ДОСАЛЫ БИДІҢ ШЕШІМІ

Таным
1 474 Views

Кезінде бұл оқиға 1912, 1913 жылдар шамасында болған екен. Күллі Қасқасу, Қазығұрт, Сайрам, Түлкібас байтағымен сондай-ақ Қаратау мен Арыс, Бадам, Машат өлкелерінде аты танылған Бишымыр бабамыздың көп жылқыларынан бөлек бағылатын онға тарта сәйгүліктері болады екен. Ерекше бапталатын сәйгүліктерді арнайы бөлінген бапкерлері күтіп баптапты. Бишымыр оларды аса ірі бәйгелерге салады екен, ол жануарлар, қай жиын, қай бәйге болса да атамыздың мерейін үстем етіп үнемі топ жарып жүріпті. Бишымыр өмірден өткен соң сол сәйгүліктердің бірінің ұрпағы Міразға тиесілі болып қалған екен. Міраз Бишымырдың жетінші ұлы. Сәйгүліктен оларға қалған тұлпар тұяқты Міраз да ерекше баптап, артық мініске салмай,тек аламан бәйгеге салып жүреді. Шынына келгенде Міраз медреседе ілім алған ауыл имамы. Сондықтан атты баптау оны жарысқа қосу ағасы Сұлтан мен оның балаларының мойнында болған.Қалай болғаны белгісіз,бір күні есік алдында тұрған ат ұшты-күйлі жоғалады. Ары шапқылап бері шапқылап-жоқ іздеген адамдар іздегенін таппай, тауы шағылады. Ақыры Сайрамсу басында отырған жолан жаныстағы Досалы биге келіп, шағым-арызын айтады.

Барлық мән-жайға қаныққан Досалы: «Сенің ол жүйрігіңді жақын маңдағы ұрылар алмағаны белгілі. Өйткені олар ондай танымал һәм атақты жүйрікті сіңіре алмайды. Не болса да ұры алыстан келген. Әрине шығарып берушілер болуы мүмкін. Мені Шаян жақтағы Сіргелілер бір жиынға шақырып еді, екі-үш күннен соң сол жаққа жол жүргелі отырмын. Маған ілес. Жоғыңа сол жақта сұрау салып көрелік, — дейді.

Содан Міраз Досалымен бірге Шаяндағы тойға барады. Ұлан-асыр тойдың арты көкпарға ұласады. Досалы Алатау мен Қазығұрт тауларының етегіндегі елдерге ғана емес, күллі Оңтүстік қазақтарына сөзі өтімді һәм айбынды би болған. Көкпар басталар алдында жиналған жұртқа жар салады.

— Түгелбай жаныстағы Бишымыр байдан қалған сәйгүліктің жүйрік тұяғы біздің елдегі Міраз деген кісінің қолында еді. Бұл аймақта оған жететін тұлпар жоқты қазір. Сол тұлпардың қолды болғанына біраз күн өтті. Біздің елге ұры өзімізден емес, алыстан барғанын ішім сезіп тұр. Кімде-кім сол тұлпарды алған болса, көкпар біткенше біздің қоналқы жайымыздың алдындағы кермеге байлап кетсін. Ал егер тұлпарды қайтара алмайтын болса, төрт арғымақ байласын орнына. Бұлай етпеген жағдайда ұрыны өзім іздеп тауып, ел алдында қатаң жазалаймын! — дейді қатуланып.

— Шіркін Досекең бір айтқанын екінші рет қайталамайтын адуынды, қасиетті кісі ғой. Әлгі сөзден кейін «тұлпарды мен ұрлаған едім» деп жиын алдына ешкім шыға қоймапты. Бірақ та, көкпар бітіп, би өз қоналқы жайына келсе, есік алдындағы кермеде тұлпар текті болмасада, арғымақ тектес төрт жылқы байлаулы тұрыпты. Ұрылардың осылайша үн-түнсіз құн төлегенін көрген Досалы Міразға қарап: — Енді ұрыларды іздеп әуре болмай-ақ қоялық. Олар сәйгүлікті алысқа асырып, қайтаруға шамалары келмей қалғанға ұқсайды. Сәйгүліктің орнына мына төрт жылқыны қанағат қыл — депті.

Тұлпарының ізім-ғайым жоғалғанына іші қанша қан жыласа да Міраз сонда бұған да шүкір, — депті деседі қария әңгіме.

Әбілқайырхан МҰХИТХАНҰЛЫ.

Шымкент қаласы.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *