ЖАЗ БЕН КҮЗДЕ – САЯСИ ШЕШІМДЕР ҚАЙНАДЫ

Саясат
82 Views

Биылғы шіліңгір шілде де артта қалып, жаз бойы асыға күткен күз де келіп, өз ерекшелігімен өтіп жатыр. Ерте кездері, қоғамдық тіршілік кернеуі жалпы көзге ашық көріне бермейтін тұстарда, шілде түскеннен-ақ демалыс науқаны, саясат сабырлылығы, шығармашылық шегінісі сезіліп тұратын. Оңтүстіктегі биылғы жаздың ауа райы да, қоғамдық-саяси өмір райы да, бұрынғыдан өзгеше өтті. Негізгі себеп – Шанхай ынтымақтастық ұйымының үлкен тарихи саммиті және оны ұйымдастырудағы біздің еліміздің естен шықпас рөлі.
Осы саяси және қоғамдық-психологиялық қарқындылықтың логикалық жалғасы іспетті күз де азаматтардың белсенділік кернеуін жалғастыруда. Негізгі себебі, қоғамдық пікірдің мен қамти алған аумағында, аталған тарихи саммит; Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: құқық тәртібі, экономикалық өрлеу, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауы; 6 қазанда өткен Атом электр стансасы туралы референдум. Басқа да пікір бірлігі толық ұйысудан тәуелсіз, объективті түрде қазіргі қазақ тарихына сөзсіз енген, идеологиялық-экономикалық шараларға деген азаматтардың ой-қатынасы – ол да бір төбе.
Әрине, жаңа идеологиялық мақсат пен экономикалық формацияның, қалыптасуы «ескі биліктің арқасында» шектен тыс созылып кеткендіктен, елдегі біршама азаматтар мен кейбір мүддесі бөлек топтардың «Жаңа Қазақстанға» деген бірінде сенімсіздік, бірінде беймүдделік, ал кейбіреулерінде түсінбеушілік, тіпті, топас белсенділік бүгінге дейін орын алатыны әлеуметтік желілерден-ақ көрініп тұр. Десек те, аталмыш саммиттің қорытындыланғанынан көп өтпей-ақ «у-шудың» есіре жалғаспай, басыла қалғаны – елдегі билік не істесе де, әйтеуір, «риза еместер» санының уақыт алға жылжыған сайын азая түскенінің айқын белгісі. Демек, таңдаған бағыт, қанша күрделі болғанымен оның бірден-бір ұтымдылығының айғағы.
Тарихи тереңдіктен алып қарағанда, бұл уақиға – ұлттық мемлекет атаулыларымыздың бұрын-соңды басынан өткізген ең масштабты халықаралық келісім әрекеті. Көне сақтардан бастағанда, тарих ғылымдарының кандидаты Ғаппар Маймақовтың есебі бойынша, біздің төл ата-бабаларымыздың тарихында 22 мемлекет пен мемлекеттік құрылымдар болған. Осылар өмір кешкен ондаған ғасырлар сонарында қазіргідей 10 мемлекет және әлем халқының жартысындайының басшылары бас қосып, тыныс-тірілігінің алға жылжуын реттейтіндей келісімдердің болған-болмағанын тарихымыз білмейді. Бұл – бүгінге дейінгі тарихымыздағы халықаралық масштабтағы атымызды әлемге танытқан алғашқы үлкен уақиға. Бұл – тарих тәлкегімен адамзаттың ұлы көшінің соңында қалып кетіп, үстіміздегі ғасырда алға ұмтылып, өз орнымызға іс жүзінде орала бастағанымыздың дәлелі.
Осындай көршілес жеке мемлекеттердің бір-бірімен ынтымақтасу процесінің жандана түсуі, өмір талабымен қоғамдық қажеттіліктерін тиімді түрде шешу барысында бірігу үрдісі, әр жеке елдердің ішкі ұлттық бірлігіне де объективті түрде оң ықпал етеді. Әсіресе, біздің еліміз сияқты ғасырлар бойы орталықтанудан қашу (центробежный) қоғамдық процесін бастан кешкендер үшін.
Қазіргі аталмыш Шанхай ынтымақтастығын құрайтын мемлекеттер ішінде күні кешеге дейін орталықтанудан қашып, ыдырау процесін бастан кешкен аз-маз елдің ең үлкені – Қазақстан. Әлемдік империялардың ірісіне қол жеткізген Ұлы Шыңғысхан кетісімен-ақ мұрагерлері мен кейінгі ұрпақтарының арасындағы бақталас-тақталас ХҮІІІ ғасырдың бірінші жартысында ақыры саяси биліктен, мемлекеттіліктен, тәуелсіздіктен айырды. Осы саяси-әлеуметтік ыдырау тенденциясын Ресей империясы толық отарлауға қол жеткізгенше пайдаланды. Қоғамдық дамудан артта қалдырған экстенсивті көшпенді мал шаруашылықтан да қазақты ажыратпауға мейлінше күш салған осы «төрелер» деп аталатын «мәңгілік билік мұрагерлері».
Көне тарихтың алға жылжуына мұқият қарасаң, оның ерте феодалдық дейтін, түбі ыдыраушылыққа тірелетін, заманынан кейін, оның дамыған дәуірі – монархиялық кезеңі заңды түрде пайда болады. Немесе түрлі себептермен жаңағы айтылған орталықтанудан қашу тенденциясына ұшырап, ыдыраушылықты бастан кешіп, тарих сахнасын босатқан, кезіндегі ірі мемлекеттердің жұрнақтары пайда болады. Ол да тарих заңдылығы.
Өкінішімізге қарай, өзімізді өзіміз «мың өліп, мың тірілген» деп әспеттеген отарланған еліміз ХХ ғасырдың басында монархиялық империяның толық жұтып, жоқ қылуына жетіп қалған едік. Осындай форс-мажордың өзінде де ыдыраушылықтың менталдық, әлеуметтік-психологиялық, басқа да себептерінен сол кездегі құл аталарымыздың сана-сезімі арыла алмады.
Бақытымызға орай, дәл осы қазақ тарихының қара беттерінің бірі болған ХХ ғасырдың соңғы сәттерінде бізге бергені де көп, алғаны тіптен ауыр, тарих заңдылығымен кеңестік идеология мен тәртіптің ыдырауына байланысты тағдыр егемендік, тәуелсіздік бұйыртты. Осы мақаладағы түпқазық еткен даму мүмкіндіктерін пайдалануға жол ашылды. Сонымен қатар, қазақты «қазақ» дегізіп, қазақ еткен ғасырлардың рухымызға, сана-сезімімізге ұлттық менталдығымызды терең қалыптастырғанына да көзіміз жетті. Саяси бостандықтың алғашқы онжылдықтарында басқалардың алдында халқымыздың әбиірін биіктететін қырларына қуандық. Тура осы аталған кезеңде қазіргі өмір сүріп отырған замандағы әлемдік үлгіге кереғар, өткен қоғамдық формацияның қанды талаптарымен ондайдан құтылдық немесе мейлінше төмендеттік деп жүргенде өткеннің кейінтартар, бетқызартар «әдеттері» жаңарып, қайтадан шыға келді. Құрметті оқырманымыз не туралы екенін бірден түсінді ғой деп ойлаймын. «Коррупция», «Трайбализм», «Непотизм» деп аталатын «жарықтықтардың» қайта өрлегенінің өзі неге тұрады, олардың туындыларын былай қойғанда!
Қазіргі кез сондықтан қайтадан күрес. Қайтадан Абай атамыз айтқандай, «біз де ел болып, жұрт білгенді біліп, жұрт қатарына қосылудың қамын жейік деп ниеттеніп үйрену». Бүгінгі күнге өз өткенімізден «үйрену» аз болып жатқан жоқ сияқты. Енді әлемнің өткендегі саммит бастарын қосқан жарты халқынан тереңірек, жан-жақты, өзімізге бірінші кезектегі қажеттілік – жаңару, даму тәжірибесін «үйрену» мүмкіндігі мен толықтығы алда тұр…
Ынтымақтасуы жарасқан елдердің әрі қарай даму, тұрмысын жақсарта түсу, жанжақты тіршілігін жетілдіре түсу – осы ұлттардың мемлекетаралық бірігу тенденциясын ғана емес, әр жекелеген мемлекеттің, оның ішінде Қазақстанның, ондағы ұлттардың өзара бірігу тенденциясын да туғызып, оның әсерін қүшейте түседі деп үміттенеміз.
Аталмыш Шанхай елдері ұйымы саммитінің тікелей оң әсерінен өткенде елімізде жиналған түркі мемлекеттері басшыларының соңғы басқосуы терең мәселелерді ашық талқылаған жағдайда өткендей пікір қалдырды. Ертелеу кездерде көне Тұранның ұрпағы болып табылатын елдердің екі-үшеуінің басы қосыла қалса болды, артынша солтүстіктегі көршіміз бен олардың қолына су құятындардың «бейресми өкілдері» тарапынан жүйкелерін жау шабатындай реакция әлі есімізде…
Бүгінге дейін қызуы басылмай қоғамдық пікірдің бел ортасында тұрғаның бірі – жоғарыда оқырманның көңіліне бағышталған Президентіміздің биылғы жылғы Жолдауы. Мемлекет басының өз сөзіне құлақ салсақ, «мұның бәрі, ең алдымен, халықтың қалауымен жасалды. Сондықтан біз алған бетімізден қайтпаймыз, бағытымыздан таймаймыз… Бір сөзбен айтсақ, Әділетті Қазақстан құрылып жатыр». Мұнан артық, көзі қарақты, мақсаты өркениетті болашаққа бағышталған, сауатты азаматқа, қандай перспективалық уәде керек екен?!
Қазірдің өзінде өткеннен қалған проблемалар, әлемдік геосаяси ахуал, ішкі шешілуі әлеуметтік күрестер, табиғат ашуы, құқықтық мәселелер, аяқтан шалғанына қарамай, тілге тиек ететін алға жылжу көрініп тұр. Президенттің өз сөзімен айтсақ, «экономиканы әртараптандыру ісіне тың серпін бердік. Инфляция баяулады, яғни былтырғы деңгейден 2,5 есе төмендеді. Еліміздің халықаралық резерві 100 миллиард доллардан асты. Өңдеу өнеркәсібі тау-кен саласымен салыстырғанда жылдам өсіп жатыр… Басты мақсат – азаматтардың табысын арттыру».
Жолдау қарапайым халыққа да түсінікті тілмен айтылған. Алдымен алға тартқан маңызды мақсат, артынша оларды шешу жолы да естен шықпаған…
Аталмыш маңызды құжаттағы барлық мақсаттарды, оларды жүзеге асырудың түйіндерін толығымен талдап шығу міндеті алдымда тұрған жоқ. Барлық оқып, мәтінімен танысамын, ой елегінен өткіземін дейтіндер үшін жеткілікті уақыт өтті. Формалды түрде болса да, өздерін «ішкі саясат майданының жауынгерлеріміз» деп есептейтіндер де ел алдына шыққандай болды. Жарияланған Жолдауды оқымаймын дейтіндер бәрібір оқымайды. Саналы, компетентті түрде мазмұнын игеруге не құлқы немесе мүмкіндігі жоқтар тағы бар. Билік не айтса да, әйтеуір, дәлелсіз, пайымдалған логикасыз, қарсы айта беретіндер де жоқ боп кеткен жоқ. Бірақ, қалай болғанда да, биылғы Жолдаудан соң «білгішбектер» тарапынан жылдағыдай айқай-шу масштабы көп төмен болды. Бұл – биліктің жүргізіп отырған саяси-экономикалық және әлеуметтік саясатының халық арасындағы жағымдылығының өскені деп ойлаймын.
Осы жоғарылау диаграммасын тұрақтандыру үшін ең алдымен дамуға қол жеткізу ғана емес, көпшілікті шаруашылық пен өндірістің, еңбектенген шаруалар мен жұмысшылардың табысы мен тұрмыс жағдайы жөнінде терең, объективті түрде көпшілікті ақпараттап тұру керек. Ірі шенеунік атаулылар әр тоқсан, жартыжылдық және жыл сайын БАҚ, әлеуметтік желілер арқылы, іpі жұмысшылар мен шаруалар ұжымдары алдында қабылданған бағдарламалары мен міндеттеріне байланысты неге ақпарат беріп тұрмасқа? Қазіргі әлемде өзара байланыссыз ұлттық тірілігің алға баспайды. Ал мұндай максикеңістікте баға саясаты бірқалыпты бола бермейді. Сондықтан да осыдан туындайтын проблемалар мен қарсы шаралардың квинтэссенциясын азаматтар өз құлағымен естісе билікке, үкіметке деген сенімі шайқалмайды.
Әлеуметтік желілерде бүгінге дейін қазіргі іс-қимылдағы Ел Президентіне қарсы сенімсіздік туғызғысы келген әрекеттер көрініп қалады. Аты-жөніне қарасаң, ешқандай фигура емес. Таққан «айыбына» қарасаң – бос сөз. Ал сеніңше, кім бар, жарытып ауыстыруға лайық десең – үнсіздік! Сонда олар кімдер? Әншейін саяси надандар ма? Жоқ, әлде өткендегі «Қаңтарды» аңсағандар мен солардың айдағымен жүрген сорлылар ма?…
Кімдер болғанда да елдің, биліктің қауіпсіздігіне ешқандай әсері жоқ, бірақ ұлттың бірлігіне, басқалардың алдындағы имиджіне, мысал есебінде пайдалану мүмкін де шығар.
Қазақстанның ҰҚШҰ (Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы) ұйымына мүшелігін де өздерінше теріс реңкпен бағалайтын «ақылдылар» бүгінге дейін кейде дауысын естіртіп қояды. Бірақ, бұндайлар надандардан гөрі арамдарға көбірек келеді. Түрі жағынан Тоқаевқа кінә артатындай көрінеді де, ал мазмұны тұрғысынан «Қаңтарды» қайғырып, аңсайтындарға ұқсайды. Өзеннің бір кешкендегі суына екінші ретте қайта түсу мүмкін еместігі (ертедегі грек нақылы) қаперіне де кірмей ме?
«Тоқаев Путиннің ықпалында, сол себепті Ресей – Украин соғысына қазақтарды да ертелі-кеш тартады» деп те білгішсінетіндер аз да болса бар. Жоқ, тарта алмайды. Аталмыш шайқас Ресей үшін ресми түрде соғыс емес, «арнайы әскери операция». Оның үстіне орыстың жерінде емес, украин жерінде өтуде. Тіпті, Белгород, Курск облыстарының территорияларын қамтығанның өзінде де – арнайы әскери операция статусында. Сол себепті Қазақстанның да, ҰҚШҰ-ның да бұл жағдайға ешқандай қатысы жоқ!
Қаласақ та, қаламасақ та, Ресей біздің құдайы көршіміз. Қазір де, кейін де, патшамыз кім болса да, бүгінгі заман экономикасының әлемдік заңдарына, еуразиялық шаруашылықтың талаптарына сәйкес алыс-берісіміз бола береді. Тіршілігіміз дамыған сайын алыс-берісіміз де жетіле түседі. Халықаралық саясат сауатты көпшілікке негізінен түсінікті болса да, пиар жинауға әрекеттенген кейбір ура-патриоттар үшін бір-ақ мысал келтірсем. Осыдан екі-үш жылдай бұрын Ресей кенеттен қант продукциясын сыртқа жіберуді тоқтатты. Өзіміздің бұл заттан ішкі өніміміз жарым-жартылай жеткіліксіз болғандықтан бір аптаға жетпей-ақ бағасы шарықтады. Әрі қарай бәріне де белгілі. Егер экономикалық салалардағы 70-тен 90-ға дейінгі пайыздағы ара қатынасты, әлгі «патриоттардың» арманына сәйкес, лидеріміз «Путиннен қорқады екен» деп, мемлекеттеріміздің арасына құлып іліп қойсақ не болар еді? Дағдарыс. Көп кешікпей – КОМАТОЗ! Бұлай тек ұлт жаулары мен солардың сөзіне ерген сумилар ғана ұрандатады. Білім мен ел идеологиясын талапқа сай көтере алсақ, екіншілері қатарға қосылады. Ал біліп тұрып арамдықпен жаулығын жасайтындармен тек қана – күрес…
Биылғы күздің келуімен асқынған қоғамдық пікірталастың аумақтысы 6 қазанға белгіленген елімізде атом электр станциясын салу туралы референдум болды. Үгіт пен насихаттың барысы дәл осы күндері қызып тұр, әсіресе, теледидарда. Әлеуметтік желілер де олардан қалысып тұрған жоқ. Нағыз демократиялық қоғамдағы сөз бостандығына лайық әлеуметтік орта қалыптасқандай.
Десек те, менің де азамат ретінде түсінуім қажет, қолдауым, не қолдамауым керек мәселеде бір жауапты саналы түрде таба алмай тұрғаным ойландырды. Мүмкін, құрметті оқырман, сіз де осындай таңдау проблемасын ой сараптауынан өткізген боларсыз…

  1. Аталмыш референдумды ұсынушы және бас ұйымдастырушы мемлекетіміздің басшысы Қ.Ж.Тоқаевтың жеке осы мәселедегі таңдауы қайсы? Егер басты мақсат халықтың пікірі болса, онда өзі үрдісті түрде дауыс беруге қатыспай, оны хабарламай-ақ қойса қалай болар еді? Сонда мен қайсысын таңдар едім, өзімнің ойымша?
  2. Көптеген жеке пікірлер аясында біздің қоғам АЭС соқтыруға және оны пайдалануға дайын емес екен. Дайын болу үшін шамамен алда қанша уақыт өтуі қажет?
  3. Әлемдік тәжірибе бойынша экономикалық-әлеуметтік дамуы екінші, үшінші қатардағы елдердің бүгінгі күні қаншасында атом энергиясы пайдаланылады? Осы энергия көзінің арқасындағы даму екпіні қандай деңгейге шықты?
  4. АЭС энергиясы көзін салу және оны өндіру процесі мен басқа энергокөздері арасындағы белгілі бір аймақтағы салыстырмалы шығын тиімділігі қандай? Атом станциясы жоқтығынан жетіспейтін энергия мөлшерін шеттен сатып алғандағы айырма төзімді деңгейде ме, жоқ, әлде төзімсіз ауқымда ма?
  5. АЭС салуды үгіттеп жүрген шенеуніктер, ғалым-мамандар және басқа да бұл проблемаға қанықтар, тағы «қанық еместер» (әншілер, спортшылар, тағы басқа да мектеп физикасын да «естен шығарғандар»), халық алдында ашық түрде өздеріне жауапкершілік ала алады ма?
    Әрі қарай да, бұл мақаланың үш бағытынан да айтатын мәселелер бар боп тұр. Бірақ осының өзіне де қадірменді оқырман қауым, шыдамдарыңыз үшін рахмет айта отырып, келесі кездескенше күн жақсы деймін!

Сапарбек САХОВ,
Оңтүстік Қазақстан медициналық Академиясының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *