«БІРЛІГІ БАР ЕЛДІҢ БЕЛІН ЕШКІМ СЫНДЫРМАС»

Дін Қоғам
761 Views

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауы кез келген елдің дамуы халықтың бірлігі мен ынтымағына тікелей байланысты екенін тағы да айқындап берді. Қазіргі әлемдегі күн сайын құбылған ұстанымдар мен тұрақсыздық қазақ халқының: «Күшенген жеңбейді, күші көп жеңеді», – деген мақалының өміршеңдігін дәлелдеді. Расында, халқымыз айтқандай, «бірлігі бар елдің белін ешкім сындырмас».

Қасым-Жомарт Кемелұлы халыққа жолдаған Жолдауында: «Ең басты жетістігіміз – біртұтас ел болып, жаңа мемлекет құрдық. Іргемізді бекітіп, еңсемізді тіктедік. Халықаралық қауымдастықтың белді мүшесіне айналдық. Тұрақты қоғам қалыптастырып, орнықты даму жолына түстік. Мемлекеттілігімізді нығайту үшін бір ел болып еңбек етіп жатырмыз. Егемендік дегеніміз – жалаң ұран мен жалынды сөз емес. Біз үшін ең маңыздысы – әр азаматтың Тәуелсіздік игілігін сезіне алуы. Оның басты көрінісі – елдегі бейбіт өмір, қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық. Сондай-ақ, халықтың тұрмыс сапасының жақсаруы және жастардың болашаққа нық сеніммен қарауы. Барлық бастамамыз осыған бағытталуда. Біз тұғыры мығым ел болу жолында кедергілерді еңсеріп, қиындықтарды жеңіп келеміз. Мұның бәріне берекелі бірлік пен еселі еңбек арқылы жеттік», – деді.

Шын мәнінде, біз қандай игілікке қол жеткізсек, бірлігіміз бен татулығымыздың, достығымыз бен өзара келісімнің арқасында жеттік. Мемлекетті былай қойғанда, шағын отбасында бірлік пен ынтымақ болмаса, ол үйден береке кетеді.

622 жылы ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қажылық жасауға ниет етеді. Оны естіген халық Меккеге жиналады. Меккеде бұрын-соңды мұншалықты көп адам жиналмаған еді. Олардың саны жүз мыңға жетті. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қажылық жасау рәсімдерін көрсеткеннен кейін жиналған халыққа Арафат пен Мина тауында соңғы хұтбасын оқыды. Бұл хұтба Ислам тарихында «қоштасу хұтпасы» деп аталды. Осы сәтте Алла елшісі былай деді:

«Ей, адамдар! Айтқаныма зер салыңдар. Бәлкім, биылдан соң сендермен бұл жерде қайта жүздесе алмаспын.

Халайық! Бүгінгі күн, осы ай, мына қала (Мекке) қаншалықты қасиетті болса, мал-жандарың, ар-намыстарың да соншалық қасиетті, зорлық атаулыдан қорғалған.

Уа, сахабаларым! Раббыларыңмен қауышатындықтарың хақ және осы дүниедегі бүкіл амал-әрекеттерің үшін жауап беретініңдеріңді де біліңдер. Мен кеткеннен кейін баяғы бітпейтін ұрыс-керіске, дау-дамайға қайта бой алдырып, бір-біріңнің қандарыңды төгуші болмаңдар. Осы өсиетімді естігендер естімегендерге жеткізсін. Бәлкім, естімеген адам менің осы сөздерімді естіген адамнан да жақсы түсініп, жадында сақтауы мүмкін».

Біз Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл үндеуінен адамның ары мен намысы қасиетті екенін анық аңғарамыз. Сонымен бірге ұрыс-керіс пен дау-дамай мұсылман баласына жат іс екенін түсінеміз. Халқымыз: «Бір күн ұрыс болған үйден қырық күн береке кетеді», – деген.

«Қоғамдағы бірлік пен келісімді көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Этносаралық және конфессияаралық қатынастың қаншалықты маңызды екенін барлық азаматымыз түсіну қажет. Біз қашан да алауыздыққа қарсы тұра білген елміз.

Мықты мемлекет болу үшін ұлттың ұйыса білуі айрықша маңызды. Шын мәнінде ұйымдасқан ұтады. «Ынтымақ жүрген жерде ырыс бірге жүреді» деп халқымыз бекер айтпаған. Біздің күш-қуатымыз берекелі бірлікте», – деді Президент.

Бірлік – тағылымы мол сөз. Қасиетті кітабымыз Құранда бірлік туралы көп жерде баяндалған. Сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде де адамзаттың ауызбіршілігін уағыздаған. Жаратушы Иеміз «Әли Имран» сүресінде: «…Бөлінбеңдер», – деп әмір етсе, Оның Елшісі: «…Көпшілікпен бірге болыңдар! Бөлінуден сақтаныңдар», – деп, жамағатты, барша адам баласын мейірімділікке, ортақ мақсатқа үндеген.

Халқымыздың би-шешендері мен ақын-жыраулары да әрқашан өсиетті сөздері мен ғибратты толғамдарында, өлең-жырларында бірлікті насихаттаған. Майқы би бабамыздың:

«Алтау ала болса, ауыздағы кетеді,

Төртеу түгел болса, төбедегі келеді», – деген нақыл сөзі қанша ғасыр өтсе де ұрпаққа өнеге бола бермек. Төле бидің: «Бірлік болмай, тірлік болмас»,– деуі де тегін емес. Осы өсиетті сөздер өнеге ретінде ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді. Алла Тағала елімізге амандық, жерімізге тыныштық, халқымызға ауызбіршілік нәсіп еткей!

Бақдәулет қажы НҰРМАТҰЛЫ,

Шымкент қаласының бас имамы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *