ЖАРҚЫН ЖҰМЫСТАРЫ ЖҰРТ ЖАДЫНДА

Өмір-өзен
891 Views

Ордабасы ауданының әкімі Әліпбек Шәріпбекұлы ӨСЕРБАЕВ мезгілсіз дүниеден озды.

Білікті басшы, іскер азамат Әліпбек Шәріпбекұлы ауданымыздың экономикалық өсіп-өркендеуіне, тұрғындардың әлеуметтік жағдайының жақсаруына зор үлес қосты. Ауданымыздың әкімі болып істеген қысқа мерзім ішінде ордабасылықтардың күнделікті тыныс-тіршілігіне терең үңіліп аумақтардың көркейіп, түрленуіне баса назар аударды. Ардақты азаматтың назарынан өміріміздің барлық саласы тыс қалған жоқ.Уақытпен санаспай билік саласындағы мол тәжірибесін, білім-білігін,қажыр-қайратын қайтсем ауданның атақ-абыройын асқақтатамын деген мақсатта арнады.

Біз, баршамызға қадірлі Әліпбек Шәріпбекұлының бүкіл ауданымыздың мейлінше түрлене түсіп, гүлденіп, көркеюіндегі өлшеусіз еңбегін нық сеніммен айта аламыз. Оның басшылығымен киелі Ордабасы ауданының 55 жылдығы жоғары дәреже де аталып өтті. Әсіресе, аудан орталығы – Темірлан ауылы адам танығысыздай етіп көркейтіп, түрлендіруі, осынау аса ауқымды жұмыстардың көшбасшысы, күнделікті жетекшісі ретінде ерен еңбегі көз алдымызда сайрап тұр.

Адамдарды ұйымдастыра білудің асқан білгірі, аса ауқымды, салалы жұмыс процесін үйлестірудің шын шебері ол бүтіндей ұжымдарды ортақ мақсатта жұмылдыра білді. Осы ретте жалпы ел-жұрттың мүдде жолында қалтқысыз қызмет етудің үлгісін жеке басының өнегесімен көрсете алды.

Тәуелсіз мемлекетіміздің өсіп-өркендеуі жолында халыққа қалтқысыз қызмет етудің асқан үлгі-өнегесін көрсеткен, көрсететін тұлғалардың санатына бәрімізге қымбатты да аяулы Әліпбек Шәріпбекұлының да есімін қосуға құқымыз бар деп білеміз. Ол абзал азамат, қамқор басшы тұғын.

Жоғары лауазымды тұлға ретінде қарамағындағылардың, барлық әріптестерінің көңіл-күйлерін, тұрмыстық ахуалдарын да жете білуге әрекет жасайтын. Сөйте тұрып, баршасын игілікті істерді молынан жүзеге асыруға, бүгінгі тірлікті ертеңге қалдырмауға жеке өз басының үлгі-өнегесі арқылы алға жетелейтін.

Біз осы қайғылы да азалы сәтте аса қадірлі Әліпбек Шәріпбекұлының Ордабасы ауданын барынша түрленте көркейту жылындағы жолындағы асқақ армандарының орындалмай қалғанын жақсы түсінеміз. Абзал азаматтың көзделген мақсаттары таудай, адамдардың тұрмыс дәрежесін жақсартудағы ізгі ниеттері теңіздей терең еді. Амал нешік, сұм ажал бәріміздің қимасымыздың өмір жолын ерте кесті.

Біз, осы азалы сәтте марқұмның отбасына, туған – туыстарына, бүкіл облыс жұртшылығына қайғыра көңіл айта отырып, жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын дейміз. Ауданымызға ерен еңбегі сіңген Әліпбек Шәріпбекұлының аяулы есімі Ордабасы ауданының жұртшылығының есінде ұзақ сақталады.

Ордабасы ауданының әкімдігі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *