ЕСІМІ ЕЛ ЕСІНЕН КЕТПЕЙТІН АЗАМАТ

Руханият
1 158 Views

Бұл мақалада ауылымдағы даңғыл қариялардың біреуі жайында ғана жазбақпын. Ол кісі өзімнің алғашқы ұстаздарымның бірі, мені әріп оқып, жазу жазатын деңгейге жеткізіп, сауатымды ашқаны бір бөлек, ескі тарих пен әңгімелерге бала кезімнен қызығушылығымды оятқан кісі. Аты-жөні – Арын Қосуақұлы. 1912 жылы бұрынғы Шымкент уезі, Қазығұрт болыстығына қарасты Талдыбұлақ ауылында туған. Бұл ауыл қазіргі Қазығұрт ауданы, Рабат әкімдігінің территориясында болған. Өкінішке орай, Талдыбұлақ ауылының тұрғындарын 1950 жылдары Жетісай жеріне қоныс аударған. Сол себепті ауылдың атауы да, өзі де жойылған.

Негізі, Арекеңнің түпкі ата қонысы – Құмкент жері. Бір кездегі аласапыран уақыттың кесірінен аталары Қазығұрт жеріне келген. Нақтысын айтқанда, атасы Жиенес деген кісі кіші жүз Құттық руынан шыққан атақты Жанқожа батырмен бірлесіп орыс отаршылдарымен де, Қоқан басқыншыларымен де соғыс жүргізген. Жанқожа 1856 жылы Арал жақтан көп әскер ертіп келіп, Созақ пен Құмкент өлкесін билеп тұрған қоқандықтарды қиратып, аталған қалаларды бір жылдай басқыншылардан азат етеді. Осы соғыста Жиенес ерлігімен көзге түсіп, Жанқожаның ең сенімді батырларының біріне айналады. Бірақ Түркістан, Шымқала жақтағы қоқандықтар 1857 жылы мол күш жасақтап, Созақ пен Құмкентті қайта басып алады. Жанқожа Аралға қарай шегінуге мәжбүр болады. Жиенес те онымен бірге кетеді. Сырттан соққан дұшпанға қарсы тұрып, қазақ жерін жатқа бермеуді өмірлік мақсат тұтқан Жанқожа Арал шегіне жеткенде оған арғы жақтан орыс отрядтары шабуылдайды. Тағы да бұрынғыдай қырғын соғыс болады. Содан Жанқожа мен Жиенестің сарбаздары үш жылдай құм арасында жүріп, ешкімге берілмейді. 1960 жылы сатылған біреу Жанқожаны қапыда өлтіреді. Осыдан кейін қазақ сарбаздары тарқап, Жиенес Құмкентке қайтады.

Көп ұзамай, Ақмешіт жақтан келген қара шекпенділер Созақ пен Құмкент өңірін жаулайды. Жиенес өзіне жақтас жігіттер мен бір топ ағайындарын жинап, олармен соғыса жүріп, Шаянға қарай жылжиды. Одан Темірланға ауады. Темірланнан Шұбарға келеді. Әлгілер артынша мұнда да жетеді. Содан Қазығұртқа қарай жылжиды. Бір жылдан кейін Ташкентке дейінгі өлке толық отарланады. Ал Жиенес Рабат тұсындағы Талдыбұлаққа тұрақтап, ағайындарымен жаңа ауылдың іргесін көтереді.

Арын ағайым осы Жиенестің және сол кездегі ағайын-тумаластарының қайғылы заманын тәптіштеп тұрып айтып беруші еді. Мен мұнда Жиенес туралы жалпылама ғана айттым ғой. Әйтпесе, Арекең әңгімесінен мен тек Жиенес батырдың ғана тағдырын емес, тұтас бір рудың, бір елдің со шақтағы тарихын аңдаушы едім… Мен жоғарыда сөзімнің басын көне әңгімелерді білетін қариялардан бекерге бастағаным жоқ. Өйткені өлкетану тарихын білгіңіз келсе, осындай қарияларға көбірек құлақ қою керек-ті, сонда ата-бабалар жүріп өткен жолдарды тереңірек таныр едіңіз, олар көрген ауыртпалықты жан-тәніңізбен сезінер едіңіз…. Басқаша қалай айтайын, иә, ауылда қатардағы шал көп-тін, ал Арекең сияқты білермендер көне тарихты жаңа ұрпақтың жадына қалдыруға құмбыл данагөй, қазақы әңгіменің қадірін білетін көнекөздер аз еді-ау.

Бұл айтқаным – Арекеңнің атасының тарихы, ал өзінің ғұмырбаянын сөз етсем, жаныңыз бұдан бетер жасиды. Себебі «Алла өзі ұнатқан пендесіне ауыртпалықты көп береді» деген сөз рас екен. Оның үстіне сол замандағы жақсылардың барлығы қуаныш пен шаттық өмірден гөрі қайғы мен қасіретті шақтарды бастарынан көбірек өткізіпті. Ағайым айтар-ды:

– Ес біліп қалған шағымда үлкендерден қызыл үкіметтің орнап, әр ауыл бір әртілге немесе бір серіктестікке айналып, жұрттың бәрі бірлесіп еңбек ету керектігін естуші едім әрі барлығының бір жұмысты жабыла істеп жатқанын көретінмін. Тоғыз жасымда әкем мені Қарақиядағы Әуелбек деген молдаға апарып, оқуға берді. Сол кісінің үйінде бір жыл оқып, діни білім алдым және арабша жазу-сызуды үйрендім. Бірер жылдан кейін тағдырдың жазуымен Шаянға тап болып, сондағы Аппақ ишан медресесінде оқыдым. Онда да бір-ақ жыл оқыдым да, елге оралдым. Бұл кезде совет үкіметінің заңдары күшейіп, ескі көзқарастағы ишан-молдаларды қудалап, жастарды жаңа заманға сай оқуға тартып жатқан. Сөйтіп, орыс жазуын үйренуге һәм совет үкіметі үшін жұмыс жасауға, соның саясатымен жүріп-тұруға мәжбүр болдық.

Ұлы Отан соғысы кезінде совет одағының батыры деген атақты алғашқы алғандардың бірі Қарақозы Әбдәлиев менің жақын туысым болатын. Ол 1922-24 жылдары Ташкенттегі раффакта (жұмысшылар факультеті), сондай-ақ тағы бір заманға лайық совет оқуында оқып келіп, Ленгер ауданындағы қаржы бөлімінде істейтін. Сол ағам мені совет жұмысына тартып, екеуміз 1928 жылы комсомол қатарына қабылдандық. 1932 жылы Қарақозы ағам мені Шымкенттегі мұғалімдер дайындайтын курсқа әкеп түсірді. Біз қазақ курсында оқығандықтан, сабақ латын әрпімен жүрді, сонымен бірге бір сабақ кириллицамен өтетін. Сөйтіп бұрынғы білетін арабшам жолда қалып, латын мен орыс әрпін қатар оқыдым.

Курсты бітірген соң 1935 жылы Атбұлақтағы үш жылдық мектепке мұғалім боп келдім. Арада көп өтпей, қанқұйлы 1937 жыл басталды. Осы жылдың жазының ортасында үкіметтің «халық жауларын» қамау, ату және әр түрлі жолмен жазалау туралы қаулысы шықты. Сауатымыз бар әрі құлағымыз түрік мұғалімбіз ғой, күзде сонау Мәскеудегі, Алматыдағы күні кеше ғана бүкіл совет халқы бастарына көтерген небір атақты адамдар «халық жауы» ретінде қамала бастады. Әп-сәтте мұндай нәубет ауыл-ауылдарға да жетті. Күнде әр ауылдан екі-үш адам ұсталып жатты. Оларға нақты не кінә қойылғанынан хабарымыз жоқ, әйтеуір, қамалғандардың бәрі үкіметке, халыққа қарсы жұмыс істеген екен деген өсектер тарады. Бір күні менің жақын ағайыным – Азамат соғысының ардагері, елге белгілі революционер, 1918-20 жылдары Түркістан төңкерістік комитетінің мүшесі болған, совет үкіметіне шын берілген коммунист Қамбар Бәйімбетов қамауға алынды. Артынша Қамбардың етене туыстарын тергеу басталды. Маған да қауіп төніп, біреулер «Енді халық жауы Қамбардың туысы, құйыршығы ретінде сені де құртамыз» – деп, жайсыз әңгімелер айта бастады.

Содан көз көрмейтін, құлақ естімейтін жаққа қаңғып кеткім келді, солай етсем, мына жалалы істерден біржолата құтылып кететін шығармын деп ойладым. Сөйтіп, бір түнде шешемді алдым да, Жамбыл облысындағы Ойық деген жерге кеттім де қалдым. Әлбетте, Ойық деген жақын жер емес, әрі оған жету оңай болмады. Оның үстіне Ойық ауылы – сар даланың ортасындағы Арқа мен түстіктің жалғас шегіндегі шөлейтті жерге орналасқан. Жолдағы азабымды айтпай-ақ қояйын, бірақ онда жеткен соң сол жердегі мектепке бірден мұғалім боп орналастым.

Ойықта мұғалім боп жүргенде Қамбар көкемді босатып алудың қандай жолы бар екен деп көп ойланып жүрдім. Өзі қызмет етіп, талай жыл өмірін арнаған коммунистік партия оны қалай ғана «халық жауларының» қатарына санап, қамауға алды екен деп те қатты қамықтым. Құдай қолдағанда, Ойықта маған көпті көрген, жөн білетін Көбес деген бір кісімен дос болудың сәті түсті. Бір күні оған Қамбардың тағдыры жайында айттым. Ол ойланып отырды да: «Сен, Қамбардың революцияға сіңірген еңбегі мен ел үшін атқарған жақсы қызметтерін тізіп, Мәскеудегі Калининге хат жаз. Бір көмек болса, сол Калининнен болуы мүмкін» деді.

Содан Қамбардың бар жақсылығын тізбелеп, Калининге хат жаздым. Хатты алып, Жамбыл қаласындағы вокзалға келдім. Ойым – хатты Мәскеуге баратын бір адамға беріп жіберу болатын. Орайы түскенде сол жерде Мәскеуге бара жатқан бір қазақ жігітімен танысып қалдым. Менің сырымды білген соң ол жігіт Мәскеуге жеткен соң, хатты Кремльдің арнайы поштасына салуға уәде берді. Иә, «сабақты іс сәтімен» деген ғой, хат тура Калининнің қолына тиіпті. Көп ұзамай Қамбар көкем қамаудан босады…

Арын ағайым өткен өмірінің бір кезеңін маған осылай әңгімелеп еді. Қысқа да нұсқа бұл хикаят – былай қарасаң, онша мәнді әңгіме де емес сияқты көрінер біреулерге. Ал түсінген кісілер осынау қысқа әңгіменің астарында сол заман зұлматының қаншама сырларының көрінісі жатқанын айқын байқайды. Расында, 1937 жылдың зұлматын көрген адам ғана біледі, ол туралы айтқан кісінің әңгімесін ұққан адам ғана сезіне алады. Ал Қамбар Бәйімбетов деген кісі әлі күнге дейін өзінің саяси һәм тұлғалық бағасын ала алмаған жан. Заманына орай қызмет еткен оның өз дәуірінде көрсеткен ерлігі де мол. Совет өкіметі алғашқы жылдарында Ташкентте орнаған Түркістан советтік автономиялық республикасының басшылық құрамында қызмет еткен. 1919-20 жылдары Алай, Қырғыз тауларындағы басмашылармен күрескен отрядты басқарған. Бірде тәжік-ауған шекарасындағы тау арасы арқылы қару әкеле жатқан ағылшын отрядының полковник басшысын өз винтовкасымен атып өлтірген. Сондай-ақ бейбіт елге бір тыныштық бермеген басмашылар топтарының талайын талқандаған. Осындай ерліктері үшін кезінде бірнеше орден-медальдармен марапатталған. Ең қызығы, ол кісінің жеке қылышы мен маузері ұрпақтарының қолында күні кешеге дейін сақталып жүрген екен. Кейінгі уақытта бір себеппен жоғалып кетіпті.

Арын ағайым осы Қамбар мен Кеңес Одағының Батыры Қарақозы Әбдәлиевтің жоқтаушысы еді. 1969 жылы Қарақозы қаза тапқан Мелитополь қаласына барып, оның қалай қайтыс болғаны жөніндегі нақты оқиғаны анықтап келген.

Арекеңнің өмір бойы советтік мектепте мұғалім болса да, ескі қазақы әңгімешілдік дәстүрді ұстанумен бірге, ислам діні және сол діннің қағидаттарын ұмытпаған әрі оларды ұстанған жан болды. Әлбетте, ел арасында ол тәрізді өз заманының алғыры есептелген кісілердің көп болғаны ақиқат. Бірақ олардың әрқайсысының орны бөлек. Арекең көбіне кезінде елге танылған, ал кейінгілердің жадынан әртүрлі себептермен ұмытыла бастаған тұлғаларды қайта тірілтуге, олардың есімдерін жас ұрпақтың санасына сіңіруге құштар жан еді. Бұл жолда ол уақытпен санаспай еңбек етті және ешкімге міндет артпай өз бетінше жұмыс жасады. Сонымен қатар өз білгендерін кейінгі жастарға үйретуге сондай құмар қария-тұғын. Арекең осындай қасиеттерімен ел арасына абыройы артып, қадірі асқан кісі болды.

Н. Ә. Назарбаевтың былтырғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан кейін елімізде 100 жаңа есімді анықтауға мүмкіндік туған еді. Әлбетте, 100 жаңа есімнің қатарында елге еңбегі ерекше сіңген, республикалық деңгейде маңызды жұмыстар жасаған адамдар кіретін шығар. Оған ауылдың қарапайым адамы қатарында өмір сүрген менің Арын ағайым қайдан кірсін? Бірақ менің көңіл сарайымның ішіне өзім құрметтеген бірнеше кісі 100 жаңа есімнің қатарына кіреді. Соның ішінде ұстазым – Арын Қосуақұлы да бар және ол кісі 100 есімнің алдыңғы қатарынан орын алған…

Момбек ӘБДӘКІМҰЛЫ,

жазушы.

Суретте: Арын Қосуақұлы Атбұлақ мектебінің мұғалімдерімен бірге. 1968 жыл.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *