ЕҢ БАҚЫТТЫ КҮН

Әдебиет
907 Views

(Соңы. Басы өткен сандарда).

Сақан сиыр ауылға кетіп бара жатып та шөмелеші әйелдерге бір соғып өтеді. Ол маңайдан Берден көрінбесе жымың ете қалады.

Торғын қайнысының шыж-быж боп бұны қызғанғанын қызық көреді.

Апырай, мына күннің күюін-ай. Бүгін пішенші байғұстың тілі ауызына сыймайды ғой. Топырақ қайнап кетіпті, Бас сауғалатар көлеңке де болмас. Аспан ашқарақтың алдынан қайтқан табаңтай тап-таза. Бір жағы тау, бір жағы шағыл құм тар қамашау түтеп тұр. Енесі белдеу арқан ширатып алам деп отыр еді, анау тізіліп тұрғандар арқан ширатып тұрған қатындар-ау. Есіктің алды абыр-сабыр. Беу, біріне-бірі мінгескен берекесіз пішенші ауыл-ай. Бірінің іргесінен бірі қарап отыратындай боп ретсіз қоныпты. Әнебір үйдің қалқалап көрсетпеуін. Еркектер де жүр ме өзі?

— Жеңеше, сүйінші, сүйінші.

Мына бала не дейді. Қызылтанау боп жүгіріп келеді ғой өзі. Дәулет келіп жүрмесін… Ә, әне екі-үш атты кеп түсті. Өкпесі өшіп бұ да жетті-ау. Арқасын метей соғып тастапты. Енесінің мойнынан құшақтап ап, жабысып айырылмай жүрген әне біреуі кім?

Ауыл советтің хатшысы Баламан ба? Ол немене айтты екен?

— Әй, балаң мында…

Атасының дауысы. Жалт қарады. Атасы мойнына асылған Дәулетті көкірегінен ажыратып жатыр.

— Бар, бар. Шешеңе бар. О байғұс әне адасып кетті. Бара сала Баламанды құшақтай алғаны несі доңыздың!

Байғұс кемпір жасты көзбен баласының қайсысы екенін де ажырата алмапты. Дәулеттің кеудесіне барып сылқ құлады. Дауысы да шықпай қалыпты. Енесіне ілескен осы ауылдын қатын-қалашы да тегіс көзін сулапты. Азғантай еркектің ортасында состиып атасы тұр. Кемпірі мен баласы жаққа қадала қалғаны болмаса, тұрысы мығым.

Дәулет анасын сүйеп үйге беттеді. Есік алдында тұрған жұрт та топырласып кіріп жатыр. Кіре алмай қалғаны есіктен ентелейді. Торғын үйдің оң жағына барып, белдеу арқаннан ұстап тұрып, үнсіз көзін сығып алды. Сосын жаулығының ұшымен жасын сүртіп, ошақ басына кетті.

Өне бойын күйе басып қарайып кеткен үш бұт мосы, енді-енді шоқтана бастаған оттағы тезек — бәрі де су астындағы дүниедей бұлдырап көрінеді. Шәйнегін таба алмай жүр еді, көрші әйел ішіне су толтырып, үйден алып шығып келеді екен. Қалған қатындар да қолғабыс жасамақ боп, ошақ басына беттеді. Не істеп, не қойып жүргенін өзі де білмейді. Әлдекім оң қарынан тартты. — Торғын, үйге бар. Шайды өзің құйып берсейші. Бұл кіргенде үйдің іші ығы-жығы. Төрде, атасының төңірегінде осы ауылдың шалдары. Қалған еркек олардан төмен, Дәулеттің маңында. Екі-үш кемпір ошақ жақтағы кебеженің алдында әлі есін жия алмай отырған енесін ортаға алыпты. Екі-үш әйел дастарқан жайып, пішенші ауылдың кебежелерінде қалған ірімшік-құртты табаққа сап әкеліп, ортаға төгіп жатыр.

Торғын шай сандығының қасына барып отырды. Дастарқанға шай аяқтар да құрылып үлгеріпті. Бір әйел шылапшын тола шоқ алып кірді. Әлдекімдер бұл шай құйған шыны аяқтарды төр жаққа жып-жып алып беріп жатыр. Торғын төңірегіне көз салған жоқ. Шыны аяқтардың қалай келіп, қалай кетіп жатқанынан басқа ештеңе көріп те отырған жоқ.

Жабыр-жұбыр әңгіме бар. Жұрттың ауызы бір сәт тыйылған емес. Бірақ, мынау құрымы шыққан бес қанат үйдің ішінде не айтылса да, ешқайсысы Торғынның құлағына дарымай ауада қалқып жүр.

Торғын жұрттың шайды қанша ішкенінен де бейхабар. Әйтеуір бір уақытта алдына төңкерулі аяқтар келе бастады. Оларды дастарқанның екінші басындағы бір әйел шайып, сүртіп жиып жатыр. Дастарқан да жиылды. Бірақ, ешкім сыртқа шыққан жоқ. Торғын шоқ салынған шылапшынды алып сыртқа шықты. Табалдырыққа жете бере төрдегі шалдардан төмен көзін салып еді, көк сұр киінген Дәулетті байқады, бет-алды темекінің түтіні басып буалдырланып тұр екен. Жүзін де дұрыс көре алмады.

Сыртқа шығып, шылапшындағы күлді төкті. Ошақ басында қараң-құраң әйел көп. Бір кемпір бояуы түскен қожалақ табаққа кебеженің түбінде көп жатып серейіп қалған төрт-бес жілікті суға малшып отыр. Жаңа ғана бұл арқалап келген метей босап қапты. Бір әйел соны арқасына салып құдыққа барғалы жатыр. Ошақ басындағы үйінді тезектің де бүйірі суалып, жермен-жексен боп қапты. Торғын қолына қап алды. Ауылдың сыртына беттеді.

Қалың шиді қақ жарып, ентелей басады. Әлі уыз иісі кетіп, буыны қата қоймаған көк ши күлте шашағымен біресе омырауын сипап, біресе жеңін жалап қалады. Аяғының астында кеберсіп жатқан сортаң топырақ, басқан сайын күрт-күрт күйрейді. Тұсаулы аттар да сирей бастады. Ойдым-ойдым ашық көбейді. Алдына да, артына да жөнді көз тастап келе жатқан Торғын жоқ. Қолы талған соң, қапты екінші иығына аударып салды. Ши бітті. Әр жерде біріне-бірі басын тығып, ұйлыға өскен жыңғылдарды көрді. Ауылдың сыртындағы айдын сорға келіп тіреліпті. Сорда тезек қайдан болсын. Сортаң мен ши астасқан жиекті жағалап, күн батыс жақтағы сәңкиген ақ тұмсыққа беттеді. Ақ тұмсықтың іргесі құмақ. Жайылыс. Тезек болса сонда болады.

Шамалы жердегі тезекті қызыл шағылды етектей бір жұрттан бір жұртқа жылжып қонып келе жатқан пішенші ауылдың бала-шағасы әлдеқашан теріп алған.

Ақ тұмсықтың өкпе тұсы ақ шаңдақ. Пішенші ауылдың бір топ түйесі осында келіпті. Ерен-серең төрт аяғын қапталына созып, көлбеп жатқан бір түйе. Әне біреуі үйелеп қала жаздады. Аяғын әрі сереңдетіп, бері сереңдетіп, зорға тұрды.

Әбіш КЕКІЛБАЕВ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *