ЖЕТІСТІККЕ БАСТАҒАН 100 КҮН

Билік Қоғам
26 Views

Абай облысы әкімі Берік Уәлидің қызметке кіріскеніне 100 күн толыпты. Тағайындалғаны күні кеше ғана сияқты еді: аттай шауып, оқтай зулап өте шығыпты уақыт шіркін. Бұл қысқа уақыт аралығында ол өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму бағытын қайта қарап, тың серпін беруге күш сала бастады. Шиырып айтқанда, елдің шығыс өңірінде тұрған күрделі облысты дамытудағы нақты шешімдер мен жоспарларды айқындау уақыты болды. Тынымсыз еңбектенудің нәтижесінде өңірдегі мықты мамандардың, елдегі бас көтерер азаматтардың ұтымды ұсыныстары мен ақыл-кеңестері мұқият таразыланып, ел еңсесін көтеруге бағытталған байыпты, батыл, тосын шешімдер қабылданды.

Баспасөз қызметінің ақпаратына нансақ, осы қысқа уақыт аралығында жаңа әкім ел ақсақалдары мен руханият қайраткерлерінен бастап, экономика мен әлеуметтік мәселелердің жай-жапсарын жақсы білетін білікті, білімді, беделді жандармен емен-жарқын жүздесіп, жинақталған ақпараттар мұқият қорытылған. Президенттің қасында жүріп мол тәжірибе жинаған Берік Уәли алғашқы күннен бастап өзін кабинетке байланбайтын басшы ретінде көрсете білді. Ол осы үш айдың ішінде облыстың барлық аудандарын, бұрын аудан болған бірнеше елді мекендерді аралап шықты. Халықтың ең өзекті мәселелерін көзбен көріп, құлақпен естіп, жедел шешім қабылдауға тырысты. Мұндай тәсіл кабинетте отырып бюрократияға батпақтағаннан әлдеқайда тиімді.
Облыс әкімі шалғай елді мекендерге барған әрбір сапарында инфрақұрылым жағдайын зерттеді, әлеуметтік нысандардың жұмысын тексерді, кәсіпкерлермен, шаруалармен, мектеп мұғалімдерімен, дәрігерлермен тікелей жүздесті. Бұл қадамы Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына толық сәйкес келеді және осы қағидаттың өңірлік деңгейде нақты іске асуы деуге болады.

ОБЛЫСТЫҢ ДАМУ ЖОСПАРЫ – СТРАТЕГИЯЛЫҚ ЖҮРІС
Берік Уәлидің 100 күндегі ең маңызды қадамы Абай облысының даму жоспарын әзірлеуі болды. Бұл – өңірдің нақты проблемаларын, әлеуетін және болашақтағы мүмкіндіктерін ескере отырып жасалған стратегиялық құжат.

ИНВЕСТИЦИЯ – ДАМУ КЕПІЛІ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен Берік Уәли инвестор тарту ісіне айрықша мән берген.
Бұл бағытта:
• 40-тан астам ірі инвестормен кездесу өткізді;
• Жуырда Қытайда құны $1,5 млрд. болатын бірқатар жобаны жүзеге асыру туралы меморандумдарға қол қойылды;
• Өңірге жаңа зауыттар, логистикалық хабтар, өндіріс орындарын тартуды басты басымдық ретінде қарастырады. Инвестиция дегеніміз – дотациялық облыс үшін қосымша жұмыс орындары, салық түсімі, тұрақты даму.

«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» – НАҚТЫ НӘТИЖЕ
Президент бастамасымен жүзеге асқан «Таза Қазақстан» экологиялық ауқымды іс-шара Абай облысында ерекше қарқынмен жүріп жатыр. Берік Уәли бұл науқанды қағаз жүзіндегі акцияға емес, нақты тазалық мәдениетін қалыптастыруға бағыттады. Сенбіліктерге әкімдік қызметкерлерімен қатар мектеп оқушылары, кәсіпкерлер, қоғамдық ұйымдар да атсалысты. Тазалық жұмыстары қала ішінде ғана емес, ауылдарда, өзен-көл маңында, тіпті орман-тоғайда да жүргізілді.
Бұл экологияны қорғаумен қатар жауапкершілік мәдениетін нығайтуға қадам болды. Қазір «Сана тазармай, қала тазармайды» ұғым әрбір семейліктің мәтеліне айналған.

ХАЛЫҚТЫҢ ҚОЛДАУЫ – ӘКІМГЕ СЕНІМ БЕЛГІСІ
Абай облысының тұрғындары жаңа әкімді ықыласпен қарсы алды. Әлеуметтік желілер мен қоғамдық қабылдауларда Берік Уәлидің ашықтығы, тікелей қарым-қатынасы, бастамашылдығы мен шешім қабылдау жылдамдығы жоғары бағаланып отыр. Әкімнің жұмысына берілген алғашқы баға – жаңа басшылықтың әлеуетін іске асыруға мүмкіндік беретін қоғамдық ресурс. Осы ресурсты әкімдіктің кадрлары тұрғындардың мүддесі жолында дұрыс пайдалануы керек.
Берік Уәлидің алғашқы 100 күні нақты нәтижелерге, ұзақмерзімді жоспарға, және халықпен ашық диалогқа негізделген кезең болды. Егер осы қарқын сақталса, Абай облысы алдағы жылдары Қазақстанның экономикалық және мәдени серпінді аймағына айналуы әбден мүмкін.

М. БАЛҚЫБЕКҰЛЫ,
Халықаралық Ақпараттандыру академиясының академигі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *