БІЛІМГЕ БАҒЫШТАЛҒАН ҒҰМЫР…

Білім Өмір-өзен
1 445 Views

2019 жылғы 22 тамызда Шымкентте мұғалімдердің дәстүрлі тамыз мәслихаты өтті. Дәл сол күні бүкіл саналы ғұмырын ұрпақ тәлім-тәрбиесінеарнаған ұлағатты ұстаз, Ыбырай Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясының директоры, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі, Білім берусаласының Құрметті қызметкері, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Қатира Қырғызбайқызы КӘДІРБАЕВА бұл жарық дүниемен қош айтысты. Мұғалімдердің тамызмәслихатында сөз сөйлеген Шымкент қаласының әкімі Ерлан Қуанышұлы Айтаханов алқалы жиынға қатысушылардың атынан марқұмның отбасы мен туған-туысқандарына қайғырып көңіл айтты.

Қатира Қырғызбайқызы Кәдірбаева 1961 жылы 29 қарашада Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысының Төлеби ауданындағы Майбұлақ ауылында қызметкер отбасында дүниеге келген.1969 жылы Майбұлақ ауылындағы мектептің бірінші сыныбына барып, 1979 жылы орта мектепті бітірді.

Еңбек жолын 1979 жылы Жезқазған ет комбинатында жұмысшы болып бастайды. 1980 жылы Жезқазған педагогикалық институтының дайындық тобына қабылданып, 1981 жылы сол жоғары оқу орнына оқуға түсіп, оны 1986 жылы физика және математика мамандығы бойынша бітіріп шығады.

Педагогикалық еңбек жолын 1986 жылы Шымкенттегі № 24 орта мектептің физика пән мұғалімі болып бастайды. 1991 жылы Шымкент қаласындағы № 65 орта мектепке директордың орынбасары, 1993-2003 жылдары Шымкенттегі Ыбырай Алтынсарин атындағы № 65 мектеп-гимназияның директоры болып қызмет істейді.

2003-2005 жылдары Оңтүстік Қазақстан облыстық білім департаменті директорының орынбасары, 2005-2007 жылдары Шымкент қалалық білім беру бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарды. 2007 жылғы 2 ақпаннан өмірінің соңғы күндеріне дейін Шымкент қалалық білім басқармасына қарасты «Ыбырай Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназия» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің директоры қызметін атқарды.

Білім беру саласында заман талабына сай, қоғам деңгейіне лайықты еңбек ете білетін ізденімпаз маманның басшылығымен мектептің қол жеткізген табыстары ауыз толтырып айтарлықтай. Мұның дәлелі – мектептің оқу-тәрбие жұмыстары бойынша бірнеше сайыстарда көш бастауы дер едік. 1994 жылы мектеп республикалық тәрбие жүйесінің моделін қорғау байқауына қатысып, «Оқушылардың тәрбие ісіндегі мәдениеттану, дүниетаным диалектикасын қалыптастыру» атты тақырып бойынша бас жүлдені жеңіп алды.1996 жылы мектептің «Экономикалық менеджмент моделі» республикалық компьютерлік сайыста үшінші орынды иемденіп, АҚШ-тың Колорадо штатындағы Халықаралық ойында 69 команданың ішінен жүлделі орынды иеленді. 1998 жылы мектеп «Тәрбие жұмыстарының моделі» байқауында екінші рет бас жүлдеге ие болды. 2001 жылы республикалық «Үздік авторлық жұмыс» байқауында да бас жүлдені иеленді. 2002 жылы Қазақстан Республикасының ең үздік ұстазы ретінде Түркия Президентінің жеке қабылдау құрметіне ие болды. 2002 жылы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы отбасы және әйелдер істері жөніндегі Ұлттық комиссияның ұйымдастыруымен өткізілген республикалық «Әйел басқаратын үздік мекеме» байқауында А.Самакованың арнаулы Дипломымен марапатталды. 2009 жылы мектепті басқарудың үздік үлгісі республикалық байқауында екінші орынды еншілеумен қоса-қабат жыл қорытындысы бойынша облыс әкімінің «Үздік мектеп» аталымын иеленді. 2010 жылы «Мектепті басқарудың үздік үлгісі» республикалық байқауында бірінші орынды жеңіп алды. 2014 жылы «Өрлеу» БАҰО «Ең үздік «Өрлеу» мектебі» атанды.

Бәсекеге қабілетті шәкірт тәрбиелеуді мақсат еткен білім ордасы түлектерінің білім мен өнер саласы бойынша Халықаралық, республикалық, облыстық, қалалық деңгейдегі жетістіктері де жыл санап артып келеді. 1998 жылы облыстағы алғашқы төрт «Алтын белгінің» бірін осы мектептің түлегі иемденсе, қазір олардың жалпы саны 173-ге жетіп отыр. Ал мектепті үздік аттестатқа бітірген оқушылар саны – 179. Жыл сайынғы ҰБТ нәтижесі бойынша мектеп қаладағы 10 мектептің алдыңғы сапынан көрініп келеді.

2009 жылдан басталған Қазақстандық бастауыш сынып оқушыларының «Бастау» республикалық математикалық турнирінде 15 оқушы жүлделі орындарды жеңіп алды. 2013 жылдан бері Францияда, Швейцарияда, Болгарияда өткен «Ұлы математиктер жолымен» үлкен математикалық олимпиадада, “Жас математик” олимпиадалық резерв мектебінің қысқы математикалық ойындарында, «Жұлдызды математик» пән олимпиадасында 32 оқушы алтын, күміс, қола медальдарды жеңіп алды. 2015-2017 жылдары Ресейдің КҒА ұйымдастыруымен өткен «Созидание и творчество» атты Халықаралық байқауында 10-11 сынып оқушылары лауреат атанып, жеке патент иесі атанды. 2015-2017 жылдары Оңтүстік Корея Дэджон қаласында өткен ғылыми жоба байқауында 11 сыныптың 5 оқушысы Дипломмен және сертификатарымен марапатталып, Халықаралық байқау қатысушы ретінде ҰБТ-дан босатылды. 2016-2017 оқу жылы Польшаның астанасы – Варшавада өткен «Сравнительный анализ Европейской Системы образования на примере Польской Республики Детский сад – Школа – Вуз» Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясына 7 оқушы қатысып, 6 оқушы бірінші, І оқушы екінші орындарды иеленді, 10 сынып оқушысы «SPOLECZNA AKADEMIA NAUK» оқу грантын жеңіп алса, ал команда бойынша осы оқу орнының кубогын жеңіп алды. 2017-2019 жылдары қатарынан транспорт саласы бойынша мектеп оқушылары арасында өткізілген «Шапағат» республикалық форумына 12 оқушы қатысып, 11 сыныптың 4 оқушысы жүлделі орынды иеленіп, Ұлыбританиядағы «Cranfield University» ұйымдастырған оқу-танымдық байқауға қатысып, сертификат иеленді. 2015-2016 жылдары Санкт-Петербургте өткен XII-ХІІІ Халықаралық«Білім негіздері – ағылшын тілі» олимпиадасына қатысқан 7 оқушы Дипломмен марапатталды. 2017-2018 оқу жылы «Кенгру без границ» Халықаралық математикалық олимпиадаға 20 оқушы қатысып, оның 13-і жүлделі орындарды иеленді. 2017-2018 оқу жылы Халықаралық «Русский медвеженок», «Золотой руно» байқауына 250 оқушы қатысып, 154-і жүлделі орындарды иеленді.

Жалпы білім беретін пәндер бойынша оқушылардың республикалық олимпадасында 10 оқушы жүлдегер атанса, 2014-2016 жылдан бері мектеп оқушылары республикалық шығармалар сайысында 8 рет жүлдегер атанып, 2014 жылы Орталық Азия елдері арасында «Менің мектебіме смарт сыныбы керек пе?» эсселер байқауында 6 сынып оқушысы бас жүлде – смарт сыныбын иеленді. 2016-2017 оқу жылы облыс әкімшілігі және физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің ұйымдастыруымен өткізілген «Робот техникасы» атты ғылыми жоба байқауына 8 оқушы қатысып, жүлделі орындарды жеңіп алды. Мектеп оқушыларының 2014-2018 жылдары “Армандастар” би тобы Ресейдің Великий Устюг қаласында өткен «Үміт жағалауы» Халықаралық балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық байқауында бас жүлдені, 2015 жылы ІІІ Халықаралық «Astana children’s festival» өнер фестивалінде І орынды , 2016 жылы «Розы Казахстана» байқауында бас жүлдені, 2017 жылы Болгарияда өткен «Розы Болгарии» байқауында бас жүлдені, 2018 жылы Грузияда өткен «Золотое руно» Халықаралық би байқауында бас жүлдені, Санкт-Петербургте өткен «Розы России» Халықаралық би байқауында І орынды иеленді.

Білікті басшының көп жылдық еңбегі нәтижесіз емес. Ол 1994 жылы «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі», 2006 жылы «Қазақстан Республикасы Білім бері ісінің Құрметті қызметкері» төсбелгілерімен, 2011 жылы «Құрмет», 2018 жылы «Парасат» ордендерімен, 2015 жылы «Қазақстан халқы Ассамблеясына – 20 жыл», 2016 жылы «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 25 жыл» мерекелік медальдарымен, 2017 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің Алғыс хатымен марапатталды.

Өмір бойы білім алуды ұстын еткен ізденімпаз басшы өз біліктілігін үнемі көтеріп отырды. Ол 2000 жылы Түркия мемлекетінің Стамбул қаласында «Менеджмент. Басқару жүйесіндегі жаңашылдық» курсынан, 2012 жылы Германияның Дюссельдорф қаласында «Басқару жүйесінің менеджменті» курсынан, 2013жылы Ұлыбританияның Брайтон қаласындағы Сассекс университетінде «Басқару мен көшбасшылықты дамыту» курсынан өтіп, шетелдік үздік тәжірибені оқып-үйренсе, 2013 жылы «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның базалық мектеп басшыларына арналған «Мектепті басқару және көшбасшылық» курсынан өтіп, зияткерлік мектептер тәжірибесін жалпы білім беретін мектептерге ендіруге үлес қосты.

Қатира Қырғызбайқызы мектеп басқарудағы өзіндік стилі мен жаңашылдығын үнемі бөлісіп отырды. Көп жылдық тәжірибесін 2002 жылы «Білім мекемесі – оқу тәрбие ордасы», 2011 жылы «Білім берудің ұлттық үрдісіне көшу кезеңінде тұлғаны қалыптастыру үдерісін басқару», 2015 жылы «Көшбасшылықтың негізі – кәсіби даму» атты кітаптары арқылы республика көлемінде таратты.

Өзінің ұйымдастырушылық қабілетін таныта білген, озық ойлы, өнегелі ұстаз, білікті басшы Қатира Кәдірбаева мектеп оқушыларына жоғары деңгейде білім беруді алдыңғы орынға қоя отырып, мектептің материалдық-техникалық базасын нығайтуға да аса көп көңіл бөлді.

Шымкент қаласының өсіп-өркендеуіне, дамуына сүбелі үлес қосқан білімді, озық ойлы, өнегелі ұстаз, білікті басшы Қатира Қырғызбайқызы Кәдірбаеваның есімі жүрегімізде мәңгі сақталады.

Міне, №65 мектеп-гимназиясының қол жеткізген толағай табысы Қатира Кәдірбаеваға тікелей тиесілі десек, артық айтқандық болмайды. Осындай білікті басшыдан айырылу қай-қайсымыздың болсын жан-жүрегімізді жабырқатып, қабырғамызға қатты батады. Бірақ, қатал тағдырға, сұм ажалға қарсы тұрар амал бар ма?!

Жалпы жұртқа белгілі қамшының сабындай жылт етіп өте шыққан ғұмырында көпке үлгі бола білген, талай ұрпақты білімнің нәрлі тамшысымен сусындатқан ардақты ұстаз, білікті басшы, жасындай жалт берген ғұмырды қимаймыз. Әттең, арпалысқа толы өмірден тым ерте баз кешті. Түстік пенен төскейді шыр айналып шарласақ та кезіктіре алмас асыл еді. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Пейіште нұры шалқысын. Бақұл бол, аяулы жан!

Республикалық қоғамдық-саяси, тарихи-танымдық

«Әділет. Рухани жаңғыру» газетінің ұжымы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *