ЕШБІР АДАМ ӨЗДІГІНЕН ТЕРРОРИСТ БОЛМАЙДЫ

Қоғам Құқық
1 059 Views

Ешбір адам өздігінен террорист немесе экстремист болып қалыптаспайды. Лаңкестер әлем билігін өз қолына алғысы келген белгілі бір саяси топтың құрған стратегиясы бойынша «қармаққа» ілінеді. Құрғақ сөзбен айтылатын тәтті қиялдың жетегінде жүрмін деп, қолына қалай қару асынып алғанын аңғармай да қалатындар бар. Аллаға емес, теріс мақсаттағы саяси топтың жетекшілеріне құл болып жүргендерін өздері де байқамайды. Бай-бағландар қаншама жылдар бойы тірнектеп жинаған дәулетін, күштілер күш-қайратын, қыз балалар өзінің тәнін, ал тіпті кейбіреулер жанын осындай теріс жолға қалай құрбан етіп жібергенін сезбей де қалады. Сонымен осы жағдайлар қалай жүзеге асады деген сұраққа жауап іздеп көретін болсақ.

Теріс пиғылдылардың стратегиясы «қармақ» деп қарастыратын болсақ, қармақтың ілмегіне аят пен хадисті қолданады. Аллаға сенетін мұсылман үшін қасиетті Құран мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінен артық еш нәрсе жоқ. Соны жақсы білетін «теріс пиғылдылар» негізгі құрал ретінде осы екі құндылықты қолданады. Бірақ ешбір аят та, хадис те адам баласын қылмыс пен күнә жасауға, адамдарға зиянын тигізуге шақырмайтыны белгілі. Сондықтан да аяттар мен хадистерді саяси мақсаттарына қарай теріс тәпсірленіп, өз мүдделерінің негізінде түсіндіріледі. Мысалы, «Алла жолында лайықты түрде жиһад жасаңдар» деген аят бар»(«Хаж» сүресі, 78-аят). Міне, осы аятта жиһад сөзі анық баяндалып тұр. Бірақ «жиһад жасаңдар» деген бұйрықтың мәні, астары қандай дегенде, теріс пиғылдылар оның бір ғана мағынасын алға тартады. Шынымен де «жиһад» сөзінің Алла жолында күресу деген мағынасы бар. Көптеген тілдерге осылай аударылып, сіңіп те кеткені рас. Бірақ «жиһад» сөзінің толық мағынасы бұл ғана емес. «Дін жолында күресу» — жиһад ұғымының кішкене бір тармағы ғана. «Жиһад» сөзінің мәніне тереңірек үңілсек, бұл сөз — күш-қайрат жұмсау, тырысу, тырмысу, бір істі толық жүзеге асыру үшін бүкіл мүмкіндіктерді пайдалану, қиыншылықтарға мойымай қарсы тұру, бір істі жасап жүріп шаршау, машақат тарту деген сияқты көптеген мағыналардың жиынтығы екенін байқаймыз. Араб грамматикасын терең меңгергендер бұл тізімді бұдан да ұзартып, тереңдетуі мүмкін. Ал, діни терминологиясына келер болсақ, жиһад ұғымы — ислами бұйрықтарды дұрыс ұғынып, соған қарай өмір сүру, өзге адамдарды да жақсылық пен ізгілікке, тазалыққа үндеп, азғындықтан, жамандықтан, күнә мен қылмыстан тыюға тырысу, ішкі нәпсіге қарсы күресу. Ислам өркениетінің көркейіп, гүлденуіне үлес қосу, жақсылықтың жайылуы үшін аянбай еңбек ету деген мағыналарды білдіреді. Сонда ғана жиһадтың негізгі мағынасы – Алланың берген физикалық және рухани қуатын Алла жолында жұмсау болып табылады. Осы тұрғыдан қарасақ, «жиһад» ұғымы халықты қолына қару алып, бей күнә адамдардың басын кесуге, қан төгуге, оны видеоға түсіріп халыққа таратуға, ұлты басқа қыздарды күң деп санауға, ал өзге қыздарды уақытша неке деген ұғыммен қорлауға шақыру деген сөз емес. Қазіргі уақытта араб елдерінде болып жатқан осындай хайуани істер жиһад ұғымына мүлде қатысы жоқ, керісінше осы қасиетті ұғымды теріс түсінуге әкеліп отыр. Теріс пиғылдылар осындай саяси мақсаттағы істерін бүгінгі таңда жиһад деген қасиетті ұғымның көлеңкесінде қолданып отыр. Біреудің өмірін қиғанына «Аллаһу акбар!» деп риза болып, қуанатындарын қазіргі кезде ғаламтордан кездестіретін болдық. Мұның бәрі адасқан, теріспиғылды саяси топтардың теріс түсініктері екені белгілі. Негізінде, түп мағынасына үңілер болсақ, шын жиһад әр елдің өзінде жүзеге асады. Араққа салынып кеткен, есірткіге құмар, өзін-өзі тірідей өлтіріп жүрген адамның көзін ашуға көмек көрсету де — жиһад. СПИД секілді әлемді жайлап бара жатқан аурудың емін табу немесе оған жастарды жібермеудің жолдарын ойлап табу да — жиһад. Ата-ананың алғысын алып, ризашылығына бөлену үшін еңбек ету де – жиһад. Қазіргі ғылым мен техниканы терең меңгеріп, мұсылмандардың мәдениеті мен сауатын көтеруге тырысу да осы сөздің мәніне сай келеді. Сонымен қоса діни экстремизмге жастарды тарту бағытында әлеуметтік желілер кеңінен пайдаланылады. Бүгінде әлемді аздырып, жер бетін мекендеген халықты тоздырудың бір жолы – әлеуметтік желілер. Осы әлеуметтік желілерде «жиһадқа» шақырып, теріс жолға тартатын неше түрлі үндеулер жазылады. Осыған кейбір эмоциясы басым адамдар сеніп, солардың «улы» уағыздарын тұрақты түрде тыңдап, оқып, көре бастайды. Мұндай теріс пиғылдылардың қармағына ілінген адамдармен лаңкестер арнайы жеке жұмыстар жүргізеді. Күн сайын құлағына жеке мақсаттары жасырынған уағыздар құйыла береді. Ақыр соңында «теріс пиғылдылардың» айдағанына жүріп, айтқанына көнетін «бойұсынғыш » адамдар пайда болады.

Сөз соңында Исламның тарихында орын алған шын жиһадтың бір оқиғасына тоқтала кетейік. Мүшріктер мұсылмандарды өзге халықтан бөлектеп, сауда-саттық сияқты жалпы барлық адами қатынастарына тыйым салып, қоғамнан оқшаулап, саяси экономикалық тұрғыда төмендетті. Аш-жалаңаш күй кешкен мұсылмандар осындай қиын кезде де сабыр сақтап, діндерін қорғап, зұлымдықтарға төзіп, табандылық көрсетті. Сол кезде Хадиша анамыз қолындағы бар байлығын мұсылмандарға таратып беру арқылы өзіне тиесілі жиһад міндетін орындады. Исламнан бұрын Меккенің санаулы байларының қатарына жататын Хадиша анамыз осылайша бар байлығын Алла жолында жұмсай білді.

Ақерке НҰРХАТҚЫЗЫ,

теолог, Қ.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің гуманитарлық ғылымдар факультетінің түлегі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *