Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2018жылғы 19 маусымдағы Жарлығымен Шымкент – егемен еліміздің үшінші мегаполисі атанғанын бәріңіз жақсы білесіздер. Мемлекет басшысы қаланы еліміздегі ең іріғылыми, мәдени және бизнес орталықтарының біріне айналдыру міндетін қойды.Елбасы өзінің екінші бір Жарлығымен Ғабидолла Рахматоллаұлы Әбдірахымовты қалаәкімі лауазымына екінші мәрте тағайындады. Көп кешікпей шымкенттік халыққалаулылары осы бір тарихи оқиғаны мәңгі есте қалдыру мақсатында бұл күнді Қалакүні мерекесі етіп бекітіп те үлгерген.
Осылайша Шымкент – егемен еліміздегі жер көлемі жағынан ең үлкен, ал халқының саны жағынан Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларынан кейінгі үшінші орындағы ірі агломерациялық орталыққа, алып мегаполиске айналып отыр. Аты аңызға айналған Ұлы Жібек жолының бойындағы 2200 жылдық бай тарихы бар ғажайып қала атауының бүгінде баламасы көп. Біреулер оны «жасыл қала» десе, енді біреулер «Шымқала», «зың қала», «шырайлы шаһар», «көрікті кент», «жастар қаласы», «белесебетшілер қаласы» деп те бедерлеп жүр. Бұған қоса-қабат алдағы кезде «ақылды», «қауіпсіз қалаға» айналатынымыз тағы бар. Қазақтың қаймағы бұзылмаған, әдет-ғұрып пен салт-дәстүрді берік ұстанатын біздің қаламызға қызығатындардың қатары да көп. Атамекенге оралған қандастарымыз да қайткен күнде де осында тұруды қалайды. Біз мұның бәрін қашанда мақтаныш етеміз.
Өркениетке ұмтылған Шымкенттің әлеуметтік-экономикалық, мәдени-тұрмыстық жағдайы күн өткен сайын жақсарып келеді. Қалада әсіресе кәсіпкерлік, құрылыс, инвестиция тартудың қарқыны жоғары. Мәшине жасау, металлургия, тамақ өнеркәсібі, фармацевтика салалары күрт өркендей түскен. 35 кәсіпорынның өнімі Өзбекстан, Ресей, Нидерланды (Голландия), Қытайға экспортқа шығарылуда. Сыртқы сауда айналымының жылдық көлемі 903,1 миллион АҚШ долларына жеткен. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығында баламасы жоқ «Asia Trato» зауыты шығарған кернеулігі 110-500кВ-тық трансформаторларын Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Ауғанстан, Иран, Пәкістанға жөнелту жоспарланған. «Standart Cement» зауыты шығаратын цемент пен «Bal Tekstil» зауытының кілемдеріне деген сұраныс та мол. «Santo» акционерлік қоғамында шығарылған өскелең талаптарға сай дәрі-дәрмектер мен медициналық препараттарды тұтынушылардың да қатары көбейіп келеді. Жаңарған, жасарған, жайнаған Шымкенттің экономиканы өркендету, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту жолында мегаполистің мүмкіндігі мол екені даусыз.
Қалада құрылыс жұмыстарының кең қанат жайып отырғанын айрықша атап өтуге болады. Жаңадан «Shymkent City» қалашығы, жаңа әкімшілік-іскерлік орталық, «Тұран», тағы шағынаудандар бой көтеруде. Көздің жауын алатын көпқабатты ғажап ғимараттар, сауда-ойын сауық орталықтары, мектептер, балабақшалар, ауруханалар, емханалар, мешіттер, қонақ үйлер, мейрамханалар, спорт ареналары салынуда. Қарттар мен балаларға арналған демалыс аймақтары, белсенді өмір сүру орталықтары пайдалануға берілуде. Шымкенттегі бұл алғашқы орталық Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың отандастарымыздың өмір сүру жасын ұзарту мен бұқаралық спортты дамыту бойынша тапсырмасы аясында ашылып отыр. Айта кетейік, шымкенттіктердің өмір сүру жасы ұзарып келеді. Мегаполис тұрғындарының қазіргі таңдағы орташа жасы 78 жастан асады. «Қиял әлемі» саябағының маңындағы Арбат шымкенттіктер мен қала қонақтарының сүйікті демалыс орнына айналып та үлгерді. Жаңа әуежай және Шымкент-2 теміржол вокзалын, заманауи «Конгресс-орталық» салу, орталық стадионды қайта жаңғырту жоспарланған. Автотранспорт қатынасы мәселелері оңтайлы шешілуде. Жол жөндеу жұмыстары да жүйелі жүргізілуде. Қалада Қазақстанда теңдессіз жоба – муниципальды автобус паркі ашылды. Мұнда ЖМС, сервистік орталық, автожуу қызметі бар. Жатақхана, медпункт және жүргізушілерге арналған асхана да қарастырылған. Биылдың өзінде Қазақстанда құрастырылған салқындатқыштармен, пандустармен, бейнекамералармен, жолаушылар ағынының датчиктерімен, GPS-трекерлермен жабдықталған 300 жаңа автобус сатып алынды. Жыл соңына дейін олардың санын 1000-ға жеткізу көзделген. Шымкенттен Дубайға тікелей әуе рейсі ашылған. Жаңадан отау тіккен Түркістан облысымен, көршілес Өзбекстанмен арадағы жан-жақты қарым-қатынас жақсара түсуде. Келесі 2020 жылы Шымкент – ТМД елдерінің мәдени астанасы атанғалы отыр. Әрине, мұның бәрі аймақтағы туризм саласының әлеуетін арттыруға оң ықпал ететіні белгілі.
Мегаполис мәртебесін иеленген Шымкентте биылғы Қала күні айрықша тойланды. Айтулы мереке қарсаңында шырайлы шаһарымызға әлемдік деңгейдегі музыканттар келгені қандай ғанибет болды. Францияның Қазақстандағы Елшілігі мен Шымкент қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен 15 маусымда «Түркістан» сарайында Халық-аралық деңгейдегі «Fete De Le Musigue» классикалық өнер кеші өтті. Әйгілі француз пианистері – Максим Зеккини мен Давид Бисмут өздерінің «Төрт қол ойыны» деп аталатын концерттік бағдарламасын ұсынды. Олар Николай Римский-Корсаковтың Шығыс халқының «Шахерезада» ертегісіне жазған музыкасынан үзінді, Камиль Сен-Санстың «Аллегро Аппасионато», Клод Дебюссидің «Ай сәулесі», Шарль Валентин Аль-канның «Құлшылық», тағы басқа музыкалық туындыларды орындап, көрермен-дердің ыстық ықыласына бөленді.
Мереке аясында шымкенттіктер мен қаланың қадірменді қонақтары 17-18 маусымда «Астана Балет» театрының тамаша қойылымын көру бақытына да ие болысты. Онда «Love Fear Loss» («Махаббат. Айырылысу. Үрей»), «А fuego Iento» («Баяу жалын») атты бір актілі балеттері мен «Ұлы дала мұрасы» деп аталатын концерттік бағдарламасы қойылды. Әзірбайжан, Беларусь, Ресей, Польша, Бельгия, Италия, Франция, Жапония, Қытай, Америка Құрама Штаттары елдерінің көзіқарақты көрермендерін өз өнерімен тәнті ете білген астаналық айтулы театр ұжымына жерлестеріміз ықыласпен қол соқты.
«Шымкент – көне мен жаңаның керемет үйлесімін тапқан қала!» атты фильм дүниеге келді. Мұнда қаладағы сан алуан салалардың даму қарқыны жан-жақты баяндалған. Бұл телетуынды Қала күні мерекесіне тамаша тарту, тосынсый болып отыр.
* * *
19 маусымда кешқұрым Наурыз алаңында Қала күніне арналған «Шымкентім — шырайлым!» атты мерекелік Гала-концерт өтті. Іс-шара «Фараб» би ансамблінің орындауында «Интро» атты заманауи хореографиялық қойылыммен ашылды. Қала әкімі Ғабидолла Рахматоллаұлы Әбдірахымов сөз сөйлеп, салтанатқа жиналғандарды мерекемен шынайы құттықтады:
– Құрметті шымкенттіктер, қадірлі қонақтар! Осыдан бір жыл бұрын Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің тарихи Жарлығымен Шымкент қаласына Республикалық маңызы бар қала мәртебесін берген болатын. Елбасымыз: «Шымкент алдағы уақытта бүкіл Орта Азияда инвестиция мен технологияның жаңа орталығына айналады», – деп атап өтті. Елбасымыздың Жарлыққа қол қойған күні Шымкент қаласы мәслихатының шешімімен Қала күні болып белгіленді. Бүгін шырайлы Шымкенттің республикалық мәртебе алғанына бір жыл толып отыр. Құрметті бүгінгі салтанатты жиынға қатысушылар! Құрметті шымкенттіктер! Құрметті қонақтар! Бүгін біздің Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев арнайы Шымкент қаласының тұрғындарына арнап құттықтау хат жіберді. Соны оқып беруге рұқсат етіңіздер:
«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы
Шымкент қаласына республикалық маңызы бар қала мәртебесі берілуі бір жылдығына арналған салтанатты іс-шараға қатысушыларға
Құрметті Шымкент қаласының тұрғындары! Сіздерді Шымкент қаласының республикалық маңызы бар қала мәртебесіне ие болуына бір жыл толуымен құттықтаймын! Еліміздің Оңтүстік өңіріндегі көп ғасырлық тарихы, миллионнан астам тұрғыны бар, адамдардың өмір сүруіне қолайлы әрі жасыл желегі мол бұл қала барша қазақстандықтардың жүректеріне жақын әрі ерекше ыстық. Шымкент – ел Тәуелсіздігі жылдарында жоғары қарқынмен дамып, көркейе түсті. Бүгінде ол бүкіл Еуразия мемлекеттерінің халықтарына жақсы таныс әрі сүйікті мегаполиске, білім мен ғылымның, мәдениет пен өнердің ордасына айналып отыр. Осы кезеңде қалада көптеген кең көшелер мен даңғылдар, сәулетті тұрғын үй кешендері мен әкімшілік ғимараттар, еңселі ескерткіштер бой көтерді. Қалада шағын және орта бизнес жақсы дамыған. Қала қонақтары арасында Шымкент тұрғындарының ашық-жарқындығы, қонақжайлығы мен еңбексүйгіштігі жөнінде де өте жылы пікірлер қалыптасқан. Мұның өзі қалаға инвестиция тарту мен туризмді дамыту келешегінің кемел екенін көрсетеді. Бүгінде дербес даму жолына түскен еліміздегі үшінші ірі мегаполисі алдағы кезде де өзінің өрлеу қарқынын арттыра отырып, ел экономикасының өркендеуіне қомақты үлес қосатын қуатты донор қалалардың біріне айналады деп ойлаймын. Мен, Шымкент ғылым мен техниканың жетістіктеріне сене отырып, дамитын сүйікті шаһар, құтты мекен болып қала беретініне кәміл сенемін. Баршаңызға зор денсаулық пен бақыт, жарқын болашақ тілеймін!
Нұрсұлтан Әбішұлы НАЗАРБАЕВ».
Құрметті шымкенттіктер! Қаламыз республикалық мәртебе алған күннен бастап өзінің жаңа өмірі, жаңа тарихы басталды. Бір жыл ішінде елде үлкен саяси-экономикалық өзгерістер орын алды. Елімізбен бірге Шымкент қаласы да қарқынды дамып, жаңарып келеді. Республикалық мәртебеге ие болу бір жағынан абырой. Екінші жағынан қала басшылығы мен тұрғындарына үлкен жауапкершілік жүктейді. Біздің қаламыздың тұрғындары өз мәдениетімен, қонақ-жайлылығымен басқа қала тұрғындарына үлгі болуы керек. Бұл үшін барлығымыз аянбай жұмыс істеуіміз қажет. Қаламыз-дың әлеуметтік даму көрсеткіштері қарқынды өсіп келеді. Жалпы өңірлік өнім көлемі 2 триллион теңгеден асып, өткен жылмен салыстырғанда 12 пайызға өсті. Осы көрсеткіш жан басына шаққанда 2 миллион теңге немесе 5000 АҚШ долларынан астам. Бұл – еліміздің бірқатар және Орта Азия елдеріндегі қалалардың көрсеткіштерінен жоғары. Инвестиция көлемі 582 млрд. теңгені құрап, 2,6 есеге өсті. Құрылыс жұмыстарының көлемі 222 млрд. теңгені құрап, 2 есеге артты. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 476 млрд. теңгені құрап, 4,5 пайызға өсті. 2018 жылы индустрияландыру картасы бойынша құны 592 млрд. теңгені құрайтын ірі жоба іске қосылып, 1000-нан астам жаңа жұмыс орындары ашылды. Стратегиялық бастамалар орталығы жүргізген зерттеу қорытындысына сәйкес тұрғындардың бақыт деңгейі бойынша Шымкент қаласы Нұр-Сұлтан қаласынан кейінгі екінші қала болып анықталды. Шымкент қаласының республиканың үшінші мегаполисі ретінде қалыптастыру мақсатында «Шымкент сити» тұрғын алабының құрылысын бастадық. Әлемге танымал «HighVill», «BIGroup» және жергілікті компаниялар тұрғын үй кешендерінің құрылысын жүргізетін болады. 2017 жылы 11 қазанда Ресейдің Сочи қаласында өткен ТМД елдерінің басшылары кеңесінде 2020 жыл – Шымкент қаласы ТМД елдерінің мәдени астанасы болып белгіленді. Осыған орай, бірқатар ірі жобаларды іске асыруға бастама жасадық. Бірінші — әуежайдың жаңа техникалық құрылысы. Жобаны іске асыру нәтижесінде жолаушыларды өткізу қуаты жылына 3 миллионнан астам адамнан асады. Екінші – Қазақстан теміржолы компаниясының есебінен Шымкент қаласының темір жол вокзалы қайта құрылады. Үшінші — қоғамдық көлікті жаңарту мақсатында 1000 жаңа автобус сатып алынады. Бүгінде 300 жаңа автобус жолаушыларға қызмет көрсетуде. Қалған 700 автобус жыл соңына дейін әкелінеді. Төртінші – ескі қалашық Цитадельді қалпына келтіру және Қошқар ата өзенінің жағалауын көріктендіру жобаларын жүзеге асыруды да бастадық. Бесінші – көлік инфрақұрылымымен дамыту мақсатында Алматы – Ташкент транзитін арттыру үшін А-2 айналма жолын да қайта құруды бастадық. Қаланың Солтүстігі мен Оңтүстігін қосатын Қонаев даңғылының жалғасы Ташкентке шығатын даңғыл жолдың құрылысын бастадық. Алтыншы – биыл Қажымұқан стадионын заманауи талапқа сәйкес қайта құру және Конгресс орталығының жобалары да қолға алынуда. Сонымен қатар қаладағы инфрақұрылымдық жүйелер білім беру, денсаулық сақтау саласы, саябақтар, жолдар, велосипед жолдарын жөндеу бойынша жүйелі іс-шаралар қабылдануда. Қысқа мерзімде бұл салаларда да үлкен өзгерістер болады. Құрметті жерлестер! Қадірлі қонақтар! Қала күні құтты болсын! Шырайлы Шымқаламыз береке мен татулықтың бесігі болсын деп тілеймін! Қуаныш пен шаттық сыйлайтын құтты мекеніміз жайнап, жарқырай берсін. Тәуелсіз Қазақ елі Мәңгі ел болсын! Жасай бер, Қазақстан! Жасай бер, Шымкент!
Салтанатты кеште қала әкімі Ғ.Әбдірахымов он адамға «Шымкент қаласының құрметті азаматы» төсбелгісін тақты:
Үмбеталиев Кеңес Үмбеталиұлы. 20.01.1932 жылы ОҚО, Ордабасы ауданы, Ермоловка ауылында туған. «Авиценна» көпсалалы медициналық колледжі «Дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық» кафедрасының меңгерушісі.
Сатқанбаев Еркін Тұрниязұлы. 06.04.1953 жылы ОҚО-да туған. Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы коопе-ративінің президенті, Шымкент қаласы мәслихатының депутаты.
Романова Наталья Сергеевна. 19.07.1957 жылы ОҚО, Шымкент қаласында туған. Шымкент қаласының білім басқармасының «Оқушылар сарайы» КММ директоры.
Хашимжанов Икрам Акрамұлы. 22.10.1957 жылы, ОҚО-да туған. Қазақстан Республикасының өзбектері этно-мәдени бірлестіктері «Достық» қауымдастығының төрағасы.
Сәрсенов Хайрулла Амантайұлы. 28.04.1959 жылы ОҚО, Шымкент қаласында туған. «ҚТЖ – жүк тасымалы» АҚ Шымкент филиалы кәсіподақ комитетінің төрағасы, Шымкент қаласы мәслихатының депутаты.
Омаров Абдурашит Керизбайұлы. 27.05.1961 жылы Шымкент қаласында туған. «Ferrum – Vtor» ЖШС-нің құрылтайшысы.
Оспаналиева Рәшкүл Жәлелқызы. 20.10.1961 жылы Жамбыл облысы, Шу ауданында туған. «Корпорация «Береке А» ЖШС бас директоры.
Төлбасов Серік Қарабекұлы. 17.09.1965 жылы, Қызылорда облысында туған. «TS Development» ЖШС құрылтайшысы және директорлар кеңесінің төрағасы.
Молдасеитов Қайрат Құсейнұлы. 18.01.1967 жылы Жамбыл облысы, Қордай ауданында туған. «Отау Групп» компаниясының президенті, Түркістан облысы мәслихатының депутаты.
Айдарбеков Қайрат Нұртасұлы. 25.02.1989 жылы ОҚО, Түркістан қаласында туған. Қазақстан эстрадасының әншісі.
ҚР еңбексіңірген қайраткері, ҚР Құрметті заңгері, «Жеті жарғы және Қожаберген жырау»Халықаралық қайырымдылық қорының төрағасы Бекет ТҰРҒАРАЕВ:
– ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың даналық шешімімен Түркістан облысы құрылып, соған байланысты Шымкент қаласының үшінші мегаполис болуына бір жыл толып жатқан мерекесіменен шымкенттіктерді шын жүректен құттықтаймын! Еліміздің тыныштығы мен халқымыздың амандығының арқа-сында Елбасы бастаған іргелі саясаттың арқасында бүгінгі жаңа Президентіміз Қасымжомарт Кемелұлы Тоқаевтың сабақтастықпен жүргізіп отырған саясатының арқасында еліміз өркендеп, өсе берсін! Алға қойған ізгі мақсаттар орындала берсін. Халқымыздың абырой-даңқы артып, төрткүл әлемге таныла берсін. Жақсылықта жолығайық. Жылдан — жылға осындай ұлы мерекелерді толағай еңбек жеңісімен қарсы алатын болайық.
Қаламыздың әкімі Ғабидолла Рахматоллаұлы Әбдірахымовты төл мерекемен шын жүрегіммен құттықтай отырып, Шымкентіміздің одан ары гүлденіп , өркендеуі жолында қажырлы еңбек ете беруіне тілектеспіз.
* * *
Гала концертті Тұрсынбек Қабатов пен Анара Батырхан жүргізді. «Азия», «Baqay», «Неангелы», «Ялла» топтары, Ziruza, Төрегелді Төреәлі, Қайрат Нұртас, Наркенже Серікбаева, Минуса Ризаева өнер көрсеткен кештен көпшілік риза көңілмен тарасты. Мереке соңы сан түрлі бояуларға толы отшашумен мәреге жетті.
«Әділет — ақпарат».