Шымкентте республикалық «Медиацияны дамыту орталығы» өкілдігінің Түркістан облысы мен Шымкент қаласының Бірыңғай қызмет көрсету орталығы ашылды. Ол Республика даңғылындағы №18 үйде орналасқан. Орталықтың ашылу салтанатына прокуратура, сот салаларының қызметкерлерімен қоса бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де қатысты.
Басқосу барысында Шымкент қалалық сотының жауапты қызметкері Қабыл Дүйсенби, республикалық «Медиацияны дамыту орталығы» Шымкент қалалық өкілдігінің директоры Лаура Ақшегірова, кәсіби медиатор, психолог Гүлжан Қожахметова, кәсіби медиатор Данабек Байтасов, тағы басқалар сөз сөйлеп, аталмыш өкілдік пен орталықтың жұмысы жайында өздерінің ойларын ортаға салды.
Бұл орталық негізінен неке-отбасылық қарым-қатынастар, мүлік бөлісу; азаматтық-құқықтық қарым-қатынастар; кіші және орта деңгейлі қылмыстық істер бойынша тараптарды бітімгершілікке шақыру; шаруашылық даулар; келісімшарт міндеттемелерін бекіту, тағы басқалар бойынша туындаған мәселелерді шешуге көмек көрсетеді.
Байланыс телефондары:
8 705 758 65 29; 8 778 433 10 03.
Ә. ҚАҢТАРБЕК.