырғызстан, Моңғолия қатарлы бес елдің қатысуымен Халықаралық құсбегілік федерациясы құрылды. Аталған 5 елдің өкілдері меморандумға қол қойды. Құсбегілік саласы, әсіресе бүркіт баптап, қыран түлету негізінен осы бес елде жақсы дамыған. Ал кейбір құстарды, сұңқар, қаршығаны саятшылық үшін, ермекке ұшыратын ел көп. Бұл саланы спорттық деңгейге көтеріп, халықаралық жарыстарға қатыстырып, дәріптеп отырған санаулы мемлекеттің біріміз деп ауыз толтырып айта аламыз.
– Оныңыз рас. Құсбегілікті адамзатқа ортақ өнер ретінде дәріптеп келе жатқан қазақтар ғана десек болады. Айтпақшы, 2023 жылы құсбегілер арасында дау шығып, «жүлдемізді ала алмай жүрміз» деген өкпе-реніш айтылып еді. Соның соңы немен бітті?
– Өз жарамызды өзіміз жазып алып, жортып жүргендей сезінеміз. Ал сіздер бәрін қайдан естіп аласыздар осы (күлді). 2023 жылы өткен алты жарыстың жүлдесі ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы тарапынан төленуі керек болған. Жыл басында арнайы регламент бекітіліп, сол жерде міндеттеріміз нақтыланған құжатқа қол қойғанбыз. Алайда жыл соңына дейін түрлі себеп пен сылтау айтылып, ақыры қауымдастық «төлемейтін болдық, себебі біз Спорт қоры дейтін мекемеден қаражат ала алмадық» деп шықты. Жарты жылдан астам, тіпті жылға жуық төлем жасалмай, адал жүлдесін ала алмай жүрген спортшылар шуламағанда қайтсін?! Мұндайда құсбегілердің еңбегін елеусіз қалдырып, бірді-бірге соғып, сылтау айтып отыратын емес, бірден Ұлттық спорт қауымдастығының өкілдерін шақырып, ашық жиналыс өткіздім. Жиналыстан кейін қауымдастық демеушілер көмегімен алты жарыстың екеуін төлеп беретін болды. Қалған төрт жарыстың жүлдесін күтіп жүрген спортшылардың меселін жықпайын дедім. Федерация президенті ретінде салмақ тікелей маған түскендіктен, еліміздің атымтай азаматтарына байланысқа шығуға тура келді. Демеушілердің көмегімен төрт жарыстың 10 миллион теңгеге жуық сомадағы жүлделерін төлетіп бердік. Сіздің естіп жүрген әңгімеңіздің төркіні осы болса керек. Былтыр бұрынғы қателіктен сабақ алып, регламентті бекіткенде мұқият қарап, көтере алмайтын шоқпарды белімізге байламау керек екенін бәріне ескерте отырып, жұмыс жүргіздік. Ешқандай әңгімесіз қызмет атқарылды, ол солай болуы керек.
– Бұл бір оңтайлы шешілген шаруа болған екен. 2024 жылы әлемнің назары ауған V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтті. Осы додада ел намысын қорғаған бүркітшілеріміз айрықша алғырлық танытып, жеңіс тұғырынан көрінді.
– Бұл бір біз ғана емес, бүкіл елдің асыға күткен байрақты бәсекесі еді ғой. Оның сыртында, елдің намысы мен абыройы қатар сынға түсті. Келген қонақты лайықты қарсы алсақ – абырой сол, сайысқан спортта есемізді жібермесек – намыс деген сол. Сондықтан V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ұйымдастырушы мемлекеттің жауапты федерациясы ретінде көп жүк бізге түсті. Қонақтарды күтіп алу, жарысты өткізу, ақпараттық насихат, т.б. жұмыстарының өзіне 40 миллион теңгеден аса қаражат жұмсалды. Мұның бәрін ұлттық спортқа жанашыр азаматтардың демеушілігімен атқарып шықтық. Намысымыз биіктеп, абыройымыз асқақтағанын күллі әлем көрді. Спортшыларымыз өте жоғары деңгейде нәтиже көрсетті. Құсбегіліктен Қазақстанның құрама командасы айтулы жарыста 2 алтын, 1 күміс, 3 қола медалді еншілеп, 10 мемлекеттің арасынан командалық есепте бірінші орын алды. Дәл осы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында еліміздің намысын қорғап, қыран құстарын алтын және күміс тұғырға қондырған қос спортшымызға екі темір тұлпар мінгіздік. Басқа медаль алған спортшыларымыз да федерация тарапынан қомақты қаржылай сыйлықтарға қол жеткізді. Мұның бәрі ұлттық спорттың жарқын болашағы үшін біздің үйлестіріп жүрген жұмысымыз болса, бізге осындай мүмкіндіктерді тарту етіп, демеушілік көрсетіп жүрген тарланбоз азаматтар, меценат бауырлар Дулат Тастекеев пен Талғат Сахан сынды жігіттердің арқасы деп білемін.
– Сол Көшпенділер ойындарынан кейін, шұғылалы Шығыста қыранын шаңқылдатып «Шығыс Салбурыны» деген атаумен өткен халықаралық жарыс жайлы айтып өтсеңіз.
– «Шығыс Салбурыны-2024» халықаралық турнирі де өте жоғары деңгейде өтті. Сайысқа біздің елден бөлек, Ресей, Моңғолия, Қырғызстан, Мажарстан, Қытайдан қыранын қалықтатып келген саятшылар аз болмады. Осы сайыста да 100-ге жуық құсбегінің ішінен еліміздің темір қанат, жез тегеурінді қырандары қапы қалмады. Тек біздің елден ғана 30-дан астам құсбегі өнер көрсеткен дода ел есінде қалар игі шара болды. Ал осы дода барысында әлемге танымал айтулы бүркітші қызымыз Айшолпан Нұрғайыпқа Шығыс Қазақстан облысы әкімінің қолдауымен, жергілікті азаматтардың демеуімен Өскемен қаласынан 2 бөлмелі пәтер кілті табысталғанын ерекше айта кеткен жөн. Құстың тілін тауып, оны баулып, өз қолымен күтім жасап жүрген құсбегі спортшыларымыздың еңбегі ерен. Сондықтан қолымыздан келгенше барлық жағынан тиімді шаруалар атқарсақ деген мақсатымыз бар.
– Әңгімеміздің соңына да келіп қалған екенбіз. Алдағы уақытта атқарылар жұмыстарға қысқаша тоқталсаңыз.
– Алдағы уақытта республикалық және халықаралық жарыстар өз кестесіне сай тұрақты өткізіле береді. Ал жылдың алғашқы жарысы міне бүгін Түркістан облысында томағасын сыпырды. Жасөспірімдер және жастар арасындағы ел чемпионаты 16 ақпанға дейін жалғасады, жас саятшыларымыз еліміздің бірнеше аймағынан жиналып келіп бақ сынап жатыр. Бәріне сәттілік тілеймін. Мұнан бөлек, биылғы күнтізбелік жоспарға сай, атқарылуға тиіс біраз шаруа бар.
– Жеке-жеке тоқталып кетсеңіз болмай ма…
– Халқымыз қашанда «арық айтып, семіз шық» дейді. Сондықтан да «асатпай жатып құлдық деме» дегендей, жалпыға жар салғым келіп отырған жоқ, әр шаруаны уақытында тарқатып, нақты іспен нәтиже көрсетсек дейміз. Десе де, биыл құсбегіліктен халықаралық конференция өткізсек деген жоспарымыз бар. Одан бөлек бірнеше дәстүрлі сайысымыз өз кезегін күтіп тұр. Атап айтқанда, Күнтуған Тоқтыбайұлы атындағы, Мәсіп Батырханұлы атындағы, «Сонар-2025» және «Шығыс Салбурыны-2025» қатарлы халықаралық сайыстарымыз бар. Ал ардагер құсбегілер арасындағы «Үздік ардагер құсбегі» республикалық турнирі биыл да жалғасады.
Биыл Баян-Өлгейдегі бауырларымыз «Бүркіт тойы» халықаралық турниріне шақырса, Словакия Республикасы Бүкіләлемдік құсбегілер семинарын өткізбек. Ал биылғы басты додалардың бірі – құсбегіліктен ересектер арасындағы III Азия чемпионаты Қырғыз елінде байрағын көтереді деп жоспарланған. Әрине, бұлардан бөлек ел ішілік чемпионаттарымыз кестеге сәйкес өте береді. Сондай-ақ осы құсбегілікке қатысты үлкен энциклопедиялық деңгейдегі кітап дайындап жатырмыз, үш тілде шығару жоспарымызда бар, спорттық құстардың тақырыбында мұндай еңбек ешқашан жарыққа шықпаған.
– Шығыста өткен саятшылық мерекесінде Айшолпан қарындасымызға баспананың кілті берілгенін айтып қалдыңыз. Әлем таныған қарындасымыз елге келгелі, елімізде де құсқа қызығар қаракөздердің қатары молая бастаған секілді.
– Осы жайлы өзім де айтқалы отыр едім, сөзге қонақ бермейсіз. Иә, қолына қыран қондырған қарындастарымыздың қатары көбейіп келе жатқаны рас. Осыны ескере отырып, биыл ел тарихында Құсбегіліктен тұңғыш рет қыздар арасында республикалық ашық турнир өткізсек пе деп отырмыз.
– Бұл тамаша жаңалық екен. Қарына қаршыға қондырған қыз қазақ тарихында да аз болмаған ғой.
– Иә, дұрыс айтасың. Осы жылдың еншісінде бұдан басқа да қолға алған жұмыстар бар. Дегенмен барлығын уақыт көрсетеді. Қанша федерациямыз бар десек те қаржы мәселесі қолбайлау болатыны жасырын емес. Әрине, жоспарланған дүниелер жайлы өз кезегінде айтып, түсіндіріп, БАҚ-пен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз деп сенемін.
– Сөз соңында Сізге бір ыңғайсыздау сұрақ сұрағым келіп отыр. Федерация басшысы ретінде қанша жалақы аласыз?
– Мынау менің күтпеген сұрағым болды. Қанша жыл ұлттық спорт жайлы жазып жүріп, федерация басшылары ешқандай айлық алмайтынын білмеуші ме едіңіз? Кейбіреулер Федерация президенті деген лауазым, оны атқарғандар еңбекақы алады деп ойлайды. Басын ашып айтайын, бұл – қоғамдық жұмыс. Жалпы, ұлттық спортты дамытуға атсалысып жүргеніміз үшін ешқашан ақы сұрамаймыз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен Олжас АДАЙ