ЖАСӨСПІРІМДЕР АРАСЫНДАҒЫ ҚЫЛМЫС ӨСІП ОТЫР

Білім Жастар Заң Мәселе Қоғам
13 Views

Шымкент қаласында соңғы жылда жасөспірімдер арасындағы қылмыстың көлемі екі есеге өсті.

Бұл жағдай мамандар мен қоғамның алаңдауына себеп болып, алдын алу шараларын күшейтуді қажет етеді.

Қалада алғаш рет сотталғандар мен студенттер арасында телекөпір ұйымдастырылып, жас буынға қылмысқа барудың қауіптілігін көрсету мақсат етілді. Іс-шараға 300-ден астам студент пен мектеп оқушысы қатысты. Телекөпір арқылы жасөспірімдер бір қателік өмірді қалай өзгерте алатынын көріп, заңға бағынудың маңыздылығын ұқты.

Мамандар жасөспірімдердің қылмысқа тартылу себебі – «жеңіл ақшаға» тез қол жеткізуге деген үміт екенін айтады. Көпшілігі мұндай әрекеттердің ауыр жазаны қажет ететінін түсінбейді. Соңғы уақытта интернет-алаяқтардың «қолшоқпарына» түскен дропперлердің басым бөлігі – мектеп оқушылары мен студенттер. Ең жиі кездесетін қылмыстар: ұрлық, бұзақылық, есірткі тасымалдау және интернет-алаяқтық.

Шымкент қалалық прокуратурасының дерегі бойынша, жас буын арасындағы қылмыстың өсуі ел болашағына қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан құқық қорғау органдары жастарға заңға құрметпен қарауды насихаттап, қылмыстың алдын алуға күш салады.

Мамандардың қорытындысы: дұрыс таңдау жасау, заңға бағыну және бір қателіктен сақтану — қоғамдағы қылмыстың төмендеуіне және елдің тұрақты дамуына ықпал ететін басты фактор.