ЖЕРАР ДЕПАРДЬЕМЕН КИНОҒА ТҮСКЕН КЕЛІНШЕК

Өнер
53 Views


Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – Бибігүл Ерғалиқызы Мадалиева 1978 жылы 19 қыркүйектеқазіргі Түркістан облысының Ордабасы ауданындағы Ақпан ауылында дүние келген. Әкесі – Ерғали Смаханұлы 40 жылдан астам уақыт мектепте ұстаздық қызметатқарған. Шәкірттеріне қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген. Анасы – Жәмила ауылда егін шаруашылығымен айналысқан. Олар он бала тәрбиелеп өсірген. Жанаты –кітапханашы, Сапарханы – техникаларды қадағалаушы, Темірханы – мұғалім,жүргізуші, Нұралханы – милиционер (қазіргі тілмен айтқанда, полицей), Сұлушашы –колледжде оқытушы, Әсілханы – өрт сөндіруші, Әділханы – зауыт жұмысшысы, Айгүлі– филолог, балабақшада тәрбиеші, оның сыңары Айнұры – Жұмат Шанин атындағыШымкент қалалық академиялық қазақ драма театры реквизит цехының меңгерушісі, Бибігүлі – осы өнер ордасының актрисасы, Мәлениет саласының үздігі.

Осылардың бәрін атасы – Смахан Мадалиев пен әжесі – Үрзада Сұлтанбекқызы бауырына басып өсірген. Сүткенжелері – Бибігүл дүниеге келгенде келіндеріне: «Атын қоясың ба, қойныңа алып жатасың ба, өзің біл, өзіңнің жекеменшік қызың осы», – деп айтқан көрінеді. Сүткенжелері аздап еркелеу болып өскен. Алайда қазіргілермен салыстырғанда онысы еркелікке жатпайды. Әкелері өте қатал кісі болған. Перзенттерінің бәрі оның қас-қабағына қарап, әрекет жасайтын.

Өзге әпке, ағалары секілді Бибігүл де өз ауылындағы Қаныш Сәтбаев атындағы орта мектепті «жақсы», «өте жақсы» деген бағалармен бітіріп шыққан. «Бұлар мұғалімнің ұл-қыздары ғой» деген атқа кір келтірмеу үшін бәрі де сабақты жақсы оқуға талпынған. Ата-аналары бар өмірін ұл-қыздарына арнаған. Бәрін жоғары оқу орнында оқытып, білімді де білікті маман етіп шығарған. Әке жолын қуған қыздары – Сұлушаш пен Айгүл бүгінде педагогика саласында қызмет етуде.

Бибігүлге алғаш әріп танытқан ұстазы – Базаркүл деген апайы тұғын. Сәлима, Рахима есімді ұстаздарын да жақсы көрген. Бастауыштан кейін әкесі сынып жетекшісі болған. «Мұғалімнің қызы» деген сондай қиын. «Өзінің қызына жоғары баға қояды» деген әңгіме болмасын, – деп әкесі үй тапсырмасын алдымен Бибігүлден сұрайтын. Химия пәнінің мұғалімі Сапаркүл Ахметова апайы да сабағын қызғылықты өтетіні соншалық, нашар оқитын шәкірттерінің өзі талпынып оқитын.

Бабалары Мәдәлі прокурор болған. Арыс қаласында оның атында көше бар. Аталары Смахан ұжымдық шаруашылықтың төрағасы болған. Әжелері 18 құрсақ көтерген. Солардың көбі жастай шетінеп, Смахан мен қос қарындасы ғана тірі қалған екен. Бір күні сол үшеуі де қатты сырқаттанып қалыпты. Сонда аталары: «Құдайым қос қызымнан айырсаң да ұрпағымды жалғастыратын жалғыз ұлымнан айыра көрме!» – деп Жаратқанға жалбарынған. Алла Тағаланың қалауымен көп кешікпей үшеуі де сауығып кеткен екен.

Мамандық таңдауда ешқайсында еркіндік болмаған. Әкелері не айтса, сол заң болып қабылданған. Бибігүл бастапқыда дәрігер немесе тігінші болуды армандаған. Филология факультетіне түсуге бір балл жетпей жылап тұрғанда оны терезеден Райымбек Сейітметов байқап қалып, жаңадан ашылған өнер факультетіне оқуға қабылдаған. Сөйтіп, Түркістандағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің студенті атанған. 1995-1999 жылдары сонда оқып, кино және драма актері мамандығын алып шыққан.

Оқуға түскенінің өзі қызық. Алғашында әкесі қарсы болған. Бірбеткей мінезінен болар, кейіннен әйтеуір бітіріп шыққан. Оқу бітірген жылы 12 қазанда Шымкенттегі Жұмат Шанин атындағы облыстық қазақ драма театрына актер болып қызметке қабылданған. Міне, содан бері қасиетті қарашаңырақта табан аудармай қалтқысыз қызмет атқарып келеді.

Аналары 2010, ал әкелері 2013 жылы бақилық болған. Бір өкініштісі, анасы сүткенжесінің тойын көре алмай кеткен. Әкесінің той көргені қызына жұбаныш болған. Олар перзенттеріне: «Біреудің ала жібін аттама», «Өліп бара жатсаң да өтірік айтпа», «Қолыңнан келмейтін нәрсені уәде етпе», – деп көп айтатын. Осындай тәлім-тәрбиеге толы өсиеттері әлі күнге дейін ұл-қыздарының жадында. Бұл үйде «Мына ұл баланың ісі, мына қыз баланың ісі» деген болмайтын. Сондықтан да Бибігүл иығына әпкішті іліп алып, су да тасыған, кілем тоқып, киіз басқан, сиыр да сауған, мал да баққан, ағаш та бұтаған, қаршадайынан еңбексүйгіш қыз болған. «Үйренгенің өзіңе жақсы, істегенің бізге жақсы», – дейтін мұндайда ата-анасы. Осылайша «Еңбектен адам өлмейді», – деп перзенттерін үй тірлігіне қолғабыс жасауға жастайынан баулыған.

2004 жылы Жұмат Шанин атындағы облыстық қазақ драма театрының 70 жылдық мерейтойына орай жазушы, драматург Ғабит Мүсіреповтің «Қыз Жібек» спектакліндегі Жібектің құрбысы Дүрия рөлін сомдап, симфониялық оркестрмен жанды дауыста ән салған.

2012 жылы Алматыда жазушы, драматург Дулат Исабековтың 70 жасқа толуына орай өткен Халықаралық фестивальде «Енді қайттік?» спектаклін қойған шымкенттік театр ұжымы «Ең үздік қойылымын» аталымын иеленген. Бибігүл сонда Ақыз қыз, Өзбек әйел бейнелерін сомдаған болатын.

2019 жылы Астанада өткен Халықаралық фестивальға «Қарагөз» спектаклін апарған.

2016 жылы 15 желтоқсанда кәсіптік және өзге де мерекелер заңына сәйкес салалық іс-шараларды көтермелеу мақсатында республикалық «Ұстаз жолы» қоғамдық қорының шешімімен мәдениет саласында көп жыл еселі еңбек етіп, үздік нәтижелерге қол жеткізгені себепті «Елеулі еңбегі үшін» медалімен марапатталған.

2023 жылы 27 наурызда «Елеулі еңбегі үшін» «Үздік қызметкер» медалін иеленген. «Елеулі еңбегі үшін» «Үздік мәдениет қызметкері» медалімен марапатталған. «Ұстаз жолы» қоғамдық қорының Алғыс хатымен марапатталған.

2024 жылы «Мәдениет саласының үздігі» атанған.

Шымкентте өткен «Театр көктемі» фестивальдерінде екі-үш рет Бас жүлде (Гран-при) жеңіп алған.

Екі жыл қатарынан «Шымкент шоу» әзіл-сықақ театрымен бірге бүкіл Қазақстанды аралап, өнер көрсетіп қайтқан.

Театр актрисасы ретінде сан түрлі мінездегі қыз-келіншектердің бейнесін сомдаған. Атап айтқанда, Александр Бектің «Волокалам тас жолында» Вера; «Жаманшылық деген не?» ертегісінде Қораз; Ө.Боранбаевтың «Қорқақ көжегінде» Мұғалім әтеш; «Ақымақ арыстан» ертегісінде Қораз; Антон Павлович Чеховтың «Шие бауында» Дуняша; Бертольд Брехттің «Кавказдың бор шеңберінде» Тамара; Исраил Сапарбайдың «Сыған серенадасында» Буфетші әйел; Ә.Ақпанбеттің «Түнгі көбелектерінде» Катя; Дулат Исабековтың «Құстар фестивалінде» Бас мекиен, Жын желік Шайтай; Әбілда Аймақтың «Шәмші сағынышында» кезекші әкімгер әйел; Б.Есенәлінің «Мұхаммед Хайдар Дулатиінде» Гауһар шах Бегім; Ғабит Мүсіреповтің «Қыз Жібегінде» Дүрия; Ерсін Қойбағаровтың «Бала мен қайыршысында» Бірінші медбике; Мархабат Байғұттың «Көксу комедиясында» хатшы қыз; Дулат Исабековтың «Мұңлық –Зарлығында» Зәрипа; «Енді қайттігінде?» Ақын қыз, Өзбек әйел; Қ.Жанмұратованың «Тапқыр бұзауында» Тышқан апа; Тынымбай Нұрмағанбетовтың «Бес бойдаққа – бір тойында» Күйкентай; «Аққу Жібек» ертегісінде Әже; «Тазша бала» ертегісінде Гүрбесу ханша; Ерсін Қойбағаровтың «Қасірет қақпанында» Итмұрын; ақын Абай Құнанбаев шығармаларының желісімен қойылған «Желсіз түнде жарық ай» әдеби-мызыкалық толғауына қатысқан; М.Байджиевтің «Тіл табысқандарында» Сүйімхан, Т.Джудженоглудың «Көшкінінде» Үлкен бәйбіше; Мархабат Байғұттың «Асқаровтың аққайыңдарында» Сот; О.Богаевтың «Do WN – Way» спектаклінде Медбике; Саид Ахмадтың «Келіндер көтерілісінде» Башорат; Б.Бекжановтың «Торға түскен түлкісінде» Апа; Сұлтанәлі Балғабаевтың «Жымбала Мико және қасқырында» Ит; Рахымжан Отарбаевтың «Шырмауығында» Ана; Мархабат Байғұттың «Жоғалған Жұрнағында» Ана; Айнұр Кәрімнің «Ватсабында» Аутизмге шалдыққан баланың анасы; Уильям Шекспир шығармасының желісі бойынша қойылған «Қоразда» Королева; Мұқағали Мақатаев шығармаларының желісімен қойылған «Дариға – жүректе» Бірінші әйел бейнелерін сомдаумен ерекшеленген.

Бибігүл бірнеше киноға да түскен. 2009 жылы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген «Кешіккен махаббат» фильмінде атақты француз актері Жерар Депардьемен киноға түсу бақыты бұйырған. Табиғаты тамылжыған Түлкібас ауданындағы Машат ауылында түсірілген кино туындыда оның қазақ әйелі – Қатираның рөлін ойнаған. Өздеріне әйел іздейтін үш дос (Жерар Депардье, Қазақстанның халық әртістері – Нұржұман Ықтымбаев, Болат Қалымбетов) туралы кинода эпизодтық көрініске қатысқан.

Сонымен қатар Саян туралы «Ибалымен танысу» фильмінде бай әйелдің рөлін ойнаған. «Өмірдің өзі новеллада» ененің бейнесін сомдаған. Қазақстанның Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев туралы «Жастық шаққа саяхат» фильмінде жоғары оқу орнына қабылдау комиссиясының мүшесі болып ойнаған.

Міне, біз бүгін әңгіме арқауы етіп отырған Бибігүл ханым – осындай санқырлы өнер иесі. Жұбайы Фархат Атуғанұлы Мануров екеуі Мақсат есімді ұлдарына тәлімді тәрбие беруде. Бибігүл ханымды таяуда ғана атап өтілген Халықаралық театр күні мерекесімен шын жүректен құттықтап, оған отбасылық бақыт пен шығармашылық табыс тілеп қаламыз.

Әбдісаттар ӘЛІП,

журналист, ақын, аудармашы, Қазақстан Журналистер және Халықаралық Жазушылар одақтарының мүшесі.

Шымкент қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *