Біз әрқашан батыры мен ақынын, ұлт зиялыларын құрмет тұтқан халықпыз. Оларға тиісті құрмет көрсету — кейінгі ұрпақтың азаматтық борышы.
Жиенбаев Үмбетқұл Жиенбайұлы 1923 жылы Жамбыл облысы, Свердлов ауданы, Ақжар ауылында дүниеге келген. Әкесі Жиенбай қыл қобызды шебер ойнаған күй шығарған қобызшы болған. Анасы Қүнбала 12 құрсақ бала көтерген ардақты ана.
Мектептің 7-классын 1942 жылы аяқтап, Ұлы Отан соғысына аттанған. Ұлы Отан соғысына 1942 жылы аттанып, соғысты 1945 жылы аяқтап 1947 жылға дейін Жапон соғысына қатысқан.
Қызыл әскер қатарына алынған Үмбетқұл Жиенбаев Оңтүстік-Урал әскери округінің оқу-жаттығу базасында 2-атқыштар бригадасының, 45-сапер ротасына қатардағы жауынгер ретінде қабылданды. Бұл әскери округ Қазақстанның батыс шекарасына таяу Башқұрт Республикасының Чкалов қаласында орналасқан болатын. Қазіргі кезде Ресейдің Орынбор облысына қарайды. Әскери округтің міндеті майданға жауынгерлік даярлығы жоғары әскери құрамаларды жасақтау болатын. Онда артиллерия, авиация, танк, инженер-саперлық құрамаларына жауынгерлер әзірленетін. Осында әскери оқу-жаттығудан өткен жауынгерлер майдан өтіне аттанатын. Жас та, албырт Жиенбаев Үмбетқұл инженер-саперлық салаға жауынгерлік әзірліктен өтеді. Батальон инженерлік-саперлық оқу-жаттығу барысында әскери бекіністер, көпір жасау, әскери жол салу, көпірлерді қирату, жерді миналардан тазарту тәсіліне машықтанады. Осында 5 айға жуық уақыт жауынгерлік дайындықтан өткен батальон қазан айында Солтүстік-Батыс майданы, 34-армияның, 1391-инженерлік-сапер батальоны ретінде майданға кіреді. 34-армияға қарасты құрамалар осы сәтте Демьянск операциясында ұрысқа қатысуда еді.
11 және 34-армияның Старый Русьтің оңтүстігіндегі жау шебіне бірлесе жасаған қарсы шабуылының нәтижесінде жау әскері шегініп Ленинград ұрысы маңызға ие болды. 1943 жылы ақпанда Демьянск плацдармы біздің әскер жағына өтті. Қатардағы жауынгер Үмбетқұл Жиенбаев осы қайнаған ұрыстардың бел ортасында шайқастарды бастан кешеді. Әсіресе, соғыс тарихында Демьянск операциясының маңызы ерекше.
Осы тұста қарсы шабуылға шыққан Кеңес әскерлерінің алғашқы жеңістерінің бірі болып саналатын бұл ұрыста неміс әскерлері қоршауда қалып ауыр шығынға ұшыраған.
Көп ұзамай бірінші Беларусь майданында соғысады. Беларусь операциясына қатысады. Осы бағыттағы Брест, Седлец, Люблинді азат етіп Висла өзенінің батыс жағалауы плацдармына бекінеді. 1945 жылы қаңтар, ақпан айларында бірінші Беларусь майданы әскерлері Висла-Одер операциясына қатысты. Ірі көлемдегі бұл шайқастың маңызы ерекше еді. Осы бағыттағы соғыс Варшава-Познань операциясына ұласты. Одер өзенінің батыс жағалауына өту міндеті алға қойылады.
Бірінші Беларусь майданы қарамағына өткен батальон жауынгерлері енді 48-инженерлік-сапер Брест бригадасының, 239-инженерлік-сапер батальоны ретінде осы шайқасқа кіреді. Майдан әскерлері қатты ұрыстан кейін қатынас жолдардың маңызды торабы және немістердің Берлинге баратын жолдарын бөгеп тұрған Одер өзеніндегі қорғану шебінің қуатты тіректі пункті Грайфенхаген қаласы мен қамалына тіке шабуылдап алған. Өзен жағалауы мықты бекіністерге толы болды. Онда күшті қорғанған жау әскерін бұзып өту оңайға соқпады. Жалпы соғыс кезінде өзендерден өту барысындағы ұрыстар тек түн қараңғылығында өткен. Тіпті күшті прожекторлар арқылы түнгі уақытта да өзен үсті бақылауда болған. Осы Одер өзенінен өту кезіндегі жан беріп, жан алысқан ұрыста ефрейтор Үмбетқұл Жиенбаев жауынгерлік ерлік жасайды. Оның бұл ерлігі 1945 жылы 23 сәуірде Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылды.
Ефрейтор Жиенбаев Үмбетқұл 1945 жылы 20 сәуірде жеке батырлық ерлік жасады. Жау оғының астында Грайфенхаген қаласының оңтүстігіне таман Одер өзенінен жеделдетіп өту кезінде ефрейтор Үмбетқұл Жиенбаев үздіксіз жауған артиллериялық және пулеметтік оқтың астында шапшаң әрекет етіп алғы шепке бірінші болып шығып, десанттық жаяу әскері қару-жарағы мен оқ-дәрісімен бірге фашистер орныққан Вест Одер өзенінің батыс жағалауына өткізіп, көзсіз ерлік жасады. Бұл жағалауда жаудың ірі калибрлі пулеметі мықтап орналасқан болатын.
Пулемет оғы жаяу әскер мен саперлердің бір бөлігін саптан шығарды. Жиенбаев жолдас өз басына төнген қауіп-қатерге қарамастан жаяу әскерді жағалауға шығаруға жол ашты.
9-шы десант тобын өткізіп жатқанда Үмбетқұл Жиенбаев жағалауға енді жеткен Кеңес әскерлерін қайтадан өзенге тықсырып тастамақ болып өршеленген жаудың тегеурінді шабуылын жалғыз өзі қасқайып қарсы тұрып қайтарды. Оқ-дәрісі таусылған ол окоптағы неміс гранаталарын ентелеген жауға қарай лақтырды. Қарсы шабуыл аяқсыз қалды. Жауды кейін шегінуге мәжбүр етті. Ұрыс кезінде ефрейтор Жиенбаев жараланды, соған қарамастан жараланған 5 солдат пен офицерді Вест Одердің шығыс жағалауына шығарып үлгерді. Ұрыс нәтижесінде Вест Одердің батыс жағалауындағы плацдармға берік орнықты.
Ефрейтор Жиенбаевтың батырлық ерлігі екі шақырымға созылған су кедергілерінен қарулы күштеріміздің жеделдетіп өтіп, алға жылжуына мүмкіндік жасады.
«Кеңес Одағының Батыры атағына ұсыну реті негізінде мемлекет алдындағы жеке еңбегі, көрсеткен батырлық ерлігіне байланысты ефрейтор Жиенбаев Кеңес Одағының Батыры атағына лайықты».
239-инженерлік-саперлық батальон командирі капитан Михеев.
23 сәуір 1945 жыл.
Алайда бұл ерлік «Қызыл Жұлдыз» орденіне лайықты деп табылады. Ефрейтор Үмбетқұл Жиенбаев бұған дейін де жауынгерлік ерліктері үшін «Ерлігі үшін» (15.02.1945 ж.) медалімен наградатталған болатын. Екінші мәрте «Ерлігі үшін» (27.07.1945 ж.) медалі сәл кейінірек берілген.
Одер өзенінен өту кезіндегі ұрыста контузия алып жараланған ол госпитальда емделіп қайта қатарға қосылады. Жеңіс күнін Берлинде қарсы алған жеңімпаз жауынгер соғыс аяқталған соң Оңтүстік-Урал әскери округіне қайта оралып, өз батальонында жауынгерлік әскери міндетін жалғастырады. 1947 жылы сәуір айында туған елге оралады.
Соғыстан кейін ауданда жұмысқа келіп 1948 жылы Жамбыл қаласындағы педагогикалық училищесіне түсіп 1950 жылы қызыл дипломмен бітірген.
Мұхамеджан Қаратаев, Мұхтар Әуезов және т.б. ұстаздардан білім алған. Сосын Алматы қаласында 1951 жылы Абай атындағы мемлекеттік оқытушылар институтына түсіп, 1955 жылы жаратылыс және география мамандығын бітірді.
Ақжар ауылындағы мектепте ұстаздық қызметін зейнетке шыққанға дейін атқарған. Зейнетке шыққан соң да ұстаздық қызметін жалғастырған.
Оның шәкірттерінің арасында есімдері елге танымал азаматтар баршылық. Солардың арасында меңі ұстазым, ғылыми жетекшім тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА құрметті академигі Талас Омарбеков бар.
Ұлағатты ұстаз, Ұлы Отан соғысының ардагері, батыр Үмбетқұл Жиенбаев 1983 жылы өмірінің соңғы жылдары Шымкент қаласында өткізді. Қарт майдангер 2009 жылы дүниеден өтті.
Жеңіс күні қарсаңында батыр атын асқақтата түссек нұр үстіне нұр болар еді.
Шымырбай НАРТБАЕВ,
Тарих ғылымдарының кандидаты, доцент