Әдебиеттің тарихы ұлт тарихымен сабақтас екені баршаға белгілі. Осы тұрғыдан алғанда, біз өз халқымыздың тағдыр-талайы турасында көбірек білгіміз келсе, сөз өнерінің туындыларына да жүгінетініміз анық. Ел өмірімен өзектес қазақ поэзиясында отаршылдық дәуірдің нағыз бейнесі жан-жақты көрініс тапты. Соның ішінде көбірек жырланған тақырыптың бірі – 1867-1868 жылдардағы реформалар. Ресей патшалығының Қазақ еліне өктемдігін күшейте түскен бұл реформалар ұлт болып ұйысқан қалың жұрттың арасына іріткі салды. Отаршылдық жүйе халықтың арасынан шыққан жағымпаз жандайшаптар мен арамза атқамінерлерді шебер пайдаланды.
1867 жылғы 11 шілдеде II Александр патшаның пәрменімен жарияланған «Жетісу және Сырдария облыстарын басқару жөніндегі уақытша ереже» мен 1868 жылғы 21 қазандағы «Орынбор және Батыс Сібір генерал-губернаторлықтарының далалық облыстарын басқару жөніндегі уақытша Ереже» билеп-төстеушілердің өкілеттігін кеңейтіп, елді еркіндігінен алыстатты. Хандық құрылыс жойылып, округтік-территориялық бөліністің орнығуы, аға сұлтан мен болыс мәртебелерінің белгіленуі қоғамдық ахуалды ғана емес, ұлттық психологияны да өзгерте бастады.
Тарихи деректерге жүгінсек, «1867-1868 жылдардағы Ережелер екі жылға, тәжірибе жасау ретінде уақытша енгізілген болатын. Алайда, бұл «тәжірибе» жергілікті халықтың наразылығын тудыруы ықтималдығынан 20 жылдан астам уақытқа созылды. Тек XIX ғасыр 80 жылдарының соңы мен 90 жылдарының басында ғана патша өкіметі әкімшілік-сот істері реформасын енгізуді аяқтауға кірісті. 1886 жылғы 2 маусымда Түркістан өлкесін басқару жөніндегі Ереже, ал 1891 жылғы 21 наурызда Ақмола, Семей, Жетісу, Орал және Торғай облыстарын басқару жөніндегі Ереже қабылданды» (Қазақстан тарихы. Очерктер. Алматы, 1994 жыл). Ережелер алғаш енгізіле бастағанда көшпенділікке бой үйреткен қазақ жұрты тосын тәртіпке көндіге алмай, әуре-сарсаңға түсті.
Ахмет Байтұрсынов «Заң жобасының баяндамасы» деп аталатын мақаласында қазақ халқын билеу туралы 1868 жылғы Уақытша ережені егжей-тегжейлі талдайды. Оның елге қандай әсері болатынын тиянақтап түсіндіреді. Жаңа жүйенің зардап-залалдарын да түсінікті тілмен ұқтырады. «1868 жылы крестьян положениесіне ұқсасырақ етіп қазақ туралы жаңа положение шығарылды. Бұл положение бойынша қазақтардың болысқа, ауылға бөлінуі бұрынғы ретте қалып, әлеумет істері мұжықтардыкі секілді басқарылатын болды: қазақтарды ауылға бөлгенде аталас-тұқымдас болуын ғана есепке алмай, айырған жерінің һәм шаруасының ретіне қарай бөлді. Өйткені ол кезде қазақ мынау туысқаным, мынау ағайыным деп бөгде елдерді жатырқамайтын дәрежеге жеткен еді», – деп ұлт мүддесі тұрғысынан ағартушылық көзқараспен ой толғайды. Қашанда өзіндік берік ұстанымымен ерекшеленіп, «халықты қоғамдық-әлеуметтік көкейтесті мәселелерді танып білуге үндей отырып, азаттықтың ақ жолын аңғартып, бостандыққа ұмтылуға жөн сілтейтін» (Ө.Әбдиманұлы) ұлы ұстаз бұл мақаласында да міндетіне адалдық танытады.
Дәл осы тұстағы ахуал жөнінде Сәбит Мұқанов еңбектерінде де мейлінше бейнеленді. Ол сол дәуірдегі ақындардың өскен ортасын, өмір сүрген кезеңін нақтылап, айқын да шынайы сипаттама беру мақсатымен аталған мезгілдегі қоғамдық-саяси жағдайды жан-жақты таныта білді. Жазушы ел ішіндегі реформаға қатысты көзқарасы туралы былай деп жазды: «1868 жылдан кейін қазақ елінде әкімшілік билеу тәртібі де өзгерді. 1822 жылдың заңынан кейін жарияланған округтық приказдар жойылды, округтің орнына облыстар құрылды. Облыстың басына округ бар кездегідей қазақтан аға сұлтандар, заседательдер отырған жоқ. Облыстың басына қойылған губернатор, ояз басына қойылған начальник орыстан ғана болды, оларға қазақтан ешбір советник берілмеді. Қазақтан әкім қойылу ауылдық жағдайда ұлықсат етілді. Ауылда үш жылда бір болыс, би, старшын сайланды». Қазақ жұрты бұған наразы болғанымен, осының өзіне шүкіршілік етті. Алайда патша өкіметінің ауылдық жерлердің өзіне өкілдерін жіберіп, тұрақты мәлімет алып отыруы ел ішіндегі жағдайды қиындата түсті.
Жұртшылық «Жаңа низам» деп атаған 1868 жылғы реформа қалың елді әбден титықтатып, ұзақ уақытқа созылған зорлық-зомбылыққа ұшыратты. Билік жүйесіндегі өзгерістер мен жерді пайдалану барысындағы жаңа тәртіптер халыққа өте жайсыз тиді. Халықтың санасында отаршылдық жүйе орнықтырған қолайсыз заманның кеспірсіз адамының бет-бейнесі қалыптасты. «Жаңа низам» деген сөз сол дәуірде ғұмыр кешкен үлкен-кішінің аузынан түспейтін ұғымға айналды. 1868 жылы реформа тақырыбы қазақ әдебиетіндегі тұтас бір буынның қарсылық поэзиясының нысанасы болды.
«Жаңа низам» ережесі өмірге енісімен-ақ патша өкіметі жер отары саясатын жүргізе бастады. Бүкіл қазақ жері қазына меншігі деп жарияланып, нулы-сулы құнарлы жерлер тартып алынып, орталықтан келген келімсектер қоныстандырылып, қазақтар шөлді, шөлейтті жерлерге ығыстырылды. Бүкіл қоғамдық ой-санадағы қарсылық пен наразылықтың бәрі де осы жер мәселесі маңына шоғырланды. Мұның үстіне патша өкіметі осы тұста бұрынғы саясатын өзгертіп, енді халықтың ішкі рухани тірегі болған діні мен тіліне, халықтың тарихи жадына қол сала бастады», – дейді белгілі ғалым Мекемтас Мырзахметұлы «Отаршылдық дәуірдегі әдебиет» атты мақаласында. Демек, бұл кезде төңіректе орын алған оқиғалардың оңы мен солы айқындалып, ақ-қарасы байқалған-ды. Қазақ жерін облыстарға бөліп, әр территориялық аймаққа болыс сайлау ісі елге жанашырлық танытып, халықтың қамын жегендіктен ойластырылмағаны көп ұзамай-ақ аңғарылып қалды.
«Жаңа низам» заңы елдің еркіндігіне, қоғамдық қатынастарына тигізген зардаптары өз алдына, қазақ ішінде алауыздық туғызатын кеселдерді өрістетті. Соның бірі – ұлттың өз өкілдерінен болыс сайлауға қатысты дау-дамай. Отарлаушы өкімет осы тұста жалпы адамзатқа, яғни жұмыр басты пендеге тән билікқұмарлық психологиясын сәтті пайдаланды. Бұл қалың қазақты бір-бірімен қырқыстырып, өздерін-өздеріне айдап салудың таптырмайтын тәсілі еді.
Отаршылдықтың негізгі тұтқасы болған Ресейдің Қазақстанға шаруаларды қоныстандыру саясаты қазақ жұртының қоғамдық ахуалына өзгеріс енгізді. Қарашекпендерді өзге елге көшірудің себептері әрқилы дәлелдермен түсіндіріледі. Алдымен, өндірістік қатынастар бойынша орыс шаруаларының үлесіне тиген жер көлемінің аздығы, мол өнім алуға қолайсыздығы алға тартылды. «Бірақ, мұның өзі нақты дәлел емес еді, белгілі бір жер көлемінің өзі әртүрлі жағдайда әркелкі өнім берері анық», – дейді Ресей патшалығының Қазақстандағы қоныстандыру саясатын жан-жақты зерттеген Ә.Тұрсынбаев. Сондай-ақ қоныстандыру саясаты жерді пайдаланудан түскен табысқа салынатын салықтың бес есе өскенімен де бүркемеленді. Бір жағынан Ресейде пісіп келе жатқан шаруалардың төңкеріс ахуалын бәсеңдету де ойда болған сыңайлы. Ә.Тұрсынбаев шаруаларды орналастыру арқылы біздің елді отарлаудың XIX ғасырдың 60-жылдарында басталғаны, Ақмола облысында өздігінен келіп тұрақтанушылардың пайда болғаны, келімсек шаруаларды Көкше өңірінің табиғаты мен жерінің шұрайлылығы қызықтырғаны туралы жазды. Одан соң қарашекпенділер қозғалысы Қазақстанның тағы басқа да өлкелеріне дендеп жайыла бастаған.
Орыс шаруаларының қазақ жеріне ағылып келуі жұрттың наразылығын тудырды. Бұл қарсылық отаршылдық дәуірдің құбылыстарын аяусыз сынға алған зар заман поэзиясында шынайы көрініс тапты. «Жаңа низам» немесе 1868 жылғы реформа зар заман ақындарының негізгі тақырыбы болды. Қарапайым халықтың «Жаңа низамды» қалай қабылдағаны, олардың қандай күйге түскені зар заман мектебінің өкілдері – Дулат Бабайұлы, Шортанбай Қанайұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Кердері Әбубәкір, Албан Асан шығармаларында тайға таңба басқандай айқын бейнеленді:
Дулат:
Айтуға ауыз келе ме,
Аягөз кімнің жері еді?
* * *
Сауыр жерден айырылып,
Қазақ елі жұқарды.
Ұлы өріс қысқарып,
Кең қонысың тарылды.
Шортанбай:
Нысапсыз екен бұл кәпір,
Жеріңді алды, малды алды.
Ал зар заман ақындарының ішінде күрескерлік рухымен ерекшеленетін Мұрат Мөңкеұлының өлеңдерінен қазақ жеріне бірте-бірте дендеп енген қоныстанушылардың қозғалысы айқын көрінеді. Мұрат Батыс өңіріндегі келімсектер жорығын жырға қосты. Нарманбет Орманбетұлы Сарыарқаға сабылған жер иеленушілерді сынап-мінеді. Жетісуға келіп жеткен қарашепкенділерді Албан Асан нысанаға алды:
Қара бұлақ, сары жазық,
Текесті де енді алды.
Ойығың, Қарой, Дардамбы,
Үшқақпақ деген төрді алды.
Есек артқан Сүмбемен,
Қоныстың шеті өрді алды.
Албан, Бұғы қонысы
Пайдаланған жерді алды.
Зар заман ақындарының ішінде көршілес қырғыз елімен аралас-құралас болғаны Албан Асан ғана. Оның ұғымында, қазақ пен қырғыздың отаршылдықтан көрген азабы мен зары ортақ. Жердің жайы мен қоныстың қайғысы да ақбас Алатаудың екі жағын жайлаған ауылдар мен айылдар үшін бір-бірінен бөліп қарағысыз нәрсе. Бұл кезде қырғыз ақындары да баса-көктеп кірген қоныстанушыларға қарсы өлең жырларды өмірге әкелді. Көрші елдің заманчы ырчылары – Қалығұл Байұлы «Сындырар сенин белинди, Уга жүргүн кебимди», – деп толғаса, Арыстанбек Бұйлашұлы «Кара жол кылар көлүндү, Эсепке алар жеринди. Кайсандар сенде чама жок, Капкандай чабар белинди», – деп жырлады. Ал Молда Қылыш «Белгилеп алды жеринди, Жерине салды егинди», – деп отарлаушылардың озбыр әрекетін бейнеледі.
1868 жылғы Уақытша ереженің талаптарына наразылық Ыбырай Алтынсарин 1882 жылы Торғай әскери губернаторының атына жолдаған халық өлеңдерінде айқын көрініс тапқан. Ағартушы-педагог замана хақындағы жырларға қоса жіберген түсініктемесінде («Қазақтың қайғысы») жаңа тәртіп үстемдік құрғаннан кейінгі қазақтың басына түскен үш қасіретті атап көрсетеді. Біріншісі – отаршылдар шұрайлы жерін тартып алған соң Қоянның жұтына ұрынуы, екіншісі – сайлау жүйесіндегі парықсыздық пен парақорлық, үшіншісі – Торғай облысының шетке жапсарлас екі уезін казактар мекендейтін Орынбор губерниясына қосады екен деген қауесеттің өршуі. Ы.Алтынсарин ұсынған, авторы көрсетілмеген өлеңдерге Уақытша ереженің 13 жыл ішінде қазақтарға жасаған тәжірибесіне көзқарас айтылады. Бұл әрине, отарлаушылардың сылап-сипаған саясатына сеніп қалатын алғашқы жылдар емес, халықтың әбден қиянат көрген кезі болатын. Сондықтан Орынбор қазақтарының жырларында ереженің ел өміріне таңсық тұстарын егжей-тегжейлі баяндағаннан гөрі құсаға батып қайғыру, зорлықшылға лағынет айту басымырақ:
Тіл білген көнуші мен ең қазағына,
Қалдың ғой енді дозақ азабына.
Арыз айтсаң тыңдамай қалжың қылған,
Енді көн, кей орыстың мазағына.
Уақытша ереженің талаптары қазақты қызметке таластырып, ауызбірліктен айыруға негізделген. Отарлаушылар билікқұмарлық психологияны, ағайын арасындағы күншілдікті, рулар арасындағы алауыздықты сәтті пайдаланды. Ұлыққа пара беріп, лауазым иеленетін ел пысықайлары пайда болды. Бұл турасында Ы.Алтынсарин түсініктемесіне сүйенсек, «Болыстағы дәрежелі қызметтің соңына түскен билікке таласушылар өзінің бар мал-мүлкін тарту етеді, ал жылы орынға жайғасып алған соң пара алу жолымен жаңағы кеткен шығынның орнын тездетіп толтыруға әрекет жасайды». Ал заманның зарын айтқан өлеңде дәл осы ахуал былайша бедерленеді:
Неше байлар таласпен кедей болды.
Япырм-ау, мынау заман недей болды?
Әкімдігін құн беріп алғаннан соң,
Халықтан өндіруге салды қолды.
Бір сөзбен айтқанда, елдің әр түкпірінде ғұмыр кешкен жыр жүйріктерінің шығармашылығында қазақ жерін талауға түсірген жасауылдардың жорық жолдарының іздері жатыр. Отаршылдардың ойраны қалай өрбігені, қай жердің жайлауы мен құдығына қашан ауыз салынғаны, келімсектердің келгенінен кімдердің кеңдік, кімдердің кемдік көргені түгел хатқа түскен. Қолдан-қолға көшіріліп, жұрттың зердесінде сақталып, күні бүгінге дейін жеткені де жақсының атынан айтылып, ақынның хатына айналғандығында. «Байырғы тұрғындар қоныстанып отырған құнарлы жерлерді алып, олардың өздерін жарамсыз жерлерге қуып тастау – отаршылдықтың үшінші, ең ауыр әрі апатты түріне кіреді», – деп нәубет әкелген кезеңді зерттеуші С.Әсіп айтқандай, сол дәуірде өмір сүрген ақын-жыраулардың алдымен жанына батқан нәрсе – жер жайы болды.
Жайық өңірінде болыстыққа таласып, мал-мүлкін рәсуа етіп жүрген Тұрабай белсендінің іс-әрекеті Мұрат Мөңкеұлының уытты тіліне іліккен. 1868 жылғы реформадан кейінгі биліктің бұйдасынан ұстаймын деп дәмеленіп, әркімнің алдауына түсіп, барын шашып желіккен әпендінің сәтті шыққан бейнесінің бірі осы. «Елірткен ер жігіттің тіліне еріп, Құтырды малын сатып иттен өзге», – деп кекеткен Мұрат біресе атқамінердің аптығуының себебін іздейді («Осы жел қайдан кірді Тұрабайға? Көп адам түсінбейді айтқан жайға»), біресе сорлыға кәдімгідей аяушылық білдіреді: («Біреудің суайттаған тіліне еріп, Пайда ма малын шашқан сормаңдайға?!»).
Ахмет Байтұрсынов 1868 жылғы Уақытша ереже туралы мақаласында былай дейді: «Қазақтың бұрынғы тұрмыс-рәсімі өзгере бастаған соң, халық руға бөлініп көбейе бастап, бытыраңқы тәртіп әр ел шаруасының ыңғайымен әр жерді мекен етіп, бұрынғы жұрт тегіс сыйлайтын тура билер азая бастады. Мұның бұлай болу себебі де көрініп тұр: бір бидің билігіне ырза болып, қол қусыру үшін бір атаның ұлы я бір тайпа елдің ырзалығы һәм биді құрметтеу шарт емес, бидің айтқаны екі болмас үшін әлгідей көбейіп, ыдырап кеткен рулар тегіс бас июлері керек. Міне, содан бері би сайлаумен қойылатын заң басталды». Сондай-ақ Ы.Алтынсарин «Қазақтың қайғысы» атты қолжазбасында жаңа тәртіп бойынша ел ішіндегі даулы мәселелерді шешу үшін сегіз бидің белгіленгенін айтады. Зар заман мектебінің тұлғалы өкілі Кердері Әбубәкір бұл кезеңді былайша жырлады: «Қазаққа штат деген хабар тиіп, Жылында алпыс сегіз хауа болды». Оның өлеңдерінен сол сегіз биге әдепкіде жұртшылықтың кәдімгідей үміт артқаны байқалады:
Жаз үйден сайлап қойды ауылнайын,
Түзеді бір болысқа сегіз биін.
Өзгерткен онша бөтен ғамалы жоқ,
Қазақтың берді өзіне ғадет-күйін.
Бұл – жаңа реформаның алғашқы көріністерінің көңілге сенім, кеудеге сәуле түсіруі. Отаршылдық саясаттың шынайы бетпердесі ашылғанға, яғни «Ханымыз болды қарадан, Биіміз болды парадан», – деп тұжырымдағанға дейінгі ахуал. Әбубәкір Кердерінің «Билерге айтқаны» деп аталатын осы толғауының өзінен сегіз бидің қара қылды қақ жарған әділ төрелігінен гөрі болысқа арқа сүйеген өктемдігі басымырақ тұрғанын аңғаруға болар еді.
Отаршылдық саясаттың әуелгі кезде жұрттың көңілінен шығатындай етіп ойластырғанына Кердері Әбубәкірдің «Заманның халіне айтқан сөздері» куә. 1868 жылғы «Жаңа низамның» кейінгі өзгерістері ақиық ақыннан әдепкіде оң бағасын алған. Болыс, ауылнай сайлауында тек қазақтар ғана бәсекеге түсуі, ұрлық-қарлыққа тыйым салынуы, білімге ұмтылдыру, мектептердің ашылуы оның ризашылығын оятады. Көргеніне көңілі толса ет-жүрегі езілетін қазақы мінезбен ағынан жарылады.
Мағұлым Александр патшамыз хан,
Қазаққа штат құрып, шығарды заң.
* * *
Мың үйдің қалауымен қойды болыс,
Болыстар қазақ болды, емес орыс.
Дегенмен, Әбубәкірдің бұл шығармасынан «Жаңа низамға» қатысты әртүрлі көңіл-күйді аңғаруға болады. Толғаудан ақынның таңданысы да, күдік-күмәні де, шынайы көзқарасы да айқын көрінеді. Территориялық бөліністің қыр-сырын түгел баяндаған жыр жампозы ең ақырында өзінің кесімді сөзін айтады: «Азырақ бұл қағазға шиғыр жаздым, Осылай ақсақалдар жаз деген соң».
Кейіннен бар жан-тәнімен отаршылдықтың ойранын сынап, зар заманның күйін толғаған Әбубәкірді «Жаңа низамның» жаршылығынан ақтап алуға осы жолдардың өзі-ақ жеткілікті болар еді. Дей тұрсақ та оның бұл толғаудағы 1868 жылғы реформаға қаратып айтылған басты күдігін мысалға келтірелік: «Қазақтың ескі низам пайдасы еді, Бұл нешік болар екен жаңа низам?».
Бұл дәуірдің зорлық-зобалаңы Бейбіт ақынның өлеңдеріне де өзек болған. Қостанай өңірінде өмір сүрген ол ел ішінде іріткі салған «Жаңа низамның» тәртіптеріне қарсылық танытады. Жасынан орысша сауат ашып, болыстың хатшысы қызметін атқарған ақын отаршылдық саясаттың мән-мақсатын жете түсінгендіктен ойға түйгенін өз шығармаларына арқау еткен. Бейбіт өткен дәуірді қазақтың бұғауға түскен бүгінгі халінен жоғары қойды. Бұл үшін сағынышқа айналған қимас күндер, шын ықыласты адами қарым-қатынас, думанды тіршілік, байлығынан бөліп беретін мырзалық – бұрынғы кезеңнің еншісіне айналған нәрселер. Ал «Жаңа низамның» жарытқан жері жоқ. Халықты қан-қақсатқан сорақылық Бейбіт ақынға да өз шешімін айтқызды. Зар заман поэзиясындағы дәстүрлі «елді алды», «жерді алды», тіркесі оның шығармаларында да көрініс тапқан.
Қазақты шен-шекпенге таластырған болыс сайлау тәртібін, әкімдікке көпті көрген тәжірибелі кісілерді емес, айтқанға көніп, айдауға жүретін «бала-шағаны» тағайындау дәстүрін тілге тиек етіп, наразылығын айтқан Бейбіт дәл осы жүйені жеріне жеткізе сынаған Кердері Әбубәкір, Мұрат Мөңкеұлы сияқты ақындармен рухани үндестік танытады. Ең бастысы – ол болыстық бәсекенің қазақтың өзара алауыздығын күшейтіп, бірлігін ыдыратуды көздеген әрекеттің бір түрі екенін тез ұғынады. Қорыта айтқанда, қазақ үшін осы қасіретті кезең болып саналатын отаршылдық дәуірдің осы тұсы – 1868 жылғы реформаның зардап-залалы тек мұрағат деректерінде көрініс тауып қана қойған жоқ, рухани мұраларымызда да шынайы бейнеленді.
Бауыржан ОМАРҰЛЫ,
ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі,
ғалым, филология ғылымының
докторы, профессор