ЖЕРДІ САТУҒА, ЖАЛҒА БЕРУГЕ БІРЖОЛА ТЫЙЫМ САЛУДЫ ТАПСЫРАМЫН

Ақорда
738 Views

Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысына қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаевөз сөзінде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет»тұжырымдамасын жүзеге асыруға зор үлес қосып келе жатқанын және кеңесте қабылданған шешімдер еліміздегі жүргізіліп жатқан реформаларға тың серпін бергенін айтты.

– Бүгінгі таңда Ұлттық кеңестің ұсынысымен 13 заң қабылданды. Тағы 9 заң жобасы әзірленіп жатыр. Заң шығару жауапты және күрделі жұмыс екені баршаға белгілі. Осы тұрғыдан алғанда, Кеңес мүшелері ауқымды істер атқаруда. Ұлттық кеңес алғашқы кезеңде өз қызметін консультативті-кеңесші орган ретінде бастады. Ал бүгінде жаңа реформалар ұсынатын маңызды құрылымға айналды, – деді Қазақстан Президенті.

Президент ауылдық жерлердегі тұрғын-үй мәселесін шешу үшін кәсіпкерлер өз жұмысшыларына арнап үй салса, оған кеткен шығынның 50 пайызына дейін қайтаруды ұсынды. Бұл ұсыныс ауылды дамытуға жан-жақты септігін тигізіп, экономикалық белсенділікті арттырып, қажетті мамандарды, ең алдымен, мұғалімдер мен дәрігерлерді, мал дәрігерлерін тартуға мүмкіндік береді. Үкімет бұл тәсілді осы жылдың екінші жартысынан қалдырмай қолданысқа енгізуі керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев саяси реформаларды дәйекті іске асыруға баса мән береді. Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың жаңа тұжырымдамасын әзірлеу аясында тиісті заң жобасын дайындау тапсырылды. Биыл кент, ауыл, ауылдық округ әкімдерін тікелей сайлау өткізіледі.

– Бұл еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі елеулі оқиға болмақ. Сайлау туралы заңнамаға енгізілетін барлық өзгерістер мен толықтырулар пысықталуда. Тиісті заң алдағы уақытта қабылданады. Содан кейін ғана кенттердің, ауылдар мен ауылдық округ әкімдерінің тікелей сайлауына қажетті барлық нормативтік-құқықтық негіз толығымен қалыптасты деп айта аламыз. Бірақ, біз мұнымен шектеліп қалмаймыз. Келесі маңызды қадам – аудан әкімдерінің тікелей сайлауы. Мен бұл сайлауды 2024 жылы өткізу керек деп санаймын. Осы бастама елімізді демократияландыруға және жергілікті басқару институтын нығайтуға елеулі үлес қосады деп сенемін. Түптеп келгенде, аудандарда сайлау өткізу халық билігін орнатудың айқын көрінісі болмақ, – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы жер мәселесінің ерекше маңызды екенін атап өтіп, қазақ жерінің шетелдіктерге сатылмайтыны туралы бұған дейін де бірнеше мәрте мәлімдегенін еске салды.

– Бұл мәселеге қатысты қауесеттерді тоқтату қажет. Сондықтан мен мынадай нақты шешімдер қабылдадым. Біріншіден, шетелдіктерге және шетелдік заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға, жалға беруге заң жүзінде біржола тыйым салуды тапсырамын. Бұл шетелдіктердің үлесі бар заңды тұлғаларға да қатысты. Мен мұны Президенттің заң шығару бастамасы арқылы жедел түрде жүзеге асыру қажет деп шештім. Президент Әкімшілігі дәл осы мәселеге байланысты тиісті заң жобасын әзірлеуі керек. Екіншіден, бір айдың ішінде Жер реформасы жөніндегі комиссияны құрып, 25 наурызда жұмысқа кірісуді тапсырамын. Комиссияның құрамына аграрлық сектордың беделді өкілдерін және жер мәселесін жетік білетін сарапшыларды қосу керек. Үшіншіден, Үкіметке биылғы тамыз айының соңына дейін жер реформасының негізгі мәселелері бойынша ортақ мәміле арқылы түбегейлі байлам жасауды тапсырамын. Төртіншіден, комиссия жұмысының әрбір кезеңі және онда ұсынылған шаралар туралы халықты үнемі хабардар етіп отыру керек. Басты міндеттің бірі – комиссия жұмысының және шешім қабылдаудың мейлінше ашықтығын көрсету. Ең бастысы, жер шетелдіктерге сатылмайтыны туралы түбегейлі шешім қабылданды, – деді Мемлекет басшысы.

Жиын соңында Президент Ұлттық кеңестің маңызды міндеттерінің бірі мемлекет пен қоғам арасында тиімді байланыс орнату екенін атап өтті.

Akorda.kz

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *