БІЛІКТІ ӨНДІРІС КАДРЛАРЫ – ҰЛТ ТІРШІЛІГІНІҢ БЕТПЕРДЕСІ

Білім
763 Views

Осыдан жиырма шақты жылдай бұрын «Шаруашылығы мен мәдениеті дамыған үлгілі елдің ең бірінші белгісі неде?» деген сұраққа бір топ әңгімесі ортақ гәптестер арасында қызу пікірталас туғаны есімде. Әртүрлі мамандық және қызмет иелері қанша жерден өздерінің төл салаларына бұрып, кәсіби-патриоттық лебін асқақтатқысы келгенімен, соңында бір ой-тұжырымды мойындағандары бар еді: «Бақуатты, мәдениетті, жан-жақты үлгілі елдің сөзсіз бірінші белгісі – оның алдыңғы қатардағы БІЛІМ САЛАСЫ».

Кейінгі жылдары қанша ойланып, салыстырып, зерттегендей болғаныммен,осы ой-тұжырымнан маңызы көпшілікті мойындайтындай басқасын таппадым. Шынында да, мейлі дамуы төмен елді ал, орта дәрежедегіні ал немесе, өндірісі үлгілі, әлеметтік-экономикалық жағдайы жоғарыларды ал, бәрібір, даму деңгейі мен білім-ғылым саласы сәйкестеніп тұрғандай.

Ал, бізде ше? Бізде де тура сондай, «әпкеме жездем сай» деп ойлаймын. Өткен кездегіден жеткен базамыз, тәжірибеміз, тәуелсіздік жылдарындағы мемлекет тарапынан едеуір қаржы-материалдық қолдау және жаңа заманға жаңа мазмұнмен енуге әрекеттенген реформалар, тағы басқа да үміт ұялататын шаралар орын алғанымен, аталмыш саланың іс-нәтижесі басшылар пирамидасын да, қосшылар қатарын да қанағаттандырғаны туралы пікірлер некен-саяқ. Әрине, осы саланың «патриоттары», басшыларынан жағымды сөз іздеген «мамандары» болмаса…

Орта жалпы білім проблемалары туралы аз айтылып, жазылып жатқан жоқ. Негізінен жағдай белгілі. Көптеген себептер қаржыға, мемлекетіміздің табысына келіп тіреліп тұр. Бұл да ел жағдайы мен білім саласының біте қайнасқандығының бір белгісі.

Жалпы орта білім саласының еліміздің жалпы даму көрінісін айқындайтын тағы бір белгісі – оның жоғары білім, ғылым саласымен өзара әсері. Кезінде жас ұрпақтың санасы мен жадына білім құюда мұғалімнен кейінгі үлкен роль атқаратын ата-анасы баласына: «Жақсы оқымасаң, ағай-апайыңды дұрыстап тыңдамасаң, үлкен оқуды түсіңде де көрмейсің, білімсіз, надан боласың» деуден шаршамаушы еді. Қазір ондай «моральдық аргументке» өмірде орын жоқ.Ата-ана болсын, ағай-апай болсын, аузын осы сөздермен ашып үлгермей-ақ, еті тірі жеткіншек: «Пәленшенің ұлы, төленшенің қызы және олардың құрбы-құрдастары топтап, топырлап, диплом иелері боп жүр. Кейбіреулері бір емес, бірнеше дипломның иесі ғой. Менің олардан қай жерім кем?» деуден жазбайды.

«Көптеген «универлер» оқытпайды. Диплом басумен айналысады» деп Президентіміздің өзі айтып жүр емес пе? Екі-үш жыл алдында, Алматыда теледидарда сөйлеген сөзінде Елбасымыздың да: «Біз айтарлықтай біраз жетістіктерге қол жеткіздік. Бірақ, білім саласын ойлағандай межеге жеткізе алмадық» дегенін де естідік.

Міне, осы пікірлерден кейін «Ел боламын десең, бесігіңді түзе!» дегенге өте жақын сарында қалайымша: «Елің қарыштап дамысын десең, білім-ғылымыңды түзе!» демейсің. Жоғары білім саласын қатаң заңдылыққа, қатаң тәртіпке мойын ұсындыру биліктегі азаматтарымыздың ынта-жігерімен сәйкестенсе, компетенттігімен көмкерілсе, қарапайым тілмен айтқанда «қолдарынан» келсе, «тіл, тіл» деп шулаудан әзірге аса алмай отырған халық белсенділері тілмен қоса, «білім, ғылым» деп шын пейілімен ұрандатса, онда жалпы орта білім саласы да алдыңғы арбаның ізімен оқу мен тәрбие ісінде ата-ананың тек ризашылығына бөленер еді. Еліміздің де, ұлтымыздың да,заман талабына сай даму үдерісі даңғыл жолға түсер еді.

Ойпырмай, тағы да естен шығып барады екен ғой. Бізде тағы да маңыздылығы өмірдің негізі, саясаттың жиынтығы болып табылуға тиісті экономиканың, өндірістің қолы мен аяғы, бұлшық еті мен күш-қуаты іспетті білімнің бір тармағы бар. Ол – заман талабына сәйкес «өндіріс мәдениеті», «еңбек өнімділігі», «сапа көрсеткіші» дейтін, қандай елдің болмасын «бай-бақуаттылығын» қамтамасыз ететін, өндірістің өзекті ролін атқаратын мамандар-кадрлар қалыптастыратын сала. Ол – бұрын «кәсіптік-техникалық білім саласы» және «арнаулы орта білім саласы» деп аталған, бүгінде «техникалық және кәсіби білім саласы» деп айдар тағылған,кезіндегі техникумдар мен училищелер.

Қаласақ та, қаламасақ та, жалпы білім ата-ананың, ал, кәсіптік оқыту – қандай дәрежеде болса да өндіріс назарында. Басқаша болуы мүмкін емес. Индустрия мен ауыл шаруашылығының, халыққа қызмет көрсету қоғамдық сегменттерінен «алыс тұрған» кәсіптік оқыту объектісі ешкімге керегі жоқ есебінде. Өндірісті жаңаша ұйымдастыру тәсілінен, жаңа техника мен жабдықтардан, соңғы технологиялар мен білікті кадрлардан «алыста» тұрған кәсіптік оқу орны өз міндетін сөз жүзінде болмаса, іс жүзінде тиімді атқара алмасы көзі қарақтының бәріне аян. Бұл жәйт тарихтан да белгілі.

Өткен ғасырдың бас жағында – 1913 жылы Қазақстанда капиталистік өндіріс тәсілінің енді төбесі көрінген уақытта 13 осы типтегі оқу орны болатын. Оларды өндірістен ажыратып, жеке салада функционалдық міндетін атқарту ешкімнің де ойына да келмейтін, түсіне де кірмейтін…

ХХ ғасырдың 20-30-шы жылдары индустрияландыру үдерісі де ел экономикасына бұрын-соңды болмаған санда білікті жұмысшы және техник кадрлар даярлау мәселесі күн тәртібінде тұрды. Білікті жас жұмысшы мамандар тәрбиелеу ісі тікелей өндіріс жағдайында оқушы статусымен тәжірибелі жұмысшылар мен техниктерге тапсырылушы еді…

Кейіннен, 1940-жылдың қазанынан бастап, зауыттар мен фабрикаларда «фабрика-зауыт оқушылығы», «фабрика-зауыт оқу-үйретуі» (ФЗУ, ФЗО) дейтін жүйе қалыптасты. Техник кадрлары да кеңестік кезеңнің бастапқы сәттерінен-ақ өндіріс орындарына қарасты техникумдарда даярланды…

1965 жылдан бастап, ғылыми-техникалық прогрестің талабымен, өндіріс технологиясы мен құрал-жабдықтарының күрделілену ықпалымен және жалпыға бірдей орта білім үрдісін қамтамасыз ету мақсатында жұмысшы-техник кадрларды даярлау мемлекеттік басқару органдарына тапсырылды. Қазақстанда да «Жоғары және арнаулы орта білім министрлігі» және «Кәсіптік-техникалық білім беру мемлекеттік комитеті» құрылды. «Ауыл шаруашылығы министрлігі» сияқты өндіріс ерекшелігі мен маман даярлау базасы негізінен сәйкес орталық мемлекеттік басқару органдары да өз оқу жүйесін құру мүмкіндігіне ие болды.

Кеңестік жүйе тарағанша өз функционалдық міндетін атқарған бұл жүйе өндірістік даярлық проблемасын толыққанды шешті ме? Шешкенде қандай! Социалистік ортақ меншіктік жағдайда маман даярлау түрі басқашаланғанымен өндірістік даярлық мазмұнын сақтауға толық мүмкіндік берілді. Әр өндірістік орын өзіне кадр даярлайтын оқу орнымен құқықтық шешімдер арқылы реттелген «шефтік қарым-қатынас» жағдайында өз қызметін атқарды…

Тарих толғауымен Тәуелсіздікке қол жеткізген тұста бұрынғы қоғамдық-экономикалық жүйе күрт және толығымен өзгерді. Оқу орындарының өмір сүру ортасы да өзгерді. Бірақ, өндіріске жас маман-кадрлар даярлау мақсаты мен міндеті қалды. Өндіріске мейлінше бейімделу талабы да қалды. Енді не істеу керек? Техникумдар мен училищелер – мемлекеттік. Ал, өндіріс ошақтары негізінен – жеке.

Осындай қоғамдық-құқықтық жағдайда жас маман даярлаудың жаңа, заманға бейімделген әдісі қажет болды. Күн тәртібіне оған «реформалау» арқылы қол жеткізу мәселесі енді. Бұл қажеттілікті мемлекеттік білім жүйесі де, бизнес аясы да жақсы түсінді.

Әрекет басталды. Техникумдар мен училищелер бір жүйеге біріктіріліп, «Техникалық және кәсіби білім беру» деген атқа ие болды. «Орта білімді маман», «Ортадан кейінгі білімді маман» («специалист с послесреднем образованием») деген градация пайда болды. Оқу орындары «колледж» деген шетелдердегідей атақты қабылдады. Басқа да көптеген аталмыш саланы нарықтық экономика талаптарына бейімдеу, оның іс-әрекетін жетілдіру әрекеттері орын алды.

Десек те, бәрібір, «баяғы жартас, сол жартас». Түлектердің сапасы түсіп кетті. Ата-ананың да, өндіріс иелерінің де, талабы жоғары. Оның үстіне жаңартылған және жаңа өндіріс ошақтарының қондырғылары мен жабдықтары негізінен соңғы үлгідегілер! Енді не жетпейді? Әрине, оқыту үдерісінің өндіріспен байланысы. Талапқа сай, өгейліктен аулақ қарым-қатынастағы байланысы…

Мемлекеттік колледждерді өндіріс, құрылыс орындарымен етене, органикалық сабақтастыққа «өз баласындай» қимаған шенеуніктер әлемі небір өзін ақтамаған, ақтауы меншіктік қатынас ерекшеліктеріне байланысты мүмкін де емес жолдарды ойлап тапты. «Әлеуметтік серіктестік» әдісін пайдаланамыз деп қанша уақыт жоғалды. «Дуальді әдіс» деп әлі де шулап жүрген түріміз бар. Кімге «дуальді әдіс», кімге «туған баласын» уысынан шығармау! Мұндай әдістердің құқықтық қатынастар гүлденген елдерде нәтижелі болуы мүмкін екенін білеміз. Ал, бізде «өз баласын қыймайтын» шенеуніктік меншіктен «өз баласын өлсе де бермейтін» бизнес меншігіне бермей, проблема шешілмейтін сияқты.

Әрине, бизнес иелеріне оқу орындарын беру дегенді жалаң түрде айтса, оқырманға тоқсаныншы жылдардағы «прихватизация» деп ирониямен ат қойған, көп жағдайдағы жауапкершіліктен ада, жекешелендіру үдерісі еске түседі.Ондайға өз басым да сөзсіз қарсымын. Техникалық және кәсіби оқу орындарындағы өндіріспен теорияны ұштастыру проблемаларын пайдаланып, олардың материалдық базасын қолға түсіруді «армандайтындар» да аз емес екенінде шүбә жоқ. Әңгіме оларды «бере салу», «сату», «айырбастау», не басқада емес. Әңгіме – бұл проблеманың түбейлі шешілуі қажет екенін үкімет орындарының сонау 1995 жылы-ақ түсініп, заңдастырылған деңгейде аталмыш оқу объектілерін өндіріске сенімді басқаруға беруге бастама көтеруінде.

Бірақ, бірінен соң бірі «қолғаптай» жиі ауысқан премьерлер мен осы мәселеге қатысты министрлер осы уақытқа дейін мамандар даярлау саласын қанша «реформадан» өткізсе де, бұл шара сынаптай созылды. Жиырма жыл уақыт өткеннен соң ғана барып, 2015 жылдың 16 қаңтарында республикамыздың ұлттық экономика министрі колледждерді сенімді басқаруға беру Ережесін арнайы бұйрықпен бекітті.

Сонда да болса, аталмыш құжатты ресми қабылдағаннан соң бес жыл өтсе де, техникалық колледждерді зауыттар мен фабрикаларға теориялық оқу мен практикалық дағдыны үйлестіре даярлау үрдісін жүзеге асыру мақсатында сенімді басқаруға беру мәселесі ақсауынан айырыла алмай келеді. Сол себепті үстіміздегі жылдың 28 мамырында ел премьер-министрі А.Мамин үкіметтің кезекті отрысында техникалық және кәсіптік білім беру ісін әрі дамыту жөнінде жол картасын әзірлеп, олардың өндіріс ошақтарына сенімді басқаруға берілетін бөлігін атады.

Сол уақыттан бері Нұрсұлтан, Алматы қалалары мен бірқатар облыстық қалаларда сең қозғалып, Қазақстандағы 439 мемлекеттік колледждердің өндірістің көптен күткен, өздерінің өнім беру бағытына сай бөлігінің біразы сенімді басқаруға беріле бастады. Түркістан облысында өткен 2019 жылдың өзінде бірнеше ортадан кейінгі, орта білім беретін (мысалы,Жоғары аграрлық, Индустриалды-құрылыс және №16) колледждер өзін нәтижелілігімен көрсеткен бизнес құрылымына сенімді басқаруға берілді.

Осы тұста айтып кетсе де артық болмас. Жас мегаполис болғанымен байырғы қала, өндірістік әлеуеті бұрыннан қалыптасқан Шымкент қаласында өзінің өндіріс шефтерімен кеңестік кезеңмен бірге қоштасқан колледждердің бәрі мызғымай, «бюджеттік қамқорлықтан ажыраса» алмай, жайлы тіршілік етуде. Қаланың төрінде тұрғанымен жаңа құрылған облыстың бюджетінде қалып, алдыңғы қатарда деп мақтан болған бір колледж сенімді басқаруға өткен күннен-ақ ұжымы мемлекеттік меншікке жылап, еңіреп, жармасып, өздері тойда жайсыз сезінген мақтаған сұлудай неге жармасты екен? Бюджет қаржысына жаны ашымайтындар аз емес сияқты. Ал, өз қаржысына жаны ашымайтын жеке өндіріс иелерін тауып көріңіз! Сондықтан да, аталмыш мәселеде әлде де болса шабандық танытып отырған өңірлер мен аймақтардың басшылығы үкімет саясатын орындауда қимылын жеделдеткені жұртшылыққа ұнар еді деп түсінем…

Мақала соңында тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні:

– төменгі және орта деңгейдегі өнеркәсіп, ауыл шаруашылық және қызмет көрсету мамандарын даярлауды жұмыс орындарына мейлінше жақындату, шәкірттердің өндірістік дағдысын, еңбек тәрбиесін қамтамасыз ету мақсатында барлық техникалық оқу орындарын ірі кәсіпорындарға, құрылыс компанияларына, консорциумдарға сенімді басқаруға беретін даму мезгілі келген сияқты;

– өткендегі кемістіктерді қайталамау мақсатында, бизнес иелері, кәсіпкерлер тобы(консорциумдар) келісім талаптарын орындай алмай жатқан жағдайда, оқу орындарын толық және сол күйінде мемлекетке қайтаратын құқықтық тетіктер орын алуы керек;

– денсаулық сақтау, білім және мәдениет бағытындағы мемлекеттік меншіктегі колледждердің де даярлайтын жас мамандары өздерінің болашақ жұмыс орындарымен оқыту барысында мүмкіндігінше етене араласа алатындай құқықтық талаптардың болғаны тиімді болар еді.

Сапарбек САХОВ,

Оңтүстік Қазақстан медициналық Академиясының доценті,

Қазақстан журналистер Одағының мүшесі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *