Үстіміздегі жылғы 11 мамыр күніЛ.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 25 жылдық мерейтойы аясында республикалық қоғамдық-саяси «Aiqyn» газетінің арнайы аудиториясы мен«Медиадизайн» зертханасының ашылу салтанаты өтті. Шараға Парламент Сенатыдепутаттары мен қоғам қайраткерлері, ардагер журналистер және БАҚ өкілдері қатысты.
«Aiqyn» республикалық қоғамдық-саяси газеті 2004 жылдың 6 наурызынан бастап шығып келеді. Газет ұжымын әр жылдары танымал журналистер мен қоғам қайраткерлері Серік Жанболат, Бауыржан Омарұлы, Нұртөре Жүсіп басқарған. Қазіргі таңда газеттің бас редакторы – «Болашақ» стипендиясының иегері Нұрмұхаммед Байғара. Газет ұжымы Қазақстан Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығын иемденген, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі тағайындаған «Үркер» ұлттық сыйлығының екі рет лауреаты атанған.
Аз ғана уақытта газет мазмұн мен дизайн жағынан түрленіп, көптің қызыға оқитын басылымына айналды. Қазіргі таңда басылым сайты көп оқылатын алғашқы ондықтың қатарында. Сондай-ақ, газет алғашқылардың бірі болып онлайн жазылуды, видеоөнім дайындау, «Айқын сұхбат» хабарын жүргізуді қолға алды. Аудитория сұранысы мен қажеттілігіне жауап беру, оқырман талғамына сай жұмыс істеуде газеттің озық идеялары көпшіліктің қолдауына ие болып келеді.
Алқалы басқосуда бірінші болып сөз сөйлеген ЕҰУ-нің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры, академик Дихан Қамзабекұлы ақпарат құралдарының ел дамуындағы маңызына арнайы тоқталды: «Университет ширек ғасырлық межені аттағалы тұр. Осы білім саласында жүріп өткен жолымыздың оңынан болуы тікелей баспасөз құралдарының арқасында екені рас. Халықпен, елмен байланысты нығайтып, істеген істің насихатталуына ақпарат саласының өкілдері септігін тигізіп отыр. Жалпы, журналистика және саясаттану факультетінің атауынан аңғарғандай, біз аталған екі саланы бір бағдарда көреміз. Яғни, елдің дамуында ақпараттық саясаттың маңызы зор. Ал AIQYN газетін елдегі ұлттық басылымдардың бірі ретінде тануға болады. Газеттің алғашқы саны шыққаннан-ақ халықтың жылы қабылдағаны есімізде. Осы күнге дейін білікті азаматтардың атсалысуымен үлкен қалыптасу, даму кезеңінен өтті. Қазір бұл басылым аналитика, тақырыптарды талдау бағытына түсті. Мұның өзі дамудың жалғасып жатқанын аңғартады. Университет ұжымы үшін де басылым білім мен ғылымның алтын көпірі іспетті».
«Aiqyn» республикалық қоғамдық-саяси газеті мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті арасында өзара әріптестік әрі шығармашылық байланыс орнатылған. Газеттің бас редакторының бастамасымен 2020 жылы журналистика және саясаттану факультетінің студенттерін шығармашылыққа баулу мақсатында «Ментор және менти» жобасы жүзеге асырылды. Жобаның мақсаты – студенттерді түрлі саладағы сараптамалық материал жазуға үйрету, үш айлық тәжірибеден кейін үздік танылған студентті жұмыспен қамту. Жоба барысында газет ұжымы студенттермен кездесіп, экономика, саясат, руханият, спорт, халықаралық байланыс жайлы кеңес берді.
«Aiqyn» республикалық қоғамдық-саяси газеті арнайы аудиториясын жасау идеясы екіжақты келісім аясында жүзеге асырылды. Газет ұжымы өз қаражатына аудиторияны заманауи стильде безендірді. Онда ақпарат кеңістігіндегі танымал әлемдік басылымдар мен отандық газеттердің атауы мен Алаш қайраткерлерінің баспасөзге қатысты ойлары жазылған. Алдағы уақытта арнайы аудиторияда оқу үдерісіндегі дәрістер мен газет ұжымының арнайы семинарлары өтеді.
«Медиадизайн» зертханасы – журналистика, баспа ісі білім беру бағдарламалары бойынша безендіру программаларын үйренуге, студенттердің жаттығу газеттері мен кітаптарын шығаруға арналған аудитория. Зертханада дизайн жасауға қабілетті жаңа компьютер кешені, баспа өнімдерін дайындайтын түрлі құралдар мен принтерлер, сондай-ақ студенттердің шығармашылық жұмыстарынан жасалған көрме қойылған.
Зертханада Adove Premiere, InDesign, CorelDRAW, Adove Photoshop лицензияланған бағдарламалары бар. Онда «Web дизайн негіздері», «Баспа және онлайн БАҚ дизайны», «Мерзімді басылымдар дизайны», «Фотожурналистика» пәндері бойынша тәжірибелік және зертханалық сабақтар жүргізіледі. Студенттердің шығармашылық шеберлігін ғана емес, ақпараттық технология мүмкіндіктерін игеруге бағытталған зертхана болашақта әмбебап мамандар дайындауға қызмет етеді.
М.БАЛҚЫБЕКҰЛЫ
Нұр-Сұлтан қаласы