ЖАҚСЫ СӨЗ СӨЙЛЕУ — ИСЛАМ НЕГІЗДЕРІНІҢ БІРІ

Дін
1 185 Views

Адам баласын өзі секілді қос аяқты, жұмыр басты өзге пенделерден ерекшелеп тұратын бір қасиеті – оның мінезі. Мінез – адам бойындағыалтын мен жауһардан да артық жылтырап, көзге ұрып тұратын әшекей. «Тегінде,адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, мінез, ар деген нәрселермен озады.Бұдан өзге нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де — ақымақшылық» деген Абай атамызон сегізінші қара сөзінде. Жақсы мінез – жан көркі. Адамды кең пейіл, көпшілететін де, я болмаса қытымыр, кекшіл ететін де – бойға біткен мінез.

Имам Науауидің жинағында келетін хадисте:

«Кім Аллаға және Ақырет күніне сенсе, жақсы сөз сөйлесін немесе үндемесін» — деген Пайғамбар (с.ғ.с).

Қазақ әрқашан «Жақсы сөз – жарым ырыс», «Жақсының өзі өлсе де — сөзі өлмейді», «Сөздің де шоқтайы бар, мұздайы бар — алсаң сол қызулысын, қыздайын ал» деп ауыздан шыққан әрбір сөзге сақтықпен, байыппен қараған. Тіпті, артық сөзді абыройсыздыққа санаған халқымыз «Жындының айтқаны келмейді, сандырағы келеді», «Атасыздың аузы үлкен», «Іріген ауыздан шіріген сөз шығады», «Аталы сөзге арсыз ғана таласады», «Ұялмас бетке талмас жақ береді» деп, «көп сөздің көмір» екендігін айрықша ескертіп, ғайбатты әйбат қып көрсеткен ібілістің ілмегіне түсуден бойын барынша аулақ ұстаған. «Сөз қуған пәлеге жолығады», кейде айтқан сөзіміз үшін бармақ тістеп, сан соғып жататынымыз өтірік емес. Біреуді сыртынан ғайбаттау (яғни оны оған ұнамайтын қасиеттерімен еске алу), керексіз жерге тұмсық тығып, тіміскілену – айналып келгенде, адамның өз өміріне, алтыннан да қымбат уақытына жасайтын қиянаты ғана. Шынында біздің әр сөзімізді, ойымызды, әрекетімізді жазушы «құрметті жазушылар» бар. Қасиетті Құранның «Қаф» сүресінде: «Аузынан бір сөз шығарса-ақ болды, алдында аңдушы дайын»(18-аят) делінген. Осыны терең түсінген ілгергі ғұламалар аузына тас салып жүруге дейін де барған. Әбу Бәкір (оған Алла разы болсын) тілін қолымен ұстап: «Менің түбіме жеткен осы!» — деген екен. Ал Абдуллаһ ибн Мәсъуд (оған Алла разы болсын): «Алламен ант етейін! Дүние жүзінде тілден артық түрмеге ештеңе лайық болған емес» деген. Мұзафар ағамыздың «Тозған сөзде тозаң көп» деуі, ұлы ақын Абайдың «Көңілдегі көрікті ой ауыздан шыққанда өңі қашады» (отыз жетінші қара сөз) – деп сөзге сынай қарауы – осыған дәлел.

Қазақ «Жақсы сөзге жан семірер» деген. Өтірік пен ғайбаттың, біреудің мінін теріп, айыбын ашудың ешкімге опа бермесі анық. Құранда айтылған «лумәзәнің» (тілімен келемеждеуші адамның) сипаттарына жиіркенішпен жауап қатқан. Жалпы, Құдайдан қорыққан кез келген мұсылманның, ең алдымен, сөзіне, одан кейін көзіне ие болуға тырысатыны анық. Жақсы сөз сөйлеу де – адамның иманының, ақыл-парасатының көрсеткіші. Сондықтан да Шортанбай Қанайұлы:

Иманы бардың белгісі –

Тілінен тамар шырасы, — деп тілдің шырайлы болмағы ойдың құнарлылығынан екенін дөп басып айтқан.

Иә, қазақ қашаннан екі ауыз сөзімен екі еліктің баласын телітіп, жан дүниесін еріткен, уәжге тоқтап, сөзге ұйыған халық. Үмітіңді өшіріп жасытатын да, я болмаса, мерейіңді өсіріп тасытатын да – екі-ақ ауыз сөз.

Сөзі түзелген елдің өзі де өнегелі қауым болатыны анық. Ендеше, «Кей жаманның сөзі бар – ызғары қатты ащы удай, кей жақсының сөзі бар – лебі кәусар бал судай», — деп Базар жырау жырлағандай, жақсының сөзін әлемге ортақ санаған халықты Алла тіл мен жағынан сүріндіріп, артық сөзге жүгіндірмесе екен дейміз. Себебі, жоғарыда айтқанымыздай, жүйелі сөз, сарайыңды ашып, шаттыққа бөлейтін сүбелі сөз – адам бойындағы көркем мінездің көрінісі.

Ерболат АЙНАБЕК,

Шымкент қаласы дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» маманы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *