ЕКІ КИЛӘ АЛМА ЖӘНЕ «СНИКЕРС»

Әдебиет
540 Views

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың иегері Доқтырхан Тұрлыбектің әңгімелері біздің басылымда бұрын-соңды да жарық көріп, оқырман көзайымына айналған еді. Ал бүгінжариялағалы отырған әңгімелер жинағы сәтті юморға, өмірдің шынайы оқиғаларына құрылған. Автор оқиға желісінде қоғамның өзекті тақырыбын кейіпкерлерінің аузымен қозғап, шиеленісті тұстарын тартымды етіп баяндайды. Қаламгердің әлісиясы кеуіп үлгермеген су жаңа туындысы көпшілікке бұл жолы да оқылықты болады ойлаймыз.

ДАЙРАБАЙДЫҢ «КӨКЕСІ»

Дайрабай мен Құрмаш түйдей құрдас, екеуі де атақты Шалқардың «жүгермектері», бір-біріне әзіл-қалжың айтпаса бастары қышып тұрады. Алыстағы Ақтауда үлкен бір мекемені басқарып дүрілдеп тұрған Таймас та Дайрабай мен Құрмаштың кластасы, «қағынып» бірге өскен достарының бірі. Оны қағынған деуімнің өзіндік себебі бар, Дайрабай мен Құрмаш та «сау сиырдың боғы емес» өйткені, үшеуі де кезінде өзімен-өзі болып, зуылдап кетіп бара жатқан жолаушылар пойызын таспен атқылайтын, дегендеріне көнбеген өзі қатарлас құрбы-құрдастарын сабап кететін, қыз біткенге қырғидай тиісетін үш ноян болғанын қатарластары осы күнге дейін ауыздарының суы құрып айтып отырады. Бала кездерінде сотқар, бұзық болғандарын үш құрдастың өздері де мойындайды.

Дайрабайдың жер түбіндегі Жамбыл облысында ысқырығы жер жарған бастық ретінде он бес жылдай қызмет атқарып, туған жеріне жақында ғана оралған кезі. Жамбылдықтардың тілі майда, өзінен үлкен адамды «көке, көке» деп алдарынан қия өтпей зыр жүгіреді. Ал, бастық болсаң, тіпті рахат, алақандарына салады, жылы-жұмсақтарын аузыңа тосады.

Он бес жыл білдей бастық болып, сый-құрметке әбден үйреніп қалған, бүкіл болмысы «южандық» болып кеткен Дайрекең өзінің кіндік қаны тамған елін өгейсіп, кәдімгідей үйрене алмай жүреді.

Өстіп көңілі құлазып, жалғызсырап жүргенде Ақтөбеде әжептәуір қызмет атқаратын құрдасы Құрмаш қаңғалақтап келе қалады. Жайшылықта бала кезінен тай-құлындай тебісіп өскен досының бойынан мін атаулы іздемейтін Дайрабай осы жолы оған сын көзбен қарап, басын еріксіз шайқай береді. Білдей бастық болса да Құрмаштың бала кезіндегі мінезі қалмаған, қарсы келіп қалған бөтен біреуді сыйлау деген жоқ, иығымен қаға-маға өте шығады. Бірдеме ұнамай қалса, шалқарша шешесінен келістіріп бір-ақ боқтайтыны бар.

– Құрмаш, кейде саған қарап тұрып, ұяттан жерге кіріп кете жаздаймын. Бір мекемені ұршықтай иіріп, білдей басшы болып жүрсең де, мәдениет атаулыдан жұрдайсың, екі сөзіңнің бірі боқтық. Үлкенді сыйлауды білмейсің. Әй, достым-ай, саған не дейін. Қайран жамбылдық жігіттер-ай, шетінен сырбаз, мәдениетті, бәрі «көке, көке» деп жаны қалмай тұрады. Саған айт, айтпа, бәрібір, анау кәукиген басыңда тауықтың миындай ми жоқ.

– Он бес жылдың ішінде нағыз жамбылдық болып кетіпсің ғой, – деді Құрмаш досына таңырқай қарап. – Білеміз ғой, шымкенттіктер мен жамбылдықтарды, шешесінен боқтағанда олардың жанында біз жіп есе алмай қаламыз.

– Иә, олардың да ауыздары бар, боқтауын боқтайды, бірақ, сен сияқты жөн-жосықсыз «шешең, шешең» деп қоқаңдай бермейді. Үлкен ағалары бірдеңені бүлдіріп қойған інілерін шешесінен бір боқтап, екі аяғын бір етікке тығып жатса да, алдарында «Көке, көке» деп зыр жүгіреді. Сені өзіңнен үлкен біреу боқтап көрсінші, жағасынан ала кетесің. Қайран жамбылдықтар-ай! Оларға жету бізге қайда?! – деп Дайрабай қолын бір-ақ сілтеді.

– Жаңылдым, жазылдым, – деді Құрмаш қолын көтеріп – бұдан былай боқтасам аузым қисайып кетсін, сені қазірден бастап, көке деймін, иіліп жастық боламын, жайылып төсек боламын. Айтқаныңды екі етсем, мына көзім шығып кетсін, құлағым керең болып қалсын.

– Олай болса мені тыңда, – деді Дайрабай маңғазданып – қызметіңнен үш-төрт күнге сұран, Ақтауға, Таймас досымызға барып қайту керек болып тұр.

– Жайшылық па? – деді Құрмаш елең етіп, – ол қу шешек тағы не бүлдіріп жүр?

– Жайшылық болса сені мазалап нем бар, 40-тан асқанда қыздай алған қатынын тастаймын деп қағынып, ылаң жасап жатыр ол ит!..

Таң атпай кішкентайдан бірге өскен Таймастай досын жақсылап тұрып бір боқтағысы келген, бірақ жаңа ғана берген уәдесі есіне түсіп, тілін тістей қойды.

– Иә, өзі пілдей болса да, ақылы тілдей болмай тұр. Екеуміз барып, Таймасты біраз миландырып келмесек болатын емес. Әйтпесе, кейін бармадық, алдынан өтпедік деп өкініп жүреміз. Аталарымыз «Жау кеткен соң қылышыңды боққа шап» деп бекер айтпаған, – деді Дайрабай.

– Құп болады, көке, айтқаныңа көнеміз, айдағаныңа жүреміз. Бүгіннен бастап, көкем боласың. Екі құрдас сол күні Ақтауға баратын пойызға билет алып, Маңғышлақ түбегі қайдасың деп тартып кетті. Бір купедегі көршілері кеуделері жүн-жүн екі осетин жігіті болып шықты. Құрмаш купеге кірмей жатып, көкелеп Дайрабайдың алдында зыр жүгірді. Досының қолындағы жол сумкасын алып, оны ашып, «көкесінің» жеңіл аяқ киімін алып, аяғына кигізді. Жолсерік берген жайылманы да тоңқаңдап жүріп ретке келтірді. Пойыз орнынан қозғалғанда «Көке, ыстық шай ішесіз бе?» деп купеден асығыс шыға берді. Көп ұзамай-ақ, ыстық буы бұрқыраған қызыл күрең шай әкеліп, дастарханды жайнатып тастады.

– Көке, шай ішіңіз, тағамнан алып отырыңыз! – деп әлгі екі осетиннің көзінше басын иіп, қолын кеудесіне қойып досына ізет жасап жатыр.

– Көке, шай ішіп болсаңыз, жатып, аяғыңызды көсілтіп, біраз дем алып алыңыз. Мен сіз оқитын газет-журнал әкеле қояйын, – деп Құрмаш лып етіп, купеден шыға берді.

– Мына жігіт кім? – деді шалғы мұртты осетин Дайрабайға қарап.

– Көмекшім.

– Асты-үстіңізге түсіп, ұстараның жүзіндей лыпылдап тұр. Көмекшіңіз мықты, сіздің жағдайыңыз жақсы екен.

Көмекшің полицияның полковнигі болса, сенің де жағдайың жақсы болады, – деді Дайрабай жайбарақат.

– Түсіндім, аға! Үні қақсап тұрған радиодай өше қалған осетин екінші қатардағы орнына жылдам көтеріліп, бүк түсіп жата қалды.

«Көмекшісінің өзі білдей полковник, мынау ысқырығы жер жарған бір дөкей ғой шамасы» деп ойлаған болулары керек, кавказдық ағайындар Ақтауға жеткенше дауыстары шықпай, аяқтарының ұшымен жүрді.

Екі дос осылайша Ақтауға аман-есен жетіп, пәленше жыл отасқан қатынын тастаймын деп, бүлік шығарып жүрген Таймасқа ақыл айтып отырды.

– Әй, Таймас мырза, – деді Құрмаш – орта жастан асқанда сені қай шайтан түртіп жүр, а? Көп құтырып, қағынба, қайта-қайта қатын алу саған көкпардың додасы емес. Білдің бе?

– Анау кәуектей басыңда мидан гөрі су көп болып шықты, – деді Дайрабай әңгімеге араласып. – Мешкей деген жақсы ат емес, әлі де ойлан. Еркек десе бәрімізге тиеді. Мына Құрмаш екеуміздің де оңып тұрған мұрнымыз жоқ. Бірақ, тана көзін сүзсе де, бұқа болып жібімізді үзбейміз. Сен, давай, жас тоқал аламын дегеніңді қой. Өзің білесің, Құрмаштың асып бара жатқан ақылы шамалы, бірақ, бұл жолы дұрыс айтып отыр. Түсінікті ме, Ромео?

– Түсінікті. Жайшылықта бетіне ешкімді қарата қоймайтын Таймас екілік алып қалған оқушы баладай кінәлі көзбен төмен қарай берді.

Осымен алыстан ат шаршатып келген екі достың ақыл айтуы аяқталып, дастархан жайылып, ақаң құйылған айғыр стакандар соғысу басталып кетті. Бір-бірін көптен көрмеген үш құрдас түннің біраз уақытына дейін сілтеп, ертесіне Дайрабай кеш оянды. Басы ауырып, мазасы болмай мең-зең болып отырғанда, Құрмаш бөлме ішіне біреу қуып келе жатқандай ентелеп жүгіре кірді.

– Дайрабай, керіліп-созылып әлі отырсың ба? Тұрсаңшы тезірек, не, мұнда ұйықтау үшін келдің бе? Таймас екеуміздің басымыз шытынап барады, енді сәл болмаса өліп қалатын түріміз бар. Тұр, керіліп-созылмай. Жүз грамм ішейік. Кешеге дейін «Көке, көке» деп сызылып, зыр жүгірген Құрмаш түйеден түскендей дүңк еткізіп, дүрсе қоя берді.

– Әй, Құрмаш! Ауылдан шығардағы уәдең қайда? Еш болмаса Шалқарға барғанша көке дей тұрсаң нең кетер еді? Әлде ішің кеуіп кете ме? Мына сөзің маған жүдә қатты тиіп тұр, – деп Дайрабай орнынан сүйретіліп тұра берді. – Саған айт не, айтпа не, құйрығыңа зығырдың майын қайнатып тұрып құйсаң да, адам болмайсың. Мәдениет қайда, он бес жыл шалғайда жүрген досыңа деген ізеттік қайда? Қайран жамбылдық достарым-ай! Сендерге кім жеткен! Өздеріңмен талай-талай таң атқанша сілтеген кездер болды емес пе! Ертесіне бәрің «Көке! Көке!» деп жабылып жүріп басымды жазып, адам қатарына қосып жіберуші едіңдер. Сендерді сағындым ғой.

Сөйтіп Құрмаштың екі тәулік бойы көкелеп, құрдасының асты-үстіне түскені жайына қалып, бұрынғы таз қалпына түсті. Дегенмен, екі құрдастың бұл сапары зая кеткен жоқ. Жас тоқал аламын деп бүлініп жүрген Таймас райынан қайтып, әйелін тастамайтын болды. Бұған да құдайға шүкір!

ЖИЫРМА БЕСІНШІ ЩЕТКА

Әлеуметтік-қамсыздандыру мекемесінде бірге қызмет атқаратын Серік атты досым қыз қызығарлықтай жігіт: бойы екі метрге жуық ұзын, жауырыны қақпақтай, жұдырығы тоқпақтай, бүркіт тұмсық, нағыз қыран көздің өзі. Сырт қараған көзге сұсты болып көрінгенмен, жаны нәзік, жүрегі жұмсақ, білдей бөлім бастығы болса да, кейбіреулер құсап шіренуді білмейді, кішіпейіл, үлкен-кіші демей, қалбалақтап жаны қалмайды. Жұмыс десе, ішкен асын жерге тастап жүре береді, опырып тастайды. Әріптесіміздің осы қасиеттері үшін бәріміз де жақсы көреміз, бастықтарымыздың да оған деген көздері түзу. Мекемеде небір сұлу-сылқым қыз-келіншектер де жетерліктей. Байқаймын, олардың көбісі біздің Сәкең десе, ары кет емес, шетінен қылмыңдап тұрады. Мейлінше аңқау, мейлінше адал досым сыртынан ұнатып, ғашық болып жүрген бойжеткендерге жігіт сияқты емес, туған ағаларындай қарайды. Оның ұғымы бойынша, бірге қызмет атқаратын қыз-келіншектерге қырындауға болмайды. Былайша айтқанда қызмет романына қарсы адам.

Бойды да, ойды да аямай берген Жаратқан иеміздің Серік досыма тіл жағынан сараңдық жасап қойғаны өкінішті-ақ. Оның үстіне, досым барып тұрған ұялшақ. Жұмысына шегедей ұқыпты болып келетін әріптесімнің бір қызығы: үсті-басына онша мән бере бермейді. Серік үшін шалбарын бір апта бойы үтіктемей жүре беру түк те емес. Ал, оған біреу-міреу ұнап қалса, екі күнде бір костюм ауыстырып, үстіне ақ көйлек киіп, галстук тағып, шашын сәндеп қидырып, жұтынып шыға келеді. Дәл осылай жүрісі мен тұрысы көп болса бір аптаға созылып, сонан соң қайтадан баяғы қаз-қалпына түседі. Осыған қарағанда лап етіп жанған махаббаты сәтсіз аяқталатын болу керек, ал, ол жайында сұрасаң, тіс жармайды.

Күндегі әдетіміз бойынша екеуміз ұзынды-қысқалы болып, түскі тамаққа бірге барамыз. Бүгін досымның кабинетіне кірсем, қыз айттыратындай сылқиып киініп, қол сағатына қайта-қайта қарағыштап отыр екен.

– Дәркеш, – деді Серік орнынан тұрып жатып, – түскі тамаққа өзің бара бер. Менің бір шұғыл шаруам болып тұрғаны. Екеуміз бөлмеден бірге шыққанмен, екі жаққа бет алдық. Ертесіне де, дәл түскі тамақтың алдында Серіктің алдынан аяқ асты тағы бір шұғыл жұмыс шыға келді. Осыдан үш күн бұрынғы бұтына джинсы шалбарын, үстіне футболка киген досым жоқ, шырт болып киініп алған, бүгін де костюм ауыстырыпты. Сәкең менен осылайша бақандай бір айға жуық қашып жүрді. Жиырма төртінші күні түскі тамаққа он бес минут қалғанда досым менің кабинетіме бас сұқты.

– Дәркеш, өзің жақсы білесің, сомадай жігіт болсам да апам мені осы күнге дейін аузының сүті кетпеген жас баладай көреді. Алматыда аштан өліп қалады деп ойлайтын болу керек, тағы да біраз ет, май, күріш беріп жіберіпті. Әрбір бағанаға тоқтай беретін Қызылорданың пойызы бүгін сағат екіде келеді. Теміржол вокзалына өзім барайын десем, шұғыл бір жұмыстың шығып тұрғаны. Сенің көлігің бар ғой, апамның жолсеріктен беріп жіберген сәлемдемесін ала салшы. Серік менің жауабымды күтпестен жатақханадағы бөлмесінің кілтін алдыма тастай салды.

– Күрішті болконға қой, ет пен майды тоңазытқышқа саларсың, айтпақшы, ұмытып барады екенмін, 6-шы вагон. Жолсеріктің аты да Серік. Пойыз сағат екіде келеді, кешігіп қалма!

Досым кабинетке қалай тез кірсе, солай тез шығып кетті. Қожанасыр досыма басымды бір шайқап, вокзалға жинала бастадым.

Серіктің апасы беріп жіберген заттарды орын-орнына қойып, қолымды жумақшы болып ваннаның ішіне кірдім. Сабынның жанында қатар-қатар самсап тұрған тіс тазалайтын щеткаларға көзім еріксіз түсті, бәрі де судай жап-жаңа, ашылмаған күйі тұр. Жалықпай санап шықтым, тұп-тура 24 дана.

– Бұл досым бұрын сирек кездесетін кітап жинауға әуес еді, енді тіс щеткасын жинауға көшкен бе? – дедім таңырқап.

Әлгі жұмбақ 24 тіс тазалағыш щеткаға қарап тұрып, Серіктің менен осыншама күн әртүрлі сылтау айтып қашып жүргені есіме сап етіп түсе кетті. «Мұнда бір үлкен гәп бар, – дедім кәнігі тергеуші сияқты өз-өзімнен сөйлесіп. – Ертең міндетті түрде тексерген жөн».

Ертесіне түскі үзіліс жақындағанда Сәкең тағы бір сылтау айтып, көшеге бет алды. Мен де оның соңынан байқатпай еріп отырдым. Біздің мекемеге қарама-қарсы шолақ көшеде мыңға жуық майда-шүйде зат сататын дүкен бар, Серік сонда бұрылды. Мен де дүкеннің ішіне кірдім. Ұзын-тұра досым екі езуі екі құлағына жетіп, әлденеге мәз болып, сатушы қыздармен бас изесіп амандасыпты. Сонан соң дүкеннің бір бұрышында тұрған, қан сонарда бұлаңдаған түлкідей сұлу бикешке бет алып, «Сәлеметсіз бе, қарындас» деп сәлем берді.

– Сәлеметсіз бе, аға? Тағы да тіс щеткасын алуға келдіңіз бе? – деді сатушы қыз құрбыларына көзін қысып.

Досым екі көзі жыпылықтап, ыржиып күліп, басын шұлғи берді.

Ромео досым менің дүкенге қалай кіріп, қалай шығып кеткенімді аңғарған жоқ. Ғашықтық дерт тұла бойын өртеп, басын тауға да, тасқа да ұрып жүрген әріптесімді дәл шыға берісте қарсы алдым.

– Ой, Дәркеш, сенбісің, мұнда қайдан жүрсің? – деді Серік екі көзі алақтап.

– Бүгінгі сатып алған жиырма бесінші тіс щеткаңмен құттықтайын деп арнайы келдім, – дедім досыма.

– Рахмет, рахмет!

Үлкен ұрлығының дәл үстінен түскендей, досым қолындағы тіс щеткасын қайда тығарын білмей, қатты сасқалақтады.

Сәкең ертесіне қайтадан бұрынғы таз қалпына түсіп, менімен бірге көшкен көштей шұбатылған түскі астың кезегінде тұрып жатты.

(Жалғасы бар).

Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *