ЖАНЫ ЖАЙСАҢ, СӨЗГЕ БЕРІК АЗАМАТ ЕДІ

Білім Тұлға
1 375 Views

Сұңғақ бойлы аяғын нық басып жүретін жігіт ағасына қызықтап қарайтындар аз болмайтын. Келісті,келбетті, қажырлы, жүрісі ширақ еді. Аса сабырлы, жүзінен мейірім шапағаты төгіліп тұратын. Жомарт жанымен, дархан пейілімен үлкен-кішіні баурап алатын. Өзгелердің сәлеміне сақ тұратын, өзі де әдептіліктен аттамайтын. Иә, Әбдімұса ағаның сабырлығы мен ерекше сақтығы өзін ақтайтын тұла бойындағы күш-қуаты менерік-жігеріне, көркем мінезіне лайықты болатын.

Оңтүстік өңірінің Арыс ауданына қарасты N 41 разъезде 1942 жылы дүниеге келген Әбдімұса Мұратұлы Қуатбековтың жастық шағы Ұлы Отан соғысы жылдарынан кейінгі ауыртпалық кезеңдерге сәйкес келді. Мектеп қабырғасында қабілеттілігімен ерекше көзге түсіп, көпшіліктің көңілінен шықты. Қайратты да жігерлі жас Ташкент мемлекеттік университетіне химия мамандығы бойынша оқуға түсіп, оны 1966 жылы бітіріп шықты. Содан кейін Қазақ КСР Ғылым академиясының химия ғылымдары институтынын аспирантурасында дәріс алды. 1971 жылы химия ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін иеленді. 1995 жылы осы сала бойынша Мәскеу қаласындағы И.М. Губкин атындағы мұнай және газ өндіру мемлекеттік академиясының арнайы ғылыми кеңесінде докторлық диссертация қорғады.

Әбдімұса ағамен 1996 жылы Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті сырттай оқу факультетінің деканы болып қызмет атқарып жүрген кезден таныс болатынмын. Ал Әбдімұса Мұратұлы Қуатбеков химия кафедрасының меңгерушісі еді. Осы кезде Әбекең бүкіл ұжымға үлкен ғалым ретінде танылған. Содан сәл бұрын ғана университет қабырғасында Нью-Иорк Ғылым академиясының академигі ғылым атағын алғанымен құттықтаған марапаттауды оқыған едім. Әбекеңді құттықтау және танысу үшін екі рет кафедраға іздеп бардым, бірақ кездестіре алмадым. Міне, енді атағына да, абыройына да қарамастан өзінің арнайы келіп тұрғаны кімді де болса ойға қалдыратыны анық. Осы орайда сонау ертеректе академик Әлкей Марғұланның журналистке берген сұхбатында айтқаны еріксіз ойға оралады. Журналистің «Сізді бүкіл ел біледі, әлем біледі соған қарамай өте қарапайымсыз. Осының сыры неде?» – дегеніне «Бидайдың басында дәні неғұрлым көп болса, ол соғұрлым иіліп тұрады, ал ол – аш болса соғұрлым қайқиып тұрады», – деп жауап берген болатын. Нағыз жігіттерге лайықты осы жарасымды, қарапайымдылық қасиеті Әбекең сияқты азаматтарға арналғанын түсіндім. Міне, Әбекеңмен осылай танысқан едім.

2002 жылғы 23 тамыз күні арнайы шақыру алып, Әбдімұса ағаға келдім. Ол кезде Қазақ-өзбек инженерлі-гуманитарлық университетінің ректоры қызметін атқаратын. Өзім Қазақ-кувейт университетінде факультет деканы болатынмын. Әбекең жылышырай танытып, әдеттегідей орнынан ширақ тұрып, күле қарсы алды. Жағдай сұрасқаннан кейін Әбдімұса аға университеттің қазіргі жағдайы мен оның болашағы туралы әңгіме айта отырып, заман талабына сай мамандар дайындаудың сапалық деңгейін жоғары дәрежеге көтеру қажеттігіне баса назар аударылатынын тілге тиек етті. Әңгіме арасында университетке тәжірибелі, білімді, білікті маман кадрлар аса қажет екенін және осы бағытта тынымсыз жұмыс жүргізіліп жатқанын айта келіп, «бірге жұмыс жасайық» деген ұсыныс тастады. Күндізгі оқу факультетінің жұмысы біршама ақсап жатқанын айта келіп, соған басшылық жасап, көмек беруді өтінді. Осылай Әбекеңнің басшылығымен қызығы мол тынымсыз, ізденіске толы жұмысқа кірісіп кеттік.

Әбдімұса ағаға тән жақсы қасиеттер баршылық. Соның ішінде адамгершілік, адалдық, әділдік, қайырымдылық, мейірімділік, көрегенділікті ерекше айтуға болады. Әбекең біреудің жетістігіне қуана қарап, қолдап, демеп отыратын. Адалдықты, әділдікті, ізгілікті бағалай білетін. Өзгелерден де соны талап етуші еді. Әбдімұса ағаның «Жақсыны жақсы, жаманды жаман» – деп айта алатын, «ат төбеліндей аз ғана қазақты» алыс-жақынға бөлмейтін, «адал, әділ, іскер адамды» ғана өзіне жақын, әріптес, сырлас тұтатын адами қасиеті мол еді.

2014 жылдың қаңтар айында Әбдімұса аға шақырып, деканаттың жұмысын біршама реттеліп қалғанын айтты да оған ризашылығын білдіріп, университеттің оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректоры қызметін атқаруды ұсынды. Бұған дейін осы қызметті атқарып келген техника ғылымының докторы, профессор Орал Бейсенбаев университеттің бірінші проректор қызметіне ауыстырылатынын айтты. Университеттің оқу үрдісіне тікелей қатысты аса қажетті жекелеген құжаттардың (әсіресе мамандықтардың жұмыстық оқу жоспарлары, оқу-әдістемелік кешендер, тағы басқалар) әлі де болса, нормативті талаптарға толық сай болмай жатқанын айта келіп, бірінші кезекте соларды ережелерге сәйкес рәсімдеу қажеттілігіне баса назар аударуды өтінді. Расында осы құжаттар оқу үрдісін дұрыс ұйымдастырудың бірден-бір тетігі болатын.

Қызметке кіріскеннен кейін бірінші проректор, профессор Орал Бейсенбаев және оқу-әдістемелік басқарма бастығы Болысбек Әлімбековпен бірлесе отырып, екі айдың ішінде оқу үрдісін ұйымдастыруға қатысты негізгі құжаттар толығымен қайта қаралып, жалпыға міндетті білім беру стандарттары талаптарына сәйкес рәсімделді. Осы жылдың желтоқсан айында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінен келген аттестаттау комиссиясы университеттің жалпы жұмысына (соның ішінде оқу үдерісіне қатысты құжаттардың рәсімделуіне де) оң бағасын беріп, аттестаттау туралы шешім қабылдаған болатын.

Университеттің бүгінгі қол жеткізген жетістіктерінің бәрі Әбдімұса ағаның іскерлік көрегенділігінің арқасы. Сөзіміз дәлелді болу үшін бірнеше айғақты деректерді айта кеткеніміз жөн: университеттің талапқа сай, жаңа соңғы үлгідегі қондырғылармен жабдықталған ғимаратының бой көтеруі және іске қосылуы, мамандар даярлау ауқымының кеңеюі (бакалавриат мамандықтары қатарының көбеюі, магистратура мен докторантураның ашылуы), кадрлар әлеуетінің сапалық деңгейінің өсуі, тағы басқалар.

Әбекең еш уақытта қамқорлық жасаудан танған емес. «Қолыңнан келсе, қол ұшын соз, жақсылық жаса,бұл сенің адамшылдығыңның көрсеткіші» – дейтін. Ол қамыққан жанға қуаныш сыйлай білді, жабыққан жанға жұбаныш бола алды. Оған айғақты дәлелдер жеткілікті де. Жетім-жесірлерге, тағы басқа да әлеуметтік тұрғыдан аз қорғалған жандарға көрсеткен материалдық және қаржылай көмегі туралы бұқаралық ақпарат құралдарында көптеп айтылып та жазылып та жүр. Бүкіл қазақ елі құлағдар десе де болады.

Расында Әбдімұса Мұратұлы заманымыздың озық ойлы, көргені мен түйгені мол, жаны жайсаң, жүрегі жомарт, сөзге берік ұлы ұлдарының бірі болды. Әбекең туралы шындықты айту, Сіз бен біздің азаматтық борышымыз. «Жақсыны жақсы», «дұрысты дұрыс» деп айтсақ, біз ешнәрсе де жоғалтпаймыз. Айта білмеуіміз азаматтығымызға сын.

«Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» демекші, таяуда екінші өмірі басталған ұлағатты ұстаз жайлы Бектай Қожахметовтың «Парасат» атты естеліктер кітабы оқырмандар назарына ұсынылды. Бұған қоса-қабат филология ғылымының кандидаты, доцент Қайырбекова Ұлбосын Серікқызының редакторлығымен «Нұрлы жүрек» деп аталатын журнал да жарық көріп отыр.

Әбдімәлік ЕЛТАЕВ,

академик Әбдімұса Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің оқу-әдістемелік жұмыстаржөніндегі проректоры, педагогика ғылымының кандидаты, профессор.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *