«ЕЛОРДА ШЕЖІРЕСІ»: ҚОС БАСЫЛЫМНЫҢ 35 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙЛІ МЕРЕКЕСІ

Мерей Қоғам
18 Views

Астана қаласының төрінде орналасқан Бейбітшілік және келісім сарайында ел руханияты мен ақпарат кеңістігінде өзіндік орны бар «Astana Aqshamy» және «Вечерняя Астана» газеттерінің 35 жылдық мерейтойына арналған «Елорда шежіресі» атты тағылымды кеш өтті. Шара елорда өмірінің айнасына айналған қос басылымның тарихына тағзым етуден басталды. Алдымен зал фойесінде ұйымдастырылған фотокөрмеде «Astana Aqshamy» мен «Вечерняя Астана» газеттерінің әр жылдардағы ерекше сәттері, ұжым мүшелерінің естен кетпес еңбегі мен қалам ізі бейнеленді. Көрмені тамашалаған қонақтар басылымның өткені мен бүгінін зерделеп, қалалық газеттің қалыптасу жолына тағы бір мәрте үңілді.

Одан соң сахна шымылдығы түріліп, мерекелік концерт жалғасын тапты. Кешке еліміздің танымал қаламгерлері мен журналистері, баспасөз ардагерлері, сондай-ақ оқырман қауым мен зиялы қауым өкілдері жиналды.
Салтанатты жиында ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин, Президенттің көмекшісі – Баспасөз хатшысы Руслан Желдібай, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева және Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің арнайы құттықтау хаты оқылды.
Газет тарихына көз жүгіртсек, оның алғашқы саны 1990 жылы 13 қазанда жарық көрген. Аймақтағы алғашқы қазақ тілді басылымдардың бірі «Ақмола ақиқаты» кейін «Ақмола ақшамы», ал 1998 жылдан бері республикалық қоғамдық-саяси мәртебеге ие «Астана ақшамы» деген атпен оқырман назарына ұсынылып келеді.
Кеш барысында «Тәрбие» сән үйінің шеберлері шапандар шеруін ұсынып, ұлттық нақыштағы сән көрсетілімін өткізді. Ал мерекелік концертте Қайрат Баекенов, Құрмаш Махан, Өзгеріс Шерікбай, Маржан Арапбаева, Айгүл Қосан, Гүлсім Мырзабек, Рухия Байдүкенова сынды өнер майталмандары және «Қорқыт» этно-фольклорлық ансамблі, «Жастар театрының» артистері, «Айналайын» балалар хоры өнер көрсетті.

Асемай РИНАТҚЫЗЫ,
ЕҰУ журналистика және әлеуметтік
ғылымдар факультетінің студенті

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *