Евгений НИКОЛАЙҰЛЫ: «КІТАПХАНАШЫЛАР ДИНАСТИЯСЫН» ЖАЛҒАСТЫРУШЫМЫН

Қоғам
691 Views

Бір жолы кітапханаға бас сұққанымда кітапханашы жігітті жолықтырып қалдым. Есімі Евгений, орыс ұлтының өкілі екен. Әдетте кітапханақызметкері орта жастағы апайлар, көбіне-көп қыз-келіншектер болушы еді.Расында, бұл көрініс маған таңсық көрінді, әрі кітапханашылықты қалайтынжастардың бар екені көңіл сүйсінтті… Ал Евгенийдің жұмыс барысында қазақтілінде мүдірмей сөйлеп тұрғанын аңғарғанымда, кенет іркілместен:«Сіздіңкітапханашы болуыңыз кітапқа құмарлығыңыздан ба?» деген сауал қойдым.

— Иә, мен орыс мектебінде оқысам да, қазақтың көркем шығармаларын, орыс әдебиетін ден қойып сусындап өстім. Бәлкім, қазақ тіліндегі оқыған дүниелерім тіл сындыруға көмектескен болар. Өйткені, анам Ирина Тюшевская кітапханашы еді. Бала күнімде сабақтан шығып, анамның жұмысына төте тартатынмын, қасында көмекші де болған кездерім көп. Кітаптың иісін сезініп өстім, кітапқа деген құштарлығым оянды. Кітапты реттеу, жинау, тіркеу, толтыру, түптеу процестері маған сондай қызық көрінді. Ержете келе кітапханашы болуды мақсат еттім.

Бір қызығы Евгенийдің әжесі Надежда Александрқызы Алексеева да Түркістан облысы, Төлеби ауданы, 1 мамыр ауылында 1962 жылдан зейнеткерлікке шығамын дегенше кітапханашы болыпты. Құдды атадан балаға мұра болып жалғасып келе жатқан ата кәсіп секілді. «Кітапханашы боламын» дейтін немересі Евгений айтқан уәдесінде тұрды. Өзі туып-өскен 1 мамыр ауылындағы орта мектепті бітірген соң, 2014 жылы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне кітапханашы-библиограф мамандығы бойынша оқуға түсіп, қызыл дипломмен тәмамдайды. Университеттің озат түлегін көп ұзамай Әл-Фараби атындағы Шымкент қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасына жұмысқа шақырады. Содан бері осында кітапхана процестерін автоматтандыру бөлімінде жұмыс істеп келеді. Кітапханалық бағдарламаларды компьютерде орнатып, қалпына келтірумен және кітапханада сирек кездесетін кітаптар мен басылымдары электронды форматқа көшіру жұмыстарымен айналысады.

«Кітап аяулы досы бола бастаған шақтан былай ғана әрбір жан өзін интеллигент бола бастадым деп санауына болады» депті қазақ жазушыларының шоқтығы биік классигі Мұхтар Әуезов. Кеңестік дәуір тұсында халықтың 80 пайызы кітап оқумен әуестенген, кәрі-жас демей мерзімді басылым газет-журналдарды үзбей оқыған. Қазір жастардың дені іздегенін кітаптан гөрі интернеттен, смартфоннан табатыны рас. Алайда, кітапхана қызметі көпшіліктің назарынан тыс қалды деген сөз емес бұл, сіз тіпті ғаламторда жоқ мағлұматты кітапхана сөрелерінен сөзсіз кездестіретініңіз анық.

Евгений Тюшевский жұмыс істеп жатқан кітапханаға таяуда Әл-Фараби бабамыздың есімі берілді. Әл-Фараби есімін иеленуі тегіннен-тегін емес, кіндік тамыры осында таралған күллі әлемге аты мәлім тарихи тұлғаның туған мекені – оңтүстік өңірі, әрі соңғы үлгіде салынған Шымкент қаласындағы сәулетті жаңа кітапхана ғимараты да бабамыздың атын алуға әбден лайық.

Әлемдегі ең танымал Мысырдағы Александрия кітапханасынан бөлек қазақ жерінде аты аңызға айналған Отырар кітапханасы да даңқтан кенде болмаған. Александрия кітапханасы Юлий Цезарьдің шайқасынан кейін өртеніп кетсе, Отырар Шыңғыс ханның шапқыншылығы тұсында шаһармен бірге күйреп жоқ болғаны тарихтан белгілі емес пе? Өкінішті.

Міне, қазіргі кітапхананың тыныс-тіршілігіне қарап, біздің буынды Отырар кітапханасының ізін жалғастырушы, сол Отырарда туып-өскен Әл-Фараби бабаның құрметіне бүгінгі ұрпақтың ізет көрсетуі деп білеміз. Кітапхана әлі талай ұрпаққа рухани азық, аманат болатыны ақиқат. Өйткені, әлемге әйгілі кітапханаларды жойып, тып-типыл еткенмен ғасырдан ғасырға тарихи оқиғалар, шежірелер, хроникалық даталар, ғұламалар жазбалары қалайда аман қалған кітапханалар арқылы сақталып келген. Біз кітапхана болмаса өткен тарих іздерін тап басып тани алар ма едік, кім екенімізді, қайдан келе жатқанымызды жазбай білер ме едік?!

Евгений Николайұлын да кітапхана ісіне қызықтырған осы кітапқа деген ынтасы еді. Ол тіпті туған бауыры, өзінің ағасы Александр Тюшевскийды да кітапханаға жұмысқа тартқан. Себебі, ағасы Александр да 2017 жылы Евгений оқыған М.Әуезов атындағы университеттің кітапханашылық мамандығына оқуға түсіп, інісі секілді бітіріп шыққан соң Әл-Фараби атындағы Шымкент қалалық ғылыми әмбебап кітапханасына жұмысқа орналасады.

— Мен өзімді «кітапханашылар отбасы династиясының» жалғастырушы ұрпағы сезінемін. Әрі мамандығымды мақтаныш тұтамын, — дейді Евгений әңгіме арасында. – Өмір әлі алда. Әжемдердің уақытында кітап өте аз болған, алайда кітапхана қорын байытып толықтырып отырған. Өзі ізденіп, ауыл жұртын жаппай кітап оқуға баулыды. Надежда әжем ауылдық кітапханада өлкетану әдебиетін насихаттауда озық тәжірибелі мектеп қалыптастырды. Осы еңбегіне орай Құрмет белгісі және Еңбек Ардагері орденімен марапатталған. Анам Ирина Павелқызы 1998 жылдан бері 1 мамыр ауылында әлі күнге дейін кітапханашы болып жұмыс істеп келеді. Биыл жиырма үш жыл болыпты. Өзім тәуелсіздіктің алғашқы жылдары дүние келдім, содан бері еліміздің өсіп-өркендеп дамуына куә болып келемін. Біз егемен елімізбен бірге жетіліп келеміз, жүзден аса ұлт өкілінің бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешуі біздің болашаққа деген сенімімізді ұялатады.

Анасы Ирина — ұлдарына жақсы тәрбие берген. Евгенийді Женя, Александрды Леша деп еркелететін. Женя кішкентайынан өзіне көмекші болды, кітапты көп оқыды, қазір екеуі де аналарының ізбасары. Бұл күнде жастар престижді мамандықтарды игеруге ұмтылады. Сондықтан мектеп бітірген түлектерді кітапханашылыққа сүйреп апармасаңыз, екінің бірі талпына қоймайтыны рас. Ал Иринаның ұлы оқу озаты болды, білімді, мәдениетті, айналасына мейірімді жан болып өсті. Бәлкім, Евгенийдің мұндай қасиеттерді бойына сіңіруіне оның оқыған кітаптары себеп болуы мүмкін. Шығыстың жарық жұлдызы Әлішер Науаидің мына сөздерін еске алайық: «Кітап – ақылына ақы сұрамайтын алтын қазына», — деп бекер айтпаған.

Алтын қазынаның ішінде өскен Евгенийдің бұл күнде арман-мақсаттары көп. Шаңырақ құрып, жар сүйіп, ұрпақ өрбіткісі келеді. Жанындай жақсы көретін мамандығын әрі қарай дамыта отырып, заманға сай білімін жетілдірмек ойы да бар. «Мүмкін, менің де балаларымның ішінен кітапхана ісін жалғастырушы ұрпақ шығар» дейді Евгений күлімсіреп. Мүмкін, бәрі де мүмкін. Бастысы, жақсы ниетте болып, алдымызға айқын мақсат қоя отырып, алға жылжиық. Сол кезде адамзаттың алмайтын қамалы қалмайды.

КІТАПХАНА ТУРАЛЫ ҚЫЗЫҚ ФАКТ

Конгресс кітапханасы – Америка Құрама Штаттарының ұлттық кітапханасы. Кітапхана Вашингтон қаласында үш бірдей ғимаратта орналасқан. Кітаптарының саны жөнінен де, алып жатқан аумағы жағынан да әлемдегі ең үлкен кітапхана саналады. Білесіз бе, мұндағы қызметкерлердің саны – 3000 адамнан асады екен. Кітапханада 437 түрлі тілде жазылған 32 миллионнан аса кітап пен құнды ақпараттар, 61 миллиондай қолжазба бар.

***

Осыдан 1000 жыл бұрын өмір сүрген парсы визирі Абдул Кассим Исмаил қайда барса да әрдайым өзімен бірге жеке кітапханасын алып жүргендіктен даңққа ие болған. Бұл өте қызықты факт, оның кітапханасы 117 000 кітапты қамтып, алфавиттік тәртіппен сұрыпталған кітаптары 400 түйеден тұратын керуенге тиеліп жүрген.

***

Атақты библиоклептоман Стив Блумберг кітапты ұрлауға бейім болған. Ол өзінің «мансабы» үшін әртүрлі елдердің 270 кітапханасынан 23 мыңға жуық таңдаулы шедевр кітаптарды ұрлаған. Топтамасының жалпы бағасы 20 миллион доллардан асады.

Құралай ИСЛАМҚЫЗЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *