Қазіргі таңда елімізде көші-қон саясатына баса мән беріліп жатыр. Мемлекеттің солтүстікбөлігін қазақыландырып, тұрғын санының аздығынан жабылуға шақ тұрғанмекемелердің тіршілігін түзеп, тілдік орта қалыптастыру ниетімен көшіп жатқаназаматтардың қатары көбейіп келеді. Мұндағы әрбір жан еңбегін сауып, кәсібіндөңгелетіп, күнін көруде. Бірі жер құнарлығына қуанып, егін шаруашылығыменайналысса, енді бірі мал басын көбейтіп, ағарғанын сатып, табысын тауып отыр.Газетіміздің бүгінгі кейіпкері көршілес Өзбек мемлекетінің Самарқанд қаласынанелге қоныс аударып келіп, солтүстікке көш керуенін түзеді.
М узаффар Кенжаев талай жылдан бері құрылыс саласында қызмет етіп келеді. Бастапқыда оңтүстік өңірдің Шұбарсу елді-мекеніне тұрақтаған ол «Оңтүстіктен-солтүстікке» бағдарламасы жайлы естіп, мемлекеттің берген мүмкіндіктеріне ерекше қуанады. Себебі, күнгейде жұмыс орны тапшы, тұрғын үйлер тығыз орналасқан, күнкөріс жағы қиындау. Осы мәселелерді ескерген Музаффар құжаттарын түгендеп, Павлодар облысының Евгеньевка ауылына 2019 жылы көшіп келеді. Әр адам басына мемлекеттен көмек ретінде бөлінген 97000 теңге көлемінде қаражат алып, күні-түні егін егіп, мал шаруашылығымен айналысып, жүк тасып, жеке үйлеріне қол жеткізеді. Кейіпкеріміз талай сынаққа тап болып, еңбекқорлығының арқасында жанұясымен жұдырықтай жұмылып, бар қиындықты артта қалдырды.
– Мемлекет бар жағдайды жасап жатыр. Бұл қарапайым халық үшін үлкен мүмкіндік деп ойлаймын. Қоныс аударып келген жылы жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері арнайы жұмыс ұсынып, үй әпермек болды. Алайда, мен баспананы өз күшіммен алуды қаладым. Шаруашылық саласында біраз жыл бойы тәжірибе жинақтағандықтан болар, бұл жұмыс маған кедергісін келтірмеді. Екі қолға бір күрек әр уақытта да табылады ғой. Бүгінде елді-мекендегі 300 жұмысшыны табысқа кенелтіп отырған ірі шаруа орталығында қызмет етіп жатырмын. Айлық ақысы да жақсы. Егер жақсы нәтиже көрсетіп жатсақ, қосымша ақша ұсынады. Шаруа қожалығы қыс мезгілінде үйімізге тегін көмір мен жылу отынын тасып беріп отырады. Жұмысшыларға бар мүмкіндік қарастырылған. Солтүстікке келуді қалап, бірақ қорқыныш бойын билеп жүрген жандарды көш түзеуге шақырамын, – дейді ол.
Музаффар қоныс тепкен ауылында бар жағдайдың қамтылғанын айтады. Жылу жүйесі, таза су, жөнделген жол тұрғындардың көңілінен шығады. Ауылда қазақ сыныптары да көбейіп келеді. Солтүстіктегі халық жер жыртып, шаруашылықпен айналысып, бау-бақша егіп, тіршілік кешіп жатыр.
– Үш ұлым бар. Жұбайым мұғалім мамандығында білім алған. Қазіргі таңда «Бизнес бастау» бағдарламасына өтініш беріп, мал басын көбейтіп, сүт-айран сатпақпыз. Жер алу да ойда бар. Үш айлық курстан өтуге мемлекет көмек көрсетуде. Бизнес жоспарымызды қорғап, көздеген мақсатымызды жүзеге асырғымыз келеді.
Көптеген адамдар жұмысы мен білімін, теріскейдің менталитетін тілге тиек етіп жатады. Бірақ, біз ойлағандай қорқынышты мекен емес. Халқы да жайдары, ауа райы қоңыр салқын, жоғарыдан көмек сұрап барсаң – бетіңді қайтармайды. Қолдан келгенше көмек көрсетіп, баспана мен жұмыс орнын ұсынады. Меніңше, жұмыр басты пендеге бұл мүмкіндіктерден асқан бақыт жоқ. Тек әрекет етіп, ізденісті жалғастырып, мақсат қойса, бұл дүниеде алынбайтын қамал жоқ, – дейді Музаффар.
Иә, бәсекелес заманда білім алумен қатар, елімізді қазақыландыруға үлес қосу қажет. Себебі, шекарамызды күзетіп, үлкен даулардың алдын алатын қандастарымыз теріскейде орын тепсе, уайымымыз жеңілдеп, көңіліміз бір шарықтайтын еді.