ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН ЖҰМЫЛА КҮРЕСУІМІЗ КЕРЕК

Қоғам Құқық
138 Views

Сыбайлас жемқорлық – мемлекеттік құрылымдардың экономика аясында қылмысты құрылымдармен біте қайнасуы, сондай-ақ мемлекеттегі лауазымды адамдардың қоғамдық және саяси қайраткерлердің сатылғыштығы, парақорлығы. Өзінің қызметтік мәртебесі мен өкілеттерін жеке, топтық және өзге де бейқызметтік мүдделер үшін пайдалану жолымен жеке игіліктерді алу әрекетіне көрініс табады. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің өкілеттіктерді теріс пайдалану (228-бап), коммерциялық сатып алу (231-бап), қызмет өкілеттігін теріс пайдалану (307-бап), билікті немесе қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану (308-бап), пара алу (311-бап), қылмыстық жалғандық жасау (314-бап) туралы лауазымдық қылмыс нормалары болып табылады. Қазақстанда сондай-ақ сыбайлас жемқорлық үшін қылмыстық, тәртіптік, әкімшілік жауапкершілікті реттейтін арнайы нормативтік-құқықтық актілер де қабылданды. Оларға «Мемлекеттік қызмет туралы» (1995 жыл) және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» (1998) Қазақстан Республикасының Заңдары жатады. Сонымен қатар осы саладағы ынтымақтастық туралы Халықаралық актілер де бар. Қазақстан Республикасы кешегі Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы, бүгінгі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері арасында бірінші болып «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң қабылдаған ел болып табылады.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңы (№410-V Заңы) 2015 жылы 18 қарашада қабылданған. Оған 2016 жылғы 22 қаңтардағы №446-V, 6 сәуірдегі №484-V, 30 қарашадағы №26-VI, 2017 жылғы 3 шілдедегі №86-VI, 2018 жылғы 28 желтоқсандағы №210-VI Заңдарымен өзгертулер мен толықтырулар енгізілген.
Аталмыш Заң сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді және Қазақстан Республикасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыруға бағытталған. Заң «Жалпы ережелер», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шаралары», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субъектілері және олардың өкілеттіктері», «Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың салдарларын жою», «Қорытынды ережелер» деп аталатын бес тарау мен 27 баптан тұрады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат – сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға, қоғамның мемлекеттік органдар қызметіне сенімін арттыруға бағытталған құқықтық, әкімшілік және ұйымдастырушылық шаралар және осы Заңға сәйкес өзге де шаралар;
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер – осы Заңда белгіленген және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған шектеулер;
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субъектілерінің өз өкілеттіктері шегіндегі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, соның ішінде қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау және жою жөніндегі, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды анықтау, жолын кесу, ашу және тергеп-тексеру және олардың салдарын жою жөніндегі қызметі;
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі орган – Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын қалыптастыру мен іске асыруды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында үйлестіруді, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алуды, анықтауды, жолын кесуді, ашуды және тергеп-тексеруді жүзеге асыратын мемлекеттік орган және оның аумақтық бөлімшелері.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың негізгі қағидаттары. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл:
1.заңдылық;
2.адам мен адамзаттың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау басымдығы;
3.жариялылық пен ашықтық;
4.мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимыл жасауы;
5.сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын жүйелі және кешенді пайдалану;
6.сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларын басым қолдану;
7.сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсететін адамдарды көтермелеу;
8.сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін жазаның бұлтартпастығы қағидаттары негізінде жүзеге асырылады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың мақсаты мен міндеті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың мақсаты – қоғамда сыбайлас жемқорлықты жою болып табылады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мақсатына қол жеткізу мынадай:

  1. Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбестік ахуалын қалыптастыру;
  2. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін жағдайлар мен себептерді анықтау және олардың салдарларын жою;
  3. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субъектілерінің өзара іс-қимылын нығайту;
  4. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Халықаралық ынтымақтастықты дамыту;
  5. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды анықтау, жолын кесу, ашу және тергеп-тексеру міндетін шешу арқылы іске асырылады.

Сыбайлас жемқорлық түрлері:
Жүйелік сыбайлас жемқорлық – жүйеге айналған ұйымдасқан сыбайлас жемқорлық (құрылымдық элемент) – ұйымдасқан қазынашылық (бюджетті «кесу»), бопсалау және жүйелі қосымша табыс.
Тұрмыстық сыбайлас жемқорлық қарапайым азаматтар мен шенеуніктердің өзара әрекеттесуінен туындайды. Оған азаматтардың түрлі сыйлықтары мен лауазымды тұлғаға және оның отбасы мүшелеріне көрсетілетін қызметтер кіреді. Непотизм де осы санатқа жатады.
Іскерлік сыбайлас жемқорлық билік пен бизнестің өзара әрекеттесуі кезінде пайда болады. Мысалы, экономикалық дау туындаған жағдайда. Тараптар өз пайдасына шешім шығару үшін судьяның қолдауына жүгінуге әрекет жасауы мүмкін.
Жоғарғы биліктің сыбайлас жемқорлық (Гранд-сыбайлас жемқорлық. Гранд-сыбайлас жемқорлық, ағылшынша – Grand corruption) демократиялық жүйелердегі саяси басшылық пен Жоғарғы соттарға жатады. Бұл билікте тұрған топтарға қатысты, олардың жосықсыз мінез-құлқы саясатты өз мүдделері үшін және сайлаушылардың мүдделеріне зиян келтіруден тұрады.
Қазақстанда жемқорлық деңгейі өте жоғары салалар:
Білім беру саласы. Мәселен, 2024 жылы Шымкенттегі төрт жекеменшік балабақшаның құрылтайшылары балабақшаға келмеген балалар үшін жалпы сомасы 29,6 миллион теңге бюджет қаражатын заңсыз иемденгені үшін әртүрлі жазаға тартылған. Мұғалімдердің жалақыларын жымқырғаны үшін сотталған мектептердің есепшілері де бар. Түркістан облысындағы жекеменшік мектептерде қызмет істейтін 3400 мұғалімнің соңғы үш айдан бері жалақы алмай жүргенін де аянышты жағдай деуімізге болады.
Денсаулық сақтау саласында да заңнама реттелмеген. Сыбайласқан жемқорлық болмаса да өз қызметін пайдалану дерек-дәйектері көптеп кездеседі.
Пәтер иелері кооперативтеріне қатысты да шағым жиі түседі.
Соттардағы және кедендегі сыбайласқан жемқорлық деңгейі әлі жоғары.
Қымбатты халайық. Сол себепті де сыбайлас жемқорлық – індет болса, ал онымен күресу – міндет болып табылады. Тек бәріміз бірігіп, жұмыла күрескенде ғана оны түбегейлі жоя аламыз.

Жанна БОТАБАЕВА,
Тәшенев атындағы университеті «ІТ және шетел тілдері» факультетінің деканы, филология ғылымының кандидаты.
Шымкент қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *