Жабалды алғаш көргенімде талдырмаш, уыздай жас жігіт, сызылып «Сіз» деп әдеппен сөйлейді. Біздер студенттер дуылдап андабарамыз, мұнда барамыз, у-шу думанымыз басылмайды. Ал, Жабал болса ондайданаулақ, арақ та ішпейді, сыраханаға да бармайды, жеке саяқ жүреді. Қолынанкітабы түспейді, барлық сынақ, емтиханды беске тапсырып, тиянақты, білімділігін танытады.
Диплом алып, еліміздің түкпір-түкпірінде қызмет істей бастадық. Курстастарымның ішінен Жабай тағы да топ жарып, журналистік шеберлігін көрсетіп, қызмет баспалдақтарымен жоғарылай берді.
Менің елу жасқа толған мерейтойыма Көкшетаудан әдейілеп келді. Ұзынағаштағы Мәдениет үйі лық толы, ығай-сығай ақын-жазушылар, дос-жарандар бірінен соң бірі сөйлеп жатты.
— Ендігі сөз Көкшетаудан арнайы келген курстасы Жабал Ерғалиевке беріледі, — деді микрофон ұстаған аудан әкімі Тоққожа Естенов.
Жабал өзіне тән сабырлы салиқалы қалпы сахнаға шығып, залды түгел шолып өтіп, сөзін бастап кеп жіберді. Ақ тілегін ақтарыла, төгілте сөйлегенде дүйім жұрт тып-тыныш бола қалды. Қандай шешендік, менің ғұмырнамамды толқын-толқын кестелеп, әрлеп, сәндеп айтқанда шешендігі мен көсемдігіне бәрі таң қалып, дүркін-дүркін жаппай қол шапалақтап отырды.
Артынан той дастарханы мейрамханада жалғасты. Сонда атақты ақын ағамыз Тұманбай Молдағалиев:
— Мына жылқының шекесін Арқадан арнайы келген қадірлі қонағымыз
Жабал Ерғалиевке ұсынамын. Осы өмірімде Жабалдай қара тілді қайран қазақ сөзін аспандатқан шешенді бұрнағы-соңғы көргем жоқпын. Шешендік дәстүр қасиетті қазақ елінде жоғалмапты. Оны мына Жабал інім жалғастырып, биікке көтеріп жүр екен. Бақытты бол, қарағым! – деп батасын берген еді.
Жабал көп ұзамай сенатор болып сайланды, теледидардан биік мінбеден сөйлегенін көріп сүйсінеміз.
— Қазір республикамызда көптеген жоғары оқу орындарында журналистика мамандығын даярлайтын факультеттер ашылды. Бірақ сапасы қандай? Кезінде бүкіл Қазақстанда КазГУ-де ғана журфак бар еді. Саналы, сапалы, білікті журналистер даярлайтын.
Ал, қазір топырлатып диплом беріп жатқандар журналист деген атқа лайық па? Бұл мамандық иелері еліміздің өткенін, бүгінін, ертеңін елге жеткізетін ең жауапты қаламгерлер ғой. Сондықтан да бұл факультет тек Астана мен Алматыдағы ең іргелі екі университетте ғана оқытылса деген ұсынысым бар! – деді Жабал өткірлігіне салып.
Шынында да қазір ақпараттық жүйеде жүргендердің көбісінің кәсіби біліктілігінің төмендігін көріп те, біліп те жүрміз. Мұндай құнды, аса қажет жағдайлар жайлы сенатор Жабал Ерғалиев талай-талай үкіметке сауал тастады, ой-пікірін ашық айтты. Ақылды адамнан ғана ақылды сөз шығады.
Осындай қоңыр күзде Көкшетауда алпыс жылдық мерейтойың дүркіреп өтті. Мәдениет үйінде сенің жазған пьесаң бойынша спектакль көрсетілді, артынан салтанатты жиын өтті. Біздің елден барғандар атынан Әскербек Абаев Жабалға «Қарасай ауданының Құрметті азаматы» деген атақтың куәлігін тапсырды.
Ғұлама ғалым Мырзатай Жолдасбеков ағамыз Жабалдың шығармашылығына тәнті болғанын айтып, жоғары баға берді. Қазақстан Жазушылар Одағы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай Жәкеңнің пьесалары республикамыздың түкпір-түкпірінде қойылып жатқандығына тоқталып, оның дарынды драматург екенін баса айтты. Арнайы келген бір топ сенаторлар Ж.Ерғалиевтей қоғам және мемлекет қайраткерінің сүбелі істерін жан-жақты айтып өтті.
Міне, уақыт көшімен жетпіс жасқа да келіпсің. Жәй келген жоқсың, қаһарман қайраткерлік көрсетіп, талай-талай мәселелер жөнінде тұщымды пікірлер айттың. Көптің көкейінен шыққан ой-пікірлерің ескеріліп, халық қажетіне жаратты.
Тамсанып, талғап оқитын оқырмандарың Ерғалиевтың әр шығармасын асыға күтіп отырады. Ол бүгінге дейін 16 прозалық кітаптың авторы. Толысқан, көркемдік шеберлігі қалыптасқан айтулы жазушы.
Драматургия – өте қиын жанр, оған әркімнің жүрегі дауалап бара бермейді. Ал Жабалдың «Бұлтты түнгі толған Ай», «Жетім тағдыр», «Қас-қағым», «Жан шырылы», «Қилы жол» атты драмалық шығармалары еліміздің театрларында қойылып жүр.
Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры «Қилы жол» тарихи драмасын бес жүзден астам артистердің күшімен 2015 жылы қазақ хандығының 550 жылдығына арналған шарада Тараз қаласының стадионында сәтті сахналап, отыз мыңға жуық көрерменнің назарына ұсынды.
2015 жылдың қазан айында Қырғызстанда өткен V халықаралық «АRТ-ОRDО» театр фестивалінде Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры «Қас-қағым» метафизикалық трагедиясымен үздік спектакль аталымы бойынша бас жүлдені жеңіп алды.
Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік Академиялық драма театры осы «Қас-қағым» спектаклімен 2017 жылдың қыркүйек айында Астана қаласында «ЭХРО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Мәдениет және спорт министрлігі мен Қазақстан Театрлар ассоциациясы ұйымдастыруымен Қайрат Сүгірбеков атындағы республикалық жас режиссерлердің 1-ші фестиваль-форумында тағы да бас жүлдеге ие болды.
Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің профессоры. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің профессоры. Қазақ ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүр Академиясының толық мүшесі, академик.
«Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері». «Құрмет» және «Парасат» ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталған. Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының және Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты. «Қазақстан журналистикасының қайраткері», «Ақпарат саласының үздігі», «Мәдениет қайраткері» атақтарына ие болған.
Журналистік жолы өзінше үлкен әңгіме. Бұрынғы Көкшетау, қазіргі Ақмола облысындағы ақпарат құралдарын міне бәленбай жылдан бері басқарып келеді.
Астанада тұратын курстас, сырлас, белгілі журналист Бәдуән Имашев Жабалдың көптеген игі істерін ылғи айтып жүреді. Әсіресе, туған жеріне барып өз күшімен мешіт салғанын, көпшілікке істеген шапағатты қайырымдылығын жыр ғып айтады. Жалғыз ол ғана емес Арқа өңірінің азаматтары, арда туған көсем де шешен Жабал жайлы аңызға бергісіз тамаша істерін сыр ғып шертеді.
Жабал досқа биіктерден көрініп, Жамбыл атамның жасына жетуіне тілектестік білдіремін!
Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ЮНЕСКО-ның мәдениеттерді жақындастыру орталығының бас ғылыми қызметкері, жазушы