ЖЕР ЖҮРЕГІ (Повесть)

Әдебиет
779 Views

(Жалғасы).

Міне, зарықтырған күн де келіп жетті. Сан Саныч – бәрін тап-тұйнақтай қылды.

Самолетке арнайы зембілмен кіргізіп, бизнескластың бір қабырғасын босаттырып, сонда жатқызып, дәрі-дәрмегі, керек-жарағының бәрін түгендеп берді.

Сеулге қалай қонады, солай бірден арнайы жедел жәрдем машинасымен өздері көтеріп, тиеп алып кететін болды.

* * *

Ауруханадан түнгі бірлер кезінде алып шықты. Қапалақтап қар жауып тұр екен. Төмендегі аэропортқа келгенде байқады қар қара жерді түгел қымтап үлгеріп, Алматы ақкүміске оранып, серідей сұлуланып, құлпырып кетіпті.

Таңғы төртке таман ғана самолет гүжілдеп от алып, қайқаң етіп көтеріле берді.

Ғалымжан рахат күй кешіп самолетке өте сергек, жоғары көңіл-күймен орналасты. Жаңа ғана салған морфий бойына жылы ағын жүгіртіп, санасы шайдай ашылып жүре берді.

Оң жағында келіншегі Айнаш, сол жағында бүкіл асай-мүсейімен томпақ бет үлбіреген, алақаны ұлпадай медбике. Самолет көтеріліп бара жатқанда иллюминатордан шамдары самаладай жанған Алматыны көзі шалып қалды.

– Алматы, қайран ғана, асыл Алматым! Қайта көріскенше қош аман бол!

Алматының бір жарым миллион тұрғыны аппақ қар жауған әдемі түнде кең тыныстап, маужырап ұйықтап жатты.

Зымырай көкке көтерілген «Эйр Астана» самолеті Алатауды айналып бұйра-бұйра бұлттардың үстінен күншығысқа қарай самғап бара жатты.

Бір қолы Айнашта, бір алақаны томпақ аршын төс қыздың қос тізесінде.

Көзін ашып жайлап қараса самолет іші алакөлеңке, төңіректегілер түгел қисайып, жантайып қалың ұйқыға кеткен.

Ғалымжан да көзін жұмды. Ұйықтамақ түгіл санасы сергіп, есіне сан-сапалақ қилы-қилы ғұмырынан үзіктер орала берді.

* * *

…Әкесі есін білер-білместе дүние салды. Алты жасар ұлын арқалап жүріп өсірген анасы міне бүгіндері жасы жетпіске таяп қалды. Ауылда тұратын анасын уайымдатпау үшін Ғалымжанның мұншалық ауыр науқас екенін айтпаған. Онкологияда жатқанын да, Сеулге жол тартқанын да шешесі білмейді. Анда-мұнда телефондап амандық білдірісіп тұратын.

Жасынан оқуға құмар әкесі ұлы туғанда қауынша жарылып, болашақта баласы асқан ғалым болса деп атын «Ғалымжан» деп қойыпты.

Алатаудан елу шақырым жердегі шойын жол станциясында оқып, ержетті. Шешесі қайтып күйеуге тимеді, жалғыз ұлға сиынып, тіршілігін істеп жүре берді. Күндіз мектептің еденін жуады, ары-бері жүріп жатқан жолаушылар поезына жұмыртқа сатады, бау-бақшасына қарайды, әйтеуір тарықтырмай өсірді.

Политехникалық университетке түсіп, геолог мамандығы бойынша диплом алып келгенде қуанғанын айтпа. Екі жыл қазақ жерінің тау-тасын кезіп, геологиялық партияда жүрді. «Қаңғыбас жүліктермен жүріп, бұзылып кетесің» деп шешесі зарлап жүріп Алматыға алдыртты.

Геология-зерттеу институтында кіші ғылыми қызметкер болып жүріп осы Айнашқа үйленді. Айнаш көкбазарға тиіп тұрған жердегі баспаханада жұмысшы, сменмен істейді. Күндіз-түні жұмыстан қолы босамайды, үшінші жылы жүкті болып осы Үмітті босанды. Пәтер жалдап әбден зәрезап болып жүргенде, Айнашқа бір бөлмелі пәтер тиді. Ғалымжаннан келіншегінің айлығы да артық, әке-шешесі Көкше өңірінен анда-санда сыбағаң деп ет беріп жіберіп тұрады. Ал, мұның шешесі зейнетке шықса да «шалымның қара шаңырағын тастамаймын» деп ауылынан көшпей отырып қалды.

Осы Үміт екі жасқа келген шақта, Айнаш кешке жұмыстан келісімен бұларға ас-суын беріп, кір жууға кірісті. Түннің бір уағына дейін жиылған кір-кір киім-кешектерді қолмен бұрап жуып, балконға кептіруге жая бастады. Сонда әлдене су-су етіп үстінен желпіп құйын болып жеті қараңғы түнде өте шықты? Бар денесі бір жайсыз халде «дүр-р» ете түскен…

Шаршап жантайып жата кетіп, ертеңгісін оянса күйіп-жанып жатыр. Күрк-күрк жөтеліп, үні шықпай, демігіп, ентігіп, мұрттай ұшты. Қызуы көтеріліп, жедел жәрдем алды да кетті.

Ауруханада жиырма шақты күн жатып, бозарып, ұсқыны қашып, әзер ілбіп шығып келді. Үмітті станциядағы шешесіне апарып тастаған, өзі іссапармен Алтай жаққа барып қайтқан сәті. Көптен бері бекітіп алғанмен қорғай алмай жүрген диссертациялық тақырыбы: «Алтай өңірінің кен-қазба байлығы». Оны бекіттіргенде институт директоры шойын қара бастығына оқытқан.

– Сен бала басқа тақырып таппадың ба? Жердің астында нең бар, үстін зерттеп алсаң да жетпеді ме? – деп жақтырмай зіркілдеген.

Міне, жазып қойып, үстінен анауың жоқ, мынауың қайда деп мың сылтаумен қайтарып беріп жүріп, енді биыл жазда қорғауға бәрінің уәдесін алып, тас түйін отыр. Тек көңілін күпті етіп жүрген бірер нәрсені көріп, аралап қайтқан еді.

Келіншегі киініп, мәре-сәре боламыз десе, өңі сынық, жүріс-тұрысы ауыр. Екеулеп кәртөшке қуырып, шәй ішіп отырғанда, Айнаш көзінің жасын сығып алып:

– Ғалымжан, саған айтпасам болмас. Мен аурулы болдым, ішімде нәрестеміз бар екен, қайтейін-ай сақтай алмай мұңлық болдым ғой. Енді бала көтеруім неғайбыл, – деп теріс қарап екі иығы селкілдеп жылап алды.

– Қой, қойшы, Айнаш. Қапаланбашы, жазыласың. Ештеңе етпейді, – деп бұл бәйек қағып еді.

– Сен маған жақындай берме. Менің екі өкпем қарайып кетіпті, дақтар бар. Ертең туберкулез ауруханасына жатамын. Онда үш айдан алты айға дейін сараптап емдейді дейді, кейін бәленбай жыл сансырап ауру болып, мүгедек атанып қор болып қалатын болдым ғой, – деген кезде қуанып жүрген көңілі су сепкендей басылды.

Айнаш үлкен баспаханада істейді, ылғи үйде бояу иісі бұрқырап тұрған газет-журнал әкеледі. Енді биыл күзде екі бөлмелі пәтер аламын ба деп жүрген-ді.

Ғалымжан мәңгіріп, дел-сал отырып қалды. Түнде де төсекті бөлек салып берді. «Мен жұқпалы аурумын ғой, енді сені аман сақтауым керек» – деп ауруханаға апаратын, киетін заттарын түгендеп түннің біруағына дейін жүріп алды.

Ертеңгісін ерте келіншегі шәй қойып, мұны оятып:

– Ғалеке, ауруханаға бүгін жатпаймын. Станцияға барамыз, – деді жігерлі үнмен.

– Үмітті сағындың ба?

– Түнде түсімде атам келіп, батасын беріп жатыр.

– Қай атаң?

– Қайын атам – сенің әкең ше? «Қарақтарым-ау, мені ұмыттыңдар ма, мен Жартыбай деген атаң боламын. Бәленбай жыл өтті, бір келмедіңдер ғой, батамды алмадыңдар ғой» – дейді атам жарықтық. Кеттік жүр, – деп асықтырып алды да жөнелді.

Кез-келген жолаушы поезына отырып, станциядан түсіп қала беретін ескі әдетімен теміржол вокзалынан поезға отырып, өзі туып-өскен станциядан түсіп қалды.

– Үйге барайық, – деп еді, Айнаш көнбеді. Әкесі жатқан ата-бабалары қорымы ауылдан төрт-бес шақырымдай жердегі төбе үстінде. Көңілі жарым келіншегінің айтқанын мақұлдап, жаяулап үлпілдек топырақ басқан қос машина ізі бар жолмен ауыл сыртындағы қалың қалқиған бейіттері бар, жотаға қарай жүрді. Шілденің ми қайнатар күні шақырайып, төбелерін тесіп жіберердей ысытып, қара терге көмілді. Көптен бері жаяу жүрмегендікі ме қол созымда көрініп тұрған жота үстіне қайта-қайта демалып әзер жетті.

Ғалымжан қалың қорымды аралап кетті. Мұнда келмегелі бәленбай жыл болыпты-ау, бұрын әкесінің бейіті қабақтың ең шетінде сияқты еді, енді қалың қорымның арасында қалып қойыпты. Жалғыз қара тұяқ – бір тал ұлы әкесін іздемегенде кім іздейді… Пора-пора терлеп-тепшіп өңкей шөп басқан, қурай өскен төмпешіктерді айналып жүріп-жүріп әзер тапты. Ел сияқты қоршатып, қызыл тас та қоя алмады. Күрекке атын жазып, қалқайтып бір бұрышына іліп қойған. Сыры кетіп, жазуы өшіп, ақсөңке болған күрек ағашы шіри бастапты. Қарадан-қарап келіншегінен қатты қысылды.

Екеуі жүресінен отырып, бет сипасты, бір-бір шөкім топырақ іліп тастады.

– Ата, – деді Айнаш дауысы жарықшақтанып, – ата, ататай, түнде түсіме кіріпсіз. Міне, келдім, басымды ием сізге. Ата, мен жаман аурулы болдым, жұқпалы ауру. Жазыламын ба, жазылмай осы ауру мені жалмап, жоқ қылады ма білмеймін? Жалғыз ұлыңыз мына Ғалекеңе қиын болатын болды. Дертім қиын, ұзақ, өте көп уақыт емделесің дейді. Құлыныңыз Үміт қалып барады шырылдап, қанатын жазбаған балапанша, – деп келіншегі сай-сүйегін сырқыратып, зарлап-зарлап айтқанда Ғалымжан балбал тастай мелшиіп қатты да қалды.

Қапырық буған жота үстінде елбең қағып сыңар жел кезіп өтті. Іле әлдебір құйын кепкен ебелекті қуалап әкеп алдарына тастады. Төбе құйқаны шымырлатып Айнаш екі көзінен жасын бұлақтай ағызып өкініш-назын, шер-шеменін атасына ақтарып айтып жатыр. Әлден соң барып ықылық ата тоқтап, етбеттей жата кетті.

– Ата, ататай бізді кешіре гөр! Кешір бізді – деп иығы бүлкілдеп жатып-жатып күйеуіне бұрылып қарағанда ол қара жерге кіріп кете жаздады. Оның сол көзқарасын өмірі ұмыта алмайды: -«Сен өзіңнің әкеңді ұмытсаң, ескермесең кімге өнеге қыласың?» дегенді ұқты. Жігері құм болып, қол созымда жатқан жарына жалғыз ауыз жанын жібітетін сөз айта алмай құмбыл боп, шөгіп кетті.

Кенет астаң-кестең жел ұйытқыды, соған селк етіп қалың ұйқыдан оянғандай арттарына қараса аждаһадай қап-қара түнек күнбатысты тұтас басып, жақындап келеді. Әп-сәтте жаңа ғана жарқырап тұрған аспан асты қара шәліге оранып, сыз иісі аңқыды.

– Айнашжан, кеттік – деді бұл бір тал жусанды жұлып алып, иіскеген күйі. Орындарынан тұрып жүре бергенде қара нөсер төбесінен құйды дерсің. Қос ішек жол қара балшыққа айналып, шылқылдап лай су ақты. Аспан төңкеріліп кетердей қап-қара тұтасқан бұлттарды қақырата жарқ-жұрқ етіп найзағай жарқылдап, таулар құлағандай шатыр-бұтыр күн күркіреп, есті алды.

Сүріне-қабына, үсті бастары сүметілген су болып, әзер ауыл шетіне іліккенде шелектеп жауған нөсер тиылып, бетін жуған күн жымиып көрініп, анадайдан кемпірқосақ құрылып, көкорайлы Алатау өңірі шыт жаңа құлпырып шыға келді.

Ортаңғы көшеде қалған бір ғана тоқал там шешесінің шаңырағы. Басқалар үй жайларын дүңгірлетіп шатырлатып, дүкірейтіп көркейтіп алған. Қатқан қатпа кемпір бұлардың сүрлерін көріп, шошып кетті.

– Өйбуй, – қайдан жүрсіңдер, қарақтарым? – деп Ғалымжанды шешіндіріп, басқа киім беріп, көрпе-төсек салып, жатқызып тастады. Айнаш шешесінің кең көйлегін киіп, жаңа бауыздалған тауықтың жүнін жұлып, көмектесіп жүріп әңгіменің тиегін ағытты.

– Айнаш-ау, әбден малшыныпсыңдар ғой. Онда бар сен де жат, мен сорпа-су дайындайын, сені емдейік, – деп бәйек болды.

Айнашты сорпалатып, үсті-басын түгел қойдың құйрық майын ерітіп сылап, терлетіп, киімін қайта-қайта ауыстырып, бұрышта сандықта тұрған түйіншекті ақтарып енесі дәрі– дәрмегін беріп, түннің біруағына дейін тыным көрмеді.

Келінін ерте оятып алып, өзен жағасында жалаңаяқ жүргізіп, шығып келе жатқан күнге табынды, ағып жатқан суға күбірлеп бетін жуғызды, түнімен буы кетпей тұрған жусанды жұлып алып, арқа басын қаққылады. Айнаш бала болды да қалды, мәз-мейрам, сықылықтап күле береді.

– Сиядай атаның әруағы қолдай гөр! – деп адыраспанды түтіндетіп, үйін, мұны, қызын бәрін аластап шықты.

Он шақты жұмыртқа мен жаңа сойған тауық етін арқалатып, поезд жолға дейін шығарып салды.

– Жартыбай атаң түсіңе бекер кірген жоқ, шырағым.Үлкен атаң – Сиядай атамыз – әулие кісі болған! – Сол аталарыңның әруағықолдасын! – деп поезға отырғызып жіберді. Сиядай дегені – Дәуітбай деген әулиемолда арғы аталары атын тура атамаған түрі. Қатпа кемпірдің етегінде шырматылып Үміт қызы қала берді.

(Жалғасы бар).

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,

жазушы, қоғам қайраткері,

«Әділет. Рухани жаңғыру» газеті

редакциясының алқа төрағасы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *