ДАСТАН ҒҰМЫР

Таным
1 507 Views

Әлемді қаһарымен тітіреткен Шыңғысханның алдына айыптыларды алып келіпті. Қабағынан қар жауған, кірпігіне мұз тұрған қаһан екі сөзге келмей:

– Бұлар қиын-қыстау кезеңде мені тастап қашып кетті. Бәрінің басын алыңдар, – депті.

Сонда шешесі жүгіріп келіп Шыңғысханға былай депті:

– Қаһарыңнан күн тұтылатын, айбарыңнан ай тұтылатын хан иемізсің. Ханда ұлы адамның көсемдігі, қырық данышпанның ақылы, барша жұрттың сабыры болуы керек. Кез келген қиын кезде, үкім айтар уақытыңда оң қолыңдағы саусақтарыңды бір-бірден беске дейін санап, бойыңа сабыр, ойыңа ақыл шақыр. Ең қымбат, ең асыл, бір-ақ рет берілер адамның өмірі – сенің қолыңда емес пе! Ешкім, еш жан саған қарсы келе алмайды. Тек сабыр сенің мәңгілік серігің болсын, бар істі сабырға салып, салмақты шеш, балам, – депті.

Шыңғысхан оң қолының саусақтарын «бір, екі, үш, төрт, бес» – деп іштей санап шығыпты да:

– Мына, күнәһарлардың жанын қидым. Уақыт – төреші. Енді бір титтәй қит етсеңдер бастарың кетеді. Ал, ақ, адал болсаңдар қайта қатарыма қосамын, – депті қаһан.

Әлгі жазаланушылар кейін ханның сенімді серіктеріне айналыпты.

 

*   *   *

Бұл аңызды мен Марат ағадан естіген едім. «Сабыр түбі – сары алтын» демекші, бұл кісінің өмірі аңызға бергісіз. Тағдыр талқысынан бар ауыртпалықты қара нардай көтеріп, иілмей, бүгілмей, сынып кетпей өскен оның ғұмырына көз жіберейікші.

ХХ ғасыр алапат оқиғаға толы, талай отбасы ойрандалған кезең болды ғой.

Кеңес өкіметі орнағаннан кейін Марат ағамыздың да ата-бабаларының ұрпақтан-ұрпаққа шайқалмаған шаңырақтары тоз-тозы шығып, күйреп ортасына түседі.

Әкесінің әкесі – Майемер ақсақал орта дәулетті, ел-жұртқа сөзін өткізе алатын, алдынан малы, төрінен қонағы үзілмеген ауыл-аймаққа сыйлы жан болған екен. Бұрғанда туып, Қарақия жайлауын жайлап жүрген ел Кеңес өкіметі келісімімен апалаң-топалаңы шығады. Малмақ, Қарнақ, Тілеулі, Майемер атты ағайынды төрт ұл тату-тәтті өсіп жатты.

Кеңес өкіметі ауылда қалған Малмақтың бар малын тартып алып, конфискация жасайды. Оның сол кезде үш үйір жылқысы, бес жүздей қойының бірін қалдырмай сыпырып түгел алып кетеді. Қарнақты бай тұқымысың деп соттап жібереді. Оның әйелі аштыққа шыдамай егіні орылған алқапта масақ теріп жүрген жерінде милиционер көріп қойып, бес жасар қызының көзінше атып өлтіреді. Жетім қызды кейін детдомға өткізеді. Тілеулі мен Майемер ұра қаздырып, заттарын тығып көмеді. Бірақ түнде былғары киім киінген өкімет адамдары келіп, ұраны ашып, бар жиған-тергенін түгел тиеп алып кетеді. Сондағы ұраға тыққандары: бір түкті кілем, бір түксіз кілем, тон, «Зингер» тігін машинасы екен.

Екінің бірі ұсталып, түрмеге қамалып жатқан аласапыран кез. Тілеулі түнделетіп Қарғалыдағы жұмысшыларға қашып тығылады.

Шал-кемпір қырғызға қашып, Рыбачьеге барып, жұмысшы болып орналасады. Майемер сол жерде ауыр жұмыс, қиын тағдырды көтере алмай қайтыс болады. Әйелі Қаншайым енді күйеуінің орнына жұмысқа тұрады.

Төркіндеріне хабар айтып жүріп баласы Нұрбек екеуі Қарасуға көшіп келеді де сонда тұрақтап қалады.

1941 жылы Нұрбек он тоғыздағы бозбала екен. Өзімен бірге оқыған Рахат деген қызға үйленеді. Бірақ соғыс өрті лапылдап тұрған кез. Замандастарымен бірге қысқа қарай Нұрбек те соғысқа аттанады. Ауылда аяғы ауыр келіншегі мен шешесі қалады.

Жұрт Әбшен деп атап кеткен Әбдісағи Қожамқұлов пен Нұрбек екеуі бірге оқыған, бірге өскен дос болыпты. Әбдісағи аға Жамбыл атындағы колхозда ұзақ жыл бухгалтер болып істеген. Білімді де білгір, ісіне ұқыпты әрі тазалығын ел аңыз етіп айтып отыратын. Сол Әбдісағи аға Нұрбек Майемеров досы туралы баласы Төлегенге былай деп айтыпты:

­– Мені он орап алатын азаматтар соғыстан қайтпай қалды, туған елінің топырағы да бұйырмады. Құдай сақтап аман қалдым. Бір ауылдан 18 жігіт соғысқа аттандық. Менен басқа ешкім оралмады. Досым Нұрбек екеуміз Панфиловшылар дивизиясының қатардағы жауынгері болдық. Бір шайқаста оққа ұшып, өлім аузында жатқан жерден Нұрбек сүйреп алып шықты. Қалтасындағы екі түйір қантын аузыма салып: «Аман қалсаң, сен енді елге жетерсің.Менің күнім не болары белгісіз, ел-жұртқа дұғай сәлем айт», – деді. Талықсып кетсем керек, есім жиылғанда ауруханада жатыр екенмін, бірнеше күн өтіп кетіпті. Сол екі түйір қанттан басқа аузыма ештеңе түспеген сияқты, аузым қарысып қалыпты, бірақ жаным кеудемде. Содан елге келдім. Нұрбекті қайтып көрмедім. Менің жанымды сақтап қалған сол Нұрбек. Есіңде жүрсін деп айтып отырмын. Сол кезде іште қалған баласы бар еді. Маратты білесің ғой, әжесінің қолында болды. Әжесін қартайғанда қандай бақты десеңші. Үйден түзге көтеріп шығарып, көтеріп кіргізетін. Мінезі жібектей, қыздың мінезіндей, өте жақсы жігіт болып өсті. Ешкімнің қолына қарамай, өз жағдайын өзі жасап жүр. Не деген Азамат!

Әбдісағи Қожамқұлов соғыстан екінші топтағы мүгедек болып оралып, үбірлі-шүбірлі балалар сүйіп, бақытты өмір кешті. Тұңғышы Төлеген – физика-математика ғылымдарының докторы, академик, белгілі қайраткер. Төлеген мен Марат әке жолын жалғастырып жүрген достар.

Бұл жайында «Ханшайым», «Төлеген-толғау» атты кітаптарда жазылған.

Нұрбекпен атақты 28 панфиловшылар гвардиялық дивизиясында соғыста бірге болған Куә ақсақал былай деп еске алады: «Қақаған қыс, мені түнде іздеп келіпті. «Куә, мен тапсырмамен тіл алып кетуге кетіп барамын. Ауылда келіншегімнің айы-күні жетіп отыр еді, аман көрер ме екенмін», – деген еді есіл боздақ. Сол түні 1942 жылы 20 ақпанда Нұрбек Майемеров ерлікпен қаза тапты. Қайран есіл ер тұңғышын көре алмай, іңгәлаған даусын ести алмай қарғыс атқыр соғыстың кесірінен көз жұмды. Соғыс жарасы ешуақытта жазылмайды. Жүректерді сыздатады да тұрады.

Көрші ауылда тұратын Куә ақсақал тоқсанға келіп, дүние салғанша майдангер досы Нұрбекті ылғи есіне алушы еді.

Сол жылы Нұрбектің тұңғышы Марат дүниеге келеді. Оны ел «Шайым» деп атап кеткен әжесі Қаншайым бағып-қағып, асырап өсіреді.

Төртінші сыныпты бітірер жылы колхоз жұмысына шығып, шөпшілермен бірге шөмеле салды, қайда жұмсаса сонда жүгіріп жүрді.

Алтыншы сыныпты бітірген жылы әжесі сал болып ауырып, жүріп-тұрудан қалды. Апарып қаратпаған жер қалмаса да біржола төсек тартып жатып қалды.

Қарасуда төрт сыныптық қана мектеп бар, сондықтан Қарғалыға барып, Еңбек Ері болған айтулы педагог Құдыс Әбсеметовтың үйіне іргелес Малмақтың баласы Құдыстың үйінде жатып оқыды. Одан Шамалғандағы әжесінің сіңлісінің үйіне көшіп келген. Тойбай ақсақалдың қоржын тоқал үйінде екі кемпір, бір топ бала-шаға бір жыл қыстап шықты.

Етінің тірілігі, зеректігі мен алғырлығының, оқуға деген құштарлығының арқасында жетінші сыныпты үздік бітіріп, әжесін қуантты. Қарасу ауылына қайта көшіп келіп, жаздай жұмысқа шығып кетті. Сегізінші сыныпты Ұзынағашқа барып-келіп оқыды.

Сал болған әжесін бағып күтіп, тамағын беріп, таңертең күн шықпай кетіп, түс ауа сабақтан келісімен әжесіне қарайды.

Колхоз бастығы Жақия Рахымбеков, бригадир Байтас Күрішбеков секілді ел ағалары жас балаға жұмыс тауып беріп, көмектесіп тұрды.

Сегізіншіні біткен соң колхоз бастығына кіріп:

– Мен әжемді бағуым керек. Колхоздан жұмыс беріңіз, – дегенде көпті көрген Жақия басқарма оған ауылдағы шеберханадағы ұстаға көмекшілік жұмысты тапсырады.

Жетім бала, ауру әже бір-біріне ілініп-сілініп жүргенде 1961 жылы асыл әжесі дүние салады. Жалаңаяқ жар кешіп, қызылаяқ қыр кешіп жалғыз қалған бозбала колхоздың қысы-жазы бітпейтін сан түрлі жұмыстарына бел шешпей араласып, күш-қайратын танытады.

Ұстаханада қандай бір темір-терсек болсын қып-қызыл шоққа тығып, дәу балғамен соққанда әлгі темір қайысша созылатын. Қайта төске салып, балғамен ұрғылап шыңдайды. Қажетті бұйым – таға ма, шеге ме, дайын болғанда бөшкедегі суға шыжылдатып салып суарады. Осылай әр затты қажетке жаратып, шыңдап шығарады. Ақ тер-көк тер болып терлеп, әлгі колхоз тірлігіне қажетті бұйым-заттарды жасағандарына риза болып, ұсташы дәу неміс оны ұрғылап тексеруден өткізетін.

Марат та осындай төске салып шыңдағандай қиын-қыстау тағдырмен бетпе-бет келіп, тек өзіне ғана сеніп ержетті.

Әскер қатарына шақырылып, әйгілі батыр қала – Брестте үш жылдық борышын өтеп, сымдай тартылып, туған еліне көргені мол азамат болып оралады. Ол кездері әскерде болып келу – әрбір ер жігіттің қасиетті парызы болып есептелетін. Қатаң тәртіп көріп, көптеген бозбалалар шыңдалып, ширығып, тәні де жаны да толысып қайтатын.

(Жалғасы бар).

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,

жазушы, Алматы облысының құрметті азаматы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *