ДЕПУТАТ БАЛА

Әр алуан
1 035 Views

Барлық жан-жануардың жас кезіндегі ерекшеліктерін байқай отырып, олардың кейін неге икемді екенін білу ертеден келе жатқан қасиет. Мысалы, бапкерлер көзінде оты бар, мінезі өжет деп жасөспірімдерді таңдап алып жатса, ертең-ақ олар Еуропа мен Азия чемпиондары болып шығады. Бәйге аттары да солай. Атбегілер құлын кезінен жүрісі, шабысынан танып, кейін әлгі тұлпарлар аламан бәйгеде топ жарып жатады.

Менде осы дәстүрге кетәрі емеспін. Әрі осы пікірге қосыламын.

Оған себеп бірде көршім: «Аға, жасыңыз үлкен, балам өскенде кім болады, байқап беріңізші?» – демесі бар емес пе? Осы сөз түрткі болды да ертелі-кеш десем, өтірік болар. Сәті түскенде бақылай бастадым. Алғашында мен оны жұрттың бәрі заңгер болуға құмар, келешекте полицей болар деп ойлағанмын.

Сөйтсем, қателесіппін! Полицей шіркіндер болмашыға байланысып, арыз жаза кетуге бейім. Өзімен-өзі. Еркін!

Мүмкін салық агенті болар деп топшыладым. Ол айналайындар зарлағаныңа қарамай, көр-жерді тіміскілеп салық төлетуге құмар болса, байқаймын көршімнің баласында бұл әдет те жоқ. Жүріс-тұрысы ерекше. Маңғаз. Салмақты. Сонда кім болмақ? Бірде оның өз алдына қалғып отырғанын байқап қалдым. Тағы бір анығы, өзі қатарлы балаларға сұрақ қойғыш, ойын кезінде жаңа ережелер шығарып құқықтарын түсіндірумен әуре. Бірақ сұрақ қоюын қояды-ау, ақырына дейін бармайды. Қатысы жоқ және бір ойын ережесін қуалап кетеді.

Осыны қалай білмегенмін. Не деген ұқсастық! Таптым. Көршімнің баласы өскенде депутат болады екен деп шештім. Көршім бұл кезде балам кім болады екен деп жауабымды дегбірсіздене күтіп жүрген болатын. Бүлкектетіп қайтейін.

Әншілердің байқауында комиссия мүшелерінің: «Айнұр, сен тамаша орындадың. Біз сен сияқты орындай алмайды екенбіз. Бірақ нотадан шығып кеткен жерлерің де болды. Қайғырма! Асулар әлі алда» деп шығарып салатыны бар. Анау болса көз жасын сүрткілеп әуре.

Мен олай етпедім. Әкесі Мәдимұхаммедқалиды шақырып алдым да: «Балаң депутат болады!» – деп кесіп айттым. Мысалға, байқаған белгілерімді келтірдім. Туралыққа не шара!

Содан бері баласы Асқар «депутат бала» атанды. Көресіздер, әлі-ақ ертең бір партияның атынан депутат болып отыра қалады.

Сонда менің байқампаздығым естеріңізге түседі.

Ералхан ЖЫЛҚЫАЙДАРҰЛЫ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *