«Адамзат бүгін адам – ертең топырақ,
Бүгінгі өмір жарқылдап алдар, бірақ,
Ертең өзің қайдасың – білемісің,
Өлмек үшін туғансың, ойла, шырақ…»
Шәкәрім Құдайбердіұлы.
2010 жылдың көктемі біз үшін ауыр болды. Алдымен сәуір айында Алматыда Жұмағазы ағайым ұзаққа созылған науқастан кейін өмірден өтті. Жұман ағайым да жігіттің төресі, серісі еді. Ағайынның берекесі еді иманды болғыр. Жұман ағамның жерлеуіне келгенде Сәдібек ағайым қатты ауырып тұрған болатын. Сонда ағайыма айтып едім, ауырып тұрсаңыз ем-дом алғаннан кейін келмедіңіз бе деп. Сонда иманды болғыр ағайым «Менің жаным бауырымның жанынан артық дейсің бе? – деп еді. Топырақ салмасақ несіне ағайынбыз деген еді. Сол Жұман ағамның қырқы өтіп жатқанда Аягөздегі әулетіміздің үлкені – Сәдібек ағатайым да пәни дүниемен қош айтысты. Есімізден жаңыла жаздадық, есеңгіреп қалдық. Жүрек сыздап, кеуде тұсымыз шымырлап, қайғының қара бұлтына оранған күндерді бастан өткердік.
Қиын күндерде қолтықтан демеп, басымызды сүйеп, қайғымызды бөліскен ағайынға мың алғыс. Жылы лебіздерін айтып, жүректен шыққан сөздерін аямай жеткізген айналайын елге, туған-туыс, дос-жаранға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Сәдібек ағамды ақтық сапарға шығарып бара жатқанда әке мен баланың арасындағы мына бір сөз жадымда мәңгілікке жатталып қалыпты. Әкесі шалынып аяғын әрең басып келеді.
Баласы:
– Әке, қан қысымыңыз көтеріліп тұр, топырақ салуға бармай-ақ қойыңыз, – дегені сол еді ақсақал ренішті кейіппен:
– Әй, балам, бәріміздің барар жеріміз сол ғой. Өлсем, Сәдібектің қасынан бір орын бұйырар, – деп машинаға отырып жатқанда естіп қалғаным бар.
Ас үстінде әлгі ақсақал сөз алып былай деді:
– Жаңа балам “Қан қысымың көтеріліп тұр, топырақ салуға бармай-ақ қойсаңшы” – деді. Мен: “Өлсем, Сәкеңнің қасынан бір орын табылар” – деп болмай бардым. Топырақ салғанымды бұлдап тұрғаным жоқ. “Нарын” кеңшарында талай жыл қой бақтым. Жаңағы мені алып жүрген балам – небары алты жаста еді. Төрт қыздан кейін Алладан жалынып сұрап алған жалғыз ұлым болатын.
Қаңтар айының қысқа күні борандатып тұрған. Малымды ертерек жеткізіп, үйге кіріп едім. Шырылдап, қол-аяққа тұрмай жатқан ұлымды көріп састым. Анасы байғұс: – Ішім ауырды дегелі үш-төрт сағат болды, білмеймін не болғанын, – деді. Шала-пұла екі-үш шыны шайымды ішіп, атқа қондым. Ойым – бізден бес – алты шақырымдай жерде орналасқан комсомол жастар бригадасындағы рация арқылы дәрігер шақырту. Боран күшейіп келеді. Мен жеткенде түнгі он бірдің шамасы еді. Қарлы боран, бір жанып, бір өшкен жарықпен рация құрғыр түнгі он екіге таман ғана іске қосылды.
Абырой болғанда ферма аралап жүрген директордың рациясымен сөйлестім. Ол: – Сабыр сақта, дәрігермен өзім барамын. Абыржыма, байсалды бол, – деп жұбатты.
Айтқанындай, марқұм Сәкең бәйбішесін алып (ауылда дәрігер еді), алай-дүлей боранға қарамай, алдына салып «К-700» қар күрейтін тракторымен келіп, ауырған баланы Аягөзге жеткізіп, соқырішекке ота жасатып, аман алып қалды.
Осы ұлымның ажалдан аман қалуына – Құдайдан кейінгі себепші болған марқұм Сәдібек еді. Тағы бір өмір бойы ұмытылмас сәт: ауданның бас дәрігері (Сәкең алдын ала хабарласып дайындап қойған екен):
– Сәке, бұл бала жақыныңыздың баласы ма? – дегенде:
– Иә, досымның баласы ғой, – деп жайбарақат жауап бергенде екі көзімнен жас қалай ыршып кеткенін білмей қалдым.
Бір айта кететін жайт, «Жақсы әкенің жақсылығы балаға қырық жыл азық», – дейді дана халқымыз. Шынқожа ауылының азаматтары отырған жерге бара қалсаң өре түрегеліп орын беретіні біздің сіңген еңбек емес, сол Нарын ауылына Сәдібек ағамыздың көзі жоқ болса да бауыры келді деген құрмет. Аллам сол Шынқожа батыр ауылының берекесі артып, абыройларын асқақтата берсін.
Ол – алдыңғы қатарлы кеңшардың дүрілдеген директоры, мен – қатардағы шопанмын. Қарапайым еңбек адамына көрсеткен құрметі – ұлық болудың нағыз үлгісі еді. Елі оны ерекше бағалады. “Біздің Сәкеміз”, – деп ардақ тұтты. «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» – демей ме дана халқымыз? Сол ақсақал сөзін былай аяқтады: – Айналайын ағайын, мен осындай адамға бір уыс топырақ сала алмасам, азаматтығыма сын емес пе? Бағана балама “өлсем, қасына қоярсың” деп қасарысып жатқанымның мәні – осы еді.
Тағы бір азаматтың сөзі елдің жүрегін елжіретіп еді.
– Орақ кезінде комбайным сынып, ауылға беріліс қорабын айырбастауға келе жатқам. Жолай кеңшар директоры кездесіп, бас инженерге айтып қойғанын, олар күтіп алып жылдамдатып жасап беретінін айтты. «Комбайныңда бидай болып жүрмесін, милиция толып жүр» – деп ескерту де жасады.
Пендешілік қой, үйге бір бункердей бидай түсіре кетейін деп қораның төбесінен бидай түсіріп жатқанда сау етіп үш милиция жетіп келді. Қолыма кісен салып алып кетті… Кемпірім мен балаларым жылап қалған. Аягөзге әкетіп бара жатқан жерден марқұм Сәкең жетіп келіп,
– Бұл бала – менің жұмысшым. Терімі біткен соң берілетін натуралық төлем болатын. Айтуға үлгермеппін, рұқсат бергенмін, – деп алып қалған. Сол сәттегі жанашырлығы – мен үшін өмір бойы ұмытылмас жақсылық.
Иә, еске алып сөйлегендердің бәрі де жүрек тебірентерлік сөз айтып, қайғының бұлтын бір сәтке сейілткендей болды. «Қуанышты бөліссең – көбейеді, қайғыны бөліссең – жеңілдейді» деген сөздің ақиқаттығына сонда көзіміз жеткен.
Анадан алтау, атадан төртеу дегендей, марқұм әкеміз төрт ағайынды еді. Қазір солардың үшеуі бұл өмірде жоқ. Әкей кезінде жігіттің серісі, сегіз қырлы, бір сырлы азамат болатын. Еңбек десе ішкен асын жерге қоятын. «Адам еңбекпен ғана көктейді, көгереді» – деген сөзді жиі айтатын. Жоғары оқу орнына бара алмаса да санасы жоғары, өмірден көргені мен көңілге тоқығаны мол еді. Тура сөйлеп, кесек айтатын, жалтақтауды, жалынуды жек көретін.
Неге екенін білмеймін, Абайдың Оспанға арналған:
«Басыңды имей ешкімге жақсы өтіпсің, – япырай деп Абай данышпан бауыры Оспан қайтқанда шығарған өлеңін аузынан тастамайтын. Біздің мектепте алған біліміміз сендердің жоғары оқу орнында оқығанмен еш кем емес деп теңестіретін иманды болғыр әкем. Марқұм Серікболсын Әбділдинді мақтанышпен айтып отыратын. Мен әкемді дәріптемек емеспін, бірақ Сәдібек ағатай туралы жазғанда оның ағасы Сайлаубек туралы бір-екі ауыз сөз айтуды жөн санадым.
Әкей марқұм Нұғымар ағасын ерекше сыйлап, бауырларын шексіз жақсы көретін. Солардың әр жетістігіне балаша қуанып отыратын. Сәкем “Нарын” кеңшарына директор болып тағайындалғанда әкемнің былай дегені есімде:
– Еңбек еткен адамды қадірле, әділетті бол. Сенің қорғаушың да, қолдаушың да – қара халық! Әкей байлыққа қызықпаған адам еді. Өнері он саусағынан тамған, кең жүректі жан болатын. Жора-жолдастарына көмектескенін малға санамайтын.
Біздің оқу, үйлену, той-жиын секілді шаруаларымызды анамыз бен ағалары шешетін. Бүгінде тоқсанның сеңгіріне келген анамыз:
– Сендер әкелеріңнің інілеріне қарызсыңдар, солардай еңбекқор, намысты болыңдар, – деп отырады. Сәкем 14 жыл «Нарын» кеңшарын басқарып, жекешелендіру кезінде шаруашылық мүлкін елге әділетті бөліп беріп, кейін аудан орталығында бас эколог болды. Қатардағы кеңшар емес, алтын кітапқа жазылған, Бүкілодақтық Ауылшаруашылығы Көрмесінің ауыспалы Қызыл туын екі мәрте жеңіп алған мекеме еді ол.
Кейін Аягөз ауданы әкімінің бірінші орынбасары, жер комитетінің төрағасы сынды жауапты қызметтерді де абыроймен атқарды.
– Зейнетке шыққан соң, бір күн де жұмыс істемеймін. Денсаулығымды дұрыстаймын, – деуші еді. Бірақ ажал айтып келмейді екен, сол арманына жете алмай, кенеттен көтерілген қан қысымы ағамызды бақилық етті.
«Әр пенде бір күні өледі, бірақ артында қалған із – оның мәңгілік ғұмыры».
Сәдібек ағатайдың сол ізгі ізі – ел жүрегінде, біз үшін мәңгі.
Әли САЙЛАУБЕКҰЛЫ.
Алматы қаласы.