Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК: «МАҚСАТЫМ – ТҮРКІ ДҮНИЕСІН БІРІКТІРУ»

Мерей
1 503 Views

Жазушы, кинодокументалист және журналист ретінде Доқтырхан Тұрлыбектің есімі республика жұртшылығына кеңінен танымал. Өзінің шығармашылық еңбек жолын Жамбыл облысы Жуалы ауданындағы «Жаңа өмір» газетінен бастаған қаламгер бүгінгі таңда Халықаралық «Түркі әлемі» телекомпаниясында Бас директор болып қызмет атқарады. Белгілі қаламгер жетекшілік ететін шығармашылық ұжым түркітілдес туысқан халықтардың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, тарихы мен тарихи тұлғалары туралы деректі фильмдер түсіріп, айтарлықтай табыстарға жетіп жүр. Доқтырхан отызға жуық деректі фильмнің авторы әрі режиссері. Белгілі қаламгер ретінде онға жуық прозалық, сатиралық және ғылыми-танымдық жинақтардың авторы. Шығармалары орыс, ағылшын тілдеріне аударылған жазушы Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың, Қазақстан Жазушылар одағының, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының және Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Бүкілдүниежүзілік «Алтын сафран» кинофестивалінің жеңімпазы. Ол сондай-ақ, Санкт-Петербургтегі Халықаралық психология Академиясының академигі, республикалық қоғамдық-саяси, тарихи-танымдық «Әділет. Рухани жаңғыру газетінің алқа мүшесі. Бүгінде жетпістің асқарына шығып отырған Доқтырхан Тұрлыбекпен кездесіп, әңгімеге тартқан едік.

– Кезінде қойшы бала атанған деген де дерек бар. Журналистикаға қалай келдіңіз?

– Мектепте тәп-тәуір оқып жүргенмін. Бір күні әкем оқудан шығарып алды да, қой бақтырып қойды. Алпысыншы жылдардың басында «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің атағы дүркіреп, тасы өрге қарай өрмелеп тұрды емес пе! Газетке шығатын мақала біткен шетінен мықты, алуан-алуан тақырыптарды көтеріп, шаңын қағып-қағып алады. Қойшы, бала болсам да газеттің бірде-бір санын жібермей, қадағалап оқимын.

Бір күні қой соңында салпақтап жүріп өзімнен-өзім қиялданып, бесіктен белім шықпай жатып, сүреңсіз басталған тағдырыма налып, әкемнің қой бақтырып қойғанына жата кеп өкпелеп, ойымның бәрін ақ қағазға түсірдім де «Лениншіл жасқа» жолдап жібердім. Бұлай болады деп кім ойлаған, арада бір ай өтпей жатып «Менің оқығым келеді» деген етектей мақалам жарқ ете қалды. Газет жарықтық өзі бір күндік те сөзі мың күндік қой. Құдай салмасын, біздің ауыл ауыл болғалы бері дәл осындай дүрлікпеген болар. Атыма Қазақстанның түкпір-түкпірінен хат атаулы қарша борады. Ол аз болғандай, шағын ауылымызға комиссия біткен қара қытайша қаптап кетті. Бір күні кеңшардың бір топ соғыс ардагерлері келіп, әкемді қыспаққа алып, өздерінше «бюроға» салды. Көп ұзамай мектепке қайтадан бара бастадым. Кейін білдім, сол кездегі «Лениншіл жастың» мүйізі қарағайдай Бас редакторы Шерхан Мұртаза ағамыз екен. Кім біледі, егер сол мақалам газетке шықпаса, тағдырым мүлдем басқаша болар ма еді. Жалпы, ол кезде басылым атаулы адам баласының тағдырына селқос қарамайтын, жанашыр, үлкен қамқоршы болатын.

Орта мектепті бітірген соң Қаратау қаласындағы техникалық училищеге түсіп, электрмен дәнекерлеуші мамандығын алдым. Отан алдындағы әскери борышымды өтеп, Жамбыл қаласындағы үлкен құрылыстың бірінде жұмыс істеп жүргенмін. Қолым қалт етіп босай қалса, қалам алып, газет-журналдарға хабар-ошар жазып тұрамын. Сол жылдары «Лениншіл жасқа» бірнеше очеркім, мақалаларым жарияланды. Ойламаған жерден Жуалы аудандық «Жаңа өмір» газетіне қызметке шақырылғанымда төбем көкке жеткендей болды. Көп ұзамай-ақ көршілес Свердлов ауданындағы «Село жаңалығы» газетіне бөлім меңгерушісі болып жұмысқа ауыстым. Ал, 1977 жылы қаламының икемі бар журналист ретінде облыстық «Еңбек туы» газетіне жұмысқа шақырылдым. 1984 жылы Алматыға Қазақ теледидарына қызметке ауысудың сәті түсті.

– Қазақ теледидарында редактор, Бас редактор, Бас директордың бірінші орынбасары, «Қазақтелефильмнің» Бас директоры сияқты лауазымды қызметті атқара жүріп жеті жылдай танымдылығы мол этнографиялық «Бойтұмар» хабарын жүргіздіңіз. Осының бәріне қалай үлгердіңіз?

– Ниет, ізденіс болса, бәрін де жасауға болады. Ұлтымыздың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, әсіресе, қолөнері бала кезімнен қатты қызықтыратын. Ұлтымыздың бүгіні мен ертеңі үшін аса қажетті болашақ жаңа хабардың жобасын жан-жақты зерттеп, көп ізденуге тура келді. Осының нәтижесінде «Бойтұмардың» алғашқы тұсауын кестік. Қолым қалт етіп босай қалса, кең байтақ қазақ жерінің түкпір-түкпірін аралап, көптеген хабарлар жасадым. Бай әрі сән-салтанатқа толы қазақтың қолөнері кеңінен насихатталды, ұлтымыздың наз өнері болып саналатын атбегі, құсбегі туралы да көптеген хабарлар ұйымдастырылып, көрермендердің ыстық ықыласына бөлендік. Бұл хабарлар қанша уақыт өтсе де мән-маңызын және құндылығын жоймақ емес. Олардың көбісі бүгінде Қазақ теледидарының алтын қорында сақтаулы. «Қазақтелефильмде» Бас директор болып жүргенімде бірнеше деректі фильмнің авторы әрі режиссері болдым. Кезінде «Тағзым», «Түркістан туралы сөз», «Асылдың сынығы», «Қазақтың Қарасай батыры», «Жуалының Бауыржаны», тағы басқа да туындыларым жақсы баға алды.

– 1996 жылы «Қазақтелефильм» компаниясы тарап, көптеген шығармашылық топтар жұмыссыз қалды. Оны сақтап қалуға мүмкіндік болды ма?

– «Қазақтелефильмде» жыл сайын қырыққа жуық деректі фильмдер түсіріліп, онда 500-ден астам адам жұмыс атқаратын. Тәуелсіздігімізді алған алғашқы жылдарда жіберілген солақай саясаттың кесірінен үлкен ұжым тарады да кетті. Кірмеген есігіміз жоқ, басымызды тауға да ұрдық, тасқа да ұрдық. Бірақ, сақтай алмадық. Мұның үстіне сол бір қиын кездерде шығармашылық ұжымға жеті қайнаса да сорпасы қосылмайтын ұр да жық, көлденең көк атты біреу басшы болып келіп, құнына баға жетпейтін телетуындылар ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Соның зардабын бүгін анық сезіп отырмыз. Осыдан біраз жыл бұрын Бауыржан Момышұлы туралы деректі фильм түсірмек болып, төрт минуттық архивтік кадрлар сұрап едік, оңай олжаға батып қалғандар ұялмай-қызармай, бір мың доллар ақша сұрады. Ресейді айтпай-ақ қояйық, сол қиын кезеңдерге қарамастан, көршілес Өзбекстан, Қырғызстан Республикалары деректі фильмдер жасайтын студияларын сақтап қалды. Ал, біздің Үкімет, сол кездегі Мәдениет министрлігі үлкен жігерсіздік танытты.

– 2001 жылы Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы, көрнекті ақын Нұрлан Оразалиннің қолдауымен Халықаралық «Түркі әлемі» телестудиясы құрылды. Осы студияны құрғандағы мақсат не?

– «Дала империяларының» авторы Рене Груссе көшпенділер туралы: «Олардың отырықшы халықтарға ХІІІ ғасыр бойы белгілі ырғақпен және әрқашанда оқтын-оқтын табысты жасаған шабуылдары табиғи, заңды құбылыс. Қоршаған қатал өмірге бейімделген, ақылды, салмақты және құнтты түркілер мен монғолдар билікке жаралған еді. Көшпенділер материалдық мәдениеттің дамуын тежегенімен, олардың қолында әрқашан да күшті әскери билік болды», – дейді.

Бірақ, көшпенділерді тек әскери ретінде қарау олардың тарихын біржақты көрсету болып табылады. Себебі, түркі халықтары заманында материалдық өркениеті дамыған Құшан патшалығы, Еуропадағы Ғұн империясы, Қаңлы және Үйсін мемлекеттері, Мамлюктік Мысыр, Алтын Орда, Ұлы Монғол мемлекеті сияқты 16 ұлы мемлекет құрды және түркілердің жүздеген әулеті соңғы 2000 жылдан астам уақыт бойы адамзат өркениетінің дамуына елеулі үлес қосты. Сонымен қатар түркіден шыққан ұлы ғалымдар, ойшылдар мен ақындар орта ғасырлардағы «Шығыс немесе Мұсылман Ренессансының» негізін қалауға атсалысып, дүниежүзілік сәулет өнеріне, поэзияға және ғылымның дамуына өшпес із қалдырды. Ғалымдар соңғы кездегі зерттеулерінде көне түркілер шумер, вавилон, аккад мемлекеттерін құруға атсалысқан деген пікір айтады. Бұған қоса соңғы үш ғасырдағы ағылшын, француз ғалымдарының зерттеулері Америка құрлығындағы инк, ацтек және мая өркениеттерін құрған үнділер Азиядан барған көне түркілердің ұрпақтары екенін дәлелдеп отыр.

Біздің дәуірдің V ғасырына дейін түркілерде жүзден астам қала болса, тек Алтын Орда тұсында олар салған жүз елудей қаланың сәулет өнері Еуразия құрылығына кеңінен тараған. Түркілер тарихта ең көп қала салған халықтардың қатарына кіреді. Сондықтан, түркілердің тарихынан хабары жоқтар ғана оларды «таза көшпенділер болды» дейді. Түркілер Ұлы Жібек жолы, Ұлы Дала мәдениетінің өркендеуіне, дамуына үлкен үлес қосты. Ұлы Дала мәдениеті туралы жасалатын деректі фильмдердің басты міндеті мен мақсаты – ұлы бабаларымыз жасап кеткен теңдесі жоқ игілікті істерді жан-жақты ашып, шынайы тұрғыда көрсету, ғылыми-танымдық негізде білуге, зерттеуге ұмтылу болып табылады.

– Алдағы уақытта түркі дүниесімен байланыстарыңыз қандай болмақ?

– Дүниежүзінде отызға жуық тегі бір, түбі бір түркітілдес мемлекеттер бар екен. Олар бүгінде 360 миллионнан астам адамды құрайды. Бірақ қилы-қилы замандар болып, бір кездері дүниежүзінің едәуір бөлігін билеп-төстеген алып патшалық ыдырап, тоз-тозы шығып кетті. Әрине, оның себептері көп. Ең бастысы – түркітілдес туысқан халықтар мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан рухани байлықтарының Темірқазығын жоғалтып алды. «Араласпасаң – ағайын жат…» демекші, біздің басты мақсатымыз – түркітілдес халықтардың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, өнерін, тарихын, тарихи тұлғаларын насихаттау. Туысқан халықтардың жоғалтып алған небір інжу-маржандарын тауып, осы мұралар арқылы жақындату, табыстыру болып табылады. Алдағы уақытта біз туысқан өзбек, қырғыз, түрік, түркімен, саха, тағы басқа да түркітілдес мемлекеттердің теледидарларымен хабар алмасуды жоспарлап отырмыз.

– Түркітілдес халықтардың ішінде қазақтардың қолөнері ерекше. Осы баға жетпес інжу-маржанымыз лайықты бағасын алып жүр ме?

– Дұрыс айтасыз, түркі тілдес халықтардың ішінде қазақтардың қолөнерінің шоқтығы өте биік. Бір өкініштісі, сонау көне заманнан бізге жеткен сырға, сақина, білезік сияқты зергерлік бұйымдарды әшекейлік бұйымдар деп қараймыз. Бұл дұрыс емес. Кейде көзімізге елеусіздеу көрінетін сол заттарға шын мәнінде баға жетпейді. Өйткені, бұл інжу-маржандар біздің арғы бабаларымыздың, аталарымыздың, аналарымыздың теңдесі жоқ айшықты өнері. Түсіне, үңіле білген жанға зергерлік бұйымдар ғасырлар қойнауынан тарихымыз болып күмбір-күмбір сыр шертеді. Басқасын айтпай-ақ қояйын, Есік қаласынан табылған Алтын адам өркениеттің ақиқаты мен шындығын ашып, ежелгі түркілердің өнері мен мәдениеті жан-жақты дамыған ел екенін дәлелдеп берді. Осыдан біраз жыл бұрын Венгрияға бардым. Мажарлық туысқандарымыздың ұйымдастыруымен түркітілдес халықтардың ежелгі қолөнерінің халықаралық көрмесі болып, оған дүниежүзінің түкпір-түкпірінен келген өнер зерттеушілері, журналистер қатысты. Көрмеде болғанымда қазақтың қолөнер бұйымдары көзіме оттай басылды. Сонау VIII ғасырда жасалған қаңлылардың арбасын, Керейлердің ер-тұрман әбзелдерін, Дулаттардың жүзік, шолпы, білезіктерін, Қоңыраттардың кілемі мен текеметін көріп, қайрап қалдым. Іштей толқыдым, тебірендім, жүрегімді ерекше бір мақтаныш сезімі кернеп жүре берді. Құндылығына баға жетпейтін асыл заттарды осы күнге дейін сақтап, жеткізген мажарлық достарыма алғысым шексіз еді.

Ата мұраны қастерлеу, құрметтеу деген, міне, осы! «Алтынның қолда барда қадірі жоқ» демекші, бізде бұл жөнінде «әттеген-ай» дейтін жайлар әлі де жетіп артылады. Халқымыздың қолөнерін насихаттайтын арнайы мұражайдың жоқтығы осыны көрсетеді. Экономикалық жағынан бізден артта қалған Қырғыз және Өзбек мемлекеттерінде бұл игі іс бізге қарағанда көш ілгері зерттелген. Көптеген түркітілдес халықтардың арасында көкпар, аударыспақ, қыз қуу, бәйге, қансонар, қымызмұрындық сияқты наз өнерлер мүлде жойылып кеткен. Қазақ халқы қандай қиын-қыстау күндер болса да жоғарыда аталып өткен ұлттық ойындарды сақтап қалды. Тәуелсіздігімізді алып, егемен ел болғалы бері атадан балаға мирас болып қалған ұлттық өнер өркендеп, қанатын кеңге жайды. Жоғарыда аталып өткен наз өнерлер бүгінде түркітілдес халықтарды ғана емес, бүкіл әлемнің көптеген елдерін қатты қызықтырып отыр. Халықаралық «Түркі әлемі» телекомпаниясы осыны ескере отырып, атбегілік, құсбегілік туралы және қыз қуу, көкпар, аударыспақ жөнінде оншақты деректі фильмдер жасап, бұл туындыларды көптеген елдердің көрермендері жылы қабылдады.

– Соңғы кезде туған жерге жиі-жиі ат басын бұрып жүрсіз. Сірә, алға қойған үлкен мақсатыңыз бар-ау?!

– Теңіз деңгейінен 1003 метр биіктікте жатқан Жуалы – қасиетті жер, киелі мекен. Көне деректерге сүйенсек, атақты Мыңбұлақ сонау VІІ ғасырда Батыс түркі қағанатының жазғы ордасы болыпты. Бүгінгі Жуалы, кешегі Мыңбұлақ қазақтың ғана емес, бүкіл көк түріктердің қасиетті жері. Бұл жайында араб, қытай, жапон және батыс ғалымдары мен саяхатшылары көптеген деректі дүниелер қалдырған. Бүкіл түркі әлемінде өзіндік тарихи орны бар Жуалы туралы тарихи-танымдық деректі фильм түсірсем деген арманым бар. Қазіргі таңда болашақ туындыға деректер жинап жүрмін. Өткен жылы Жуалы ауданы 80 жылдық мерей тойын атап өтті. Осы торқалы тойға арнап, «Жұлдызы биік Жуалы» деп аталатын деректі фильм түсіріп, жерлестеріме сыйладым.

– Доқтырхан аға, әдебиетсүйер қауым Сізді белгілі қаламгер, жазушы ретінде де жақсы біледі. «Түбі түскен шелек және сыпыртқы» деп аталатын алғашқы әзіл-сықақ кітабыңызды оқырман жылы қабылдап, лайықты бағасын берді. Соңғы жылдары бұдан басқа да кітаптарыңыз жарық көрді. Енді сол өз шығармашылығыңыз туралы айта кетсеңіз.

– Кинодокументалист, публицист болумен қатар сатира жанрына да қалам тартып келемін. Соңғы жылдары «Сталиннің мүштегі», «Қазақы қалжыңдар» және «Қалила қожаның хикаялары» деп аталатын жинақтарым жарық көріп, кезінде өзінің лайықты бағасын берді. Әсіресе, «Қалила қожаның хикаялары», «О дүниеден келген өкіл» атты туындымның жолы болып, белгілі аудармашы Назымбек Боқаевтың тәржімалауымен орыс тілінде жарық көрді. Осы кітабым мәскеулік қаламгер Андрей Гальцевтің назарына ілігіп, ағылшын тіліне аударылды.

«Өмірдің сегіз сәті» деп аталатын повесть және әңгімелер жинағым жарық көріп, оқырман жылы қабылдады. 2017 жылы «О дүниеден келген өкіл» атты сатиралық кітабым үшін Қазақстан Жазушылар одағының Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты атандым. Соңғы кездері ғылыми-танымдық тақырыптарға да жиі қалам тартып жүрмін. 2010 жылы ХVІІ-ХVІІІ ғасырларда Атырау және Маңғыстау облыстарында өмір сүріп, үлкен ізгіліктің ізін қалдырған, ілім мен білімді, Ислам дінін дамытқан, адамзат бойында сирек кездесетін қасиеттерімен елін, жерін қорғап, бүкіл қазақтың пірі атанған Бекет туралы «Бекет ата жолымен» атты кітабым оқырмандардың қолына тиді. Қазақ теледидарында қызмет атқарып жүргенімде жеті жыл бойы «Бойтұмар» атты этнографиялық-танымдық хабар жүргізіп, қазақтың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, қолөнері, атбегі, құсбегі туралы отызға жуық хабар және деректі фильмдер жасаған екенмін. Әр жылдары жазылған сценарийлерімнің негізінде «Бойтұмар мен ойтұмар» атты тарихи-танымдық туындым жарық көрді. «Төрт құрдас және мен» атты деректі романым жарық көріп, лайықты бағасын алды.

– Алдағы жоспарыңыз қандай?

– Жоспар көп. Ең басты мақсат – түбі бір, тегі бір түркі тілдес туысқан халықтар туралы түсірілген телетуындыларды орыс, испан, түрік, ағылшын тілдеріне аударып, бүкіл әлемге таныту. Сол үшін жарғақ құлағымыз жастыққа тимей жұмыс істеп жүрген жайымыз бар.

– Сөз орайы келгенде бүкіл жуалылықтардың атынан 70 жасқа толған мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіз! Бергеніңізден әлі береріңіз көп, әрқашан да шығармашылық тұғырдан көріне беруіңізге тілектеспіз!

– Айтқаныңыз келсін!

Сұхбаттасқан Еркін ЖАППАСҰЛЫ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *