«ЕЛІМ-АЙ» ДАСТАНЫ

Руханият Тарих
520 Views

ӨТКЕН КЕЗЕҢ

(Ақтабан шұбырындының алдындағы оқиғалар)

(Жалғасы. Басы өткен санда).

Атыма көптен қанық Қазақ, Ноғай,

Есімім – Қожаберген, әкем – Толыбай.

Бөгенбайдан бұрынғы ордабасы ем,

Үш жүзде сардар болған қалың қолға-ай.

Қалмақтың қамалдарын бұзған талай,

Әз Тәуке тұсындағы қолбасы едім.

Кейінгі ақындарға нұсқа айтқан,

Қазақтың аға жырау жорғасы едім.

Серілікпен жаста шарладым,

Қазан мен Кемер1 арасын.

Ата жаудан қорғадық,

Мұсылманның баласын.

Жасымда жасап сан жорық,

Байкөлден аса мен бардым.

Сол жақтан қалмақ келгенін,

Жаста болсам аңғардым.

Ордабасы боп жүріп,

Көп ел мен жерді таныдым.

Тастарына таулардың,

Найзамның ұшын жаныдым.

Шығыстың елін еске алып,

Уайымды бойдан серпейін.

Ішке бәрін сақтамай,

Азырақ сыр шертейін.

Жау қалмақтан қайтарып,

Әкеп беріп малдарын.

Тілмаш тауып сөйлеттім,

Шор, Тұба, Саха шалдарын.

Жатқызады олар өздерін,

Татардың ескі жұртына.

Алаш тауын біз көрдік,

Алтайдың шығыс сыртында.

Бабалардың дәуірі,

Бөленген талай кезеңге.

Өтеді екен сол тұстан

Алаш деген өзен де.

Жағасына қосын қондырып,

Өзеннен атты суардық.

Бабамыз Алаш жері деп,

Аралап тауын қуандық.

Кездестірдік сол жерде,

Татардың руы – Сағайды.

Өздеріне байғұстар,

Бізді де туыс санайды.

Ауылдарын аралап,

Жөн сұрасаң Сағайдан.

Қалмақтармен соғысып,

Қанына әбден қарайған.

Көп соғысып жоңғармен,

Азайса да сандары.

Біздерді көріп қуанып,

Атқандай болды таңдары.

Дінін, тілін, салтын да,

Жоймақ болып қалмақтар.

Татардың Сағай еліне,

Қиын бопты жан сақтар.

Қорлығынан қалмақтың,

Тап болса да тұрмыс ауыры.

Мұсылмандығын сақтаған,

Сағайдың аз қауымы.

Пана тұтып біздерді,

Көшті Сағай Том жаққа.

Біз сияқты олар да,

Сиынды Алла, аруаққа.

Бөлініп қалған Сағайлар,

Ұзақ жыл Татар тобынан.

Табысып туған халқымен,

Айы туған оңынған.

Ұста қыстақ2 өңіріне,

Сағайлар келіп орнықты.

Ұмыта алмас тірілікте,

Қалмақтан көрген қорлықты.

Ұста қыстақ, Кемердің,

Арасын Меркіт мекендеп.

Жақын тартты Сағайды,

Туысқан тайпа екен деп.

Көк көз, сары Меркіт те

Татардың бір бұтағы.

Қалмақ шапқан кезінде,

Шаруасы оңбай жұтады.

Оңғұт пенен Боржіген,

Татардың еді руы.

Көрінді анық олардың

Сағайға іш бұруы.

Меркіт, Сағай, Оңғұттар,

Табысып қайта бірлесті.

Ел, жерін қорғап халхидан3,

Табан тіреп күресті.

Ағайын етті Сағайлар,

Барабы, Барын, Ескерді.

Қазақ пен Татар бірігіп,

Ойратты жеңіп еңсерді.

Рулы ел боп Сағайлар,

Отыз бес жылда ес жиды.

Келіп-кетіп саудамен,

Қазақтан көрді көп сыйды.

Тыңайған аз ел Сағайға,

Жаулар қалды жақындап.

Соқтықпай алыс жүрсе де,

Қоймады ақыр тақымдап.

Міне, сол момын Сағайды,

Тағы да қалмақ жем қылды.

Тартып алып қонысын

Күнкөрістен кем қылды.

Шабуыл жасап Торғауыт,

Боржігендерді талады.

Қанға бояп жерлерін,

Мал-мүлкін тартып алады.

Атқылады жау мылтықпен,

Татардың жұрты – Оңғұтты4.

Шабуылдары қалмақтың,

Мұсылмандарды қорқытты.

Шапты тағы Жоңғарлар,

Татардың елі – Меркітті.

Жер-суынан айырып,

Байғұстарды үркітті.

Қалмақ жаулап алыпты,

Қытайдың жұрты Солонды.

Ел шапқанға қуанды,

Болғандай бір жолы оңды.

Шығыстан кәпір қалмақ бас салғанда,

Оларда да болмады оқ пен дәрі.

Осы аталған елдерді жаудан қорғап,

Тер төккен қазағымның батырлары.

* * *

Сұмырай халдан Бошох дүниеден өтіп,

Ұлдары орнын басар қалды жетіп.

Күшігі Сыбан Рабтан таққа отырды,

Қалмаққа хонтайжы боп билік етіп.

Туысы халдан Бошохтың малғұн Сеңге,

Санады көрші елдерді ылғи кемге.

Аңсары күннен-күнге ауа берді,

Басып ап басқа жерді мекендеуге.

Халдан Бошохтың інісі – Сыбан Рабтан,

Көрші елді жауламақ боп көз алартқан.

Бұйратты5, Халхиды да қосып алып,

Татардың Барабысын келіп шапқан.

Татардың бір тайпа елі, аты – Барын,

Олардың қалмақ алды ат пен нарын.

Жер-суын Жоңғар басып қалғаннан соң,

Болды ғой байғұстарға дүние тарын.

Барынның жерін қалмақ бұрын алған,

Терістік шығыс Алтайға ойран салған.

Айырылып Алтайдағы қонысынан,

Барындар Түмен жаққа ауып барған.

Сыбан Рабтан бастаған кәпір қалмақ,

Ескер мен Құралашты қатты шапқан.

Барын мен Барабыны тағы тонап,

Жылатып мұсылманды олжа тапқан.

Сұңқар мен Қарабашты Ойрат шапты,

Татардың бірталайы қаза тапты.

Қалғаны бас сауғалап, жылап-еңіреп,

Жалма-жан қазақ жаққа көше қашты.

Баранның Алтайда тек есімі қалды,

Түменде Керейлерге паналады.

Қалмақтар Қарқабатқа6 жеткен кезде,

Татарлар Орта жүзді сағалады.

Көңілі халхи, жоңғар судай тасты,

Сібірдің татарларын бірден басты.

Қазақтан көмек сұрап Құралаш, Ескер,

Шошынып дәу мылтықтан қатты састы.

Дұшпандар биылғы жыл өте сұсты,

Татарға апат келіп, қайғы түсті.

Керейге паналауға көшкен Ескер,

Тап болып жау оғына зәресі ұшты.

Татарлар Керейлерге паналаған,

Ел көріп Орта жүзді жағалаған.

Қазақтар қамқорына алғаннан соң,

Жартысы Барабы, Ескер аман қалған.

Шабылып жау қалмаққа болып қолды,

Сібірдің татарлары быт-шыт болды.

Мұсылман баласына босқа өшігіп,

Сыбан Рабтан ит шықты қанды жолды.

Қарабаш, Құралаш пен Барабы, Ескер,

Сібірді мекендеген татар жұрты.

Атысар күшті мылтық болмаған соң,

Соққы жеп кетті олардың жаман сұрқы.

Бір жағынан төндіріп Естек қауіп,

«Жылқымды алдыңдар» – деп, жала жауып.

Көрші елдің айтағына ерген башқұрт,

Татардың Сұңқар елін кетті шауып.

Сібір татары Ресейге қараса да,

Ол елдің ісін орыс жөн көрмеді.

Жоңғарлар татарларды шапқан кезде,

Ресей қалмақтарға қой демеді.

Жердің елсіз қалғанын хош көрді орыс,

Оларға қажет болды иесіз қоныс.

Қоластындағы татарға көмектеспей,

Ресей қыр көрсетті тіпті жолсыз.

Жау қалмақ оған дейін көп жерді алған,

Хас пен Саха жұртына ойран салған.

Қырғыздың Енесайда қалғандарын,

Жоңғардың жыртқыш қолы7 жаулап алған.

Ойраттар Алтай жағын басып алды,

Аямай тұрғын жұртты ойрандады.

Қырғыздың Шор, Тұбадай әлсіз елін,

Доп атып дәу мылтықтан қырып салды.

Береке Шор, Тұбадан қашып қалды,

Мылтықтан қорқып қырғыз жасып қалды.

Табиғы8 болған елден ғаскер жинап,

Соғысты созуға жау даярланды.

Шор, тұбаны кей шежіреші татар дейді,

Бірге өскен хас, сахамен қатар дейді.

Шыңғыс хан көшкен кезде ермей қалған,

Қырғызға содан бастап жатады дейді.

Сыбан Рабтанның баласы Халдан Серен,

Жазықсыз Түрік жұртын9 қыра берген.

Доп атып дәу мылтықтан үсті-үстіне,

Жылатып мұсылманды қуа берген.

Аузынан көршілердің асын жырып,

Себепсіз көп елдердің қанын төгіп.

Байыған тонауменен қалмақ сұмырай,

Қасқырдай тояттанды майға бөгіп.

Жоңғарға дүнген, сібе дихан болып,

Шор, Тұба, Саха мен Хас10 малшы болып.

Шаруасын тәуелді елдер атқарған соң,

Жауыздар дәулеттенді, бақыт қонып.

Алтын, күміс, мал беріп аямай-ақ,

Орыстар мен Қытайдан білгір жалдап.

Сыбан Рабтан ден қойып өнерпазға,

Ғаскерін үйреттірді он жыл қамдап.

Қамданса да соғыстан тыйылмады,

Құдайға кәпір қалмақ сыйынбады.

Жартысын жасағының аттандырып,

Көршісін жерден қуып сыйғызбады.

Дариға-ай, қалмаққа өнер қайдан келсін,

Тетігін дәу мылтықтың қайдан білсін?

Он жылғы мол жабдықпен келіп шапты,

Дегендей қайратымды қазақ көрсін!

Өнерді надан қалмақ меңгерген жоқ,

Дәу мылтық жасауды олар үйренген жоқ.

Көрші екі ел11 мылтық беріп айдап салды,

Әйтпесе қалмақ бізге тең келген жоқ.

Қалмақтың шыққан тегі-манжор екен,

Байкөлдің ар жағынан келген екен.

Хоролұқ деген арғы Хантайжысы,

Көп елді жаулап алам деген екен.

Сол иттің бастап кеткен лаңы да,

Көп құйған күшігінің құлағына.

Басқа елдерді жаулауға құмарытып,

Қалмаққа қан төккіштік ұнады да.

Маңғұл татар болғанда12, қалмақ басқа,

Сұм қалмақ әкелді ажал кәрі-жасқа.

Көп халық Торғауытты қарғаса да,

Тұмсығы тимей тұр ғой оның тасқа.

Татарды қуған ойрат бізге жетті,

Жыл сайын шабуылды жиілетті.

Қалмақтар қорғасын оқ жаудырғанда,

Мылтықсыз мұсылманның есі кетті.

Қарқабат, Тармақкөлді кәпір алып,

Бекінген Үшбұлаққа салық салып.

Жантекей13, Тоқымбет14 жалы тағы қалды,

Сол шақта ел жылады қайғыланып.

Жоңғарлар дәу мылтықты қолданған соң,

Керейдің біраз жері қолдан кетті.

Шайқасты кәпірлермен сарбаздарым,

Бел буып тәуекелге қойып бетті.

Қарашада топ ат тұяғынан мұз ойылып,

Көп қалмақ Омбы өзенде суға кетті.

Сан өтті қолдан-қолға Омбы өзені,

Соғыстың ауыр тиді бұл кезеңі.

Қалған соң ата мекен жау қолында,

Өртенді соны ойлап жұрт өзегі.

Жау қалмақ оқ атса да оң мен солдан,

Майданда айнығам жоқ ерлік жолдан.

Ежелден Керей мекен еткен Сібір,

Қалайша шығарамын оны қолдан.

Қыс түсіп, Омбы өзенде соғыс тоқтап,

Қалмақтар дайындалды мылтық оқтап.

Біз-дағы хал-хадари мылтық соқтық,

Жоңғарда кеткен көптің кегін жоқтап.

Көктемде майдан ашты Халхи, Жоңғар,

Сібірдің Түрігіне шашып ызғар.

Қойдықта тосқауылға мергендерді,

Батырлар жауға шапты қамал бұзар.

Соғысты Омбы өзенде көзбен көрдім,

Дұшпанға қолма-қолда соққы бердім.

Майданда мылтық аз боп атысарға,

Жігерін құм етті ғой талай ердің.

Қол оқпен қалмақтарды сан сұлатқан,

Ерлігін көрдік бүгін мүридтердің15.

Төнген соң найза ұрыста үлкен қауіп,

Ордостар оқ боратты амал тауып.

Шар түсіп, маңымызға жарылған соң,

Ештеңе өндірмедік жауға шауып.

Шырақтар оқ жаудырды өршеленіп,

Тастауға Омбы өзеннен бізді бөліп.

Еріксіз шегінуге мәжбүр болдық,

Адамға, ат пен нарға қатер төніп.

Сан рет дәу мылтықтан атылды доп,

Оған қайрат қыларлық бізде түк жоқ.

Өлгені адамзаттың есеп емес,

Дұшпанның көздегені дүние боқ.

Жер алу жоңғарлардың есіл-дерті,

Мықты екен Ресеймен еткен серті.

Көбейді қалмақтардың үсті-үстіне,

Әр жерде қайта-қайта салған өрті.

Тастауға Омбы өзенін ақыр көндім,

Ептеуге жан шығынын көңіл бөлдім.

Ойратпен бір жарым ай ұрыс салдық,

Маңында Ашамайлы дейтін көлдің.

Ордос, Шарақ қалмақтың елдері екен,

Осора өзен бойы жерлері екен.

Үш ғасыр уақыт бойы жылжи-жылжи,

Кеңейткен қоныстарын кездері екен.

Керейден Омбы өзенін тартып алды,

Ертіске орнап Халхи жатып алды.

Көк шалғын қазақ жерін қанға бояп,

Жауыздар сахарамда лаң салды.

Керейді күнбатысқа ысырып салып,

Торғауыт Ертіс бойын басып алып.

Теріскей шығыс жақтан енген кәпір,

Соқтықты елімізге мазаны алып.

Ертістің батысына өтіп алды,

Доп атып, жиі-жиі бүлік салды.

Шегіндік мылтық бізде аз болған соң,

Сибан көл, Тарышы көлі жауда қалды.

Ежелден ата-бабам қоныстанған,

Орманда, ішкі ашыққа қыстау салған.

Ертіске Омбы өзені құяр жерін,

Айнала тоғаймен қалмақ алған.

Аққас көл, Қарақас көл және қалды,

Жастабан жалын қоса ойрат алды.

Аянбай табан тіреп соғыссақта,

Жылжымай сол араға шебін салды.

Оқ атып дамыл бермей қалмақ елге,

Сын болды қол бастаған біздей ерге.

Шегіне ұрыс салып ақырында,

Тірелдік Танаш көл мен Аббас көлге.

Бекініп екі көлдің арасына,

Шатырды тігіп судың жағасына.

Отырдық Көшебе орман қойнауында,

Жауынгер дәрі жағып жарасына.

Бөгеуге күшті салып жанталастым,

Жасымнан Торғауытпен найзаластым.

Майданда дәу мылтықтан алыс тұрдық,

Ғұмырын сақтамақ боп өңшең жастың.

Болсада ерлігі мен көпке мерей,

Мылтықсыз әлсіреді біздің керей.

Тоқтаттық Есілкөлде қалың жауды,

Үздіксіз шабуылдап есе бермей.

Алмақ боп көп мылтық пен жақсы қару,

Мақсұты болғаннан соң жұртты шабу.

Керейден тартып алған Омбы өзенін,

Орысқа кәпір қалмақ етті тарту.

Амалсыз Ертіс бойын тастап шықтық,

Дұшпанның бой бермесін әбден ұқтық.

Ор қазып, Есілкөлде жолын бөгеп,

Соғысып қолма-қолды қалмақты ұттық.

Сардардың бірі інім – Дәстем алып,

Көп қырды кәпірлерді күшін салып.

Найзалап жекпе-жекте қалмақтарды,

Лақтырды бірнешеуін аттан алып.

Тоқтады жау Есілкөлден өтпей бері,

Жоңғарда кетіп тұр ғой елдің кегі.

Бұл майдан екі жаққа да ауыр соғып,

Көп төгілді ерлер мен аттар тері.

Әз Тәуке болса-дағы достыққа ынтық,

Сатпады Ресей, Қытай бізге мылтық.

Жоңғарлар қорғасын оқ боратқанда,

Найза ұстап, садақ асып, қарсы шықтық.

Соғыстан Ресей, Қытай босамаған,

Сонда да жерімізге көз тастаған.

Өздері бізге жорық жасамаған,

Халхилар солар үшін іс бастаған.

Бастаған Ойрат ісі ұрыс болды,

Бұл соғыс Ресей үшін дұрыс болды.

Қалмақты жабдықтаған қос көршінің,

Әуелден көздегені қоныс болды.

Жазықсыз шапқан талай елімізді,

Боялтқан қызыл қанға жерімізді.

Ата жау күншығыстан шабуылдап,

Қайнатты іште жатқан кегімізді.

Терістік жаққа өтіп орап алды,

Жылатып көп ауылды тонап алды.

Күшіңді Қожаберген көрейін деп,

Доп атып, дәу мылтықтан сынап алды.

Танытып сарбаздарға оң мен солын,

Басқардым Керей-Уақ, Татар қолын.

Қалдық деп бір күн өліп, бір күн туып,

Бөгедік ұрыс салып дұшпан жолын.

Бұғалық қолма-қолда жауға тастап,

Дұшпанды тұтқын етті інім – Асқап.

Қорқып қашқан қалмаққа жете алмадым,

Қос атым жараланып, аяғы ақсап.

Пайдасы бізге тиіп берме-бірдің,

Жер құшты бірталайы қанішердің.

Оқ тиіп Есілкөлде қос тұлпарға,

Қасқа ат пен торы ат басын жерге көмдім.

Майданда жауға жебе сан бораттым,

Қасқа ат пен торы атты да көп жараттым.

Ақыры екеуінің де басын көміп,

Жіліктеп қалың қолға ет тараттым.

Қарақшы торғауыттар әкелді індет,

Сасытып шикі ет жейтін өңкей жендет.

Қазақта әкесінің құны бардай,

Жасады зор шабуыл бізді күндеп.

Терістік жағымыздан орап өтіп,

Шалабай Естегіне Жоңғар жеткен.

Атқылап оларды да дәу мылтықпен,

Жазықсыз кәрі-жастың қанып төккен.

Қалмаққа шамалары жетпеген соң,

Естектер бізге қарай ауып кеткен.

Орыстың мылтығымен қаруланып,

Орал тау шығысына жаулар жеткен.

Босаған соң қуанып талай қоныс,

Қалмаққа алғыс айтқан билікті орыс.

Тоқтатып сол арада қалмақтарды,

Оларға сыйлық берген ұлық орыс.

Қалмақтар салған кезде елге жара,

Естекке, Татарға да түспей ара.

Орыстар жоңғарларға қой демеді,

Болған соң мұсылманға көңілі ала.

Естекке, Татарға да үстемдік қып,

Орыстар ол екі елге салық салып.

Оларды өздеріне табиғы қып,

Алымын жүретұғын жинап алып.

Естек пен Татар жұрты Сібірдегі,

Қазаққа иек сүйеп көңілденді.

Төлемей соңғы жылдар орысқа алым,

Кәпірмен қақтығысу жиіленді.

Сол үшін қалмақты орыс айдап салды,

Естек пенен Татардан өшін алды.

Еріксіз мұсылманды тайдырған соң,

Мұңайып өзен, көлдер иесіз қалды.

Шаттанып бекінісін орыс салды,

Мекені Естек, Татар жауда қалды.

* * *

Соғысты күшейтуде қалмақ енді,

Боялтып қызыл қанға шеткі жерді.

Алтайдың қазақ тұрған өңіріне,

Жоңғардың ғаскерлері басып кірді.

Алтайда салып ойранды,

Ойраттар шапты Найманды.

Дәу мылтықтан шар түсіп,

Бақыты елдің тайған-ды.

Соғысып Найман қалмақпен,

Бес жыл уақыт өткен-ді.

Дәу мылтықтан беті қайтып,

Жеңілер күндер жеткен-ді.

Алтайды ақыр жау алып,

Найманнан хал кеткен-ді.

Жер-суын тастап қалың ел,

Жетісуға қарай көшкен-ді.

Алтайды қалмақ алған соң,

Жайсаңға қарай жол тартты.

Дәу мылтықтан доп атып,

Ондағы елді зарлатты.

Жайсаңнан қуып Найманды,

Қалмақтар қанат жайған-ды.

Тарбағатайды алмақ боп,

Жаулар тағы ойланды.

Тарбағатай үшін тағы да,

Наймандармен соғысты.

Мылтықтан оқ жаудырып,

Қыздырды қалмақ ұрысты.

Үсті-үстіне атқылап,

Қазақты естен тандырды.

Мылтығы жоқ наймандар,

Амалсыз жауға алдырды.

Тарбағатай тауын ақыры,

Қалмақтарға қалдырды.

Орап өтіп Найманды,

Шыңғыстауға жау жетті.

Арғынға салып бүлікті,

Мылтықты кәпір әндетті.

Аягөз бен Шыңғысқа,

Қалмақтар көзін тігіпті.

Жеті момын Арғындар,

Жау жеңерін біліпті.

Сонда дағы берілмей,

Соғысып жаумен көріпті.

Тойтарыс беріп кәпірге,

Үздірмек бопты үмітті.

Дәу мылтықтан доп атып,

Беттетпепті қазақты.

Мейірімсіз қалмақтар,

Әкелді жұртқа азапты.

Ежелдеп мекендеген Шыңғыстауды,

Тобықты, Құрлеуіт пен Қанжығалы.

Жүргізбей бөгеу үшін ата жауды,

Соғысып жер-су үшін күшін салды.

Арғынның аты аталған үш руы,

Бөгенбай Ақшаұлының елдері еді.

Соғысып жоңғарларға бой бермеген,

Қазақтың маңдай алды ерлері еді.

Шыңғыс пен Аягөзді қалмақ алып,

Бөгендей қолбасшыны қалжыратты.

Шама жоқ дәу мылтыққа қарсы тұрар,

Қазақтар жерін тастап абдырапты.

Тобықты, Қанжығалы, Күрлеуіттер,

Қоныссыз қалғаннан соң Сырға ауды.

Балқаштың шығысында тойтарды олар,

Өкшелеп қуып келген қалмақ жауды.

* * *

Ойғырдың анасы – Қытай, атасы – Түрік,

Қытаймен көрші тұрды жиенсініп.

Соқтығып Қарақалпақ ағайынға,

Шетінен жұртымыздың салды бүлік.

Дүнгеннің анасы – Қытай, атасы – Араб,

Жатпады олардағы текке қарап.

Ұрынып Найман – Қоңырат, Жалайырға,

Мазасын кетірді, елдің шабуылдап.

Торпаннан Ойғыр жері қашық еді,

Тибетпен сиыса алмай қажып еді.

Сыбан Рабтан Ойғырдан ғаскер алып,

Алға сап майдан жолын аршып еді.

Жау қуып Қарақалпақты Тұрпанды алды,

Жұрт ауып, Хобда бойы босап қалды.

Ел қашып, өлке иесіз қалғаннан соң,

Ол жерге қалмақтар кеп қоныстанды.

Тұрпан, Хобда, Ақсу мен Құлжа Төрткөл,

Қызыл күре-бәрін де қалдырған соң.

Босқынға Қарақалпақ халқы айналды,

Шапқыншы Бұйрат естен тандырған соң.

Бектері Ойғыр, Шүршіт болып найсап,

Тонады көшкен елді сан атой сап.

Күншілдік мұсылманға кесір болды,

Бимәлім замананың сырын айтсақ.

1 Кемер – Ресейге қарасты Кемеровск қаласы орналасқан қоныстың бұрынғы атауы.

2 Ұста қыстақ – Ресейге қарасты Новокузнецкий қаласы орналасқан жердің мұсылманша атауы.

3 Халхи – қалмақ халқын құрайтын ірі тайпалардың бірі.

4 Оңғұт, Сағай, Боржіген, Меркіт – бәрі,Сібірдегі татардың рулары.

5 Бұйрат – Бурят, ол – қалмақ тайпаларының бірі.

6 Қарақабат – Барабы руы (Татардың) мекендеген қоныстардың бірі, бұл қоныс осы күнде Ресейдің Новосібір облысына қарайды.

7 Қолы — әскері, жасағы деген мағынаны білдіретін сөз.

8 Табиғы деген ескі сөз, ол тәуелді, бағынышты деген мағынаны білдіреді.

9 Түрік жұрты деп те, мұсылманды деп те ақын Сібір татары мен қазақты, шалабай башқұртын айтып отыр.

10 Шор, Тұба,Саха, Хас – төртеуі ескі қырғыз тайпалары. Саха – қазіргі Яқұт халқы, Хас – қазіргі хакас халқы.

11 Көрші екі ел деп жырау Ресей, Қытай елдерін айтып отыр.

12 Маңғұл-Татар болғанда, қалмақ басқа деп ақын Маңғұлдың Татарға жататынын

ашық айтады да, қалмақтың жат ел екенін анық көрсетіп айтады.

13 Жантекей де Керейдің бір бұтағы.

14 Тоқымбет – Орта жүз Ашамайлы керейдің бір бұтағы.

15 Мүридтер деп ақын діни шәкірттерді айтып отыр.

(Жалғасы бар).

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *