«ЖАСЫЛ ӘЛЕМ» ЖАЗҒЫ САУЫҚТЫРУ АЛАҢЫ

Тәрбие
1 869 Views

Іс-шараның басты мақсаты – мектеп оқушыларының отансүйгіштік-патриоттық сезімін арттыру, экологиялық білім мен тәрбиеге баулу, жазғы демалыс уақытын тиімді ұйымдастыру, салауатты өмір-салтын қалыптастыру.

Қаладағы №36, 38, 79, 24, 43, 2 және 7 мектептерінің оқушылары мен орталықтың білім алушылары қатысқан сауықтыру алаңы «Жас желкен»(А.Алданова, А.Нажмидин), «Жас эколог» (Ш.Таскетбаева, Ғ.Қасым), «Солнышко»(А.Адилова, М.Джайнарова), «Юные экологи» (Э.Мельницкая, М.Балыкбаева),«Табиғат сақшылары» (Қ.Жылқыбаева, Е.Қуаныш) атауларымен екі орыс, үш қазақтоптарына бөлінді.

Бірінші кезеңде «Рухани адамгершілік және еңбек, экологиялық тәрбие» бағытын негізге ала отырып «Қош келдің, жарқын жаз» танысу тренингі өтті. Сондай-ақ, «Біз бақытты баламыз» тақырыбында балаларды бақыт, қуаныш, сүйіспеншілік құндылықтарына баулу, адами қасиеттерін дамыту, тәрбиелеу мақсатында сабақ өтті.

Сабақ барысында балалар бақытты адамның, қуанышты күндердің қалай болатынын сурет салу арқылы бейнеледі, паперкрафт құрастырып, түрлі түсті қағаздан құстардың бейнесін жасады. Табиғатқа арналған сөзжұмбақ, ребустар мен экологиялық есептер шешті.

Орталықтың белсенді білім алушыларына Ақсу-Жабағылы қорығына, «Сайрам-Өгем» мемлекеттік табиғи паркіне қарасты Сайрамсу тау шатқалына танымдық саяхаттар ұйымдастырылды.

Бұған қоса Ы.Алтынсарин атындағы балалар кітапханасының ұйымдастыруымен Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының «Жаңа гуманитарлық білім, қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында «Кітап – ғасыр мұрасы» тақырыбында шоу-викторина өткізілді. Өзінің білімділігімен, кітап құмарлығымен көзге түскен «Жас эколог» тобының тәрбиеленушісі Ануар Дастан Алғыс хатпен марапатталды.

Елбасының «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында тарихи сананы жаңғырту, ұлттық болмысымызды сақтау, мектеп оқушыларына рухани адамгершілік және патриоттық тәрбие беру мақсатында білім алушылар Тараз қаласының Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейіне, көне Тараз қаласының орнындағы музейге, «Қазақ хандығының 550 жылдығы» кешеніне, Айша бибі кесенесіне, Ордабасы ауданының Ұлттық тарихи-мәдени қорығына, үш жүздің басын қосқан Ордабасы тауына, Қажымұқан атындағы спорт музейіне танымдық саяхаттар жасады.

А.АЛДАНОВА,

«Экологиялық орталық» КММ педагог-ұйымдастырушысы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *