немесе мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып жатқан жазушы-сыншы-ғалым-қайраткер Құлбек аға туралы
Балпылдап сөйлейтін Брежневтің «берекелі», «қазаққа қой үстіне бозторғай жұмыртқалатқан күн туғызған» Қонаевтың заманы. Құдай-ау, қай жыл екенін дөп басып айта алмаймын. Әйтеуір бүкіл Қазақстан «Тың және тыңайған жерлерді игерудің» кезекті бір датасын қарсы аламыз деп тайлы-таяғымен дүрлігіп жатқаны есімде. Бұндай ат шаптырым айтулы кезде Қазақстанға орден-медаль, атақ-даңқ қарша борайтыны бесенеден белгілі. Телевизор – радиоң да, газет-жорналың да күн сайын, сағат сайын осы тақырыпта бұрқыратып ақпарат репортаждан көз аштырмайды. Құланның қасуы мен мылтықтың басуы қатар келген бұндай қолайлы сәтті пысықтардың да қалт жібермейтіні айдан анық. «Ғасыр наны», «Ғасы әні» деген сыңайдағы «шедевр» туындылардың жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптайтын кезі де осы уақыт.
Әдебиет сүйер қауымның (Мұқтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин т.б.) аузына ерте ілінгенмен әлі күнге дейін ауыз толтырып айтар атағы жоқ жарының мәселесі шешемізді осы кезде қатты толғандырып жүрсе керек демалыс күнгі түске таман басталатын кезекті бір таңертеңгілік шайымызды ортаға алып қауқылдасып отырар дәстүрлі сәтті бұл жолы анамыз Бағдат бұзды.
— Сафуан, сенің не ойлағаның бар? Туған жерің бидайлы алқап – тың өлкесі, Қазақстанның Отан қамбасына құйып жүрген млрд. пұттардың ішінде сенің де жерлестеріңнің ерен еңбегі бар. Биылғы жыл қандай жыл екенін білесің – Тың мейрамы. Неге тыңды жазбайсың, жұрт жанталасып жатқан лауреат атағын сен де неге алмайсың деп кейіс білдірді. Дастархан басында сәл үнсіздік орнады. Терезеден тау жаққа қарап, ойланып қалған әкем бір кезде морт кетті. «Бағдат, сенімен отасқалы отыз жыл болды, солай ма?! Мені әлі де танымайсың ба? Тыңды жаз дейсің, жазайын. Бірақ мен жазсам сенің ойыңдағыдай жазбаймын. Ата-бабамның зиратын жыртып, аруағын аударып, сүйегі шашылып жатқан жерім туралы, көк майса жайлауымның дал-далын шығарып қу мекиен далаға айналдырып жатқан бассыздықтарын, қазаққа тізе батыра бастаған қаптаған қарашекпенділердің нойыс мінезін жазам, тың көтеруді желеу қылып, қазақтың басына жаңа ақтабан шұбырындыны түсіріп жатқан мына зымиян саясатты жазам» деп, шайын ішпей орнынан тұрып кетті. Сафуан әкеміз сыйлық сұрамады. Сыйлық оның соңғы шығармалары «Ағалардың алақаны» мен «Әдеби толқындар» атты туындыларын өзі іздеп тапты.
Жас мөлшері соншама алыс болғанмен әкеміз Сафуан Шаймерденов пен көзінің тірісінде оның рухани інісіне айналған Құлбек Ергөбеков арасындағы ағалы-інілік қарым-қатынас соншалықты жақын. Сондықтан болар Құлбек ағамды қатты жақсы көрем. «Әкең өлсе де әкеңді көрген өлмесін» дейді ғой атам қазақ. Құлбек ағамның бойынан да бүгіндері сағым сағынышқа айналған Сафуан әкемнің мәрт мінезін байқаймын. Қазақтың, қазақ емес-ау түркінің мен дейтін марғасқаларымен қоян-қолтық араласқан жазушы, сыншы, ғалым, қоғам қайраткері Ергөбековтің енді ғана Мемсыйлықтың үміткері болып жатқаны соған дәлел болса керек. Әйтпесе Мемлекеттік сыйлық керек болса «Ергөбековті Ергөбековтей бақайшағына дейін жіліктей шағып, жіліктей зерттеп, жіліктей түсіндіру үшін тағы бір Ергөбеков керек.
… Таңқалдыра біледі. Тамсандыра біледі. (Е. Қ. 31 қараша 2012 ж.
деп Құлбек Ергөбековке баға берген сол кездегі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы, жыл сайын мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып жатқандардың тізімін қарайтын комиссия төрағасы Әбіш Кекілбаевқа бір ауыз сөз айтса жетіп жатқан жоқ па, ағайын?! Басқа бір пысықай болғанда бәз біреулер сияқты мемсыйлықты тымақпен ұрып-ақ алар еді, Құлбек аға. Бірақ Сафуанның інісі Құлбек те арын сатпайтын адам.
Құлбек ағамның Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып жатқан «Адамның бір қызығы бала» деген сын кітабы туралы ФБ сындарлы жазбаларды оқып сүйсініп, тұшынып оқып, Заңғар жазушы Әбіш Кекілбаевтан, әкем Сафуан Шаймерденовтен артық не айта аламын деп Құлбек Ергөбековтің 50 жылдығына орай жазған әкемнің мына мақаласын қосуды жөн санадым.
РИЗАШЫЛЫҚ БЕЛГІСІ
Қазақтың «өзіңнен кейінгіні көріп қартаясың» деген сөзі рас болуы керек. Сәлем бере келген Құлбек сөз арасында 50-ге келдім демесі бар емес пе?! Таңырқап қарап қалыппын. Осы Құлбектер көз алдымызда өскен бала еді. Енді елуге келдім деп қарап отыр. Қалай таңырқамассың? Елу – ердің жасы! Әдемі жас. Сексенге келген біздер үшін артта қалған арман жас. Өзінің әлгі әңгімесінен кейін Құлбек туралы ойладым. Мен соңымыздан келе жатқан інім туралы ойымды Сәбеңмен байланыстырамын.
Қатарластарым секілді, мен де Сәбит Мұқановтың тәрбиесін көріп өскен кісімін. Қатарластарымнан ол кісінің қамқорлығын артық көрмесем, кем көрген жоқпын. Ертеректе бір хат жазып, көрген жақсылығымды айта келіп, «Қарызыңыздан қалай құтылар екенмін?» десем керек. Оны да маған айтатын Құлбек. Расында да қазақтың осы үлкен жазушысынан көрген жақсылығымыз көп-ақ. Шамам келгенінше ол жайларды жаздым, тиісті орындарда айтып келемін. Ал, Құлбек Сәбит Мұқановтың әдеби мұрасын зерттеуші. Біз көрген жақсылық Сәбең рухына осы Құлбектер арқылы да қайтса керек.
Сәбит ағайдың есіміне, музейіне, әдеби мұрасына ешқашан бейтарап қараған емеспін. Әйтеуір, әрдайым жақсы аталып жүрсе, музейіне халық көп келсе, рухани мұрасы жіті зерттелсе екен деп тілеулес болып отырамын. Сәбеңе музей ашылатын болып қаулы шыққан соң көп ұзамай Құлбекті жазушы үйінен көрдім. Ол қашан барсам, ақ қағазға шұқшиып, жазушы тұтынған мүліктерді шетінен тізімге алып, қаламгерден қалған қағаздарды шашау шығармай жүйелеп жатқаны. Ішім керемет жылыды. Жазушы мұрасы ұқыпты баланың қолына тиіпті-ау деп қуандым.
Музей ашылар, ашылмастан Құлбектің С.Мұқанов жайында жазған мақалалары баспасөз бетінде жиі көріне бастады. Жазушының 80, 90 жылдық мерейтойлары тұсында ағымдағы баспасөзбен бірге, теледидарды да Сәбеңе қызмет еткізіп, архивтік сирек материалдарды пайдалана отырып жасаған дәйекті фильм дәрежесінде жасаған хабарларын көріп, сөйлеген сөздерін тыңдап, тіпті риза болдым. Жазушы мұрасы ұқыпты қолға ғана емес, талантты зерттеуші назарына іліккенін біліп, одан сайын қуандым. Содан бері Құлбекті азамат ретінде, әдебиетші ретінде қадағалап келемін. /Әрине, менің Сәбитке, оның мұрасына жанашырлық көңілімді білген соң шығар жарыққа шыққан еңбектерін сыйлап жүреді/.
Сонда менің түйген түйінім, келген қорытындым мынадай:
Құлбек Сәбит музейіне алғашқылардың бірі болып келіп, сол музейдің әрбір заты, әрбір қағазына дейін тізімдеді, экспонаттарын іріктеп, экспозициясын жасақтады. Әрі жазушының әдеби мұрасын зерттеп, бірнеше кітап жазды. Музей жайында мақалалар жариялады. Олай болса, Құлбек Сәбит Мұқанов музейінің негізін салушы! Музейді әркезде әркім басқарды. Басқара береді. Жұмысты жүргізетін музей қызметкерлері. Сонда табан аудармай қызмет атқарып келе жатқан Гүлнәр есімді қыз бала бар. Мәриям апайдың естелігін аузынан айнытпай жазып алып жүрген. Сәбитше айтқанда, «соныкі дұрыс!»
Ана бір кезде Құлбек музейден кетпек болды. Кейін кетіп те қалды. Сол тұста мен Мәриямға екі-үш рет барып, арнайы сөйлестім. Музей музей болсын, Сәбит ағай әдеби мұрасы зерттелсін десеңіз, Құлбектен айырылмаңыз, жібермеңіз деп құдайдың зарын қылдым. Анау Арыстанның қолынан музей жасау келмейді. Мараттың қолынан келер ме еді, оның бағыты басқа – дедім. Сонда мен Құлбектің адалдығына сендім. Адамды сүйе біледі. Жазушыны сүйе отырып, әдеби мұрасын зерттеуге кірісіп еді, қандай әдемі шаруалар тындырды.
Құлбектің еңбекқорлығы ұнайды. Жазушы Сәбит Мұқановтың архивін ақтарудың өзі қаншама шаруа?! Ал, Құлбек, менің білуімде Қазақстанның ішіндегі архивтерді былай қойғанда, Сәбит ізімен жүріп отырып, бұрынғы Кеңестер одағының көптеген елдерінде болып, Сәбитті білетін ірібасты жазушыларынан естелік жазып алып, сол елдің архивін ақтарып, көптеген қазына-байлық жинаған жігіт. Айталық, Мәскеудің Орталық Мемлекеттік Әдебиет және өнер архивіне, ЦГАЛИ-деуші ме едік, бүгінде басқа мемлекеттен кісі кіргізер ме? Әй, қайдам? Ал, Құлбек аталған архивтен Сәбит Мұқановпен бірге, жалпы қазақ әдебиетіне қатысты қаншама материалдарды кезінде көшіріп алып үлгерген. Жазған материалдарына тұздық етіп пайдаланып жүр. Ұқыптылық па? Ұқыптылық! Еңбекқорлық па? Еңбекқорлық! Талантты зерттеушіге таптырмас осы екі мінез Құлбек бойынан еркін табылып отыр. Үлкен қуаныш осы!
Құлбек – іскер әдебиетші. Кезінде Сәбит араласқан, оны жақсы білетін, өзге республика /бүгінде өзге мемлекет/ жазушылары бар емес пе? Соларды түгел біледі, қазақ жазушысына қатысын зерттейді. Арнайы барып, өздерімен сөйлесіп қайтады. Анау Кирпотин, Шкловский, Сыдықбеков, Фазылов, Жигжитов секілді әр ел жазушыларымен Сәкең жайында түрлі деректерді пайдалана отырып әңгімелесуі мейілінше қызықты. Ол елдің архивінен материал табады, сол материалдарды алға тарта отырып, сол ұлттың ірі жазушысымен әңгімелесіп қайтады. Жазушының ғылыми өмірбаяны үшін материал жинаудың тиімді жолдары емес пе? Техника тілімен айтқанда, Құлбекте «холостой ход» – бос жүріс деген болмайды. Оның әлгі дерек, документтерді пайдаланып жазған мақалалары қызықты оқылады. Бұл орайда ол Лермонтов зерттеушісі И.Л.Андрониковке ұқсайды. Құлбек осы мінезімен қазақ әдебиетінде «деректі әдебиеттануды жасаушы» деп ойлаймын. Мұның өзі әдебиеттанудағы қызықты бағыт сияқты. Әрі зерттеу, әрі деректі әңгіме оқығандай боласың. Енді, Шкловскийді көп кісі біледі ғой. Атақты әдебиетші. Соғыс жылдарында Алматыда тұрған. Сәбитпен дос-жар кісі. «Шоқан Уәлиханов» аталатын пьесасын орыс тіліне аударған. Құлбек арнайы барып, әлгі әдебиетшінің ЦГАЛИ-ге тапсырған архивтік материалдарын пайдалана отырып, оның өзімен әңгімелеседі. Сонда әлгі әдебиетші сирек материалдарға таң қалады. Әңгімеге қызығып кетіп «Сәбит жас өлді-ау, одан қалған мұра қанша том болады?» – деп сұрайды. Құлбек «Елу том» – дейді ауыз толтырып. Онан сайын таңқалдырады ештеңеге таңқала қоймайтын әдебиетшіні.
Мына жайға назар аударайықшы: өз алдымызға ел болдық қой, құдай оңдап. Ал, Құлбектің түрлі ел архивінен тапқан деректері, түрлі ел жазушыларынан ауызша алған материалдары келешекте қазақ әдебиетіне әр салада қызмет етеді ғой. Мен қолқалап Мәриям апайдан қалап сұрап алып, Құлбек екеуміз Сәбит ағай жайлы естеліктер жинағын құрастырдық. Сол тұста оның қолға алған ісін аяқтамай тынбайтын табандылығына, іскер ұйымдастырушылығына куә болдым. Естелік «Кәдімгі Сәбит Мұқанов»деген атпен әп-әдемі болып жарық көрді.
Мәскеу барғанда музей аралайды, қызықтайды, көреді, үйренеді ғой. Көрген жақсы үлгіні С.Мұқанов музейі арқылы қазақ әдебиетіне, мәдениетіне әкеледі. «Сәбит сабағы» өмірге осылай келді. Музей басшылары Құлбектің бұл әрекетін кезінде дұрыс түсінбей, маған сол тұста да барып айтуға, қатты айтуға тура келген. Музейде жазушы жайында естелік айтылып, сабақ жүріп жатса, жақсы емес пе?! Әрі мәдениет үлгісі. Құлбек осындай игілікті істердің басы-қасында жүретін жігіт.
Қазақ әдебиетінде жазушы өмірін, творчествосын лабораториялық тұрғыдан зерттеу сирек болар. Бірен-саран ғана кездесер. Әдебиет тарихы бай, мәдениетті елдерде көбірек, әрине. Құлбектің музейде қызмет атқарғанының бір пайдасы Сәбит Мұқановтың творчестволық лабораториясын зерттеуге мүмкіндігі болды.
Алдымен біз кезінде сүйіп оқыған «Адасқандар» романының творчестволық тарихын зерттеді. Кейіпкер прототипі күнделігі дейсіз бе, сот процесі протоколы дейсіз бе, әйтеуір тың материалдарды тауып, роман тарихын тосын қырынан зерттеді, қызықты етіп жазды. Тіпті деректі повесть етіп те жазды. «Адасқандар ақиқаты» – роман туралы повесі – қазақ әдебиетіндегі тың формада туған алғашқы бастама!
Осында Ақпамбетов Жеңіс деген жігіт бар. Романдағы Бәтестің баласы. Соған мына Николаевкада /қазақша бұрынғы аталуы Көтентай екен/ тұратын шешеңе апарып жолықтыр деп талай айттым. Намыстана ма, немене, ақыры жолықтырмады. Қиын тағдыр кешіпті, романға кейіпкер болыпты, онда тұрған не бар екен? Енді біліп отырмын, Құлбек Бәтеске де барып жолыққан. Әңгімелесіп, көп материал алған. Міне, зерттеуші!
Алғашында жеке бір шығарманың тарихын жазған Құлбек енді бірде жазушының тұтас творчестволық лабораториясын қаза зерттеді. Қолымыздағы еңбек – сондай бағыттағы ізденістің құнарлы жемісі. Жазушының тақырып табуы, зерттеуі, материал жинауы, прототиптер іздеуі, характер жасауы, жазуы, сызуы, өңдеу, жөндеуі, қысқартып айтқанда, жазушылық табиғат түп-түгел дерек-документтер арқылы көз алдыңа келеді. Талантты зерттеуші, ойшыл жастың бұл зерттеуін қазақ әдебиет ғылымын тың өріске бастайтын, мәдениетін танытатын маңызды, берекелі еңбек деп білемін! Кезінде әрі музейдің жұмысы жасалған, әрі осындай еңбек біткен. Тындырымды демегенде не дейін? Мәриям апайға кезінде Құлбекті музейдің қазығы етіп ұстаңыз деп жүргенім де осыдан еді! Құлбектің музейден кеткенімен Сәбит тақырыбынан кетпегенін көріп, қайда жүрсе де елеулі еңбек тындырып жүргеніне риза болып отырмын. Елуге осындай толымды еңбекпен келіп отырған жақсы көретін іні, ойшыл зерттеушіге әрдайым творчестволық табыс тілеймін.
9.01.2002.
Сайын ШАЙМЕРДЕН,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі