Журналист, публицист, ақын, аудармашы Әбдісаттар ӘЛІП есімі елімізге етене таныс. Бүгінде Пайғамбар жасы – алпыс үшке толып отырған әріптесімізді жампоз журналист деп дәріптеуімізге толық негіз бар. Ол 1957 жылы 21 мамыр күні көршілес елге еріксіз беріліп кеткен жер жәннаты – Бостандық ауданында жарық дүниеге келген.
Алты жасқа толған кезінде Анасы Гүлжамал Әліпқызы, әпке-қарындастарымен бірге Оңтүстік Қазақстан өлкесінің Шымкент облысындағы Сарыағаш ауданына қарасты «Келес» кеңшарының «Коммуна» бөлімшесіне көшіп келген. Бүгінде бұл жер – Түркістан облысының Келес ауданындағы Қошқарата ауылдық округіне қарасты осы аттас ауыл. Осындағы «Коммуна» сегізжылдық мектебінде (қазіргі Зиябек Рүстемов атындағы жалпы орта мектебі) тәлім-тәрбие алған. Қалжігіт Ерназаров, Артықбай Үмбетов, Әлім Қалдыбеков, Әбен Асанов, Ақберді Ерманов, Бегім Төлегенов, Табылды Тәжіқұлов, Сатыбалды Мыңжасаров, Клара Таблер, Сансызбай Әкімбаев, Берік Әбдірахманов, Түзел Ережепов, Қаныбек Мұсаев, Ілес Келімбетов секілді ұстаздардан сабақ алған. Отбасындағы алты қыздың ортасында өскен жалғыз бала екен. Оқуда озат, мінез-құлқы мінәйім, жібектей жұмсақ, тәртібі түзу болғандықтан алтыншы сыныпта оқып жүрген кезінде-ақ бүкіл білім ордасы, ауыл-аймақ «Біздің профессорымыз!» деп мақтаныш ететін. Жастайынан кітап, газет-журнал оқуға ықылас танытқан. Мектепте жүрген кезінің өзінде-ақ қабырға газетінің редакторы болған.
Тоғызыншы-оныншы сыныптарды бес шақырым қашықтықтағы кеңшар орталығы – Бесқұбыр ауылына қатынап оқыған. Роза Сейітова, Уля Тұрсынбаева, Өмір Тұрымбетов, Әбдіразақ Жолдасбеков, Абрек Оспанов, Нышан Ілесбаев, Жақан және Тұрсынбек Махмұдовтар, Мәжит Қалықұлов, Рахманқұл Қалықұлов, Орынбасар Егембердиев сияқты ұстаздарының өнегелі тәлім-тәрбиесін көріп өскен. Сондағы Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектебін жақсы және өте жақсы деген бағалармен бітірген. Осы білім ордасының талантты түлегі – Сауытбек Абдрахманов ағасына еліктеп, журналист болуды армандаған. Бүгінде сыныптастарының арасынан Салтанат Ақбердіқызы Ерманова медицина ғылымының докторы, профессор, Сәруар Үсенбаев ғылым кандидаты, Жақыпбек Мырзабаев қажы, Бауыржан Шертаев ауыл биі дәрежесіне дейін көтерілген. Кезінде сабақты жақсы оқыған Анар Сартбаева, Салтанат Бәймешова, Клара Ибраимова, Зоя Нұрходжаева, Тамара Саттарова,Тамара Имашева, Рыскүл Райымқұлова, Жұмагүл Сманәлиева, Мәжит Ерназаров, Сәрсен Үмбетов, Қарсыбай Жанаев, Құттыбай Қалыбаев секілді құрдастары да өмірден өз орнын тапқан жандар.
Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университеті (қазіргі Әбу Насыр әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) журналистика факультетінің түлегі. Республикамыздағы аса беделді осы бір жоғары оқу орнында Тауман Салықбайұлы Амандосов, Темірбек Қожакеев, Марат Кәрібайұлы Барманқұлов, Файзолла Тінейұлы Оразаев, Әбілфайыз Ыдырысов, Қадыр Мырза Әли, Хамит Маданов, Сағымбай Қабашұлы Қозыбаев, Намазалы Омашев сынды танымал тұлғалардың алдын көрген. Олардың дәрісін курстастары – Есенғали Әбдіжаппарұлы Раушанов, Жұмабек Сейілханұлы Мұқанов, Жетіскен Мәкенәлиев, Нағашыбай Мұқатов, Мақсұтбек Сүлейменов, Манарбек Ізбасаров, Қанат Тәкебаев, Үсен Дауылбайұлы Өмірзақов, Көсемәлі Сәттібаев, Ақылжан Мамытов, Дүйсенбек Айбеков, Сейфолла Шайынғазин, Зейнел Жекейұлы Үйсінбаев, Тұрсынбек Жалғасбаев, Сейітжаппар Оразымбетов, Роза Ыстаева, Гүлжамал Шораевамен бірге тыңдаған. «Қалдарбек Найманбаев – очеркист, публицист» тақырыбында дипломдық жұмысын сәтті қорғаған. Оған жетекшілік жасаған Мамытбек Қалдыбай мен рецензент Қуаныш Жиенбай ыстық ықыласқа толы пікір жазған. Бүгінде курстастарының алды атақты ақын-жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, филология ғылымының кандидаты, облыстық газеттің редакторы секілді биік-биік белестерді бағындырған.
Әбідісаттар Әліп қырық жылдай уақыт баспасөз саласында жемісті еңбек етіп келеді. 1983-1996 жылдары Келес және Сарыағаш аудандық «Мақташы», «Қызыл ту», «Красное знамя», «Келес таңы» газеттерінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың міндетін атқарушы, облыстық «Южный Казахстан» газетінің Келес ауданындағы меншікті тілшісі болып қызмет істеген
1996-2001 жылдары Өзбекстандағы қазақ тілінде жарық көретін республикалық «Нұрлы жол» газетінде жауапты хатшының орынбасары, өзбек, орыс, қазақ тілдерінде шығатын Ташкент облыстық «Дуст. Друг. Дос» газетінде бас редактордың орынбасары, өзбек, қазақ, қырғыз, тәжік, орыс тілдеріндегі Халықаралық «Орталық Азия мәдениеті» газеті бас редакторының орынбасары – қазақ тіліндегі басылымның тұңғыш бас редакторы, «Культура Центральной Азии» газетінің жауапты хатшысы қызметін абыроймен атқарған. Өзбекстандағы бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің арасында ұйымдастырылған «Наурыз – мәңгілік мейрам!», «Ең ұлы, ең ғазиз!», тағы басқа да бірқатар республикалық шығармашылық байқауларда жүлдегер атанып, талай рет бағалы сыйлықтар алған.
2001-2020 жылдары Шымкентте шығатын құқықтық-ақпараттық «Ақиқат-Истина» газетінде жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары әрі жауапты хатшы, республикалық қоғамдық-саяси «Діл» газетінің бас редакторы, республикалық қоғамдық-саяси «Сана және нарық» газетінің жауапты хатшысы, ақпараттық-танымдық «Студент газетінің» тұңғыш бас редакторы, қалалық «Шымкент келбеті» газетінде бас редактордың орынбасары, жауапты хатшы, жоғары жаңа технологиялар (қазіргі Манап Өтебаев атындағы) колледжінің органы – «Жас өркен» газетінің тұңғыш бас редакторы, республикалық тарихи-танымдық, қоғамдық-саяси «Қазақтар – ХХІ» газеті шығармашылық тобының жетекшісі, Алматыда жарық көретін қоғамдық-саяси «Президент және Халық», Ақтөбеде шығатын қоғамдық-саяси «Қазақия» газеттерінің Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысындағы меншікті тілшісі, Шымкентте шығатын республикалық қоғамдық-саяси, мәдени-спорттық «Жемқорлыққа жол жоқ» газетінің бас редакторы, республикалық қоғамдық-саяси, тарихи-танымдық «Әділет. Рухани жаңғыру» газетінің бас редакторы, бас редактордың орынбасары, жауапты хатшысы қызметін абыроймен атқарып, құрметті еңбек демалысына шыққалы отыр. Осылайша ол егемен еліміздегі бірқатар мемлекеттік және тәуелсіз басылымдардың қалыптасуына сүбелі үлес қосып жүрген қаламы қарымды жампоз журналист.
Иеленген марапаттары да жетерлік. Жазушы-журналист Жұмамұрат Тұяқбаев атындағы сыйлықтың тұңғыш лауреаты. Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысы әкімінің стипендиаты. Күншуақты өңірдің бұрынғы әкімі Нұрғали Әшімовтің атынан берілген бұл стипендияның Дипломын әріптесімізге оның сол кездегі орынбасары Дархан Қамзабекұлы Мыңбай тапсырған. Өңірдің бұрынғы басшысы Асқар Исабекұлы Мырзахметов пен белгілі жазушы Мархабат Байғұт «Шынайы тіл жанашыры» аталымының жеңімпазы ретінде оған Диплом мен ноутбук табыс еткен. Шымкент қаласының бұрынғы әкімі Арман Шәріпбайұлы Жетпісбаевтың қолынан сыйлыққа музыкалық орталық алған. «Есірткі – ғасыр тажалы», тағы басқа да бірқатар шығармашылық байқауларда топ жарып, Дипломмен қоса-қабат бағалы және қаржылай сыйлықтар иеленген. Облыс орталығындағы (қазіргі мегаполистегі) Абай ауданының бұрынғы әкімі Ахмет Татыбаев, Әл-Фараби ауданының бұрынғы әкімі Нұрбақыт Иманқұлов, Шымкенттегі орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің бұрынғы директоры Перизат Бекмырзақызы Алшабаева қол қойған Алғыс хатпен, 6506 әскери бөлімнің грамотасымен марапатталған.
Бұдан бөлек республикалық шығармашылық байқауларда да айрықша көзге түскен. 2010 жылғы ақпан айында Спорт журналистерінің арасында Қазақстан Футбол Федерациясының 50 жылдық мерейтойына арналған республикалық шығармашылық конкурстың қорытындысы шығарылған. Конкурс лауреаттарының арасында футболдан Қазақстан ұлттық құрама командасының мойынорағышы, тағы басқа да естелік сыйлық иеленген қаламы жүйрік журналист жерлесіміз, «Шымкент келбеті» газетінің жауапты хатшысы Әбдісаттар Әліп те бар болатын. 2012 жылы Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысының 80 жылдық мерейтойына орай бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің арасында республикалық байқауда қалалық «Шымкент келбеті» газетінің қызметкері, «Президент және Халық» газетінің Оңтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі Әбдісаттар Әліп ынталандыру сыйлығын (нетбук) иеленгенін тілге тиек ете кетейік.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы мен Қоры Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына арналған баспа және электрондық бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің арасындағы «Қазақстан Тәуелсіздігі және Елбасы» атты республикалық конкурсына қатысқан әріптесіміз Алғыс хатпен марапатталған. Бұған қоса-қабат Қазақстан Республикасының 25 жылдық мерейтойына орай «Кітапханалық керуен – 25 ауылға» атты автокеруенмен күншуақты өңірдегі аудан-қалаларға іссапарға шығып, халықтың рухын көтеріп, Тәуелсіздік мерекесінің лебін жеткізген рухани көшке белсене атсалысқаны үшін Оңтүстік Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Нұрболат Ахметжанов қол қойған Алғыс хатпен әспеттелген.
Әбдісаттар Әліп – Қазақстан Журналистер (2012) және Халықаралық Жазушылар одақтарының мүшесі (2013). Есімі 2014 жылы Алматыда шыққан «Бейбітшілік әлемі» Халықаралық қазақ шығармашылық бірлестігі «Бейбітшілік пен жасампаздық» атты энциклопедиясының бірінші кітабына енген. Әдебиет, мәдениет, өнер, білім, ғылым, руханият, спорт, туризм тақырыптарын сүйіп жазатын талантты журналист, публицист жігіт әдеби көркем шығармашылықпен де етене шұғылдануда. Оның қаламынан туған өлеңдері, әндері мен әңгімелері Шымкент қаласында шыққан «Ән – көңілдің ажары» (1990 жыл), «Келес толқындары» (1993), «Есірткі – ғасыр тажалы» (2012) және Алматыдағы «Нұрлы әлем» баспасынан жарық көрген «Сарыағашым – сырлы өлкем» (2006) атты ұжымдық жинақтарға енген. Келес аудандық баспаханасынан жарық көрген жазушы Орынкүл Тәжиеваның «Сырғалылар әулетінің құпия қазынасы» (1994), Шымкент қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Жолдасбек Күздеубаевтың жетекшілігімен қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарық көрген сый-кәделік «Шымкент» суперкітабы (2003), келестік танымал халық қалаулысы жайлы «Депутат. Кәсіподақ. Бейсенәлі Қырғызәлиев» (2013), облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газеті бас редакторының бұрынғы орынбасары туралы «Журналист Пәйіз Кәдеев» естеліктер жинағы (2015), шымкенттік ақын қыз Ақсұлу Сүттібайдың «Көңіл құсы» (2016), келестік ақын Кендебай Мұртазаевтың «Өмір өткелдері» жыр жинақтарының, елеулі еңбек ардагері Әнуар қажы Тұрдалинның тоқсан жылдық мерейтойына арнап шығарылған «Төл перзенті Келестің» атты естеліктер кітаптарының (2017) біріне редактор, екіншісіне шығармашылық топтың мүшесі болса, енді біріне алғысөз, арнайы мақала, естелік, эссе жазған.
2016 жылы Шымкенттегі «Азиат» баспасынан «Әдебиет әлемі» сериясымен арқалы ақын Тоқаш Бердияров жайлы «Талантымен талайды тамсандырған тылсым тағдыр туралы толғаныстар» атты жинақтың алғашқы томын шығарған. Оған 112 адамның естелік, эссе, арнау өлеңдері топтастырған. Бүгінде осы аса құнды әдеби көркем дүниенің екінші томын да баспаға әзірлеп қойған. Оған тағы да жүзге жуық жанның жазған-сызғандары енетін болады. 2018 жылы Ресейде өткен футболдан Әлем чемпионатына арналған «Мәскеу мундиалына мархабат», Қазақстан футболы жайында «Желге ұшқан ақшалар, легионерлер, басқалар…» деп аталатын спорт тақырыбына жазған кітапшалары тағы бар. Аяулы Анасының есімімен сыңар егіз «Гүлжамал» деп аталатын баспаға әзірлеп қойған тұңғыш жыр жинағы негізінен мәңгілік тақырып – Махаббат жайлы өлеңдерінен құралған. Ағылшын, бенгал тілдеріне аударылған жекелеген өлең-жырлары мұхиттың арғы жағындағы Америка Құрама Штаттарының Нью-Сиэтл, Үндістанның Нью-Дели қалаларында жарық көрген әдеби көркем жинақтарға еніп отыр. Бірқатар өлең-жырлары орыс және өзбек тілдеріне тәржімаланған.
2019 жылы Шымкент қалалық ақын-жазушылардың «Қаламгер» әдеби бірлестігі ұйымдастырған «Танылмай жүрген тұлға еді…» атты әдеби шығармашылық байқаудың жүлдегері атанған. Биылғы 25 сәуірде елордамыз – Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықаралық Білім және ғылым академиясы «Цифрландыру дәуіріндегі білім, ғылым және мәдениет» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік интернет конференция өткізген. Бұл ізгілікті де игілікті іс-шара «Рухани жаңғыру» қоғамдық сананы жаңғырту» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған. Оған қатысуға отандық және шетелдік ғалымдар, білім, ғылым және мәдениет саласындағы халықаралық сарапшылар, білім беру ұйымдарының оқытушылары (мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымдары, жалпы және арнайы мектептер), жоғары оқу орындары мен колледждердің оқытушылары, білім беру бөлімдерінің мамандары, мәдени ұйымдардың қызметкерлері, үкіметтік емес қоғамдық ұйымдар шақырылған тұғын. Конференция қорытындысы бойынша материалдар жинағы шығару көзделген. Міне, осы интернет конференцияға өзінің қазіргі қатерлі коронавирус індеті жағдайында онлайн режимінде жұмыс істеп отырған Шымкенттегі түрлі деңгейіндегі оқу орындары мен мәдениет мекемелерінің жұмысы жайлы жазылған «Өркениет – өмір өзегі» атты сараптамалық мақаласымен қатысқан республикалық қоғамдық-саяси, тарихи-танымдық «Әділет. Рухани жаңғыру» газетінің жауапты хатшысы Әбдісаттар Әліп арнайы сертификатпен марапатталып отыр.
Егемен елімізде жыл сайын 21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлерінің төл мерекесі ретінде атап өтіледі. Міне, дәл сол күні жарық дүние есігін ашқан, пайда ойламай, ар ойлайтын, ақпейіл де ақжарқын әзіз әріптесімізді республикалық қоғамдық-саяси, тарихи-танымдық «Әділет. Рухани жаңғыру» газеті ұжымының атынан Пайғамбар жасы – алпыс үшке толуымен шынайы құттықтап, оған толағай шығармашылық табыс тілейміз! Қашанда қаламының қарымды болуына, ойлы оқырмандарына деген ыстық ықыласы мен жауапкершілік сезімінің еселене түсуіне ізгі ниетке толы тілектестігімізді білдіргіміз келеді. Ғұмыр жасың жүзге жетіп, жазар әдеби көркем дүниелерің көбейе берсін, Әбеке!
Гүлнұр БАЙДУЛЛАЕВА.