БІЛІМ ОРДАСЫНДАҒЫ БЕЛДЕСУ

Білім
198 Views

Бүгінгі күніміздің ертегі жарқын болашағы жастардың қолында екені айқын. Қазіргі уақытта жастардың сапалы білім алуы, дұрыс мамандықты таңдауы және қоғамнан өз орнын табуы мемлекеттің болашағы үшін ең өзекті тақырыпқа айналып отыр. Жастар табанды еңбек етіп, елімізде болып жатқан оңды үрдістерге белсене қатысуы арқылы ғана жетістікке қол жеткізе алады. Сонымен қатар, жастар қоғамға пайдасын тигізіп, алған білімін еліміздің өркендеуіне жұмсайтын болса, онда келешегіміздің кемел болатыны сөзсіз.

Кез келген мемлекеттің болашағы – білімді жастардың қолында болмақ. Себебі еліміздің келешектегі арайлы таңының пердесін тек белсенді жастар ғана аша алады. Сондықтан халқымыздың болашағы мен биікке өрістеуі өсер жастың келешегінде екенін терең ұғынуымыз шарт. Бүгінгі жастарға білім беріп тәрбиелеуде озық тәжірибеге ие профессор-оқытушылардың рөлі ерекше. Осы орайда, келешектің үздік маманы, еңселі елдің ертеңі болар азаматтарға білім беруде академик Әбдімұса Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетін тілге тиек етуімізге болады. Академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің еліміздің өркендеу жолында еңбек нарығына, заман талабына сай бәсекеге қабілетті мамандар даярлауда өзіндік үлесін қосып отырғандығына биыл 25 жыл толып отыр.

Оқу орнының негізі алғашқы ректор Әбдімұса Мұратұлының тың идеялары мен ерен еңбегінің нәтижесінде қалыптасқан. Әбдімұса Мұратұлы – әрдайым іскерлігімен, қайрымдылығымен, ұйымдастыру қабілетінің биіктігімен, талапшылдығымен ерекше тұратын. Жоғары оқу орындарын басқарғанда материалдық-техникалық базасын жақсартуға, ұлттық кадрлардың сапасын жетілдіруге, білім берудің әлемдік талаптарға сай ұйымдастырылуына, студенттер мен магистранттардың әлеуметтік жағдайына, балалар үйінде тәрбиеленген балалардың жоғары білім алуына баса мән берді. Жетімін жебеп, сүрінгенін демеп, жығылғанын тұрғызып, елінің алғысына бөленген жан. Еліне өмірінің соңғы күндеріне дейін қайырымдылық ретінде миллиондап қаржылай көмек беріп, демеушілік көрсеткен, кең жүректі асыл азамат! Бүгінгі күнде әке салған даңғыл да сара жолды ұл-қыздары жалғастыруда. Аталмыш оқу ордасы үстіміздегі жылдың ақпан айында Қазақстан Республикасының ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында университетінің 25 жылдығына орай Түркістан облысы мен Шымкент қаласы бойынша орта білім беру мектептерінің бітіруші 11-сынып оқушылары арасында «Академик Ә.Қуатбеков – халықтар достығы университетінің негізін қалаушы» тақырыбында университетіміздің барша оқу бағдарламалары бойынша бейімдік пәндік олимпиаданы өткізді. Пән олимпиадасын өткізуде барлық кафедраның оқытушы-профессорлары тарапынан арнайы комиссия құрамы түзіліп, олимпиаданың жоғары деңгейде өтуіне назар аударылды.

Олимпиада Ұлттық бірыңғай тестілеудің келесі бейіндік пәндер комбинациясы бойынша өткізілді. Атап айтар болсақ, «Химия-физика», «Химия-биология», «Математика-физика», «Математика-география», «Биология-география», «Шет тілі», «Қазақ тілі және әдебиет», «Орыс тілі және әдебиеті», «Тарих — адам, қоғам, құқық», «Тарих-география» пәндерінен өткізілген олимпиаданың мектепті бітіруші сынып оқушылары үшін игі әсері ерекше болғанын мақтанышпен айтуымызға болады. Себебі, жоғарыда көрсетілген пәндер бойынша болашақ студенттеріміз өз білімдерін сынап көріп, өздерінің жетістіктері мен кемшіліктерін байқап, алдағы уақытта ҰБТ-ға дайындалуда қай дәрежеде дайындық керектігіне көз жеткізді.

Пәндік олимпиадаға Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша жалпы елуден астам ЖББ мектептерінен және колледждерден үш жүзге жуық оқушы қатысты. Олимпиада арнайы комиссияның шешімімен негізгі 2 басқышта өткізілді: І басқыш бейіндік пәндер бойынша тест болса, ІІ басқыш еркін тақырып бойынша эссе жазу. Олимпиада барысында комиссия мүшелерінің өзара келісіп ұйғаруымен оқушылардың оқу-білімге деген ынта-жігерлерін арттыру мақсатында 1 бірінші орын, 2 екінші орын, 3 үшінші орындарға арнайы диплом және жоғары балл топтағандарға ынталандыру алғыс хаттарымен марапаттауды дұрыс деп қабылдай отырып, жеңімпаз оқушылар университетіміздің ректоры м.ғ.д профессор Қуатбекова Рабиға Әбдімұсақызы атынан І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдар, алғыс хаттармен марапатталды.

 Пәндік олимпиадамыз барысында мектепті бітіруші сынып оқушылары кітапхана, музей, зертханалармен танысып, университетіміздің 25 жылдық тарихы мен келешектегі алдына қойған мақсаттары жайлы терең мәліметке ие болды.

Болып өткен аталмыш олимпиаданың болашақ студенттерге тигізген игі ықпалын мектеп бітіруші оқушылардың ой-пікірінен айқындап білдік. Оқушылардың пікіріне құлақ түрсек, басым көпшілігі: «Біз бүгінгі пән олимпиадасында өз білім дәрежемізді байқап қана қоймай, алдағы уақытта «ҰБТ-ға қалай дайындалу керек? Пәндер бойынша негізгі білу керек болған қандай тақырыптар екенін білу және қалай іздену керек?» деген сұрақтардың шешімін тапқандай болдық» деген пікірлерінің куәсі болдық.

Қорыта айтар болсақ, олимпиадаға қатысқан барша оқушылардың олимпиададан кейінгі көңіл-күйлері мен жүздеріндегі қуаныштар олардың өздері таңдаған пәндеріне деген қызығушылығы мен алған нәтижелерінің әділдігін аңғартқандай болды.

Сондықтан білім ордамыздағы мұндай белдесулерді келешекте әр жылы дәстүрлі түрде үздіксіз өткізілуін университет басшылығы тарапынан дұрыс деп қабылдадық. Себебі, осындай іс-шаралар жастардың білім жолында ізденуі мен алға қарай әрекет етуіне игі ықпал ететіндігі даусыз.

 Білім – адамзаттың басты байлығы болғандықтан жастардың білімді болуына үлесімізді қосуымыз баршамыздың басты міндетіміз. Адам баласы білімнің іргетасын мектептен бастап қалайтын болғандықтан университетіміз Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша жалпы білім беру орта мектептерімен ғылыми-практикалық байланысты кеңінен жолға қойған.

Қазіргі заманда білектінің күші емес, білімдінің күші басты орында болғандықтан жастардың білімін шыңдауда осындай білім жолындағы белдесулерді жиі өткізіп тұру келешекте өз жемісін беретінін сеніммен айта аламыз. Білімді адамның өмірге деген көзқарасы мен өмірлік ұстанымы өзгеше болатыны даусыз. Адам өмірінде білім маңызды орын алады. Көпті білетін адамның сөйлеген сөзі мен іс-әрекеті де әркезде де қоғамға өз пайдасын тигізеді. Сондықтан алдағы уақытта бәсекелестікке лайықты жастарды тәрбиелеп жеткізуде барша ұстаздар мен профессор-оқытушыларымызға күш-қайрат пен ұстаздық жолындағы ерен еңбектеріне толағай жетістіктер болсын дей келе, келешегіміздің тірегі болған жастарымызға білім майданында белдесуге қашанда болса дайын болатын зеректік пен талаптылық, білімділік пен қабілеттілік сынды қасиеттер жұғысты болуын тілейміз. Сондай-ақ алдағы уақытта еліміздің ертеңін жалғастыратын бәсекеге лайықты білімді ұрпақтарымыз көп, бағындырар белестері мол болсын демекпіз.

Марат Дүйсенұлы МАМАДИЯРОВ,

академик Ә. Қуатбеков атындағы

Халықтар достығы университетінің

«Кәсіби бағдар беру және маркетинг

бөлім басшысы» г.ғ.к. доцент

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *